Бейсенбі, Қыркүйек 6, 2018
Негізгі > Абайтану > 19-дәріс. КЕМЕҢГЕР АБАЙ

19-дәріс. КЕМЕҢГЕР АБАЙ

1900 жылдары Абай қай жағынан алғанда да кемеліне келді, кемеріне толды. Адамның кемелдігі түпкі ақиқатқа жету деңгейімен өлшенсе керек. Абай дәл солай, таным баспалдағы шыңына шығып, әлемдік жаңалықтарды ашқан хакім. Өз сөзінше, үш сипатты (ғылым, мейірім, әділет) бірдей ұстаған адам – «жәуәнмәрттілік үш хәсләттің» иесі, яғни мәрт кісі, кемел адам.

 

«Толық адам» танымы

Адам болмысы аса күрделі. Өзін тануы да қиын шаруа. ХІХ ғасырда атеизмнің дүниеге келуі – адамзат қауымының өз болмысын тани алмағандығының салдары еді. Болмысты таныту мәселесіне хакім Абай өзінің сүбелі үлесін қосты.

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі (1896).

Неткен шеберлік! Том-том кітапқа жүк адам болмысын қазақ данасы төрт-ақ жолға сыйғызған. Бұл арада «ақыл» сөзі «рух», «сана-сезім» деген мағынаны білдіреді. Шәкерімнің: «Рух деген мінсіз таза ақыл» деп анықтама бергені сол. Таза ақыл, яки рух – тән мен жан арасына көпір салатын, екеуін үйлестіріп, біріктіретін құдірет.

Сонымен, ұлы Абай адам болмысы «жан», «тән» және «ақыл (рух)» деген үш нәрседен екенін тиянақтаған. Тәніміз – топырақ. Демек, жан мен рухты азықтандыру маңызды. Қоғамда адамгершілік, имандылық тамыр жайып,  адам баласы кемелденуі үшін. Ойшылдың «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі» деуінің мәнісі осы арада.

Рух деген күрделі категорияға сәл-пәл тоқталайық. Жеке адам да, қоғам да рухты шыңдап, жетілдіруге мүдделі. Сол арқылы кемел болады. Өйткені, рух – ішкі дәулет. Жетілгенінің айқын белгісі – рух Тәңіріні таниды, Оған бас иеді. Сан алуан себептерге байланысты рух жоғарылап я төмендеп отырады. Мысалы, егемендік алуы қазақ халқының рухын көтерді. Ендігі мәселе – оның мықтап бекінуіне саяды. «Ақыл – ғылымның бір аты» және «Өмірдің өзі шындық» (38-сөз). «Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сыртта сақтайсыз, оның аты «дәулет» еді. …Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой», – дейді Абай. Бұл ойлардың мәні терең, маңызы зор. Қай елде, қай жерде ақыл, ғылым күшті болса, сол елдің рухы да күшті. Бұл ақиқат. Бүгінгі жаһандану дәуірінде оған талас қылуға болмайды.

Осымен, Абайдың адам болмысы туралы ілімінен «толық адам» танымына ауысатын уақыт жетті.

Иә, адам адам болғалы кәмілдікке, рухани жетілуге ұмтылып-ақ келеді. Сондықтан адам идеалы туралы қозғамаған ғұлама кемде кем: мұсылманда кәміл адам, жәуанмәртлік, христианда рыцарь деген идеалдар өмірге келді.

Ортағасырлық мұсылмандық «кәміл адам» («әл-исани әл-камил») теориясының негізін имам әл-Ғазали қалағаны мәлім. Оның арғы төркінінде Тұран жерінде  пайда болған «жәуанмәртілік» («мәрт адам») идеясы  жатыр, одан кейін Қожа Ахмет Ясауидің «хәл ілімі» жатыр. Аталмыш ілімдер біздің заманда Абай жасаған «толық адам» танымы негізінде өз жалғасын тапты.

Әсілі, ақиқат қашанда бір, бірақ оған жетудің жолдары түрліше. Олар әркез жаңарып, жаңғырып отырады. Осы құбылыс «кәміл адам» іліміне де тән. Адамның кемелдікке жету амалдары да заман сұранысына сай өзгеріске түседі десек қате айтқандық бола қоймас.

Сонымен, Абай сомдаған идеал қайсы?

1894 жылғы әйгілі «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде:

Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әділет-шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға, –

дейді Абай. Бұл жерде данышпан ақынның адам баласына қайрат пен ақыл жеткіліксіз, кімде бұл екеуі жүрекке бағынышты, яғни кім әділет-шапқат  иесі болса, сол нағыз адам деп өсиеттегені сөзсіз.

Бұл жәйтті 1896 жылғы «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде Абай былайша жеткізеді:

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Айтпақшы, «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңінде:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек –

деуімен «толық адам» идеалын тағы бір нығарлайды ақын. Көрдіңіз бе, Абай сомдаған идеал «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстауымен» ерекше.

Немістің ұлы перзенті И.В.Гетенің пікірі: «Адам әлемдік мәселелерді шешуге туылған жоқ, оларды түсінуге, соларға жол тауып, өз мүмкіндіктері аясында ұстануға туылған. …Құдіретті ақылды адам ақылымен салыстыру еш мүмкін емес». Еуропа ойшылының айтпағы – адамның мүмкіндіктері шектеулі, оның ақылы Құдіретті ақылдың (Құдайдың) заңдарын білуге берілген. Сайып келгенде, Абай мен Гетенің пайымында пәлендей айырма жоқ.  Екі ғұламаның да ұстанымы «Кім Құдайдың заңын (махаббат, әділет) бұзбай, адал еңбекпен өмір сүрсе, сол толық адам» деген мағынаға саяды.

Абайдың толық адам идеалы ортағасырлық ғұламалар сомдаған «кәміл адам»-ның көшірмесі деу асығыстық болады. Абай 38-ші қарасөзінде бұрыннан белгілі  жәуанмәртлік үш хасләтке: «Бұл үшінен: сиддық – ғадәләт болар, кәрәм – шафағат (рахым, мархамат) болар, ғақыл – мағлұм дүр ғылымның бір аты екендігі» деп өзіндік «түзетулер» енгізеді. Абайтанушы ғалымдар «толық адам» қазақ данасының Алла тағала болмысы бойынша іздестірген және сол арқылы дәлелдеп шыққан төл танымы деген ортақ пікірге келіп отыр. Өйткені, Абай адам баласының хас қасиеттерінің түп-тегі ғадәләт, рахым, ғылым екенін тұңғыш анықтаған  ғұлама хакім.

Сөйтіп, абайтанудың негізін қалаған Мұхтар Әуезовтің: «Абай қоғамдық өмірді өзгертетін басты фактор – адамгершілік бастауы деп білді» деген көрегендік пікірі ескірген жоқ. Белгілі абайтанушы М.Мырзахметов: «Абай – біздің рухани қазынамыз және ол бізді аласапыран дүниеде адастырмай, дұрыс, тура жолға бастайтын, бірегей ілімі бар адам. Мұндай ілімі бар адам көп халықта  жоқ, Еуропада да жоқ» деп тұжырғанында шындық ауылынан шығандап кетпегені анық.

Бір ғанибеті, Англия еліндегі атынан ат үркетін Кембридж университетінің мамандары соңғы 15-20 жыл ішіндегі ізденістері негізінде «заманауи педагогика іргесіне адамдық үш қасиет идеясы қалануы керек» деген тұжырымға табан тірегені белгілі болып отыр.

Олар: «хет» (ағылшын тілінен «бас» деп аударылады), «хенд» («қол», яки адал еңбек деген сөз) және «хард» (жүрек)». Бұлар жеке-жеке жарытпайды. Үшеу тұтастықта болса, жақсы сол. Идеяның мәні – әр адам біреудің жетегінде кетпей, өз ақылын қолдана білуі, яғни қайрат қылуы керек дегенге саяды. Абайдың «толық адам» танымы және «жақсы ұстаз жас ұрпақтың бойында адами үш қасиетті қалыптастыруы керек» деген идеясы әрқашанда өміршең. Жаңағы әлемдік тәжірибеден алынған мысал соның айқын дәлелі.

Кемеңгердің кемеңгерлігі неде?

Абай «біздің данышпан кемеңгеріміз» деп құр даурығу пайдасыз. Әлем халықтарына Абай ашқан жаңалықтарды жеткізуге күш салсақ, әңгіме басқа.  Абай поэзия алыбы деп қалай зерттесек, енді теология алыбы сапасында солай зерттеу керек. Осы мақсатта азды-көпті ой өрбітелік.

Күллі күш-жігері мен құлшынысын Хақ жолы – ақиқатты тауып, оны тануға арнаған адамды кемеңгер дейміз. Міне, «Ғақлиат-тасдиқат» соның айғағы. Оның мәтінін түсініп оқуға ілеуде біреу болмаса көпшіліктің тісі батқан емес. Заманында Шәкерім сияқты шәкірттері Абайдан «Ой-пырай, трактаттың  мазмұны ауыр, Сіз оны жеңілдетіп, бізге тәпсірлеп (түсініктеп) жеткізсеңіз екен» деп сұраған сияқты.  «Тасдиқ» біткен соң, оған ілестіре екі шығарма – «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі мен шағын ғақлия сөздің (қазіргіше 45-сөз) жазылуы осы ойға жетелейді. Қалай десек те, Абайды трактаттың озық нәтижелері ескерусіз қалмауы, ұғынықты болуы алаңдатқаны сөзсіз. Төменде Абайдың кемеңгерлігі неде дегенді жеңілдетілген тәсілмен, яғни «үш сүю» ілімі бойынша қарастырмақпыз.

38-сөзге арқау болған Алла тағаланы тануды Абай соңғы өлеңінде «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деуімен өрнектейді.

«Алладан басқа Тәңірі жоқ» екеніне мұсылман қауымның сенімі кәміл. Бірақ сенім мен сүюдің арасы жер мен көктей. Хош, шын сүю, яғни «жаннан тәтті» сүюдің мәнісі неде? «0 сущности любви ко Всевышнему» баянында Ғазали бұл мәселені былай деп түсіндіреді: «Первое, что нужно сделать — это понять, что любовь может быть только результатом познания, т.к. человек любит лишь то, что он знает». Бақсақ, Аллатағаланы сүю Оны танып-білу деңгейіне тәуелді. Яғни танып алмай тұрып, сүйдім деу бекер. Өз кезегінде, таным – Тәңірінің заты мен хикметтері арқылы. Алайда, Жаратушы Иеміз заты бойынша танылмақ емес (оған абсолютті субстанция, көп құдай, үшжүзді құдай т.с.с. ілімдердің пайда болуы дәлел). Демек, адамға Алланы Оның хикметтері (ісі, заңы, жолы) бойынша  тану жолы ғана қалады. Абай: «Махаббат пен ғаделет – Алланың хикметі, Оның құдіретін солар арқылы сезбекпіз» деген пайымдайды. Міне, Алланы танудың дара жолы осы.

Осы мәселенің бетін Абай келесі қосымшасы 45-сөзінде ашады: «Біз Жаратушы (Өзін) емес, (Оны) жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғаделетке қарай тартпақпыз, сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады».

Данышпан «жаратқан көлеңкесі» деп мына жарық дүниені, материалдық әлемді меңзеген. Оны ақыл, ғылымсыз  танып-білу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Алла он сегіз мың ғаламды Ғылым-құдіретпен мінсіз жаратқан. Ғылым адамзаттың да асыраушы, ілгерілетуші құдіреті болған және бола да береді.

Ұлы Абай ғылым сипатқа әділет пен махаббатты қосады. Мұның мәнісін: «..Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген» (45-сөз) деуімен ұқтырады. Құдайдың әмір, заңдары көп. Солардың ең ұлығы – мейірім, әділет екен. Себебі: «Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан Тәңірінің ісі», – дейді кемеңгер.

Соңғы өсиет өлеңіне қайта оралайық.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті, –

дей келе, «осы үш сүю болады имани гүл» деп тұжырады Абай. Иман, дін деген ұғымдары тереңін дәл осылай түсіндірген ғұлама ойшыл бізге беймәлім. Абайда адамзатты «мұсылман», «кәпір» деп жіктеудің исі де жоқ.

Айта кетері, ислами жат ағым өкілдері біз таухидті меңгердік, бір Құдайдың затын таныдық, мекенін білдік деп жүр. Бұл бос сөз. Абай Құдайдың мекені қайсы деген даулы мәселеге «Мекен берген, халық қылған Ол лә мәкән», яғни «Құдай мекенсіз», – деп жауап берген. Мұны  қазақы түрде «Құдай әр адамның жүрегінде» және «Әділет, мейірім қай жерде болса, Құдай сонда» деп ұқсақ та болады.

Алды, арты, асты, үсті, оң, солы жоқ,

Ауыз, мұрын, аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол еш нәрсеге,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп.

Ғұлама ойшылымыздың бірі Мәшһүр Жүсіп Құдайдың затын тану мүмкін еместігін осылайша жеткізген. Адамның шектеулі ақылы шексіз Алланы танып-білуге дәрменсіз. Бірақ адам баласына есесіне Алла тағала жаратқан материалдық әлемді, Абайша Оның «жаратқан көлеңкесі» мен «хикметтерін» танып білу мүмкіндігі берілген. Адамзаттың даму жолы мен ғылым жолы бір болатыны сол.

Қорыта келгенде, Абайдың даралығы, кемеңгерлігі ол ашқан күллі адамзатқа ортақ рухани жаңалықтар һәм идеалдармен өлшенеді. Олар аз емес, біз кейбір бастыларына ғана тоқталдық.

Хакім Абайдың көпшілікке жұмбақ, жабық күйде қала беретіні несі? Себебі, айтқандарын түсінуге даярлық, белгілі бір парасат биігі керек. Абай жаңалығын жеткізе білудің өзі де жаңалық. Жастарымыз дінде адаспауы үшін айтылған жайларды тағы бір пысықтай кетелік. Біз әуелі Алланың хикметін танудың құралы – ғылым деп түсінік бердік. Онан соң, махаббат пен әділет те Тәңірінің ісі, хикметі екеніне көз жеткіздік.  Сөйтіп, Құдайдың бұлжымас үш заңы бар. Олар: ғылым, мейірім, әділет. Міне,  таным атаулының атасы – осынау үш феноменді анық білуге саяды. Олар жеке адам өмірі мағыналы болуына да, қоғамдық сана толысуы үшін де айырықша құндылық.

Бақсақ, Абай өсиеттері Құранға негізделген. Ислам ілімі діншіл бол, күні-түні мешіттен шықпай сәжде қыл демейді. Жақсы адам, яғни хақ мұсылман – «уәлләзинә амәну уә ғамалус-салих» істеуші. Араб сөйлемінің қазақшасы: иман келтіру һәм жақсы іс-амалдар істеу. Осынау екі шарт-қағида Құранның күллі мағынасын (тәулиін) өзіне сыйдырып тұр. Бірінсіз бірі жарым. Абай да Құдай тағаланың салған жолы  – осы екі шартты орындау деген. Осы танымнан «босанбаңдар!» дейді.

Абай түзген имандылық формуласы –  Тәңірілік үш феноменді (ғылым, мейірім, әділет) мойында, оларды күнделікті өмірде нық ұста деген мағынаға саяды. Құдай жолы не дегенге – «Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Хақ жолы осы әділетті» деп анықтап береді. Көпке пайдасы жоқ, тек ахиреттегі қамын жеген «діншіл» кісіні «Харекетсіз – сопы монтаны» деп сөгеді.

«Фауст» атты мәңгілік еңбектің авторы, әйгілі Гетені еуропа елдері көзі тірісінде-ақ басына көтергені белгілі. Бірақ немістің кемеңгер ақыны өз өмірі жайлы басқаша пікірде болған. Ол өзі туралы берген соңғы сұхбатында: «Мені жұрт тағдырдың еркесі деп таниды, өз өмірім туралы өсек айтып, өкініш жұтып неғылайын. Маған бұйырғаны – ауыр бейнет пен күш жұмсау ғана болыпты. Жетпіс беске дейін өз қалауымша бір ай да өмір сүре алмаппын. Бейне өмір бойы қойтасты көтерумен өттім, әйтсе де әлгі тасты қалаған жеріме қоя алмай өтіп бара жатырмын», – деп күрсініпті. Бұл жерде Гете, әрине, шығармашылық азапты, өз сөзінше «қойтасты» көтерудің қаншалықты бейнет екенін айтып отыр.

Біздің Абайдың өзі туралы «Қаны қара бір жанмын, жаны жара», «Сүйсіне алмадым, сүймедім», «Не ол емес, бұл емес, менің де күнім – күн емес», «Болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір», «Кешегі дос бүгін жау, мен не қылдым, япырым-ау?» деген толғаныстарына қарағанда, қазақ ойшылының мұңы Гетенікін асып түспесе, кем болмағанын шамалаймыз. Өйткені, Абайдікі шығармашылық бейнетке артта қалған елінің соры, мұңы қосылған зіл батпан ауыртпалық.

Сонымен, «кемеңгердің кемеңгерлігі неде» дегенді тағы бір пысықтайық, кемеңгерлік мәні – хақиқатты таныту арқылы қауымға Алла тағаланың салған тура жолын көрсету. Абай осы шартқа толық лайық әлемдік деңгейдегі данышпан тұлғамыз.

Махаббат-шапағат иесі

Махаббат деген, қысқа айтқанда, Алланың нұры. Егер жер бетіне Күн сәулесі түспесе, тіршілік атаулы жойылар еді. Сол сияқты махаббатсыз «дүние бос», яғни онсыз адам өмірі – мағынасыздық. Әділеттілік жайлы да осыны айтамыз. Абай Алланың бұйрығы, заңы – махаббат, әділет екеніне көзі жеткен кемеңгер. Оған өмір мысалдары бойынша көз жеткізелік.

«1901 жылы біздің мырза («мырза» бұл жерде ру аты – А.О.) Байбосын Меккеге бармақ болып, соның жайын Абайға айтып ақылдаспақ болды, – деп есіне алады Стамбек Қияқбаев ақсақал. – Маған атшы болып жүр деген соң еріп Абайдікіне бардым». Абай жаңағы Байбосынға «сенің інің Малбосын ұрлықпен мал көбейтсе, сен онымен қажыға барасың, одан түк шықпайды» деп алған бетінен қайырады. Онан соң Стамбектің қойған сұрақтарына жауап бере отырып, айтқандары мынау: «Әділет қайда болса, зұлымдық сонда деген сөздің не екенін білесің бе? – деді. Мен: «Абай аға-ау, өзіңіз айтпасаңыз мен қайдан білейін? – дедім. Сонда Абай: «Зұлымдық әрқашанда өмірден қалмайтын нәрсе, әділетсіз жерде зұлымдық көрінбейді, зұлымдықтың бетін әділет ашады» – деді».  Әсілі, махаббат пен әділет бірі бірінсіз жарым. Абайдың 38-сөзінде «ғадәләт-мархамат» деген жаңа терминді айналымға енгізгені содан.

Абыз Абай 1902 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен халықаралық әлем халықтары костюмдерінің көрмесіне киім үлгілерін жіберіпті. Бұл туралы архивтік деректі Омбы қаласының мемлекеттік мұрағатынан Семейдегі Абай мұражайының қызметкерлері тауып әкелді. Құжатта Халықаралық көрмеге ат салысқан тоғыз қазақтың ішінде Ибрагим Құнанбаев екі киім үлгісін («костюм киргиза и мальчика») жіберді деп көрсетіліпті («Абай» журналы. – 2013 жыл, №1). Осы жылы әйгілі «Ескендір» поэмасын жазған деген болжам да бар.

Жазда Абай үйден шығып, көлеңкеге сырмақ, кілем төсетіп отырады екен. Мал баққандар, бие сауғандар, үй шаруасын істейтін әйел-еркек, қыз-келіншек, бозбалалар Абайдың айналасына келе бастайды. Абай олардың аздаған болса да білетұғын өнерлерін байқап ап тапсырма береді. Біреуіне өлең айт дейді, біреуіне ән сал, біреуіне күй тарт деп домбыра беріп, кейбіріне тақпақ, жаңылтпаш, кейбіреуіне күлдіргі әзіл-қалжың айттырады. Өзі де солармен бірге қызықтаса күліп рақаттанып отырады. Міне, Абайдың «күндегі әдеті» (Әрхам) осы болған.

Адалдық, әділдік, арлылық Абайда тумысынан, ал тәубешіл, сабырлы, төзімді, мейірімді болу сияқты көркем мінездерді өзін өзі тәрбиелеудің, өсу мен жетілудің ұзақ жолында қосқан.

Тұрағұл әке мінезі жұмсарып, дағдысы өзгергені жайлы былай дейді: «1897 жылы май айының басында үлкен ауылға (Жидебайға – А.О.) келсем, әкем ұранқай үйінде екен. …Мен сәлем беріп кіріп келгенде, сәлемімді алар-алмастан «Сыртқа (Бақанас жайлауы) шығасыңдар ма?» – деді. Мен: «Оған бізде жүк артар түйе жеткіліксіз ғой» дедім. «Мен түйе жинап берейін, Сыртқа шығыңдар» деді.  Сол үйде отырған Оразалы деген балалау жігітті Есіркеп деген сыбайласының ауылына жіберді, үш түйесін берсін деп. Есіркеп орташа мал біткен адам, Жортардың балаларының ішіп-жегенінен қашып, 2-3 жылдан бері менің әкемді паналап отырушы еді. Оразалыға «түйем жоқ» деп, түйе бермей жіберіпті». Есіркептің түйе бермегені, оны Абайдың ренжімей қабылдауы – Тұрағұлды қайран қалдырған.

Тағы Тұрағұл 1904 жылғы бір мезетті есіне алады: «Менің балам Жәбрейлді әкемнің өлеріндегі науқасы басталғанда, менің шешем алып барып еді, әкем шақырды, туғалы көргені сол, жас бала шақырғанда лапылдап ұмтылып еді: – Қаны тартып, жүрегі сезіп тұр, – деп қатты рахаттанып қалды. Мен: – Жоқ, аға, нені біліп отыр дейсіз, әншейін ақымақтығынан ұмтылды ғой, – деп едім, «Сен білмейсің», – деп мені тыйып тастап, аузындағы шайнаған өрігінің етін баланың аузына салды».  Немерелері «аталаған» Абайға «Сәлем берелік!» деп ат сабылтып келіп-кетіп жатқан дос-жаран, құдандалы туыс,  алыс-жақын қонақтар көп болған. Кемеңгер бәрі-бәрін өле-өлгенше жылы қабақпен қарсы алған. Ой көзімен қарасақ, «Адамды сүю» деген де, әулиеліктің нышаны да осы.

Қарасақау (шын аты – Құсайын) деген ұры болған жігіт ол кәсібін тастап, Абайға 30 жылдай атшабар болып қызмет етеді. Құсайынов Қасен айтқан естеліктен бір үзінді алайын: «1900 жылы мен 13-те едім. …Жайлауда әкеммен ілесіп Абайдікіне келдім. Абай маған қарады да:

-Оқып жүрсің бе? – деді.

-Оқып жүрмін, ата, бірақ қарындаш-қағазым жоқ.

-Балаңа неге қағаз, қарындаш алып бермейсің? – деді Абай менің әкеме.

-Әпергенмін, бірақ жоғалтып алған шығар, – деді сасып қалған әкем.

-Әй, Қарасақау, сенің әкең де оқымаған, өзің де оқымаған адамсыңдар. Егер сендер оқыған болсаңдар Көкшенің бір білікті адамы болар едіңдер. Енді мына балаңды оқыт, керегін толық етіп тауып бер, оқымай адам болмайды, – деді де қасында тұрған сары сандықты ашып, маған 20 шақты табақ қағаз, бір қарындаш алып берді. Үстіме шыт жаңа көйлек-ыстан киіп, қарындаш-қағазға қарық болып қуанып, ертеңінде үйге қайттым».

Абай мейірім-шапағат иесі болғанының бір мысалын Т.Әлімқұлов өзінің «Жұмбақ жан» кітабында келтіріпті. Ол Абай ауданының тұрғыны қарт әжей Мақыптың қайын атасы Қорамжан туралы естелігі. «Ұрлықты кәсіп еткен атам Қорамжанға «Сенде бір бұйымтайым болып тұр, бересің бе?» – депті Абай. Атам сасып қалып: -Алыңыз, алыңыз… – дейді. – Ендеше, Қорамжан, ұрлығыңды бер! – Берейін, берейін… бірақ мен қайтып күн көрем? – депті атам. Абай аз ойланып тұрып: – Жаныма көшіп кел! – депті».

Осылайша Қорамжан отбасымен Абай ауылында Мағауия қайтыс болған 1904 жылға шекті тұрады. Мағауияның жетісінен кейін: «Сендерді енді өз ауылдарыңа көшірейін деп отырмын. Мен де енді қанша өмір сүрер дейсің. Көзімнің тірісінде көшіңдер» деп, Абай «Бізге екі бие, екі түйе, бір сиыр берді. Киіндірді. Біз жігітек руы отырған Сарыкөл деген жерге көшіп бардық. Бір айдан соң «Абай қайтыс болды» деген хабар келді ауылға» деп сөзін тәмамдайды Мақып әжей.

«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңінде:

Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ,

Аңдыстырған екеуін, Құдайым-ай!(1888) –

демей ме Абай. Қоғамның басты құндылығы – адам. Сол үшін данышпан мейірлі болуды өзінің өмірлік ұстанымы етті.

 

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде онан басқа?! (1899).

«Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деген пәлсапалық өлеңінің түйіні осы. Табиғатта тым сирек бір келі металды алу – сан талай тонна тау кенін қопаруды талап етеді. Сол сияқты Абайдың «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» дегені ұзақ өмір тәжірибесін қорытып айтқан аса құнды өсиет екені сөзсіз.

Тоқ етері, махаббат – Алланың көрінісі, ол бір Тәңірінің барлығының дәлелі деп әлемдік діндер де, танымал ғұламалар да паш етеді. Бірақ «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айтқан ғұламаң қайсы? Иә, қазақтың Абайы осынау теңдессіз ұлағат-ұстанымның авторы. Махаббат дәнін сепкен, рухты баптап өсірген ғұлама хакімнің күллі адамзатқа төрелік айтуы заңды құбылыс.

 

Намазды қайтіп оқыған?

Бүгінгі жастарды кемел Абайдың намазы да қызықтырады. Сұрақтар жиі қойылады: «Абай бес уақыт намазға салғырт қараған ба, жоқ, әлде қатаң орындаған ба?» – деп. Осыған жауап беріп көрелік. Абай заманында сәжде қылмаған қазақ сирек. Абай «Абыралыға» деген өлеңінде сынға алғандай, иман не дегенді білсін білмесін, бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысқан. Бірақ Абай қатардағы мұсылман емес, ол дана әрі әулие. Мұсылманшылығы, тақуалығы һәм Құдайға құлшылығы өзінше болып келеді. Мұсылмандық тәжірибеде Аллаға мінәжаттің екі түрі бар: бірі – намаз, екіншісі – зікір. Әулиелік дәрежеге жеткен кісіге бұлардың артық, кемі жоқ. Айтпақшы, қасиетті Құранда да намаз, зікірдің аражігі ажыратылмаған.

Халық ақыны Төлеу Көбдіков жас жігіт шағында Абаймен бірнеше рет жүздескен, есінде қалғандарын тұшымды етіп, жазып қалдырған адам. 1897 жылы жайлауда Төлеу ақын Наушабай деген Абайдың құрдасымен бірге ақынның үйіне ат басын тірейді. «Азырақ отырғаннан кейін күн екінті болды. Наушабай тысқа шығып, дәрет алам деп түрегелді. Абай күліп: «Дәрет алсаң да, зікір салсаң да енді қонақ үйге барасыздар», – деді» (бақсақ, Абайға намаз бен зікір бір ұғым. «Намаз оқысаң да» деп емес, «зікір салсаң да» деп айтқаны сол).

Кешкісін Наушабай Абайға: «Абай, сіздің әкеңіз Құнекең аса діндар адам еді, сені қалайша дінге үйретпеді, әкеңнің жолын неге ұстамадың?» – деп сұрақ қояды. Сонда Абай: «Наушабай, оның рас. Әкем дін ұстасын деп жас күнімде Семейге медресеге берді. Бірақ мен ақылым кіре бастаған соң, ескі діннің адамшылыққа, ақыл-білімге ұнамсыз жұмыс екенін біліп, дін жолын ұстамадым», – деп жауап береді.

Тағы бір жанама дәлеліміз – Абайдың 38-сөзінде намаздың ишараты неде екенін тәптештеп түсіндіруі. Көпшілік намазды оқысақ «мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды». Бірақ құр денемен қылған намаз бәһра бере ме? Бермесе керек. Сондықтан Абай намазды «тазалыққа кіргендігіңді, кәміл ыхласыңды көрсетіп», яғни Тәңіріні еске ала отырып, орында деп ескертеді.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін.

… Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,

Қайда көрсең, болып бақ соған көмек (1896).

Осы сияқты ұлы өсиеттерді артқыға мирас еткен Абайдың хақ мұсылмандығына шүбә келтіру еш мүмкін емес. Намазды оқсысын, мейлі, оқымасын, онан Абайдың иманы еш кемімек емес. Өйткені, намаздың міндеті – адамның иманын кәміл ету, басқаша айтқанда, пенденің қатайған жүрегін жібіту, жұмсартуға саяды. Басқаша ойласақ, адасамыз.

Келтірілген мысалдар Абай мінәжәтін бірде намаз оқумен, енді бірде іштей зікір салумен өтеген болар деген ойға жетелейді (негізі, 38-қарасөз тұнып тұрған зікір. Оны жазған жылдары Абайдың бір Тәңіріге ғашықтығы шырқау шегіне жеткені хақ).

Ой-пікірімізді Көкбайдың естелік сөздерімен сабақтайық: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. …Сондықтан сыртымен тақуалық қылып, ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кездерде оқиды, бірақ, ондайда қасына ешкімді алмай, оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ-ұзақ уақыттар отырып оқитын».

Міне, «Абай намазды қалай оқыған?» деген сұрақтың жауабын Көкең аузынан естіп отырмыз. Мұсылманда намазды сен Алланы, Алла сені көріп тұрғандай ындын салып оқуды «иһсан» дейді.  Абайдың намазы осы иһсанды намаз деуге керек.

Сөйтіп, данышпанның ғибадат қылуы да өзгерек болған. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ғажайып өлеңнің иесі, кеудесі зор Абай, әрине, Тәңірі алдында ғана бас иеді, кішірейеді.

Мұсылмандығы кәміл хакім Абайдың құлшылықты толассыз қылмағаны несі? Бұл бір Тәңірі күні-түні таза жүрекпен ойлағандықтың, яғни әулиліктің белгісі деп білеміз.  Құранда: «Қиямет күні сендерге мал-мүлік, перзент, бақ-дәулет ешқайсынан пайда жоқ. Тек ол адам маған таза жүрегімен келсе ғана пайда бар» (Ғашия сүресі, 89-аят) делінген.

Қазіргі таңда бір мешіт ішінде сопы, уахабист, таблиғшы, тәкфірші топтар бірге тұрып, намаз оқиды. Бақас, яғни пікірталас кезінде әр топ өзіне керектіні Абайдан тауып, уәж келтіріп жататыны бар. Себебі, Абай – қазақ болмысының тұтас көрінісі. Ол ол ма, Абай әлемі күллі діндер мен діни ағымдар бір сағада тоғысатын сұхбат алаңы бола алады.

Кемел, ұлы ойшыл адамның бір аты – хакім дегенбіз. Тағы бір аты – әулие. Олай болса, енді Абайдың әулиелік қырына көшейік.

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation