Сенбі, Қыркүйек 1, 2018
Негізгі > Балалар байлығы > Гүлжайнар Қалдина «Гарри Поттерді» қазақ тіліне аударып жатыр

Гүлжайнар Қалдина «Гарри Поттерді» қазақ тіліне аударып жатыр

fujpncmmbvhlndgz2sqb1zp39pr

Ақын, Ақтөбе облыстық Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина «Гарри Поттерді» қазақ тіліне аударып жатыр. 8 томдық қиял-ғажайып шығармалар жинағының алғашқы томы таяуда қазақ тілінде сөйлейді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі. Алда әлі көп жұмыс бар. Кітап авторы Джоан Роулингпен байланыс орнатып, баспаханалардың талабымен танысуы қажет. Аударма ісін қолға алған Г.Қалдина кітапты аударуға түрткі болған кішкентай оқырман қазақ тіліндегі нұсқасын алғаш боп оқиды деген шешімге келген. Себебі, ол мұны асыға күтіп жүр.

Ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек еткен Гүлжайнар Қалдина үлкен істің ұйытқысы болып отыр. Бәріне кітапхана ішіндегі кішкентай оқырманның сұрағы түрткі болған.

«Алғаш рет екі баланың кітапханашымен әңгімесін естідім. Кішкентай оқырман «Апай, бізге «Гарри Поттерді» беріңізші!» деп сұрады. Кітапханашы үш томды қолына ұстап, қайсысын алатынын сұрады. Сол кезде жанындағы бала: «Апай, бізге осының қазақшасын беріңізші» деді. Кітапханашы орысшаға аударылғанымен қазақша нұсқасы мүлде жоқ екенін айтты. «Қазақшасы әлі шыққан жоқ, мүмкін болашақта шығар, қазақ тілінде жаңа кітабы келсе, сендерге міндетті түрде хабарласамыз» деп ақталғандай болды. Балалар да сұрақ  қоюға жүйрік екен. Бірден «Неге шықпаған? Гарриді қазақ тілінде оқуға болмай ма не?» деп қысқа қайырды. Кейін екеуі де кері бұрылды да кітапханадан шығып жүре берді. Кітапханашы  өзін кінәлі сезініп қалған сияқты. Ал бұл жайды сырттай бақылап тұрған мен де қиналдым. Кітапханашыға барып «Гарри Поттерді» маған беріңіз деп сұрағанда тағы да қазақшасы жоқ екенін айтып, түсіндірмек болды. Сол кезде «маған орыс тіліндегісін беріңіз, мен қазақ тіліне аударамын» деп едім, кітапханашы балаша қуанып, маған төрт томын қатар ұсынды. Міне, осылай мен іске кірісіп кеттім. Бірақ, әзірге қай баспамен келісімге келетінім жөнінде ойланғаным жоқ», – дейді Гүлжайнар Қалдина.

Үнемі жаңа істің басында жүретін ол күн сайын түнгі ұйқысын төрт бөліп, кітап аударады. Кейде бір-екі бетпен шектелсе, кейде өнімді жұмыс істейді. Нәтиже оңды. Қиял-ғажайыпқа толы шығарманы аудару жұмысын өткен жылы бастап, биыл алғашқы томын қазақ тілінде сөйлетті.

«Бұрын аударма бюросы болды, «Шетел әдебиеті» журналы да шығып тұрды. Сол редакцияларға хабарласып едім, бәрі тарап кеткен екен. Жазушылар Одағына да хабарласып, аударма жұмысы туралы айттым. «Кімге барамын, кім тексереді?» деген сұрақ туындаған кезде ешкімнің де жауап бермейтіні анықталды. Қазіргі уақытта аудармашылар жеке баспалармен тікелей жұмыс істеп, келісім шартпен еңбек етеді екен», – дейді Гүлжайнар Қалдина.

Ол қазіргі уақытта «Гарри Поттердің» авторы Джоан Роулингпен байланысқа шығудың жолын  іздеп жүр. Таяуда Астана қаласында өткен «Eurasian Book Fair – 2016» халықаралық кітап көрме – жәрмеңкесіне қатысып келген. Сол кезде АҚШ-та оқыған студент авторын тауып, байланыс ортануға уәде берген еді.

«Аударма жұмысымен шұғылданып жатқанымды білетін адамдар пайдасы туралы сұрайды. Баспамен байланыс орнатпадым, пайдасы жайлы да ештеңе білмеймін. Шығарманың алғашқы томын аудару жұмысы аяқталып қалды. Жұмыс біткен соң шығарып, балаларға беремін. Олардың қалай қабылдайтынын білгім келеді. Бір қызығы, кітап аударуға себепкер болған кішкентай оқырман таяуда қайта келіп, «Қазақшасы шықты ма?» деп сұрап кеткен екен. Ендігі ойым, бірінші томды аудару жұмысы түгел аяқталған соң өзім компьютерден шығарып, әлгі баланы тауып алып, алдымен соған оқуға беру», – дейді ол.

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Қалдина кітапхана аудиториясы мен сұранысты зерттеуді басты міндеті санайды. Қазіргі уақытта мұнда оқушылар мен студенттер жиі келеді. Балалар үшін кітаптың сырт келбеті, дизайны мен көркемдік мәні маңызды. Әрі ертегіден гөрі қиял-ғажайып әлемін жақсы көреді.

«Бүгінгі балалар ертегі оқиды, бірақ, оған сене бермейді, шындыққа айналмайтынын біледі. Балалар фантастикалық, аспан әлемі туралы, теңіз ғажайыптары мен басқа планеталар туралы шығармалар оқығанды ұнатады. Олардың осы сұраныстарын қанағаттандыру әзірге қолымыздан келмей жатыр. Балаларға арналған энциклопедиялар шығару қажет. Оның дизайны да ерекше, мәтіні қысқа әрі түсінікті болуы тиіс. Себебі, ұзақ сөзден бүгінде бала ғана емес, үлкендер де жалығады. Әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған шығармалар саны да санаулы. Бұл сала да мемлекеттік қолдауды және сапалы аудармашыларды қажет етеді. Ол үшін елімізде аудармашылар бюросы тұрақты түрде жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын», – дейді ол.

bnews.kz

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation