Әйел – әлемнің ажырамас бөлігі. Әйел – адамзаттың анасы. Әйел – тіршіліктің бастау бұлағы. Әйел – бақа басты еркектің қосағы. Әйел – отбасының өзегі. Әйел – шаңырақтың шамшырағы. Әйел – сұлулықтың символы. Әйел – әдеміліктің асыл тәжі. Әйел – Тәңір-Тағаланың мейірімінің сынығы. Әйел – нәзіктіктің қас үлгісі. Әйел – Алланың рахымының жерге түскен шағылысы. Әйел -Алланың ұлы аманаты. Әйел …
Сақ қоғамындағы матриархат
Тіршілікте әйел атаулының еркектердің алдына шығып, әлемге билік жүргізіп, ұшпаққа шыққан кезі ана еркі дәуірі екені белгілі. Иә, біз тарихтың түп-қойнауы ерте дәуірде еркектердің қабілетіне деген қоғамдық сұраныс артқанға дейін әйелдердің билігі орнаған «матриархат» кезеңі болды деп жатамыз. Бірақ, қазақ тарихында «матриархат» дәуірінің болып-болмағаны жөнінде тарихшыларымыз жақ ашпайды. Тек, Батыс тарихшылары негізін салып берген еуроцентризмнің теория-методологиясына сүйене келе ежелгі дүние тарихының оқулықтарында матриархат дәуірі болған деп болжамдайды. Әйтсе де, ғылымда гипотезаға рұқсат берілгенімен, ол нақты ғылыми шындықты білдіре бермейді.
Матриархат қоғамын жасаған «Амазонка» қауымы туралы алғашқылардың бірі болып ізденіс жасаған швеицариялық ғалым И.Я. Бахофен «Ана құқығы» (1861) және американдық Л.Г. Моргана «Көне қоғам» (1877) атты шығармаларында көне түркілерде ана еркі қоғамының болғанын нақты атап көрсетпейді. Осы екі ғалымның матриархаттық концепциясын қуаттаған Ф.Энгельс «Отбасы, жекеменшік және мемлекеттің шығу тегі» атты шығармасында алғашқы қауымдық қоғамда ұжымдық өмір сүрудің алғашқы тұрпаты ана еркіне негізделген деп біледі. Сондай-ақ, бұл ана еркі кезеңінің жер бетінде ғұмыр кешкен барлық халықтарға тән екенін қадап айтады. Қанша уақыттан бері қасаң түсінікке айналған осы теорияны соңғы кездері ғана базбір тарихшылар жоққа шығаруда (X.М. Думанов, А.И.Першиц. Матриархат: новый взгляд на старую проблему).
Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың шығармасында б.э.б V ғасырға дейін өмір сүрген «Амазонка» атты әйелдер қауымының төрткүл дүниеге билік жүргізбек болып, төңірегіндегі елдерге шапқыншылық жасаған. Осетин халқының ежелгі эпостарының бірінде осы «Амазонка» әйелдерінің бір кездері Қаратеңіздің теріскейіндегі скиф тайпаларында шабуылдағаны баяндалады. Осы соғыстарда сарматтар қолға түскен «амазонкалықтарға» үйленіп, олардан ұрпақ та тараған екен. Зерттеушілер осы оқиғадан кейін матриархаттық жөн-жоралғылардың скиф тайпаларына тарала бастағанын айтады (В.А.Кузнецов. Нартской эпос и некотрые вопросы истории осетинского народа).
Ал, сарматтармен бір кезеңде қатар қоңсы өмір сүрген сақ тайпаларында матриархаттық қоғам болды ма?
Тарихшылар Зарина мен Тұмар ханшайымның билік құрғанына қарап, сақ дәуірінде де ана еркі қоғамының белгілерінің болғандығын айтады. Сондай-ақ, антропологтар Есік қорғанынан және Берел қорғанынан табылған «Алтын адамдардың» сүйегі әйел адамдікі екенін дәлелдеді. Одан өзге Еуразия даласынан сақ дәуіріне тән қаншама әйел мүсінді балбал тастар табылды. Осыған қарап сақ қоғамында ана билігінің орнағандығы нақты тұжырымдалмаса да, матриархаттық институттардың болғанын болжаймыз.
Көне түркілердің Ұмай ана түсінігі
Сақ тайпаларының көне түркілермен генеологиялық байланысының болып-болмағаны көмескілеу көрінгенімен, географиялық байланысының бар екені баршаға мәлім. Көне түркілерде патриархалды басқару жүйесі бекігенімен, олардың дүниетанымында әйел затына деген құрмет ерекше-тін. Түркілер әйелді күнделікті тұрмыста шаңырақтың бір уығын көтерісетін ер адамның қосағы деп ғана түсінген жоқ, әйел затын қасиетті «Ұмай ананың» сарқыты деп бағалады.
Түркілердің «Ұмай ана» түсінігінде әйел тегіне деген текті ұғым жатыр. Көне түркілердің мифиологиясында «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебейтін періште саналады. Бізге жеткен деректерде ерте дәуірде Алтай тауын мекендеген түркі жұртты құрық бойы қар жауған бір қатты қыста қырылып қалады. Осы қақаған аязда Айсұлу атты қыз бөстекке оранып аман қалады. Оны Алтайдың үңгірін мекен еткен Аю батыр тауып алып, Айсұлуды сұлқ жатқан жерінен Ұмай ананың көмегімен тірілтіп алады. Көп ұзамай Аю батырдан Айсұлу жүкті болады. Аю батыр үйде жоқта толқақ қысқан Айсұлуды Ұмай ана жебеп, бір ұл бір қызды дүниеге әкеледі. Содан түркі қауымы рулы елге айналып, бүгінге күнге жетеді (Қазақтың мифтік әңгімелері. Құрастырған Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева. Ғылым баспасы. Алматы 2002). Яғни, көне бұл аңыздан ұғатынымыз «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебеуші мейірімді рухани күш саналады.
Базбір батыс зерттеушілері «Ұмай ананы» Тәңірге балап, ер түріктің ұрпағын хақ сенімнен адастырғысы келеді. Алайда, «Ұмай ананы» теология және космоганиямен байланыстырудың еш реті жоқ. Бұл туралы зерттеуші Д.Қыдырәлі: «Ориенталист ғалымдар «Ұмай сөзін «тәңір ана» деп қате аударып жүр. Біздің ойымызша, Ұмай – аналарды қолдайтын періштенің аты. Қыз ұзатылғанда, неке қиылғанда, әйел босанғанда Ұмай анадан медет тілеу осыдан келіп шыққан», (Д.Қыдырәлі Атымды адам қойған соң… Таймас баспасы. Алматы 2008) деп «Ұмай ана» ұғымын дәл зерделейді.
Көне түркінің дүниетанымында «Ұмай анадан» өзге «бес ене» түсінігі де болған. Әсілі, қазақтың «бесенеден белгілі» сөз тіркесі осы «бес ене» ұғымынан шыққан. Көне түркілер пендені желеп-жебейтін Ұмай ана, Май ана, От ене, Ұмайық және Бай әжені «бес ене» деп қабылдаған (Бақыт Әбжет. Түркі халықтарындағы шамандыққа сыйынудың негізгі түрлері). «Бес ене» періште текті рухани күш саналғандықтан, адамды ауруынан емдеп, жолын ашып, алдынан жарылқай білген. Осы себептен де көне түркілер «Ұмай анамен» бірге «бес енені» де пір тұтқан.
Біздің пікірімізше түркілер «Ұмай ана» деп Адам атаның қосағы Хауа ананы айтқан секілді. Себебі, белгілі руника зерттеушісі Қ.Сартқожаұлы да Орхон-Енесей тас жазуында түркілердің «Ұмай текті ұрпақ» деген тіркестерді қолданғанын жеткізеді (С.Қаржаубай. Орхон мұралары. Күлтегін. Астана 2003). Демек, түркілер «Ұмай ананы» Тәңірге баламай, керісінше оның жатырынан жаралғанын пайымдаған. Әрине, бұл пікіріміз әлі де зерттеуді қажет етеді. Дегенмен, түркілер адамзат атты алып ағаштың бір бұтағы саналғандықтан, олардың алғашқы жаратылыс иесінің жары Хауа ана туралы білмеуі де мүмкін емес деп ойлаймыз. Яғни, түркілердің дүниетанымындағы «Ұмай ана» Адам атаның қосағы Хауа ана болуы бек мүмкін.
Ана космогония көгінде
Көне түркілер «Ұмай ананы» космогониямен байланыстырмағанымен, олардың танымында әйел затының табиғат құбылыстарына қатыстылығы хақында көптеген түсініктер орын алған. Ғарыш кеңістігіндегі денелердің пайда болуы мен қозғалысы және жер бетіндегі жаратылыс жөнінде мифиологиялық бай пайымдаулары осыған дәлел бола алады. Айталық, Х.Әбішев «Аспан сыры» атты еңбегінде: «…Ай мен Күн егіз туған керемет сұлу екі әйел екен. Әсіресе, Ай сұлуырақ болып, мақтанып, Күн оны қызғанып, Айдың бетін тырнап, оған дақ түсірген. Кесірлі Ай жазасын осылай тартқан. Ай бетіндегі қарауытқан дақ «аламыш» содан екен деседі. Айдың кеш туғанын және кемігенін ел Ай «қорғалады» дейді. Күнге жақындап барғанда Ай қорғалап, бетін жасырады, ал қашықтағанда Ай толып, Күнді қызықтырып, бетін түгел көрсетіп, ереуілдейді», (Х.Әбішев. Аспан сыры. Алматы 1962) деп Ай мен Күннің жаратылысы мен қозғалысы хақында көне мифтік әңгімені жеткізеді. Бұдан басқа қазақ фольклорында «Ай астындағы Айбарша», «Ай бетіндегі жетім қыз, «Күн астындағы Күнекей» атты ертегілердің бар екені белгілі. Сонымен бірге, жеті қарақшы мен үркер жұлдыздары хақында М.Исқақов «Жетіқарақшы Үркердің қызын ұрлапты» дейтін ертегінің бар екенін жеткізсе, жас ғалым Ақеділ Тойшанұлы Құс жолының Ай анасының аспанға шығып, қызын іздегенде аққан сүтінен пайда болған деп есептелетін ертегінің бар екенін алға тартады (Ақеділ Тойшанұлы. Түрік-Моңғол мифиологиясы. Алматы 2009). Х.Әбішев қазақ мифиологиясында Венера жұлдызын Шолпан, Жарық жұлдызы, Тұлқатын, Нарық жұлдыз, Зуһра деп атайтын түрлі сипаттағы ертегілердің бар екенін екшеп өтеді (Х.Әбішев. Аспан сыры. Алматы 1962). Осы Шолпан жұлдыз туралы мифтік әңгімелердің бірінде Зуһра (Шолпанның арабша атауы) атты Алланың сүйікті құлын Әза мен Әзайаның зина жасауға мәжбүрлегенін, Зуһра олардан құтылу үшін Алланың мың есімін жаттап үйреніп аспанға ұша алатын қабілетке ие болып, зеңгір көкке көтеріліп Шолпан жұлдызға айналғандығы айтылады. Ал, көктемгі жауыннан кейін табиғаттың сәнін келтіретін кемпірқосақ туралы қазақ мифологиясында аспан елінде ғұмыр кешкен бай кемпірдің қойларын жауыннан кейін сауып, табиғаттың тамаша шұғыласының содан пайда болатыны баяндалады (Қазақтың мифтік әңгімелері. Құрастырған Ш.Ыбыраев, П.Әуесбаева. Ғылым баспасы. Алматы 2002)..
Қазақтың аңыз-әңгімелерінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі көптеген жер-су аттарын әйел затымен байланыстырады. Мәселен атақты Бурабайдағы «Биші қайыңдар» туралы мынадай қызықты ертегі бар: «Ертеде кешқұрым сауыққой жастар алаңқайға жиналып, емін-еркін күліп ойнайды. Бұндай думанда бір топ сымбатты биші қыздар да мың бұралып билейді. Сондай қызықты сауықта жасырын келіп, тамашалап тұрған хан еріксіз айқайға басып: «Ғажап! Мың жасаңдар, қарақтарым!» деп таңдана дауыстайды. Сол кезде ел иесі ханның келгенінен именіп, қымсынған биші қыздар сол қалпында қайыңға айналып, қатып қалыпты» деседі (Ежелгі Қазақстан аңыздары. Аруна. Алматы 2006).
Еліміздің әр аймағында әйел затына қатысты «Бәйбіше», «Келінтас», «Қырық қыз», «Отаутас», «Маржан төбе», «Қызтөккен», «Балқаш көлі», Келіншек тау», «Қыземшек» секілді көптеген жер-су аттары бар. Сонымен бірге, «Айша бибі», «Ақбикеш», «Домалақ ана», «Бабажан қатын», «Қарашаш ана», «Гауһар ана» секілді әулие аналарымыздың кесенелері бой көтерген қасиетті орындар да бар. Ал, бұл жер-су аттары мен қасиетті орындар туралы ел ішінде небір қызықты сырға толы әңгімелер шертіледі.
Жыр-дастандарағы матриархат белгілері
Қазақтың Исламға дейінгі фольклорын тыңғылықты зерттеген С.Қасқабасов көне жыр-дастандар мен ертегілерде ана еркі дәуірі белгілерінің көптеп кездесетінін алға тартады. Әлбетте, ғалым ағамыздың кейбір пікірлерімен келіспеуге де болады. Дегенмен, дәлелді һәм қисынды тұжырымдарын жоққа да шығара алмаймыз. В.Я.Проптың ғайыптан туу мотивіне жасаған тұжырымдамасын негізге алып, С.Қасқабасов кейіпкерді ғайыптан туғызатын «Ер Төстік», «Әлібек батыр», Итыгиль», Шыңғысхан секілді мифологияларды матриархат дәуірінің жемісі деп бағалайды. Қазақтың дүниетанымындағы «жерік болу» ұғымының астарында ана еркі дәуірінің атрибуты жатқанын бажайлайды. Оған көне аңыздардағы ер адамның жан-жарының жерігін қандыру үшін қандай қауіп-қатер болсын тайсалмасатан басын бәйгеге тігетінін мысалға алады.
Дегенмен, С.Қасқабасов жерік болудағы тотемдік байланыстарды матриархаттық қоғамнан патриархалды дәуірге өткен кезеңіне жатқызады. Мәселен, «Әлібек батыр» ертегісінде «Перзентсіздік зарын тартқан бай мен кемпір жұртқа мазақ болған соң жер-жерді шарлап кетеді. Әдеттегідей, оларға аян беріледі. Олар қуанып еліне қайтады. «Бірнеше күндер, айлар өткенде, кемпір-шал баяғы өздерінің шыққан мекен-жайларына келіп жетеді. Елге келген соң бірнеше күндер, айлар өтеді. Күндерде бір күн кемпір арыстанның етіне жерік болып: «Шалым! Тілегіңіз бір перзент еді. Олай болса, мен бала кезімде ойнап жүргенде, өзіміздің ауылдың артында бір Аралтоғай деген бар еді, Аралтоғай ішінде Шабақ тоғай бар еді, соның ішінде бір арыстан бар еді, дәл соның етіне жерік болдым» – дейді. Шал кемпірдің айтуымен барып, арыстанды өлтіріп алып келеді. Келе сала арыстанның етін тай қазанға асып пісіреді де үлкен астауға турап, жерік болған кемпірге бере бастайды. Кемпір арыстанның етін астаудан қос қолдап ол ұртына бір, бұл ұртына бір тықты. Үш күн, үш түн ұйықтайды. Содан кемпір Әлібек батырға жүкті болады» деген ертегіні, сондай-ақ, «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрінің қабыланды атып өлтіріп, оның жүрегін, бауырын, қоң етін бәйбішесіне жегізетін эпизодтар патриархалды қоғамның белгісі деп қарастырады (С.Қасқабасов. Жаназық. Астана 2002).
Сонымен қатар, А.Веселовскийдің «кувада» салтын (әйел босанарда еркектің үйден кетіп қалуы) аналық дәуірге жатқызуын негізге алып, С.Қасқабасов кейіпкердің әкесі үйде жоқта тууын да матриархат дәуіріне тән мотив деп тұжырымдайды. Егер, бұл мотивті аналық дәуірге арқау етсек, онда кейіпкердің әкесі жоқта дүниеге келуін суреттейтін «Қозы Көрпеш, Баян сұлу», «Көрұғлы» жырларында да матриархаттық белгілер бар деген сөз.
М.О.Косвеннің пайымдауынша ер-жігіттің қалыңдығына үйленгеннен кейін қайын жұртында тұрақтауы матриархаттық белгіге жатады (Косвен. М.О. Матриархат.). Қазақтың әдет-ғұрпында қыздың қалың малын толық өтеуге шамасы келмесе, күйеу жігіт қайын жұртында «күшік күйеу» болып жалданып жұмыс істейтін болған. Олай болса, қазақтың дүниетанымындағы «күшік күйеу» ұғымы да ана еркі дәуірінің сарқыншағы екені даусыз. Сонымен бірге, кейде қайын атасының өтінішімен күйеу жігіт қайын жұртта қалатын кездері де болады. Мысалы, «Көрұғлының» Ә.Жұмағазин нұсқасында кейіпкер өзінің атастырып қойған қызы Ақмеденді ерлік көрсетіп иеленгенімен, қайын атасы Көзейдің өтінішімен біраз жылға қайын жұртында тұрақтайтын эпизод кездеседі (Бабалар сөзі. 49 том. Астана 2009).
Фольклоршы ғалымдар аңыз-әңгіме мен эпостардағы қыздың күйеу таңдауын да аналық дәуірдің сарқыты деп біледі. Оғани «Қамбар батыр» жырындағы Назымның Қамбаға сөз айтуын мысалға алады (С.Қасқабасов. Жаназық. Астана 2002). Қыздың күйеу таңдауы қазақтың өзге жыр-дастандарында да кезігеді. Айталық, «Ер Тарғын» жырында Ақшаханның қызы Ақжүніс күйеу жігіт Тарғынды өзі таңдаса, «Қыз-Жібек» дастанында да Жібектің Төлегенге көңілі ауады. Сондай-ақ, «Дудар қыз» және «Күн астындағы Күнекей қыз» ертегілерінде қыз жігітті өзі таңдап, оған шарт қояды. Яғни, қазақ қоғамында қыздың күйеуді таңдауы кең етек алмаса да, жыр-дастандарда мұндай элементтердің аз да болса ұшырасуы, біздің мәдениетімізде ана еркі дәуірінің сынықтары бар екенін көрсетеді.
Қорқыт атаның әйел туралы пайымы
Түркілердің Исламға дейінгі дүниетанымынан сыр шертетін жауһар туындылардың бірі «Қорқыт ата кітабы» екені әмбеге аян. Бұл тарихи шығармада түркілердің әйел туралы пайымдаулары да көрініс береді. «Қорқыт ата кітабын» терең зерттеген Ә.Қоңыратбаев туындының бүгінге жеткен нұсқасына мұсылмандық құндылықтардың да кіріккенін айтады. Десекте, «Қорқыт ата кітабындағы» нәзік жандыларға қатысты пайымдаулар көне түркінің әйел танымын әйгілейтіні анық.
Қорқыт атаның пайымдауынша әйел төрт түрлі болады. Оның бірі – ниеті қураған әйел, екіншісі – ынсапсыз әйел, үшіншісі – үйдің құты болған әйел, төртіншісі – кесір әйел. Әйел біткеннің ең жаманы осы.
Отбасының құты (тірегі) болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйінде ері болмаса да, оған сусын беріп, бар дәмін алдына қояды, сыйлап аттандырып салады. Бұлар – Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер өссе де көп емес, бәлки аз. Сіздің ошағыңызға да сондай әйел кез болсын.
Одан соңғысы – ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Ондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін аударыстырып, ең тәуірін таңдап жейді, аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп, қарынды қампитады, содан соң маңдайын сабалап, жылана бастайды да: Қараң қалғыр, осы күйше мен қайдан душар болдым. Бір күн қарным тойып ас ішпедім, жүзіме күлкі келмеді, аяғыма ілген кебісім болмады, бетімнан перде түспеді. Ерім өліп басқаға тисем, бағым ашылар еді, сол үмітім өшпесін», – дейді. Хан ием, ондай әйел мың болса да, өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін.
Одан соңғысын салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң беті-қолын жуады, үйдің ол шеті мен бұл шетіне қарайды да, күбіні абыл-құбыл пісіп, көрпе-төсегін жинайды. Содан соң «шуу!» – деп ауыл кезіп, түс қайта үйіне оралады. Келсе үйі ұрланған, қазан-аяғын ит жалаған, бие-бұзау сүйкеніп, үйдің қорадағы байлаулы қалған сиыры мөңірейді. Келе сала әйел көршілеріне барып, шаптыға бастайды: «Ау, қыздар-ау, Зылихам, Зүбайрам, Руғейдам, бикештерім. Уа, азамат туған жігіт-желеңдерім, Айна-Мәлік, Құтлы-Мәлік қайда едіңдер? Ойбай-ау, үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дедіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз қырын салмадыңдар? «Көрші ақысы – Тәңір ақысы деген қайда? – деп, безек қағады. Хан ием, ондай әйел мың болса да өсіп-өнбесін, сіздің ошағыңызға кез болмасын.
Ең соңғысы – адам тілін алмайтын кесір (қырсық) әйел. Үйге түзден бір ұятты қонақ келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, желік, қонағың да жесін» – десе, әйелі еріне: «Үйде піскен нан жоқ», – дейді. «Барыңды бер», десе, әйелі: «Не сандалып отырсың, үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмейсің бе? Үйде ұн жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ, оның не әкелері белгісіз. Дастарханымды жемесе, берерім жоқ», – деп бармағын көрсетеді, еріне сыртын беріп, дастарханды кісі алдына лақтырып тастайды. Ондай әйелге мың сөз айтсаң, соның бәріне жауап қатады, бірақ ерінің айтқанын құлаққа ілмейді. Ондай әйелді Нұх пайғамбардың көз жасынан пайда болғандар дейміз. Хан ием, сізді Алла осындай әйелдерден сақтасын, ондай әйел сіздің ошағыңызға кез болмасын» (Қорқыт ата кітабы оғыздардың батырлық жырлары: Орыс тілінен аударған Ә. Қоңыратбаев, М.Байділдаиев. – Алматы: Жазушы, 1986.).
Екі жарты – бір бүтін
Қазақтың дүниетанымын оның тұрмыс-тіршілігімен айшықтауға болады. Оның ішінде әйел мен ердің мәртебесі де тұрмыс-салттағы дәстүрлі түсініктермен бағамдалады. Мәселен, Атам Қазақ: «Еркек үйдің иесі, әйел үйдің шегесі» деп, әйел мен еркектің ерік-міндеттерін дәлме-дәл көрсетеді. Яғни, көшпелі халықтың патриархалды түсінігінде еркек шаңырақ иесі саналса, әйел сол отаудың отын жағып, ошағын қайнатып, үйдің берекесін кіргізетін жан. Бұл туралы көне түркінің дүниетанымын тереңірек зерттеп жүрген Д.Кенжетай былай деп тұжырымдайды: «Әлемді кеңістіктер мен бағыттарға бөлу арқылы мәденилендіру құбылысын киіз үйдің еркектік және әйелдік тарапқа бөлінуінен де көруге болады. Бірақ киіз үйдегі ең маңызды қазық – әйел болып табылады. Өйткені бұл кеңістік (ғарыш) – әйелдікі. Оның ішінде жасау, дүние де әйелдің өзіне тән. Еректің әлемі үйдің босағасынани шықққаннан кейін басталады. Үй – әйелдікі, түз еркектікі. Киіз үйде әр нәрсенің, әр заттың өз орны болғаны сияқты әрбір отбасы мүшелерінің де жанұяда өз орны бар. Бұл тәртіп, жүйе бұзылмауы тиіс. Яғни, әйелге тән заттар өз тарапында болып, еркек жағына ауысып кетпеуі керек» (Д.Кенжетай. Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымы. Түркістан 2004).
Қазақ «екі жарты, бір бүтін» деп әйел мен еркектің теңдігін паш еткен. Жаратылыс заңдылығында әйел сұлулық пен нәзіктіктің үлгісі саналса, еркектің пешенесіне қайрат-күш пен жігерді сарқа жұмсау жазылған. Еркек әйелдегі жіңішке, нәзік сезімнен құралақан болса, әйел қанша тырысқанымен еркектегі қайрат-күшпен иық тірестіре алмайды. Демек, бірінде жоқ сезім екіншісінде бар, бірінде бар қабілет екіншісінде жоқ. Әйел өзінің жаратылысына тән нәзіктікті қажет ететін үй шаруасымен, бала тәрбиесімен шұғылданса, еркек те өзінің жаратылысына сай қайрат-күшті қажет ететін түздің жұмысын атқарады. Яғни, әйел мен еркектің бір-бірінсіз төрт аяғын тең басып өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан да қазақтың дүниетанымында еркек пен әйел тең саналады.
Қазақтың ер-жігіттері нәзік жандылардың ішінде Құдай қосқан қосағын ғана өзімен тең көрген. Ал, әженің ұлағатын ұйып тыңдап, оның өнегесін ұдайы ұлықтай білген. Әулет кейуанасын пір тұтып, оны патшасындай сыйлаған. Аналарды «пейіш ананың аяғының астында» деп ардақтаған. Әпке-қарындастарын екі бетімнің ары деп аялап, олардың өтінішін екі етпеген. Қызын аз күнгі қонағым деп, шұғаның қиығы, алтынның сынығы деп, бөркіне үкі тағып, еркелетіп өсірген. Сайып келгенде айтпағымыз, әйел затын желеп-жебейтін қастерлі рухқа балап, оның нәзік болмысын космогониялық жаратылыспен байланыстырып, тіпті жер-су атауларын да әйел затымен атаған жаһандағы бірегей ұлтпыз. Яғни, әлем әйел затын сыйлауда бізден үлгі алсын демекшіміз…
Мұхан Исахан,
«Қазақстан-Заман» газеті