Осыдан екі жыл бұрын Алтынемелге арнайы ат басын бұрып едік.
Бұл аймақ 19-ғасырда Жетісу облысы, Қапал уезі, Алтынемел өңірі деп аталған.
Осы әкімшілік аумаққа Абылай ханның шөбересі Тезек Нұралин (Тезек төре) аға сұлтан болды.
Ең әуелі Тезек төренің қабіріне зиярат етуді жөн көрдік.
Ата тегі Абылай – Әділ – Нұралы –Тезек.
Төренің жастық шағы Ресейдің, Қытайдың және Қоқан хандығының Жетісу жері үшін өзара тайталасқан уақытына сәйкес келді. 19 ғасырдың 40-жылдары Ұлы жүздің албан тайпасына билік жүргізген Хәкімбек сұлтан қайтыс болғаннан кейін билік тізгіні Тезек төреге тиді. Тезек төренің қол астындағы албандар Үйгентас пен Құлжаға дейінгі алқапты қыстайтын болғандықтан, қытайлықтарға салық төлеп тұрды. Қытай өкіметі Тезек төреге 3-дәрежелі тәйжі лауазымын берді.
Сондай-ақ, саяси қысымның нәтижесінде Тезек төре 1847 жылы Ресейдің бодандығын қабылдады. Патша өкіметі оған 1849 жылы алтын жіппен безендірілген шекпен, 1850 жылы «ынталылығы үшін» деген жазуы бар алтын медаль берді. Батыс Сібір генерал-губернаторының ұйғарымымен албандардың аға сұлтаны болып тағайындалды.
1856 жылы Алатау округінің приставы М.Д. Премышльский Тянь-Шаньға сапарға шыққан П.П. Семеновқа көмек көрсетуді Тезек төреге тапсырды. Ол П.П. Семеновтың Тянь-Шаньды тыңғылықты зерттеуіне игі ықпалын тигізді.
Сол тұстарда шөбере бауыры Шоқан Уәлихановпен тығыз қарым-қатынаста болды. Кейіннен Уәлиханов өмірінің соңғы жылдарын Тезек төренің ауылында өткізді және оның қарындасы Айсараға үйленді (қазақтың жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүріне қайшы. Автор).
1858 жылы патша өкіметі Тезек төреге поручик шенін, күміс семсер, қару асынатын алтын белбеу, 1859 жылы капитан шенін берді. 1860 жылы Тезек төре Ұлы жүздегі дулат тайпасының аға сұлтаны Әли Әділовтың ұйымдастыруымен Қарғалы өзен бойында өткен жиынға қатысты. Онда патшалық Ресейдің үстемдігінен құтылу үшін Қоқан хандығына қолдау көрсету, оның көмегіне арқа сүйеу жөнінде шешім қабылданды. Тезек төре мұндай шешімге ниеттес екендігін танытты. Бірақ ол қоқандықтар жағына өте қоймай, Ұзынағаш шайқасы қарсаңында патша өкіметін қолдады. Сондай-ақ, ол орыс әскеріне өзінің жасағымен қосылуды қаламай, шайқасқа әдейі кешігіп келді. Бұдан кейін Тезек төре орыс әскерлерінің Пішпек пен Тоқмақты жаулап алуына ат салысты. 1861 жылы подполковник, 1863 жылы полковник шені, 1865 жылы 2-дәрежелі «Святой Станислав» ордені беріледі.
Ресей өкіметінің тапсырмасымен 1866 жылы Парижде өткен дүниежүзілік көрмеге қазақтар тұтынатын көптеген бұйымдар жіберді. Ол қырғыздардың сарбағыш пен бұғы рулары арасында 1854 жылы басталып, ұзаққа созылған қантөгісті бейбіт жолмен шешуге араласты. Патша өкіметінің үстемдігіне қарсылық та танытты.
Өз ауылымен Қытайға көшуге әрекеттенгені үшін 1868 жылы билік орындары тарапынан айыпталып, 6 ай абақтыға отырғызылды. Патша өкіметі соңынан қатаң бақылау қойды және оның ел ішіндегі беделін түсіру жолында әрекеттенді.
Тезек төре қайтыс болғанда оның отбасында 700 жылқы, 110 түйе, 90 сиыр, 190 күміс жамбы, 2500 алтын ақша, 50 кілем қалғандығы жайлы мұрағат мәліметі бар.
Тезек төре өз заманында айтыскер ақын, белгілі күйші ретінде де танылған. Ол Сүйінбай, Бақтыбай, Түбек, т.б. ақындармен айтысқан.
Ал, Абылай ханның тағы бір шөбересі, қазақтың көрнекті зертеушісі, этнограф, батыл саяхатшы Шоқан Уәлихановтың қабiрi Алтынемел асуына жетпей, үлкен жолдан 18 шақырым iшкерiрек Шоқан ауылында жатыр. Шын мәнiнде Шоқанның қабiрi Шоқан ауылынан 3 шақырым қашықта, Тезек төренiң ескi қонысында.
Қабiрi ескi қорымдардың iшiнде асқақтап тұр. 1958 жылы Шоқан қабiрiнiң басына биiк қабiр тас қойылған. Қабіртастың іргесіне 1881 жылы патшалық Ресейдiң құрамында болған Түркiстан өлкесiнiң бiрiншi генерал-губернаторы К.П. фон Кауфманның тiлегi бойынша генерал-лейтенант Г.А.Колпаковский қойдырған мәрмәрден ойылған құлпытастың көшiрмесi бар.
Шоқанның достары Г.П.Потанин, Н.М.Ядренцев, Г.А.Колпаковский, И.И.Ибрагимов, Н.Ф.Усов оны арнайы Оралдағы Екатеринбургтен тапсырыспен алдыртқан.
Кеңес Одағы кезiнде, ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары бiр орыс шаруасы қараусыз қалған осы құлпытастан диiрмен тасын жасамақ болады. Алайда, қашаудан ұшқан жаңқадан көзi ағып түскен екен. Ақыр соңында осы дерттен өмірден өтеді. Елдiң бәрi мұны Шоқанның киесi деп бiледi.
Орталықтағы Шанханай ауылында Ш.Уәлихановтың тамаша мұражайы бар. Көлемi 546,3 шаршы метр жердi алып жатыр.
АЛТЫНЕМЕЛДЕГІ АЙҒАЙҚҰМ …
… Тезек төре мен Шоқан ауылынан аттанғаннан кейін Айғайқұмға іңірге тақау жеттік. Дәл бұлай жоспарламап едік. Сөйтсек, күннің қызуы қайтқанда айдарлы құмның жалымен өрлеу, әлденеше жеңіл екен.
Солай десе де теріміз сүмектеп, екі иінімізден дем ала әнші құмның шоқтығына михнатпен көтерілдік. Жол азабын жарты сағаттан астам шектік-ау деймін.
Жан-жағындағы қоршаған таулы-тасты шоқылардан айырықша құмды жонның дәл іргесінде иректеле Іле өзені ағып жатыр. Төңіректің бәрі алақандағыдай көрінеді. Бірақ, дүниені тықсыра түскен қызыліңір көз көрім жерді қаусыра тұмшалап келе жатыр еді.
Енді, құммен төмен қарай сырғанай жөнелдік. Реактивті ұшақтың үніндей гуілдеген дыбыс білінді. Бұл — Айғайқұмның үні еді.
Ызбай шоқыдан құлдау да оңайға соқпады. Сырғанақтың қызығымен қиыс кетіппіз. Жуан балтырыңа дейін көмілетін құмды жонды оппалай, қабырғалап жүруге тура келді.
Әурешілікпен төмен түстік. Құдай-ау, денемізде бір тал түйір құм болса ше… құм құмда қалды. Біз басына өрмелегенде кес-кестеп бүлдіріп кеткен жал, қайтадан айдарын тігіп, қыр салып үлгерген…
Өзге бір түйір құм жоқ тасты-қыратты алқапта жалы күжірейген құбыжықтай боп, бұратыла жатқан сап-сары шоқыға таңырқай назар тіктік.
Ақшам аймалаған жалаңаш құмға қимай біраз қарап тұрдық та түн жамыла атқа қондық.
БЕКЕТ АТА САПАРЫ
Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни, 2015 жылғы 29 тамызда Маңғыстаудың таңғажайып жерлерін аралауға бір топ курстастар болып аттанып едік.
Негізі, Әбу Нәсір әл-Фараби атындағы Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітіргенімізге ширек ғасыр уақыт толып, оны Қазақстанның көрнекті жері – Ақтау қаласында атап өтуге бекінгенбіз. Әрі, марқұм курстасымыз, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовты еске алу кешін өткізіп, халықпен дидарласу ниетіміз де бар.
Осы шаруаны атқармас бұрын атаның басына барып мінәжат ету, үлкен парыз еді.
Негізгі жоспарды сызып, істің тізгінін қолына алған Ақ-Майрамыз. Майраның (Ғұмарова) іскерлігі, көптің тілін таба алатыны студент кезінен көзге көрініп тұратын. Оның осы қабілетіне сүйінген бүгінгі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың әкесі, ұстазымыз, профессор Әбілпайыз ағайымыз «Сен уақытыңнан кеш туғансың, әйтпесе, Абылай ханның бәйбішесі болатын-ақ жансың» деп бағасын берген еді. Әке балаға сыншы ғой, дәл тауып айтылған.
Сол, Ақ-Майраш жанға жайлы, көңілге қонымды үлкен автобус даярлапты. Сондай-ақ, жүзіктің көзінен өтетіндей инабатты да сыпайы Бекболат және Берік сияқты зиыны терең, таңдайы тесік қос азаматты жаршы ретінде автобуытың басына мінгізді. Екеуі ғибратты әңгімені бастап кеп жібергенде ащы ішекше созылған жолдың апшысы қуырылады да жөнеледі.
Көздегеніміз – Пір Бекет атаның жер асты мешіті. Рәсім бойынша Бекет атаға бару үшін ең әуелі Шопан ата мешітіне зиярат ету керек екен. Ал, оған дейін Шопан атаның күйеу тамына бас сұғу керек.
Жолшыбай Қазақстанның ең төменгі нүктесі Қарақия ойысын көріп, Жаңаөзен арқылы жүрдік. Өзен кен орны маңындағы әр түрлі ландшафттарды тамашалаудың сәті туды.
Сөйтіп, Бекет ата сапарында бірнеше зиярат орындарына бөгелдік. Қалдархан сияқты арамыздағы тым тақуа жігіттер дұғасын әлденеше қайырып, бошалаған түйедей оңаша сенделіп кетеді. Қариялар жолықса білмегенін сұрап, ілтипат танытып отырады. Тәбәрік ретінде әкелген бұйымдардан да сырт қалмады.
Сенек бағытында Бекет атаға барар жолда «Ата жолы» ескерткішіндегі шар тастарды көргенімізде Қалекеңнің өңі мүлде құбылып, жаңа бір болмыс тауып алды
Содан кейін Бекет ата мешітіне таянып қалғанымызда, Үстірттің үстінде ғана көрінетін аран аңғарларға ұшырастық. Ал, Қарақия маңы мен Қайрақтының бойы каньон шатқалдарға ұласып кетті.
Пір Бекет атаның басына келгенімізде ай даладағы ығы-жығы көліктің қисапсыздығына қайран қалдық. Атаның басында әр түрлі этнос өкілдері ұшырасты. Жер асты мешітіне кіруге бәрі де құлықты. Халықты бірлікке шақырған Пірдің рухы әуеде салтант құрып тұрды.
Баба рух-шәріпінен сусындап, қанаттанып қайттық. 600 шақырым жол жүрсек те бәйге атындай сергек едік…
Бір керемет сапар болды…
Материал автордың ФБ парақшасынан алынды.