«Шығыс шамшырақтары» атты дәстүрлі ХХ облыстық оқушы ақындар айтысы 23 мамыр күні қалалық Мәдениет сарайында өтті. Аламанда оза шапқан Семейдегі Халықтық ақындар орталығының шәкірттері болды. Осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген Дәметкен Омарбаева, Серік Молдабековтің ақын шәкірттері әдеттегідей жүзден жүйрік мыңнан тұлпар екенін тағы бір дәлелдеді. Бір қуантарлығы, мәренің мәні болып Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің білім гранттары тұрды. Және шын жүйрікті таңдауға филология ғылымдарының доценті Айбар Қабыкенұлы мен филология ғылымдарының кандидаты Фарида Задақызы қатысып, сол гранттарды жеңімпаздарға табыс етті.
Айтыс өнері – түркі халықтарының, әсіресе, қазақ халқының таңдайына біткен тарихи мұрасы, маңдайына жазылған ғасырлық ғұрпының күретамыры. Олай дейтініміз, тарихи деректер XIV ғасырдың аяғындағы Асан қайғы мен Қотан жыраудың айтысын алға тартады. Демек, қазақтың ауыз әдебиетін осы күнге жеткізген де осы қасиетті қара домбыра мен аузы дуалы айтыскер ақындарымыз. Неге дуалы дейміз? Өйткені, олар көмескінің бетін ашып, бұлдырдың болашағын жырлайды, көптің көкейіндегісін көріп, қараның қамын жоқтайды. Аталы сөзге ат басын бұрып, «Ардың» ауылынан алыстамайды. Міне, сондықтан ақын атты әлемге жұрт қызыға қарап, сөзіне құдайдай сенеді.
Айтыстың негізгі салмағы да, түйіні де өмір шындығы. Машығы мол, айла-тәсілі көп, жүйелі сөзді орнымен қолдана білген ақын ғана мәрелі жеңіске жетеді. Суырып салма өлеңге ысылған, ағыл-тегіл жыр иесі айтыста сөз таппағаннан жеңілмейді, аталы сөзден, жүйелі ойдан, бұлтартпас шындықтан тосылады. Және оны жеңілген айтыскер өзі мойындап, айтуға мәжбүр болған. Олай етпеске шарасы да жоқ. Себебі, “Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды” деген мәтелімен айтыстың әділ қазысы болған халық өзі түйіндеп отырған. Ал, қазір ше? Қазір қазылардың әділдігінсіз айтыс айтыс болмайды. Міне, осыдан «қара қылды қақ жару» белгілі бір сан жазылған таяқшаларға тәуелді болып қалып жатады.
Жә, сондағы айтпағым, бұл айтыс әділі әділ өтті, одан да бұрын әсерлі өтті. Бес жұп болып сахнаға шыққан он ақынның он түрлі қасиеті, он түрлі дара жолы бар екен. Әрқайсысы әртүрлі жырлап, айтысқа әлдерінше сүбелі үлес қосып, сөз өнерінің сөресіне өз қолтаңбаларын қалдыруға тырысты. Бұлар әлі мектеп оқушылары екенін ескерсек, алар асулары әлі алда, жетер жеңістері алыста күтіп тұрғандай. Сол үшін дандайсымай дайындалып, қанағатсыздықпен қам қылу керек сияқты әлі де.
Сонымен, жыр-доданың екінші бөліміне қазылардың шешімімен шыққан екі жұп та халық көңілінен шықты. Абайлық Хамида Сәметова мен өскемендік Жұлдызай Маратбекова әпке мен сіңілінің байсалды үлгісін көрсете білді. Ал, семейлік Гүлім Жакина мен Райымбек Өмірбаевтар қыз бен жігіттің тамаша үйлесімін жасады. Халық демекші, халық дейтіндей көрерменнің қарасы көп болмады. «Олай болатын жөні де бар»- дейді ақындар орталығының жетекшісі, білікті ұстаз Дәметкен Оразғалиқызы. Ол кісінің айтуынша, жыр додасының өтетін күні «21 мамырға» тұспа-тұс келіп қалғандықтан, екі күнге шегерген. Бейбіт күннің сахнасында бозбала мен бойжеткен болып, орынды әзіл, орамды ой-толғауларымен қазылардың әділ бағаларын алды. Бабалардан қалған жердің қасиетін, елдің өсиетін олар ашып айтпаса да, басып айтты. Бірінші бөлімде Жұлдызай Болатбековамен айтысқан Райымбек Өмірбаев қоңыр дауысымен «әгигайға» салып:
Бас болып бірікпесе ұлы халық,
Басыңа жауың келіп шығып алар.
Басыңа байрағыңды көтермесең,
Басқа ел туын келіп тігіп алар.
Найзағайдай намысың болмаса егер,
Найзасын дұшпан келіп сұғып алар.
Алты алаш қолдай болып бірікпесең,
Туыңды тұғырыңнан жұлып алар.
Берекені жоғалтпа, арда ағайын,
Береке әрқашан да ұлы болар.
Басымда жүрген ойды жыр қып айттым,
Басында миы барлар ұғып алар,– деп арқаланған ақын алқалап көтерген алақаннан кейін:
Менің итім ит деуге де келмейді,
Көп көрмесем сағынышқа шөлдейді.
Қазақтарға қарағанда жатбауыр,
Ит болса да мені жауға бермейді.
Тайса-дағы итаяғын теппейді,
Тамақ іздеп басқа аулаға кетпейді.
Елін сатып, шетел асқан кей қазақ,
Менің сол бір қара итіме жетпейді.
Күндіз-түні үй күзетіп ерлікпен,
Менің итім қызыл тілін терлеткен.
Жұртты жеген жемқорлардан ит жақсы,
Сүйек-саяқ мұжып жейтін еңбекпен.
Көлеңкеде көп өткізіп уақытты,
Мен жасаған үйшігінде жатыпты.
Өзге елде үйсіз-күйсіз жүргеннен,
Үйшігі бар менің итім бақытты.
Қазақғым-ай, бұрындары ұлы еді,
Қазақ тілің – тірлігіңнің тірегі,
Қазақ біздің қашан қазақ болады?
Иттің өзі өз тілінде үреді!
Бұл – тілшінің үнтаспасына түскені ғана. Басқа да түйінді тіркестер, орамды ойлар айтылып жатты.
Айта кету керек, сөз сайысын таразыға салғандар қатарында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ұстазы, филология ғылымдарының кандидаты Фарида Задақызы, қалалық «Нұр Отан» партиясының өкілі, ақын Қайрат Сабырбай, Қазақ инновациялық-гуманитарлық университетінің Қазақстан тарихы және филология кафедрасының аға оқытушысы Гүлшарат Аманкелдіқызы, қалалық Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Гүлжан Жақсыбайқызы болды. Ал, бұл айтыстың ең басты қонағы, ең шебер екі ақынға екі оқу грантын ала келіп отырған ф.ғ.д. Айбар Қабыкенұлын ерекше атауымыз міндетті.
Сонымен, мәрмәр сөздің мәресін айтсақ, ІІІ орын – Рысгүл Досжанова, Ерсін Кенжебекұлы, Әділхан Іңкәрбекке; ІІ орын – Хамида Сәметова мен Жұлдызай Маратбековаға; І орын Гүлім Жакинаға, ал Бас жүлде Райымбек Өмірбаевқа бұйырды.
Қасиетті қара жырдың қадірін дәріптеп, сөз әлеміне өз қолтаңбаларын қалыптастырып келе жатқан жас ақындарымыздың барлығы ескеріліп, мадақтама қағаз және ақ қағазбен көмкерілген «Ақтүйіншек» табысталды. Сөзіміздің кіріспесінде атап өткен білім гранттарын бірінші орын мен бас жүлде алған ақындар қанжығаларына байлады.
«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дейді Абай. Сөз қадірін түсініп, сөзден іске көшейік. Ақындар айтар мәселелер азайып, Асан аңсаған мәңгілік мекенге, өркениетті ел қатарына асығайық, ағайын!
Жұмабек АЙҚЫНҰЛЫ,