Сәрсенбі, Тамыз 29, 2018
Негізгі > Желідегі жүйрік ой > Тыныштықбек ақынның “Диалогын” жалындата оқыды

Тыныштықбек ақынның “Диалогын” жалындата оқыды

Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлеңдерін осыдан 6 жыл бұрын тек белгілі ақындардан сұрап оқушы едік. Қазір халық арасына ақынның жырлары жылдам тарап кетті. “Ақшам хаттарынан” кейін “Қассақ аңқымасын” кітапханаларды аралап жүріп оқығанбыз. Бүгінде “Фолиант” баспасынан біршама жинақтары жарық көрді. 

Ал, төмендегі әлеуметтік желіде жүрген мына бейнебаяннан ақынның тек жас кезіндегі жырлары ғана халық арасына көптеп тарағанын аңғаруға болады екен.

Бейнебаянда: Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлеңін нақышына келтіре оқып тұрғандар
Семей қаласының М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің жас ақындары: Мақсұтбек Абылай, Алмас Айтмұқаш.

 

Диалог

– Сізді ғашық дейді ғой?..

– Ол кім тағы?..

– Болды, болды, айта бер, тартынбағын…

– Бәлкім, сорым, білмеймін, бәлкім, бағым,

бар еді бір қарындас…

Ал, тыңдағын…

– Жан дейді ғой аздаған наласы бар?

– Наласызбен өзің-ақ жарасып ал.

– Қандай өзі?

– Сарғайған таңдай өзі.

Ал, мен күзгі ымырт ем, қара шұбар…

– Жүресіңдер дейді ғой хат алысып?

– Иә, солай болып тұр беталысым…

– Сонсоң?

– Сонсоң, семья құрамыз да.

Яғни, бәрі де – Отан үшін…

– Өзі жап-жас дейді ғой, нешедегі?…

– Үштен бірі боп қалар Шешедегі….

– Ел айтады… оларға мен айтамын…

– Жүруші ме еді сендейлер, бәсе, тегін…

– … сізге қиын дейді ғой жақындасу?

– Онда – сезім, ал, менде ақыл басым.

– Мұны қалай түсінсек болар екен?..

– Әй, шырағым, басымды қатырмашы…


Желідегі жас ақындардың шабытына шабыт қосылсын деген тілекпен төмендегі жыр жолдарын оқырман назарына ұсынамыз.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Ақшам хаттарынан

Мерей

Ауылым, болушы еді күнде боран,

Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.

Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,

Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.

 

Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы,

Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..

Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп,

Топырақ жапырағын маздатады.

 

Бір білсе жер қадірін, тау қадірін,

Білер ме жусан емген марқа түлік…

Қыз – көктем көл басына асығады,

Бұрымы бұлт ішінде тарқатылып.

 

«Сезімнің сынықтарын құрсар күйді

сен маған осы қазір қисаң қидың!»-

деп, түнгі құрбым отыр,

омырауынан

бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды…

 

 

 

САҚМАНДА

 

Не деп саған жазайын, қой қоздаған,

Тау мөңіреп, аспанда Ай боздаған.

Жұлдыздар да түрткілеп түйсігімді,

Түсініксіз діріл бар бойда аздаған.

Не деп саған жазайын, төбет үрген,

Сандырақтап түз жатыр көне тілде.

Аш байғыздар пәлекет шақырады,

Осы түнде қырылып өлетіндей.

Не деп саған жазайын, көк өспеген,

Өмір сүріп жатырмыз елеспенен.

Тірі тышқан көрмеген тарғыл мысық,

Даңғырлатып ойнайды тегешпенен.

Не деп саған жазайын, таң атпаған,

Қойшы қойды қораға қаматпаған.

Құлағымен қидалап қара түнді,

Осқырынып қояды торы ат маған,

Сабыр сақтар адаммын, мешін емен,

Күйіп-пісе беремін несіне мен?!

…Бір ашылып есігі, бір жабылып,

Тау ішінде жалғыз үй есінеген.

Өз басынан өткермей, сенген бе өзге,

Ертек сынды бәрі де көрген көзге.

Дем аларымын желіні сыздап таңның

Қозы бұлттар жамырап емген кезде.

****

«Қастерлеген хатыңды, бағалаған,

Аман-есен мұндағы жаман ағаң.

Қақпақылдап тынымсыз – жел уақыт,

Қаңбақ – күндер келмеске домалаған.

 

Төлдеп болды қолдағы ырысты мал,

Жүрегіңді тербетер тыныштық – ән.

Бүгін аспан боталап, Тау тамсанды,

Бүйен – сайға құйылып уыз тұман.

 

Қойшы аянбас сіздердей «қонағынан»,

Не бір серке сойылар, не бағлан…

Жазбай тани қоясың жаздың нұрын,

Жадыраңқы іңірдің қабағынан.

 

Ыңылдайды інішек «Дудар-айды»,

Әңгіме етер қойшымыз туған Айды.

Таныстырған өзіңе тарғыл мысық

Тышқандарды күнұзын қудалайды.

 

«Қылышбұлақ» құты бар мекеніміз,

Жеке там үй – біздегі жеке мүйіс.

Марқа – көңіл маңырап болмай қойды,

Терезеден Ай қарап теке мүйіз.

 

Бойымдағы болмаса сабыр – ұстам,

Саған деген өлер ме ем сағыныштан!..

Көгілдір нұр төгіп тұр көкте жұлдыз,

Қой көзіндей, сәулеге шағылысқан.

 

Тындырғандай осы айда зор жұмысты,

Кеше менің «аспанға бөркім ұшты».

…Төл деген не, тәйірі,

күні ертеңгі

Сақманы өлеңнің қорқынышты».

 

Көктем

Болмаса да сондайлық орындар түк,

Ерте тұрғам (төлдегі тәлім-тәртіп).

Қаңқылдаған әуеде сары ала қаз

Бара жатқан секілді горн тартып.

Иірілер шаруаның ұршығы – мен,

Бұл науқанға әу баста құлшынып ем.

Қошақандар тойып ап, балықтардай,

Балтырымды түртеді тұмсығымен,

Батыста – мал маңыраған, Шығыста – мал,

Қарап тұрып көңілің тынышталар.

Иін әбден қандырып илеуінің,

Ширатысқан мұрттарын құмырсқалар.

Мұңның мені мүмкін бе иектері?

Мұндай болса қоймайды күй өтпелі!

Құшағына қыз – самал енген сайын,

Балқи түскен таулардың сүйектері.

Айналаны алғанша ымырт қамап,

Гүлдеп жатқан кең дала түлікке бап.

Қалпағыңа шешсең-ақ, бұл маусымның

Үлгереді торғайы жұмыртқалап.

 

 

Түз тағысы

 

Ауылдың тіршілігін бақылаңыз,

Әр күні – жомарт ертек, ақын аңыз…

…Ащы-ащы шай ішіп кешкілікте

Тәтті-тәтті ой ойлап отырамыз.

Мұндайда әңгіме көп, түн – көңілді,

Тыңдайсың кішің менен үлкеніңді.

Әзілқой, әпенділеу қойшымыз бар,

Қой көзді, теке танау, жылқы ерінді.

Қиын-ақ таудағы бір қыстақ үшін,

Қасқырлар жазда – қысым, қыста – қысым.

Қойшымыз теперішті көп көрген бе,

Әйтеуір, көп айтады түз тағысын:

«…Тағдыр-ай, кей жылдары кекесін ең,

Кездестік қиындықтың көкесімен…

Сол жылы күн де жиі қызарақтап,

Ал түнде Ай қарайтын шекесінен.

…Онда да сары ала қаз ерте келді,

Құтырған түлкі желді ерте келді.

Түлкі жел түледі де, …қар борады!

(Сол күндер, ойласаңыз, ертек енді)

Онда да, дәл осындай, …Қойымыз арық,

Сұрғылт-сұрғылт ойлардан бой мұзданып…

Жиі-жиі сұңқылдап байғыздарың.

 

Қарекет те молайып бірер есе,

Уайымнан ұп-ұзын шідер есем…

Сенің өзің қайтер ең,

көтерем бұлт

өрісте жиі-жиі үйелесе?!

Онда да, дәл осындай төл кезінде,

Ауылдың қасқыр ұлып желкесінде…

Бір жақсы төбет бар ед,

Сол төбеттің

құйрығын ғана таптым ертесінде!..

Қойсаңшы итшіліктен бұл өмірді,

Қорқаулар күшіктейтін білем інді,

Қолыма шор қайыңнан сойыл алып,

сауырға бірақ тарттым күреңімді!»…

Әй, шіркін,

Тіл бәрінен шалымдырақ,

Бояуы суреттің қалың бірақ!»

Сөйтіп ол…кетер қайта түсіп ізге…

(қызық қой одан арғы «ісі» бізге)

Соңыра дөңбекшіп біз жата алмаймыз,

кілең бір көкжал еніп түсімізге:

«…түскендей қайдағы бір орға барып,

қорқаулар қамалына көр қамалып!..»

Еріксіз үзік-үзік ұйқыңызды

жатасыз кірпігіңізбен жалғап алып.

…Томпаңдап, байғыз үнін тыста күшік

Келеді тұмсығымен ұстағысы…

Міне, енді енесі де үрді тауға,

Қойшымыз атып тұрды…

Түз тағысы!

 

 

Боран алдында

 Нені көрмек төлші қыз қолайнадан?!

Малда жүріп, жан бар ма қараймаған…

Боз саулықтар сүзісіп жатыр сыртта,

Бойларында арқардың қаны ойнаған.

Төбет жатыр доп сынды домаланып,

(Бір «айқайдың» әйтеуір болары анық)

Жамбасынан сыз өтіп туған айдың,

Күн де бүгін алыпты қораланып.

Сиырлар да жөтелген ықтасында,

Қойшыңыз да сайлана берсін енді,

Қорасы мен көңілін мықтасын да.

Жетісіп бір тұр дейсің сай-сала қай,

Болар ма екен бұл Көкек ең «сорақы» ай?!

Қой – ашқарақ, төл – тоңғақ, жусан – өлі,

Тал – жалаңаш, бұлт – үркек, жел – солақай.

Бәлкім, қайта билігін құрмақ Ақпан?!

Жалықты ғой бала да сырғанақтан…

Бір пәле бар әйтеуір келмей тұрып,

Босағаны мысыққа тырмалатқан.


“Желідегі жүйрік оймен” бөліскен Жұмабек Айқынұлы

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation