Дүйсенбі, Наурыз 12, 2018
Негізгі > Абайтану > 14-дәріс. ҚОҒАМ ТАМЫРШЫСЫ АБАЙ

14-дәріс. ҚОҒАМ ТАМЫРШЫСЫ АБАЙ

Биік мақсатқа жету қамында қоғамдық-саяси істерге табандылықпен араласқан, сол мақсатына жеткен адам  – қоғам қайраткері. Бірақ Гете, Абай сынды тұлғаларды қайраткер деу аздық етеді, олар нағыз көсем, тұтас ұлттың егелері. Абайды осынау көсемдік, көш басшылық қырынан қарастыру кезегі келді. 

 

Құтты мекен Жидебайда

1894 жылы Абай Жидебайға біржола орнықты. Ғажабы, Абайдың мекені қай жерде болса, сол жер ел кіндігіне, адамдық тәрбие ошағына айналып отырған. Құтты мекен Жидебайда  ойшылдың қара сөздері һәм терең пәлсапалық өлеңдері дүниеге келді. 1894 – 1895 жылдары Абайдың ағартушылық қызметі мен ұстаздығы күшейе түспесе, әлсіреген жоқ. Яғни ақындық мектебі қайта жанданды.  Әсілі, жас буынды тәрбиелеп, баулу ұстаз хакім Абайдың сүйіп атқарған жұмысының бірі. Кітапты індете оқу, газеттерді жаздыртып алу да кәнігі әдеті. Яғни үй университеті жұмысын тоқтатпай жалғаса берген. Төменде алдымен осы жайларға тоқтала кетсек орынды.

Абай жасырақ шағы Ақшатау қыстауында Дарвинді ақтарып, Милль, Спенсерді шұқшия зерттеп, Нью-Йорк университетінің профессоры Джон Дрэпердің кітабына басын шайқап, таңырқағаны аян. Енді кемеліне келіп, толысқан шағында көне грек, ежелгі Рим дәуірлеріне тереңдеп, Аристотель, Сократ, Гомер, Софокл еңбектеріне ден қояды. Екінші жағынан, Дрэпердің кітабын оқыған соң Шығыс қайнары туралы көзқарасы өзгеріп, оған басымдық бере бастаған. «Күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс болып кетті»  дейтіні сол.

Тұрандық ғұламалар Қожа Ахмет Ясауи, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқариден бастап, Қаюм Насыри, Шихабуддин Маржаниге дейінгі ойшылдарды үңіле зерттейді.  Мұхтар Әуезовтің: «ХІХ ғасырдың екінші жарымында Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының ішіне араласады… Олар Жәләлиддин Ауғани, Мұхамет Ғабуһи, Шихабуддин Маржани, Исмағұл Гаспринский. Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар», – деуі осы жайдан да хабардар етеді.

Маржанидің шәкірттері Семейде, Қарқаралыда бала оқытты. Солар арқылы Абайдың Маржаниді білуі заңды нәрсе. Ал, Әл-Фарабиді Абай білді ме? Қазақтың тамаша ғалымы Ақжан Машани осы мәселені «Әл-Фараби және Абай» атты кітабында түбегейлі зерттей келе: «Абай әл-Фарабиді білді, оның мұрасынан тағлиамттық ғибрат алды» деп жауаптайды. Оған дәлелдің бірі мынау. Қазандағы Ш.Маржани басқарған медреседе әл-Фарабидің кейбір ғылыми еңбектерінен дәрістер оқылған. Мұны 1960 жылы хазіреті Ақжан Машани Уфа қаласының мүфтиі Камал Башариден сұрастырып біледі. «Бізде әл-Фараби еңбектерінен көп дәрістер оқылған еді, – депті башқұрт мүфтиі. – Оны біз араб ғалымы деп білетін едік. Сіз оны қазақтан шыққан деп дәлелдесеңіз, ол зор еңбек» («Әл-Фараби және Абай». Алматы, 1994. 22-ші бет).

Сөйтіп, Абайдағы хауас, ғақлия, нақлия терминдері мен «мүтәкәллимин мантикин» деген сөздердің мұсылмандық философия қайнарынан желі тартатыны анықталып отыр.

Жастар жағы «Дала уәлаяты», «Семипалатинские ведомости», «Тәржіман» деген басылымдарды Абайдың үйінен көріп, танысты. Тігінділерді көп парақтап, сүйіп оқыған Шәкерім, кейіннен «Тәржіман» газетінің тұрақты оқырманы болды. Аталмыш газет 1895 жылдарға қарай ел-елге жайылған. Газеттің иесі И. Гаспринский (сүйегі – қырым татары) оны Ресей империясы құрамындағы барша түркітектес халықтарға ортақ басылымға айналдырды.  Тұтас түркінің зор тәрбиешісі болды. Шәкерім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабында былай деп жазады: «Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Исмағұл Гаспринский десем бек дұрыс, оның үшін сол кісінің газетін оқып бек көп пайдаландым».

Әрине, Абай тек кітап оқып, жазу жазумен отырмаған. Оған мүмкіндік те шектеулі – Жидебай, мейлі, Бақанас жайлауы болсын, қалың бұқара Абайды іздеп табатын кіндікке айналып отырды.

«Үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып, – деп жазады Тұрағұл, – сол үлкен үйге кірген соң дәулеттеніп, молы да, ел ортасындағы үйі де сол үй болып, әмісе сол үйінде отырып, басқа үйіне оқта-текте ғана келетін болды». Айтса айтқандай, Абайдың творчествомен алаңсыз шұғылдануына қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаған Еркежан бәйбішенің еңбегі өлшеусіз.

Ағартушылық қызметі тұрмыс-тіршілікте де жалғасын тапты. Абай қала үлгісімен жарық, ауасы кең үлкен үй салдыртады. Осы күнгі Жидебайдағы мұражай үйі күрделі жөндеуден өткені болмаса, Абай жобалаған сол бастапқы үлгіде толық сақталған. Ол ас бөлме, жатын бөлме, жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі дегендей, 5-6 бөлмеден тұрады. Үй іші түрлі жиһаздарға толы. Аулада Абай мінген пәуеске арба тұр, ет сақтауға және қазан-ошаққа арналған арнау орындар бар. Осының бәрі Тобықты еліне жайылған өнегелі жаңалықтар болып табылады.

 

%d0%b6%d0%b8%d0%b4%d0%b5%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b0-%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d0%b9-%d3%a9%d0%b7%d1%96-%d1%81%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d1%8b%d1%80%d1%82%d2%9b%d0%b0%d0%bd-%d2%af%d0%b9
Жидебайда Абай өзі салдыртқан үй

Жидебайды бұрын да ел «үлкен ауыл» дейтін. Енді 1994 жылдан соң, Абай ресми би ме, би емес пе, онда шаруа жоқ, әділдік іздеген көпшілік «Жидебай қайдасың» деп ағылып отырған.  Осыған   қамқор ақын   Құнанбай кіндігінен тараған он арысқа мықты сүйеніш, тірек болғанын қосыңыз. Абай дүниеден өткенде Шәкәрім: «Күдеріңді үздің бе,  Сүйенішім мықты деп едің!», – демей ме.  1897 жылы Ысқақ Қызылмола болысының бұрынғы болысы ретінде әлдебір заңсыздық үшін сотқа тартылғанда тағы Абай араша болады. Ақынның қан қысымын көтеріп, жүйкесін жұқартқан осындай үлкенді-кішілі оқиғалар аз емес. Күллі Ырғызбай баласы Абайды пана тұтты, Абай барда өздерін сенімді сезінді.

Ақындық мектепке еге Абай кейбір ұрыны да «ұрлығыңды қой» деп қасына көшіріп алуды машық еткен. Соның бірі – Алдоңғар деген ұрының Меңке деген әйел баласы Абайдың шайын құйып береді екен. Сол қыз балаға үйретіп қояды екен: «Мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп келіп, солай ма, Меңке, дермін. Сонда сен «иә, солай» де», – деп. Кешке сөз ұғар-ау деген адамдар келіп қонақ болғанда қазақтың ойында жоқ, ғылымның үлгілі сөздерін сөйлеп-сөйлеп келіп, жорта сұрайды екен: «Солай ма, Меңке?» деп. Меңке: «Я, солай», – дейді, сонда әлгі қонақтар: «Япырай, мына баланың ұғып отырғанын қарашы», – деп таңырқасады. Кейде сөйлеп болған соң, осы сөзімнің жалғасын тапсаңдар, көк бөркімді берейін дейді, онысы қонақтың қытығын тарқататұғын ойыны.  Тұрағұлдың естелігінен алынған бұл үзінді Абайдың тыңдаушы қауым назарын бақылауында ұстайтын тамаша психолог ұстаз болғанын аңдатса керек.

1890 жылға шекті Абайдың ақындық шабыты толассыз шалқыды. Сезім билеп, ақындық дарыны кемерінен асып төгілгенде қолына қалам алғыза қояды екен.  Жұмбақтар да жазды. Экспромт өлеңдері қаншама. Ақындық қуаты, бабы кеміген жоқ. Сол қарқын әрі қарай да  сақталуға тиіс еді. Алайда  төл өлеңдері жылма жыл азая түсті. Неге деп, себепті өлеңдерінен іздегенде, ақынның әлдебір тығырыққа тірелгенін аңдаймыз. Япыр-ау, сөзіне неге ермейді халқы? Әлде өлең сөз жеткіліксіз бе? Бәлкім, ақыл-ойды, өсиетті еркін айтуға проза, сөз жанры керек шығар-ау. Мұны Мұхтар Әуезов: «Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады», – деп нақтылап айтады.

Сөйтіп, оңға ма, әлде солға ма дегендей, жол айырыққа жеткен Абайды мазалаған ойлар прозаға жетелеп, ойшылдық көкжиекке бастады. Абайдың ендігі негізгі шаруасы осы – ғақлия сөздерін қағаз бетіне түсіру болады.

 

Соңғы болыстық қызметте       

Абайдың  болыстық билік тізгінін 1866-1878 жылдар аралығында 4 сайлау бойы (бұл 12 жыл деген сөз) ұстағаны осы кітаптың «Болыс Абай» тарауында дәйектелді.  Хош, онан кейін болыс болған ба, болмаған ба? Осы мәселенің басы ашылмай келген болатын. Ақырында Омбы архивінен ресми құжат табылды. Рет-ретімен баяндайық.

Тұрағұл естелігінде «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған» дейді.  Осы деректі келер жылы Алматыдағы  науқас Әбдірахманға жазған өлең хатында Абайдың «Барар ем, қолымның, Болмады бостығы» деуі құптай түсетін-ді.

Абай 1890 жылдың соңында: «Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» (1-ші қарасөзі) деп   қарасөздерін жазуға ден қойған-ды. Бірақ қолайсыз оқиғалар бұл шешімін өзгертуге мәжбүр еткен. Бірінші, 1891 жылдың соңында Оспан өлген соң, Шыңғыс болысында ахуал қайта ушықты. Оразбай, Күнту бастатқан дұшпандар үш Олжай (Айдос, Жандос, Қайдос) арасындағы баяғы араздық шоғын тағы бір маздатқан сияқты. Үш Олжай ішінде татулық болмаса – бүкіл Тобықты тыныштық таппайды. Әсіресе, жан-жаққа шашыраған Жігітек руын – «қайырып алу» тек Абайдың қолынан ғана келетін шәлкімді шаруа. Үстіде Тұраштың «халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған» деуінде осы астар бар.

Екінші, Абай болыстық биліктің қадірін жақсы білген. «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар болу керек…» деп өзі жазғандай, 1892-1893 жылдары жауларға зіл, туыстарға қыр көрсетіп, басынған пақырларды тәубесіне келтіріп алу қажеттігі туды.

Сөйтіп, Абай болыстық қызметке қайта оралды. Оған  себепкер жәйттердің негізгілерін атап өттік.

Ақын поэзиясына ой жүгірткенде болыстық қызметтің үлкен із қалдырғанын аңдау қиынға соқпайды. Қалыптасқан қоғамдық-саяси ахуалда адал еңбектен қадір кетіп, алдап-арбау мен алты бақан алауыздық өршіді. Екінің бірі пара алып, пара берген, қысқасы, заңсыздық жайлаған алашапқын заман туды. Міне, ел бұзылуының белгілері осылар.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ.

Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып,

Сәлемдеспей, алыстан ыржаң қақпақ.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» өлеңінде «байда мейір, жалшыда бейіл» қалмаған отаршыл заман сиқын Абай осылайша сипаттайды.

Сырт көзге Абай олжаға кенелгендей көрінген.  Тұстастары   Оспанның дәулетін басып қалды, ол аздай, міне болыс болды десіпті. Тағы Тұрағұл жазады: «Еркежанды алған жылы (1894 ж.) Қыздар деген бір құрдасы, олақтау адам еді. Бейне бір менің әкем бұрын ішсе асқа, кисе киімге жарымай жүрген адамша, қалжыңдаймын деп айтыпты: «Биыл үлкен үйге кірген соң тойынып, түйініпсің ғой» деп». Орайсыз қалжың Абайға батып кетіп, «Қыздарға» деген  өлеңін жазған. Онда ақын:

Дауылбай, Қыздар менен айпар-жайпар,

Екеуі бітім десе, басын шайқар.

Екі елірме бітімге жөн келер ме,

Ақылы болмаған соң артын байқар? –

деп «елірмелі» құрдасына сын найзасын ырғайды.

Өсімге қол жайды,

Тай алып серкешке.

Алмаса ол тайды,

Дап-дайын көрмеске.

Кедей би жантайды,

Сауыр мен өркешке.

Саумаққа ол байды,

Кеңесер би кешке (1894).

14-%d0%b4%d3%99%d1%80%d1%96%d1%81 Бұл екі шумақ Абайдың «Антпенен тарқайды» деген өлеңінен алынып отыр.  Кейбір пысық бисімақтар байларды сауып, дәулет құраған ғой. Солардың  сықпытын сынағаны.

Енді сөз басында «Омбы архивінен табылды» делінген ресми құжатқа келейік.

2014 жылдың күзінде Семейдегі Абай музейінің мамандары «Омбы мұрағатынан құжат табылды» деп сүйіншілеген хабар таратты. Ол 1893-1896 жылдары Абайды Шыңғыс болысына болыстыққа сайлау туралы Семей облысы әскери губернаторы, генерал-майор Карповтың қолы, мөрі қойылған бұйрық. Бұйрық 1893 жыл, 11 қыркүйекте шыққан.  Көріп отырсыздар, құжат «Утверждаются въ должностяхъ по выбору общества на трехлетие съ 1893 по 1896 года Семипалатинского уезда, волостей: …» деп басталып, астыңғы абзац «Чингизской, Волостнаго Управителя – Ибрагим Кунанбаевъ, кандидата по немъ – Азимбай Танырбердинъ» деп жалғасыпты. Онан соң Шыңғыс болысы құрамына кіретін 10 ауылдың билерінің аты-тегі көрсетілген (билердің ішінде Ысқақ Құнанбаев пен Ырызықпай Құдайбердин аталған). Болыстың кандидаты, яғни Абайдың оң қолы ретінде Әзімбай Тәңірбердіұлы сайланыпты. Бұл біртүрлі қызық жәйт көрінеді. Ағалы-інілі туыстар уақытша болса да, араздықтан арылып тіл табысқан ба, кім білсін.

Осымен, Абайдың болыстық қызметті 5 мәрте, яғни 15 жыл бойы атқарғаны нақты құжаттар негізінде анықталып отыр.

Әбіштің қазасы

1895 жылы Абай өмірдің ауыр соққысына тап болды. Санкт-Петербург қаласында артиллерия училищесінде төрт жыл оқып, Алматы қаласында офицер қызметінде жүрген сүйікті ұлы Әбдрахман (Әбіш) өкпе ауруынан дүние салды. «Әбіштің сүйегін атасы Құнанбайдың аяқ жағына әкеліп жерледі. …Абай ұзақ түнде ұйықтамай өлең айтып күңіреніп Әбішті жоқтап отыратын болды», – дейді Әрхам ақсақал.

Жүрегім суылдап,

Сүйегім шымырлап,

Алладан тілеймін

Құпия сыбырлап.

Бұл Абайдың Әбіш науқастанып жатқанда айтқаны. Ал Әбіш қайтыс болған соң жазған жиыны 8 өлеңі өз алдына бір циклді құрайды.

Тұл бойың ұят ар едің

Ескеріп істеп, ойлаған.

Тәуекелге нар едің,

Талаппен терең бойлаған.

Ерлікке де бар едің,

Үйренуге тоймаған.

Жасқа жас, ойға кәрі едің,

Атаңның атын жоймаған.

Замана, неткен тар едің,

Сол қалқамды қоймаған?

Осынау он жолдық өлеңде Әбіш бейнесі толық сомдалған. Оны жазушы Мұзафар Әлімбаев былайша талдап береді: «Ол Шыңғыстау жотасынан шығандап, орыс патшалығының ордасы – Петербургте офицерлік оқуын өте жақсы игерген, халқының атына сөз келтірмейін деп, менің жұртым қор емес, зор деп әріптестеріне дәстүрімізді ұқтырған намысшыл Әбіш. Екіншіден, есті жігіт боп өскен ойшыл азамат Әбіш. Үшіншіден, Жидебайдан сонау жер түбіндегі Балтық жағалауына барып, артиллериялық училищеде атасы басқа жұрттың тілінде оқуға табан тірегендігі, өз заманында Әбішті өзгеше орынға қойғызады. Төртіншіден, ой дүниесінің, сана самғауының өрге өрлеуін аңсап, үйренуге тоймаған Әбіш. Бесіншіден, дегдарлығын ешуақытта есінен шығармаған, өзі жас болса да, ойы жасамыс азамат Әбіш. Сондай азаматқа Абай сынды ақылман әке, асқар ойлы әке қайғырмағанда, кімге қайғырсын?».

Осы кездерде Абайдың сыртқы келбетіне өзгерістер енді. «Сақал, шашына ақ кірді» (Әрхам) және ет-жеңді денесімен «атқа мінуді азайтып, шау тартты» (Тұрағұл).

Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Аюп һәм Абай» атты мақаласында: «Абайдың осы уақытқа дейінгі жинақтарында «Жарқ етпес қара көңілім…» өлеңі 1889 жылғы деген мерзіммен белгіленген» дей келе, «бұл өлең, сірә да, 1895 жылғы» деп топшылапты.  Неге? Автордың білуінше, өлең Әбіштің қазасынан соң, шерлі жағдайда жазылған.

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да.

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да (1889).

Осыған дейін баршамыз да Абайдың осы лебізін ғашықтық отына күйіп-жанған жігіттің мөлдір сезімі дедік. Т.Әсемқұлов басқаша айтады, бұл махаббат лирикасы емес, шыны Тәңіріге іңкәрлік деп. Өз ойын Таласбек салиқалы уәждерімен бекітеді. Соның бірі – «Абай жас кезінде-ақ өзінің ерекше талайын таныған және тағдырдың, маңдайындағы жазудың қаншалықты ауыр болатынын ақылмен жетіп білген» дегені. Жаны бар сөз. Абайда трансценттік, мистикалық тәжірибе болғаны кәміл. Алланың хикметінің бәрі мінсіз, бәрі өлшеулі. Ол қай адамға ақыл, дарын мейлінше мол берсе, онан соған сәйкес талап етеді.

Тоқ етері, Абайдың «Жарқ етпес…» өлеңі 1895 жылдікі болуы ықтимал. Таласбектің «өлең – Тәңіріні жүрекпен танудың жаңғырығы» деген пікірі орнықты.

Енді Әбіштің жары Мағрипа Сүлейменқызы туралы сөзіміз айтылмай қалып барады. Жоғарыда сөз етілген Әбішке арналған цикл ішіндегі ең көлемдісі –  Әбіштің әйелі Мағышқа Абайдың шығарып берген жоқтауы екені белгілі.

… Қоймады күйік бойыма ес,

Әбіш сынды жарымнан.

Айырылған соң барымнан,

Жалғанда болмас жұбаныш!

Ұзақ жоқтаудың аяғы бұл. Абай «жалғанда болмас жұбаныш» деп көрегендікпен айтқан. Әбіштің сүйегін Алматыдан Ақшоқыға жеткізген күні «Мағрипа талып қалды. Бір түн есі кірмей жатты. …Сарғайып төсек тартып жатып алды. Бір жылдай шамада қайғыдан о да қайтыс болды», – деп жазады Әрхам Ысқақов.  22 жасында жан пида қылу?! Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Сейфілмәлік-Жамал, Қыз Жібек-Төлеген, Еңлік-Кебектер де махаббат күйігіне осылай өртенген. Олардың есімі ғасырдан ғасырға жетіп отыр. Бізді Мағрипа мен Әбіштің ұмыт қалуы ойлантады. Олардың керемет ғашықтығы жырланса, үлгі етілсе, аңызға айналса не сөкеттігі бар. Ол ұлы махаббат сезімнің куәгері Абайдың өзі емес пе. Тақырып роман, повесть, киносценарийге сұранып-ақ тұр (бірнеше жылдың жүзінде осы жәйтті өзім білетін ақын, жазушы ағайындарға ептеп айтып жүрмін. Әзірге қозғалған жан көрінбейді).

Айтылмай қалып бара жатқан бір сөзіміз Абайдың сүйікті қызы Гүлбадан тағдыры жайлы. Гүлдей толықсып бойжетіп келе жатқан Гүлбаданды көкше Дүтбай болыс Дүйсеке деген інісіне айттырған екен. Дүйсеке дерттен шұғыл қайтыс болады да, сәби баласымен Гүлбадан жесір қалады. Жесір мұңлықты әй-шәйға қаратпай, жылмаңдаған пысық Дүтбай екі әйелінің үстіне үшінші әйел етіп алады. Абайға қызының аянышты хәлі қатты батады, айырып, қайтарып алуға ел сөзінен бір, шариғат жолынан екі именеді. Әбдірахман өлімінен кейін ауыр тиген осы Гүлбаданның күйігі болады. «Дүтбайға» деген өлеңінде:

Мұңды, жылмаң пішінін,

Кезек киіп, ел жиып.

Болыс болса, түсінің

Түксігін салар тырсиып (1899), –

деп күйеу баласына ұнатпай, жиырылып қарауында осы күйіктің салқын сызы бар сияқты.

Сөзімізді белгілі абайтанушы, академик Зәки Ахметовтің мынадай пікірімен тиянақтағымыз келеді: «Абайдың шығармашылық тұлғасы жан-жақты. Ондай әрі ойшыл әрі сыншыл әрі сыршыл лирик әрі суреткер әр қырлы дарын иесі болған кесек тұлғалы ақын сирек кездеседі. Ұлт ұстазы, қазақ әдебиеті классигінің осындай жан-жақты болуы да тегін емес».

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation