Алдаберген би (1808-ш.а.1865)
Алдаберген Еділбайұлы – Шәкерімнің нағашы атасы. Арғын, Қаракесек ішінде Байбөрі, оның ішінде Кедей тармағынан. Жас Алдабергеннің қоғамдық қызметі Патшалық Ресей Орта жүз қазақтарының елдің солтүстігі мен солтүстік- шығыс аймақтарындағы саяси дербестігін жойған заманда басталады.
“Сібір қазақтары облысы» құрамындағы Қарқаралы приказына қарасты Байбөрі болысына әуелі сұлтан Көгедай Маманов, ал 1829-1841 жылдары сұлтан Ағадай Маманов басқарушы болып бекіген еді. Бұл Қарқаралы округтік приказына Тұрсын Шыңғысовтың аға сұлтандық заманы-тын. Жиырмадан жасы асқанда табиғи дарыны мол Алдаберген би ел басқарушы мәртебесіне ие болады. Бірақ та болысты төре тұқымы басқарып, ел ішінде абырой-атағы өссе де, патшалық үкімет он жылдан астам уақыт старшын қызметінен асырмаған. 1841 жылдың қазан айында ғана Алдаберген Байбөрі болысының басқарушысы болып сайланады. Ел әңгімелеріне қарағанда, Қарқаралы дуанына жиырма жыл билік басында болған сұлтан Тұрсын Шыңғысұлынан соң 1843 жылы сайлау жасалғанда Байбөрі руы аға сұлтандыққа ел сеніміне бөленген Алдаберген биді ұсыныпты. Алдабергенді Нұрбике-Шаншардан Тәттімбет күйші Қазанғапұлы қолдайды. Бірақ, Айбике-Шаншар, Алшынбай би бас болып, аға сұлтандыққа тағы да төре тұқымын, беделі аздау Құсбек Тәукеұлын ұйғарады. Осы 40-жылдары жастары шамалас Құнанбай мен Алдабергеннің ел басқару ісіндегі қызметтері оларды жақындастырып, бұл сыйластық құдалыққа ұласады. Құнанбай мен Алдабергеннің (жергілікті дыбыстауда – Әлдеберген) құдаласуы туралы әңгіме ел жадында сақталған. Алдаберген би үлкен қызы Дәметкенді (Төлебике) Құнанбайдың үлкен баласы Құдайбердіге ұзатады. Шәкерімнің анасы Дәметкенге әкесінің өткір мінезі, шешендігі, әрі істі мәніне жетіп тындыратын тиянақтылығы, қол өнер шеберлігі сияқты мол қасиеттері дарыған.
Ахат Құдайбердиевтің естелігіне қарағанда, Алдаберген мен Құнанбайдың құдаласуы туралы әңгіме қанаттас екі елге де тараған екен. Естелік негізінде қазіргі зерттеушілер де сол әңгімені келтіреді. Ескере кететін жағдай, Ахатқа жеткен әңгімеде Алдаберген бидің құдаласқандығы сөзінің түсініктемесі ғана жеткен. Түпнұсқа боларлық би сөзі өз ұрпақтарының арасында, дегелеңдік жұрт ортасында шертіледі.
1846 жыл шамасы болса керек, Құнекең жан-жағын бағамдап, Әлдебергенге құдаласу ісімен кісі жібереді. Бұл кезде апалы-сіңілілі екі қыздың кішісі Тойған ұзатылып, би үйінде жасы толысқан, өр мінезді Төлебике (Дәметкен) отырған. Сонда Алдаберген Құнекеңе ұнаған қысқа қайырылған сөзін айтып жібереді: “Құда болсақ болайық, бірақ өліге көңіл айтпайық, туғанға құтты болсын айтпайық!” Жұмбақ сөздің мағынасына жеткен Құнанбай: “Міне, менің құдам осы!” деген екен. Өмірі көңіліміз қалмай, болымсыз нәрсеге, ертелі-кеш, әсіресе қазаға байланысты естіліп жататын жағдайларға жер шалғайынан уақытында хабарласа алмасақ өкпелемейік деген би ойы өз тілегіне де сай келеді. Мұрағат мәліметтері, расында, құдандал екі жұрттың бір-бірінен алыс көшіп жүргенін көрсетеді. 1851-жылғы патша әкімшілігінің дерегінде Құнанбай Шыңғыстың бауырын қыстап, жайлауға Ақшатау, Шақпақ пен Бақанасқа шығады деп мәлімдесе, Дегелеңді қыстаған Алдаберген би жазда Шыңғыстан тіпті алыстап, Қара Түндік бойымен көшеді делінген.
Құнанбай мен Алдабергеннің құдаласуы туралы тарихи әңгімелерді бала кезімде әкем және кейін, 1968-1974 жылдары Тойған шеше әулетінен шыққан қазыналы қарттар Нұрсейіт, Әлсейіт Шәкерімұлдары айтып отырушы еді. Ескі әңгімені ұмытылмас үшін сол жылдары қағазға түсіріп алыппын. Бұл күнде сол деректер Шәкерім төңірегі туралы танымға сәуле түсіруде.
Құсбек биліктен тайған соң, 1849 жылы, Алшынбайдың да, Алдабергеннің де құдасы Құнанбай аға сұлтандыққа сайланады. Бұл жолы Қаракесек елінің екі көсемі де Құнекеңнің сайлануына бірауыздан келісімге қол жеткізген. Алдаберген бидің дала өміріндегі саяси ықпалын осындай деректер арқылы сезуге болады.
1851 жылғы патша әкімшілігінің ел билеушілері туралы мәліметтер топтамасында Алдаберген Еділбаев 43 жаста деп көрсетілген. 1857 жылғы мәліметте Алдаберген Көшім-Байбөрі және Жағалбайлы-Байбөрі болыстарын басқарады делінген. Бұл – екі болысты қатар басқарған шағы. 1851 жылғы қысқа мінездемесі: “Хорошей нравственности и довольно умен”. “Довольно” деген сөздің ол кездегі мағынасы “аса”, “өте”, “жетерлік”, қазіргідегідей, “едәуір” емес. Әрине, патшалық, кеңселік мінездемелердің бәрі сенімді дерек емес. Адамдар туралы бірде дұрыс, бірде бұрыс белгілі бір сөз штампы да қолданылады. Алдаберген (Әлдеберген) би туралы ел әңгімелері ол кісінің әділдігін, турашылдығын, даналығын паш етеді. Абыралы, Дегелең жұртшылығы ол кісіні бұрын-соңды әрдайым “Әлдекем” деп құрметпен атап отыратын.
Алдаберген би Еділбайулы туралы кейбір мұрағат мәліметтерінің ұшқындарын құжат жинақтарында 2002 жылы тарих мәтіндерін жарыққа шығаруға құштар энтузиаст аға Болатбек Нәсенов, 2004 жылы ресейлік тарихшылар В.С.Познанский мен М.П.Малышева, ал 2005 жылы мұрағат қызметкері Б.Жанаев жариялады.
Төлебай би (1831-ш.а.1880-жж соңы)
Алдаберген (Әлдеберген) бидің бәйбішесінен апалы-сіңлілі Төлебике (Дәметкен), Тойған және ағалы-інілі Төлебай, Арғымберген, кіші некелісінен Баймағанбет, Бексұлтан, Омархан, Қайдар туған. Әкесінің жолын қуған Төлебай би туралы ел әңгімелері сақталған. Ол әңгімелерде бидің бүкіл 22 болыс Майқы, Бошан, Қарашор ішінде аспандаған атақ-абыройы, ел қамын ойлаған шешендігі дәріптеледі. Төлебай би Алдабергенұлы 1831-жылы туған. Ел билігіне 1860-жылдардың басында араласа бастайды. Патша әкімшілігінен алғашқы марапатқа 1863-жылы ие болады. Әкесінің орнына Жағалбайлы-Байбөрі болысына басқарушысы ретінде 1865-жылдың ақпан айында бекітіледі. Өлкетанушы Болатбек Нәсеновтің келтірген мұрағат мәліметінде 1866-жылы Бибігүл Бисенқызы есімді зайыбынан екі ұлы – 12 жасар Керімхан, 4 жасар Омар және екі қызы – 8 жасар Ділмия, 6 жасар Кәбіш аталады (Нәсенов Б. Абыралы – Сарыарқаның кіндігі. 1-кітап. Новосибирск, 2002. 346-347 бб.). Көршілес Көшім- Байбөрі болысын 1850-жылдан Жабас би Қибатұлы басқарды. 1870-жылдан бастап патша үкіметі болыстарды жер аттарымен атауды ұйғарып, бұрынғы Көшім-Байбөрі болысын ірілендіріп, Абыралы, ал Жағалбайлы-Байбөрі болысын Дегелең болысы атандырды. Бұл жылдары да Төлебай би Дегелең болысындағы билігін сақтап қалды. Құнекеңнен ширек ғасыр кейін, Абайдан он төрт жас үлкен Алдабергенұлы Төлебай би Құнанбай мен ұлы Абайдың ел билеу қызметтерінің толысқан жылдарының аралығында қананаттас отырған Қаракесек пен Тобықты жұртшылығының береке-ынтымағын қамтамасыз етуде үлкен қызмет атқарды. Сақталған құжаттар мен ел әңгімелері осы бір тұжырымды растай түседі.
Төлебай Алдабергенұлы ХІХ-ғасырдың 80-жылдарының соңына дейін өмір сүрген. Қайтыс болған жылын мұрағат мәліметтері арқылы анықтау ісі әлі алда.
Тойған Алдабергенқызы (1828-1918)
Алдаберген бидің дарынды екі қызының бірі. Дәметкен туралы Ахат ақсақал арқылы әңгіме толық болғандықтан, Тойғанға байланысты тың мәліметтерді замандастарымызға жеткізу бұл күнде өзекті. Тойған шеше туралы әулетінде бірнеше тағылымды әңгімелер сақталған. Төлебике (Дәметкен) апайымен тетелес, қатар өсіп-жетіледі. Қарқаралы, Жарлы өзені бойынан ескі туыстықты еске алып, Дегелең асып, Уақ еліне қоныс аударған, емші-дәрігерлігімен бұл өлкеде де таныла бастаған, арғы ата-аналары хан заманынан дүйім алашқа әйгілі Жиренше шешен мен Қарашаш анадан тараған Құлтан Тоқсанбайұлы Алдаберген биге құда болуға Сарыбай қожа есімді кісі салады. Алдаберген “қарғы бауына төрт жүз тұсақ қой болса қызымды берейін” дейді. Бір күні “малыңызға ие болыңыз” деп, айдап әкеледі. Бұл кезде Құнанбай мен Алдаберген әлі құдаласпаған. Алдаберген Төлебикені бермек болады. Қыз “жалғыз үйлі аз атаға бармаймын” дейді. Сонда сіңілісі Тойған: “Біреудің бақытына біреу ие болмай ма? Әкемнің сағы сынбасын, мен барайын”, – депті. Сөйтіп, Тойған Құлтанның ұлы Қуандыққа ұзатылады. Қуандық та емші, дәрігер болып, ата дәулетін еселей түседі.
Тойған апайы Дәметкен сияқты өжет, тілге шешен, қолынан не түрлі іс келетін өнегелі ана болады. Бүкіл әулет, төңірегіндегі жұрт қатты қадірлейді. Жылдар өткен соң Тоқсанбай ұрпақтары Дегелеңді төңіректеп, Шөләдір жазығына келеді. ХІХ-ғасырдың 70-жылдарына қарай қыстауларын ұрпақтарына бекітіп алу мәселесі шығады. Ол заманда қырдағы ауылдар тығыз отырғандықтан, бұл оңай мәселе емес-тін. Төлебай би әділ басқарушы ретінде жалпы қауымның, дүйім елдің мүддесінен шығып, өз жақындарына бұрмауы керек. Тоқсанбай балаларының қонысы мәселесін кейінге қалдыра береді. Мұны керіп отырған Кедей руы ішіндегі өскен аталар Дауылбай мен Теңізбай аз атаның жерін аламыз деп те қыр көрсете бастайды. Төлебай да аз атаны кешіріп, жерін сұрап жүргендерді қостағандай болады. Міне, осы кезде Тойған шеше қайраткерлігімен көрінеді. Ол бауырынан көлемі шағын болса да, жылдар бойы қоныстанып, үйреншікті мекенге айналған Жаһқара тауын бекітіп беруді талап етеді. Ағайынның қас-қабағына қараған Төлебай би “басқа жер алсаңдар қайтеді” деп, апайына “ия” дей қоймайды, көңіліне қарап, “жерің басқаға берілмейді” деп те басады. Не ол емес, бұл емес, Теңізбай атасы жыл санап қысап келеді. Ақыры Тойған: “Қалмағым жесін, енді мен оязға барам” деп, кіші қайнысы Қожайды ертіп, Төлебаймен қатарласа отырып, Қарқаралыға аттанады. Жолшыбай Төлебай би апайының да бара жатқанын естиді. “Төлебай апайымен айтысып Жатыр» деген қаңқу сөзден қатты именеді, бірақ Тойғанды тоқтатпайды, бата алмайды. Тойған сол бойы Қарқаралыға жетіп, Қалиақпар деген кісіге жаздыртып, ояздың атына арыз кіргіздіреді. Іс қаралып, көп ұзамай Тойған еліне сұраған жерін бекітіп алған құжатты алып келген. Осыдан соң Тойған шеше әулеттің табынар піріне айналған. Тойғанның аз атаға жер алып берген әңгімесі бүкіл Қарқаралы үйезі халқына тараған. Аталардан жеткен бұл әңгімені 1980-жылы Нұрбике-Шаншар атасынан шыққан қазыналы қарт Несіпбай Әбдіғазиевтен де естігенде қатты таң қалғаным бар.
Тойған шешенің ақындығы болған. Мақалдап, немере-шөберелеріне тақпақтар айтып отыратыны әкемнің есінде қалған. Ұзақ жасап, 90 асып, 1918 жылы қайтыс болған.
Амантай ИСИН,
Тарихшы ғалым.
(автордың жеке мұрағатынан)