Дүйсенбі, Қыркүйек 3, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > ЕЛ ҚАЖЕТІНЕ ЖАРАҒАН «ЕРТІС ӨҢІРІ» 15 жылда талай белестерді бағындырды

ЕЛ ҚАЖЕТІНЕ ЖАРАҒАН «ЕРТІС ӨҢІРІ» 15 жылда талай белестерді бағындырды

 

vsfbxklijbm

«Ертіс өңірі» редакциясынан газеттің жарық көргеніне  15 жыл  толатыны туралы ақпарат алған бетте кілт ойланып қалдым. Көңіл көкжиегін шарлай түскен ойлар легі талай қызықты да қарбалас сәттерді еске түсіріп жатты. Қадірлі басылымның басы-қасында болған 4,5 жылда газет шаруашылығының біраз ыстық-суығын бастан өткеріппіз. Оқырманның көңілінен шығу, сұранысын өтеу, көпшілікті рухани азықпен қуанту «Ертіс өңірінің» ертеден қалыптасқан қағидасын біз де бұлжытпай жалғастырдық.   Мына нарық заманында кіндігін кесіп, буынын бекітіп, қанатын қатайтып қара орман – қалың оқырманын қызықты материалдарымен баурап алатын бұл басылым осы уақытта да сол бағытта жарық көріп келеді. Бұл мерекеге орай көтермелеп айтылған сөз емес, өмірдің өз шындығы. Оқырман сұранысына ие болмаған басылым нарықтық қатынастағы қоғамда өздігінен өмір сүре алмақ емес. «Өздігінен» деп отырған себебіміз, «Ертіс өңірі» кейбір басылымдар секілді «подписка» науханында әкімдікті арқатұтатын газеттер қатарына енбейді. Енгізбейді де. Патша көңіл оқырмандар өз еркімен жазылатын өңіріміздегі бірден-бір басылым осы «Ертіс өңірі». Кез-келген газет-журналдың да ең үлкен жетістігі оқырманның ерікті таңдауына ие болу. Осы тұрғыдан келгенде «Ертіс өңірінің» еңсесі биік, мерейі үстем, жұрт алдында жүзі жарқын.

Ой жүгіртіп көрсем осы айтулы баслымның Бас редакторы болып қызмет еткен жылдарым – менің өмірдегі ең жарқын сәттерімнің бірі екен. Тағдыр менің пешенеме «Ертіс өңірін» 4,5 жыл үздікіз басқаруды жазыпты. Не тындырдық, неден қалыс қалдық ол жағын мәртебелі оқырмандарымыз саралаған болар. Үйрткеннен көрі үйренгенім көбірек болған секілді. Ақпарат кеңістігінде, басылым бетінде қалың бұқарамен байланыс орнату кімге болмасын көп ізденісті, кең көзқарас, парасатты пайым, ыждақаттылықты қажет етпек. Ең бастысы сол мүдеден шығуға бізде  тырыстық.

Жалпы, өмір жолы адамды кейде өзі ойламаған белеске жетелеп кетеді екен. Жас кезімде журналист болуды армандамақ түгілі ойлап көрмеген адамның уақыт өте атағы аспандап тұрған білдей бір аймақтық газеттің Бас редакторы болып кетуі өзгені қойып өзімді таңқалдырған еді. Әрине, редакторлық орынға топ етіп төбеден түсе қалған жоқпын. Басқа салада жүрген мені БАҚ саласына алып келген ол – еліміздің Тәуелсіздігі. 1991 жылдан кейінгі қоғамдық формациялар өзгерісі маған жаңа бағыт, тың арна силады. Айтыс сахнасында біраз жыл өнер сынаған мені 1998  жылдары бұқаралық ақапарат саласына алып келді. Алғашқы қадам қазіргі «Қазақстан-Семей» телеарнасынан басталған болатын. Содан бергі аралықта теларна мен газеттерде тілшілік қызметтің қыр-сырына қанықтық. 2007 жылдың желтоқсан айында «Ертіс өңірінің» бас редакторы болып шыға келдім. «Шыға келдім» дейтін себебім, бұл менің таңдауым емес «ТВК-6» медиахолдингінің Бас директоры Омарбек Байуақовтың таңдауы еді. «Менің таңдауым» емес дегенедегі айтпағым – сол уақытқа дейін газет басқаруды мақсат  тұтпаған болатынмын.

Расында, Омарбек Қазанғапұлы «Ертіс өңірінің» редакторлығына ұсыныс жасаған кезде едәуір абдырап қалдым. Жасқанатын да жөнім бар, 32 бетпен шығып жатқан газеттің 60 пайызы кесек мақалалар мен өткір ақапараттарға толып тұруы керек. Тілші кезімізде өзімізге тиесілі 1-2 беттке материал беріп тастап, қалғанына бас қатырмайтын кезіміз. Енді, бүкіл газеттің бүге-шігесіне дейін сенің мойныңда, жүрексінбей көр. Омарбек Қазнғапұлы тәжірибелі адам ғой: «Ешкім де редактор болып дүниеге келген жоқ, бәрін өмір үйретеді, редакторды редакцияның жұмысы шыңдайды. Қазір ұзақ толғанатын заман емес, тез ойланып, ширақ қимылдайтын уақыт. Тартына бермей, тізгінді қолыңа алда шаруаға кіріс, газет жұмысына қатысты жобаларың, жеке ұсыныстарың болса менің тарапымнан қолдау табатынына сенімді бол» деген кеңесін айтып, тілші болып кірген мені кабинетінен редактор қылып шығарып салды.

Өмірдегі ең бір қиын сәттер өзгенің өзіңе деген сенімін ақтау ғой. Газетпен бірге болған жылдарыма көз жүгіртсем ақыл берген, бағыт ұсынған, қолдауын аямаған аға сенімін белгілі бір деңгейде ақтаған секілдімін. Айта кетсек, «Ертіс өңірі» 2009 жылы республикалық байқауда «Үздік басылым» номинациясының (2009 жылғы) жеңімпазы атанды. 2010 жылы облыс әкімі атындағы журналистер байқауының жүлдесін жеңіп алды. 2011 жылы «Үздік басылым» облыстық байқауының жеңімпазы болды. Өзге де Диплом, Грамоталармен марапатталып отырды. Басылымның бұл жетістіктері менің редакторлық кезімдегі табыстары болғанымен редекцияның ортақ жеңісі деп танимын. Сол кездегі редакцияның шығармашылық тобында Кеңесқазы Бәшей, Сайлау Төлеуов секілді майталман редакторлардың мектебінен өткен кілең қаламы төселген журнаистер істеді. «Ертіс өңірінің» бүгіні редакторы Күлия Райыс, Сәтжан Кәріпбаев, Қуаныш Қожай, Маржан Абсалықова сынды журналистер тобының назарынан өңірдегі бірде-бір мәселе тыс қалмайтын. Марат Жұмабай, Жеткербай Қарымсақов бастаған өңірлік тілшілердің де орыны ерекше болды. Ал, газетіміздің күні бүгінге дейінгі тұрақты авторлары Мұхаметқазы Мұхамедиұлы, Әбділпар Жайсанов, Рәтбек Арынұлы мен Әли-Хан Омарбеков жазбаларының оқырмандар үшін орыны тіптен ерекше.

Естелік екен деп еске түскеннің бәрін тізе бергіміз келіп отырған жоқ. Десе де, бірер сәтке тоқталмай кетуге бомас. Сол жылдары газетімізге Астанадан белгілі жазушы Толымбек Әбдірайымов, Алматыдан танымал әнші, радио журналист Алтын Иманбаева тұрақты мақала жазып тұрды. Толымбек астанадағы қоғам қайраткерлерінен алған сұхбатын жолдаса, Алтын апайымыз Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» таспалардан материал дайындап жіберіп отырды. «ТВК-6» телеарнасының бас редакторы Дүйсенбек Жақсыбаевпен бірлесіп алыс аудан, ауылдардағы айтулы мерекелер ортасынан репортаждар жасауға шығып тұрдық. Шалғайдағы оқырмандардың ортасында болып қайтудың да қызықты сәттері аз болған жоқ.

Осындайда еске түспей тұрмайтын шақтың бірі – «Ертіс өңірінің» 10 жылдық мерекесі. Басылым құрылтайшысы бас болып, газет демеушілері қос болып редакция ұжымы өзінің белсенді авторлары мен оқырмандарының ортасында бір мәре-сәре болып қалып едік. Қала орталығындағы «Саланг» мейрамханасында өткен басқосу бәрімізге үлкен әсер силап, ризашылықпен еске алатын естеліктердің біріне айналған-ды. «Ертіс өңірінің» алғашқы редакторлары Кеңесқазы Бәшей ағамыз бен Сайлу Төлеуов замандасымызға арнайы құрмет көрсетіліп, Рәтбек Арынұлы, Әбділпар Жайсанов, Әлихан Омарбеков сынды қаламгерлер «Ертіс өңірінің» ең үздік авторлары» номинациасына қол жеткізді. Басылым авторлары арасында Бильярдтан өткен жарыс ұйымдастырылып, тасқаяқты тәуір-ақ соғып едік.

Газетіміздің 15 жылдық мерекесіне орай қолға алған қаламды осы тұстан тежегенді жөн көрдім. Өзім қай салада жүрсем де «Ертіс өңірінің» аяқ алысын қолдан келгенше назарда ұстап, тілеулестік білдуруден өзгерген емеспін. Көңілге үлкен медеу тұтатын нәрсе – ол «Ертіс өңірінің» ертеден қалыптасқан үрдісінен жаңлымай, бұқарамен бітеқайнасып келе жатқандығы. Бұл бағытта «Ертіс өңірінің» бүгінгі шығармашылық ұжымы лайықты жұмыс жүргізіп отырғанын байқаймыз.

«Ертіс өңіріне» болашақта да биік белестен көрініп, қадірлі оқырмандарын тамаша туындылармен қуанта беруіне әркез тілектеспін!

Қайрат Зекенұлы, Семей қаласы

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation