Бейсенбі, Тамыз 30, 2018
Негізгі > Сұхбат > Нәубaт Қалиев: ТҮРЛІ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ОРЫСША ЕМЕС, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСУІ КЕРЕК

Нәубaт Қалиев: ТҮРЛІ ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ ОРЫСША ЕМЕС, ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСУІ КЕРЕК

05102016Биылғы жыл — Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланатын айрықша жыл. Осы кезең ішінде не тындырдық? 25 жылда жеткен жетістіктеріміз қандай? Биыл осы сұрақтарға жауап беретін, өткен жылдарға қорытынды жасап, мемлекетіміздің бүгіні мен келешегі туралы ой толғайтын еліміздің есепті жылы десек, қателеспейміз. Осы орайда Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, Қазақстан Республикасы Білім саласының құрметті қызметкері, саяси ғылымдарының докторы, профессор Нәубaт Қалиевпен сұхбаттасқан едік.

 

-Нәубет Қалиұлы, тәуелсіз мемлекет болғалы бері  25 жылды артқа тастап отырмыз. Осы ширек ғасыр ішінде Кедендік одаққа, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болдық. Жалпы, біз неден ұттық, неден ұтылдық?

-25 жылда қалыптасқан, әлемдік бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастырдық. 25 жыл деген былай көп уақыт сияқты болғанымен, тарих үшін қас-қағым сәт. Ұтқанымыз да бар, ұтылғанымыз да бар. Көп нәрсені өзіміздің ұлттық экономика мүддесіне бағындырып, ұлттық қауіпсіздікті сақтап жүргізуіміз керек еді.  Қателіктеріміз де бар. Оны тура айту керек. Одақсыз мемлекет өмір сүре алмайды. Бүгінгі заманда ешбір мемлекет өзінің ішкі күшіне сүйеніп жаһандық дамудағы қиыншылықтарды еңсере алмайды.  Мысалы, Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше бола отырып, оны ұлттық мүдде тұрғысынан пайдалану ең басты мәселе. Біздің ұтқанымыз – әлемдегі өркениетте бар,   солар тақіллеттес құқықтық- демократиялық тәуелсіз мемлекеттің негізін қаладық. Бірақ тәуелсіздік дегенді абсолютті түрде түсінуге болмайды. Әлемде басқа елдермен байланысқа бармайтын, басқа елдердің де мүдддесін ескермейтін мемлекет болмайды. Ең бастысы, біз ішкі саясатта тәуелсізбіз. Біздің тілімізге, мәдениетімізге, тарихи құндылықтарымызға араласуға ешкімнің құқығы жоқ. Өз басым ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп деп есептеймін. Әсіресе , Қазақстанның шекарасын әлемге мойындатып, ол бойынша бекіген мемлекетаралық шарттарды, әсіресе, Ресей Федерациясымен, ҚХР-мен шарттарды   Біріккен Ұлттар ұйымына протоколдап  тапсыру үлкен жеңіс. Экономикалық саланы, экономикалық қатынастарымызды өзіміз басқарып, әлемнің ең беделді ұйымдарына мүше болуымыз – жетістігіміз. Кемшіліктеріміз де жоқ емес, әрине. Ең басты ұтылған тұстарымыз ұлттық мазмұндағы, табиғаты ұлттық, Алаш арыстары аңсағандай мемлекет құра алмадық. Экономиканың шешуші салаларында  шетел компанияларының үстемдігі басым. Әлеуметтік мемлекет талаптары әлсіз оындалады, содан да барып халықтың 25 пайызы кедейліктен де төмен тұрады.    Бұрын тәуелсіз мемлекет болмағандығымыздан, мұндай мемлекетті басқарып көрген кадрлардың болмауынан кеткен қателіктер де болды.

-25 жылда төл теңгеміз қаншама құнсыздануды бастан кешірді. Шикізатқа, долларға тәуелдіміз. Мәселен Қытай өз тауарын тек юаньмен саудалау арқылы юаньнің құнын арттырып, бағасын көтеріп отыр. Бізге де сөйтуге болмас па еді?

-Біздің экономикамыз негізінен Ресеймен байланысты. Еуразиялық одаққа енгендіктен, Ресейдің экономикасындағы өзгерістердің, терең дағдарыстың  бізге де әсері бар. Біздің экспортымыз негізінен шикізаттан тұрады да, әлемдегі мұнай бағасының өзгеруі теңгемізге тікелей әсер етеді. Мұны тұрақтандыру объективті себептерден Қазақстанға байланысты емес, әлемдік бәсекелестіктің маңызды құрамдас бөлігі. Әрине, біз Ресеймен, Қытаймен өзіміздің ұлттық валютамызбен сауда жасауымыз керек деген айтылып жүр. Бірақ нақты шаралар әлі жүзеге асқан жоқ. Оның себебі, әр елдің өзінің экономикалық мүддесі бар, сондықтан бұл оларға аса тиімді емес. Олар біздің әлсіз теңгемізбен тауар алғысы келмейді.  Бұл өте күрделі процесс.

Тағы бір күрделі мәселенің бірі – бізде шағын және орта бизнестің дамымауы. Қараңыз, осыдан біраз бұрын шағын және орта бизнестен түсетін  жалпы ішкі өнімнің үлес салмағы 25 пайыз дейтін. Қазір ол  жиырмадан төмендеп кетті. Ал, Түркияда осы шағын және орта бизнес экономиканың 60-70 пайызын құрайды. Бұлар – экономикасы икемді,  шағын кәсіпорындар түрлі қиыншылықтарға тез икемделгіш болады да, үлкен дағдарыстар болмайды. Бізде осы шағын және орта бизнес өзінің орнын ала алмай келеді. Тек ауызбен айтып қана қоямыз. Мысалы, банктегі несие пайызының жоғарылығы,  ауыл шаруашылығындағы адамдардың несие алуға кепілге қояр  меншігінің болмауы, т.б. себептер бар. Осы бизнес түрін дамытпай, экономиканмызды да, теңгемізді де өз дәрежесінде ұстай алмаймыз.

Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында біз біршама жетістіктерге жеттік. Қазақстанның Конституциясының 1-бабында Қазақстан мемлекетінің негізгі даму қағидаттары көрсетілген: құқықтық, әлеуметтік, зайырлы, демократиялық мемлекет. Осының ішінде біз құқықтық салада біраз табыстарға жеттік. Адамның құқығы, меншік иесі құқығының қорғалуы, қаржы және салық жүйелерінің бір тәртіпке келуі құқықтық мемлекеттің аса маңызды нәтижесі. Ал, адамға ең жақыны әлеуметтік мемлекет.  Әлеуметтік мемлекет дегеніміз не? Ол ең алдымен әр адамның тұрмысына лайықты жағдай жасау. Әлі де болса адамдардың тіршілігін біз тұрмысына қолайлы деп айта алмаймыз. Бізде ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы мөлшері мардымсыз.  Сонымен қатар, біздің елімізде жұмыспен қамтудың кейбір қағидаттары жетілмеген. Әлеуметтік мемлекеттегі ең басты мәселе – адамдардың орташа жалақысының деңгейі. Әлеуметтік мемлекетте еңбекті қорғауға, жалақыға, білім мен медицинаға көп көңіл бөлу керек. Дамыған елдерде – Швецияда, Германияда,  Финляндияда жалпы өнімнің 30-40 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. Бізде білім саласына бөлінетін қаржы одан екі-үш есе төмен. Осыдан барып бүкіл саланың дамуы тежеледі. Мұғалімдердің жалақысы әлі де аз. Сондықтан білікті мұғалімдер білім саласына тұрақтамайды. Жастар да бұл мамандықтан басын ала қашады. Медицина саласында да дәл осындай. Мысалы, келесі жылы медициналық сақтандыруға көшеміз дейді. Елімізде өзін-өзі қамтамасыз етеді дейтін 2, 8 миллиондай адам бар. Солардың жағдайы өте қиын. Қазіргі тәртіп бойынша, міндетті әлеуметтік мемлекеттік сақтандыруға құйылатын қаржының бес пайызын жұмыс беруші төлеуі керек те, жұмысшы өз жалақысының бес пайыздайын мемлекеттік сақтандыру қорына аударуы керек. Сонда, жаңағы жұмыссыздың аз-ақ алдында жүрген өзін-өзі қамтамасыз етушілердің мәселесі біршама күрделірек болатын сияқты.  Олар зейнетақы қорына да болар-болмас қаражат құяды. Өзіңіз білесіз, ауылдағы көптеген адамдар оншақты қойының, екі-үш сиыры мен бірді-екілі жылқысының соңында жүр. Оларды да өзін-өзі қамтамасыз етуші деп тіркеп қояды. Шындығында оның тұрмыс жағдайы өте төмен. Сондықтан бізге әлеуметтік мемлекеттің тұғырын нығайту мейлінше қажет. Концепция бар, бірақ оның өзінде барлық міндет жұмыскердің өзінің мойнына артылып қойылған. Тағы бір мысал, бізде жылына 80-90 мың балаға білім гранттары беріледі. Ал, бітіруші түлектер саны 200 мың шамасында. Сонда, қалған балалар қайда барады? Солардың ішінен түрлі ағымдарға, экстремистерге қосылатындар шығады.  Біздегі басты проблема – жастарды жұмыспен қамту, олардың кәсіптік мамандық алуына жағдай жасау. 2017 жылдан бастап  тегін бастауыш кәсіптік білім береміз деп жатыр. Бұл бұрынғы кәсіптік-техникалық оқу орындары ғой. Бұл жақсы, дегенмен, одан басқа да кәсіптік білім берілуі керек. Жақсы маман қалыптасуы үшін кем дегенде арнайы колледж деңгейінде білім берілуге тиіс. Яғни, техникалық білім  жақсы қамқорлыққа алуды қажет етеді.

Біздің әлеуметтанушылардың: «Қазақстандықтардың әр жас  ұрпағы алдыңғы ұрпақтан гөрі нашар тұрады» деген қорытындысы  бар. Мәселен, базарда арба итеру, көрінгеннің жүкшісі болу деген тұрақты жұмыс емес. Әлеуметтік, шығармашылық маңызы жоқ, ізденісті қажет етпейтін, адамды мезі қылатын қара жұмыс жастардың әлеуметтік-психологиялық деңгейін төмендетіп жібереді. Жастарда селқостық пен пессимизм етек алады. Сонымен, әлеуметтік мемлекеттегі бір проблема – жастардың әлеуметтік мәселелерін дәл тұрғыда шешу.

Біз үшін ең тиімді нәрсе – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының тірегі болу үшін өнімді тек шикізат күйінде емес, өңдеп, өнім түрінде сату пайдалы болмақ. Ол үшін алдымен ауылдың деңгейін көтеру керек. Ауылда жағдай болмаса, мәдени ошақтар жұмыс істемесе, жастар тұрақтамаса, ондай өнімді кім өндірмек? Қалыптасқан мемлекеттің ең басты тірегі – әлеуметтік экономика десек, бүгінгідей экономикамыз әлсіз боп тұрғанда, әлемдік бәсекеге тәуелді боп отырғанда әлеуметтік мемлекет бола алмаймыз.

-Бүгінгі күннің өзекті тақырыбының бірі – Жер мәселесі. Сәуір және мамыр айларында халық алаңға шығып, жердің сатылмауын, шетелдіктерге жалға берілмеуін, оның тек мемлекеттікі болып қалуын талап еткені белгілі. Жалпы, жерді шетелдіктерге жалға берудің пайдасынан гөрі зияны көп екендігі жайлы жиі айтылуда. Ал сіздің пікіріңіз қандай?   

Халықтың жер үшін алаңдауы өте дұрыс. Бізде жер мәселесінде әлі де ұлттық мүдде ескерілмей келеді. Нарықтық экономика, жерге адамдар ақша салуы керек, суландыруы керек, топырақты құнарландыруы керек деген желеумен жерді бүгін біз жалға бермекпіз және ұзақ мерзімге. Мысалы, бес жылға берсек, салған қаржысын ақтамаса, ешкім жалға алмайды, жермен жұмыс жасамайды дегендей… Халық та жер ұзақ мерзімге тек қазақстандықтарға жалға берілсін, ешкімге сатылмасын деген талап қойып отыр. Екінші жағы  – нарықтық экономика. Егер қазақстандықтар ала алмаса,  басқалар пайдалануы керек дейді ғой. Бұл өте күрделі мәселе. Өз басым ең дұрысы  жерді тек қазақстандықтарға ғана жалға беру ме деп есептеймін.  Жер қазақ үшін, әсіресе, ауылдағы қыр қазағы үшін тағдырлы мәселе. Ел жер мәселесіне келгенде, іштей қыстығып жүр екен, көтеріліп кете жаздады. Жоғарғы билік, тәубе, соны дер кезінде ұқты да елдегі  үлкен саяси-әлеметтік апаттың алдын алып үлгерді. Алдымен бір жылға Жер мәселесінде  «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығы қабылданды. Осы мәселедегі өткір, қордаланған  мәселелерді халықпен ақылдасу үшін  Жер реформасы бойынша комиссия құрылып, ол  үш ай жұмыс жасап мынадай негізгі қорытындылар қабылданғаны белгілі:

біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан Республикасы жеке және заңды тұлғаларға, яғни, қазақстандықтарға 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беру институтын сақтау;

екіншіден, қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін белгілеу;

үшіншіден, шекара маңы аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңірдің ерекшеліктеріне байланысты оларды беру жөніндегі талаптарын анықтап, бекіту; төртіншіден,  халықтың  қосалқы шаруашылықтар мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елдімекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдарын айқындау және  тағы басқалар.

Халықтың тілегін еске ала отырып, Президент Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораториді 2021 жылға дейін созды. Бұл шешімді, ең алдымен  халықтың нақты жеңісі деп атауға болады.    Жалпы жер мәселесі ең алдымен әлеуметтік мәселе. Үкімет 13 жылдан бері заң бойынша уәде беріп келе жатқан әр азаматқа тиісті 10 сотық, 25 сотық жер учаскелерін   беретін кез келді.  Жер – ана қазір ілтипатты, аялауды қажет етеді. Ендеше  Жердің қазіргі жағдайын, саламаттығын анықтап алу қажет. Шәкәрім айтқандай , «табиғат пен жердің, адамның гармониясы болған елде ғана несібе көп, бақыт бар». Сұрақ көп.

 

-Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым: «бүгінгі күні орыс тілді билік өзінің дәурені өтіп бара жатқанын жақсы сезінді. Осыны сақтап қалу үшін “үштілділік” деген қойыртпақты ойлап тапты. Ондағы басты мақсат – қазақ рухты мемлекетті болғызбау»- дейді.  Шынымен  де солай ма?

– Дәл осылай үзілді-кесілді айтуға болмас. Дегенмен, орыстілді басшыларға, мамандарға қатаң талап қойылмай отыр. Әлі де болса мемлекеттік органда мемлекеттік тіл екінші дәрежеде. Кейбіреулер мемлекеттік қызметкерден мемлекеттік тілді талап ету адам құқығын шектеу дегенді айтады. Ал мен айтар едім, қазір елімізде қазақтар 68-69 пайыздай, мұның сыртында түркітілдес екі миллиондай халық бар: алты жүз мыңдай өзбек, төрт жүз мыңдай ұйғыр, жүз мыңдай түріктер, татарлар тағы басқалар. Сонда мемлекеттік тілді тежеу жаңағы 68 пайыз халықтың құқығын тежеу емес пе?! Сондықтан мемлекеттік қызметкерге нақты талап қоятын кез жетті. Ешбір елде «мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуі керек» деген мәселе жоқ. Мемлекеттік тілді білу – әр қызметкерге қойылар міндетті заңдық талап. Мемлекет оны сол тілді білгені үшін жалдап, салық төлеушінің есебінен ұстап отыр.  Ол – жазылмаған формула.  Бұл біздің еліміздегі шешілмеген бір созылмалы нәрсе болып тұр. Бұған атқарушы билік те мүдделі емес. Жаңағы үштілділік мәселесін көтерушілердің де қазақ тілін екінші орынға ысыру, мысықтабан, бүркенші пиғылы,   мақсаты болуы мүмкін. Қазақстанда Тілдерді дамыту мен қолданудың концепциясы қабылданған. Сол концепцияда  «мемлекеттік тілге басымдық беріледі» деп жазылғанмен, әлі де болса «табанымыз тайғанақтап», туған тілді төрге оздыра алмай-ақ келеміз. Мемлекеттік тілдің өзінің конституциялық, заңдық мәртебесін алмауы біздің осы 25 жылдағы ең басты кемшілігіміз.  Ширек ғасыр бойы айттық, үгіттедік. Енді бұлай жалғаса бермеуі керек. Бізде этносаралық қатынас тілі орыс тілі деп айтылады. Бұл мүлдем қате нәрсе. Жаңа айттым ғой, біздің еліміздегі 80 пайыздай халық қазақ тілін біледі, түсінеді. Ендеше, түрлі этнос өкілдері орысша емес, қазақ тілінде сөйлесуі керек. Үш тілде оқытамыз деп жатырмыз, ал ауылды жерлерде ағылшын тілін білетін маман жоқ. Ол түгілі, информатика, математика пәнінің мамандары жоқ деп жатады. Бұл біздің ұлтымыздың болашағы саналатын ұрпағымыздың мүддесіне сай келмейтін қауіпті жайт, мемлекетіміздің болашағына төнген қауіп.

-Бүгінгі қоғамда үнемі пікірталас тудырып отырған тағы бір мәселе – дін жайы. Бұл ретте оқушыларға қосымша дін негіздері пәні енгізілуі қажеттілік туғыза ма?

– Енгізілуі қажет. Оның өзінде оның оқулығы болуы керек. Бізде оқулықтар жалпылама жазылады. Біз ислам дінін ұстанатын мемлекет болғандықтан, оқулықтарда ислам дінінің адамзат құндылықтарына қосқан үлесін, адамзаттың мәңгілік адами құндылықтарына    деген құрметін түсінікті тілмен жаза білуіміз керек.  Ислам діні әділетсіздікті, қатыгездікті, адамның өміріне қауіп төндіруді ешуақытта уағыз етпеген. Соны түсінуіміз керек.  Қазір көрсеңіз, бет-аузын тұмшалаған  жастар көбейіп барады. Бұл меніңше, діннен гөрі қоғамға «вызов»,   яғни, қоғамға «біз осындаймыз» деп қыр көрсету сияқты. Байқасаңыз, солардың көбі орысша сөйлейді. Бұл да қате нәрсе. Қазақтың қызы әрқашан еркін жүрген. Ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Міне, дін деген осындай күрделі мәселе. Биылдан бастап дінтану саласына біршама грант берілді, қателеспесем. Негізі, ғылым дамыған сайын діннен алшақтай түседі. Бізде ғылым дамыды дейміз, бірақ, діншілдер көбейіп, діни уағыздар айтушылар шектен тыс артып барады. Осының бәрі біздің мемлекет ретінде қалыптасуымыздың жолындағы қиыншылықтар.

-Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен  Күлия  РАЙЫС,

Семей қаласы.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation