… Отставкаға шығып, елге – Сыр бойына барып келе жатырмын. Қазақстанның пойыздарына орын болмай, билетті Ресейдің Алматы-Новосібір пойызына алдым. 2-ші Алматы вокзалынан отырып, 1-ші Алматы арқылы Семейге келемін. Купеге кіріп жайғасып, шайдың қамын жасап, қайнаған суға шығып едім, пойыз Қапшағай су қоймасындағы темір көпірден өтіп барады екен. Өткенше күте тұрайын деп қайта купеге кіре бергенде, жолсерік жақтағы купелердің біреуінен шыққан жолаушыны байқадым. Бет-әлпетін толық көре алмасамда, таныс адамдай көрінді. Оны қайтып келіп купесіне кіргенше күтіп тұруға ыңғайсыздандым. «Бұл кім болды екен?»-дедім де қойдым. Қайнаған су әкелуге бармақшы болып, жаңағы жолаушының купесінің қасынан өтіп бара жатып байқағаным, балалардың, әйелдің дауысы шығады. Қазақша сөйлеп жатыр. «Пакеттегілерді шығарып қояйық, екі тәулік жүреміз. Бұзылып кетіп, рәсуа болуы мүмкін»-деген әйел дауысын естідім. Шайымды ішіп болып, жолға шыққанда әрдайым алып шығатын А. Бектің «Волоколамское шоссе» кітабын оқуға кірістім. Аяқтарымды терезе жаққа созып жіберіп, емін-еркін жатырмын. Есік жартылай ашық тұр. Осы кітапты оқығанда бас көтермеймін. Тартымдылығы сонша баурап алады. Баурап алғаны сонша, қолыңа винтовка ұстап Москваны қорғап жүргендей күй кешесің. Өре түрегелген жауынгерлермен бірге алдыңдағы аға лейтанант Б. Момышұлының соңынан «Уралап» қарға беліңнен батып, қарсы шабуылға шығып, ұрысқа кіріп кеткендей боласың. Жазушының шеберлігі, кітап бас қаһарманының жер жарған атағы, ел қорғаған ерлердің батырлығы сенің бойыңдағы намысты оятып, дүниеге қазақ болып келгеніңді мақтан еткізеді. Осындай сезімдерге бөленіп жатсам да, ары-бері өтіп, менің купеме үңіліп қарап жатқан жолаушының қимылын сезіп жатырмын. Кім екен деп қарауға мұрша жоқ, себебі мен Москваны «қорғап» жатырмын. Купенің есігін жауып, терезеге телміре қарап отырмын. Есік қағылды. Орнымнан тұрып есікті ашқанда алдымда Надежда мен Бекназар тұр…
1994 жылдың 22 наурызы. Осы мейрамның халқымызға қайта оралып, жер-жерде аталып өтіп жатқан кезі болатын. Мен осы мейрамның тарихы мен маңызы туралы екі тілде арнау жазып, мекеме радиоторабынан оқып, отырғандарды құттықтадым. Мүмкіндігімнің келгенінше мерекелік түскі ас дайындаттым. Ұсақ-түйек шаруаларды атқарып, кабинетке келіп отырғаным сол еді, кезекші кіріп келіп, «Аға, сізге бес-алты кісі жазылып, жеке басының мәселесімен қабылдауыңызды өтінеді»-деді. Жазылған кісілердің камералық карточкасына қарасам(онда аты-жөні, туған жылы, қылмыстық кодекстің бабы, сотталғаны туралы мәліметтер жазылады), екі адамның туған жылына назар аудардым. Біреуі-Девяжина Надежда Сағатовна, 1970 жылы 22 наурыз. Екіншісі- Қалдыбаев Бекназар Сүлейменұлы,1961 жылы 22 нурызда туған. Демек, бүгін екеуінің туған күні. Екеуін бірдей алдырттым. Мейрамдарымен және туған күндерімен құттықтай отырып «осында отырғандардың бәріне шай беру мүмкін емес, сондықтан әйелдердің өкілі Надежда сізге, еркектердің өкілі Бекназар сізге көңіл бөлуге шамам келеді»-деп кішігірім дастархан жайдым. Үстелдің басында үшеуміз отырмыз. Бекназар да, Надежда да сотталмаған. Тергеу жүріп жатыр. Бекназар жылқы ұрлауға қатысқан. Надежда Семей мен Новосібір арасында сауда-саттық жасайды. Семейге бір келгенде әріптесі есеп-қисапты дұрыс айырмай, оның соңы ұрыс-керіс болып, Надежда оған жарақат салады. Бекназардың мінезі тұйық сияқты, көп сөйлемейді. Әр сөзін ойланып айтады. Негізі, Алматы жақтың жігіті. Аякөзде нағашылары тұрады. Қонаққа келгенде үш-төрт жергілікті жігіт жалынып, Бекназардың автокөлігімен Ақсуат жаққа барады. Ол жігіттер тау-тастың арасымен, жасырынып бір үйір жылқы ұрлайды. Аякөзге жетпей қолға түседі. Ішінде Бекназарда бар. Надежданың еті тірілеу. Бойында шоқтың қызуы бар. Бірақ, шынын да, сырын да ақтара салған жоқ. «Осы сенің әкең қазақ емес пе?»-дегенде- «ол ұзақ әңгіме. Бүгін айтып, бітіре алмаймыз»-деп сұрағымды жауапсыз қалдырды.
Қайнап жатқан мазасыз қызметтің қазаны сенің жоспарыңа бағынбай, өз ырқына көндіреді де, көп нәрсеге мойын бұра алмай қаласың. Сондай күндердің бірінде кезекші қолыма Надежданың арызын әкеп берді. Қабылдауымды өтініпті. Сол күні мұрша болмай, сенбі күні түске жақын шақырттым. Надежда кабинетке кіріп келгенде таң қалдым. Алғаш көргендегіден ерекше, тіпті өзгеріп кетіпті. Тоты құстай түрленіп, қап-қара көзінен мұңның да, жабырқаудың да ізі қалмапты. Түрінен маңызды әңгімеге дайындалып келгені байқалып тұр. «Менің әкем, шынында да қазақ,-деп бастады өзі туралы әңгімесін, Надежда. -Атыраудың тумасы. 1968 жылы әскер қатарына шақырылып, Новосібірге жақын орналасқан Искитим қаласына түседі. Менің мамам қалааралық байланыс торабында оператор болып істейді. Сол өрімдей жас солдат Сағат Жұмабеков айына бір рет Атыраумен телефонмен сөйлесуге келеді. Тағдыр шығар, сол солдат келген сайын менің мамам кезекшілікте болады. Танысады. Көңілдері жарасады. Папамның әскери борышының аяқталуына екі ай қалғанда мен дүниеге келемін. Әскерден босап, Атырауға барып, бір айдан кейін қайтып келіп, тату-тәтті өмір сұріп жаттық. Мамам сол қызметінде, папам тігін фабрикасына жұмысқа кіреді. Біз өте жақсы тұрдық. Мен бес жасқа келгенде папамның еліне қайтуға тура келді. Туған-туыстары ауылға қайт деп, жиі-жиі хат жазып мазалай берді. Тіпті сол алыс Атыраудан үйге бір-екі кісінің келгені еміс-еміс есімде қалыпты. Біз папаммен бірге кете алмадық. Кәрі мүгедек әжем болды. Анасын тастап мамам бара алмады. Мен мамаммен қалдым. Мен бірінші классқа барғанда папам бізге келіп, қасымызда бір айдай болып кетті. Папаммен осы күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ. Сол кеткеннен келмеседе, хат жазып, телефон шалып хал-жағдайымызды біліп тұрды. Мүмкіншілігінше қаражатпен де көмектесіп тұрады. Мамам содан соң тұрмысқа шыққан жоқ. Мені оқытты, жеткізді. Медучилище бітірдім. Ауруханада медбике болып жұмыс істедім. Жалақы өте аз төледі. Оны да уақытында бермей әуре-сарсаңға түсіретін. Амалсыз сауда-саттықпен айналысуға тура келді. Ешкімнен кем болған жоқпыз. Тапқан табысым мамам екеумізге жетіп артылатын. Тұрмысқа шығып едім, жұбайым бір бос кеуде, жатыпішер, оған қарамай дайын асқа тік қасық болды. Бергенінен алғаны көп болды. Ажырастық. Қазір мамамның қолында үш жасар Мария деген қызым бар. Өз үйімдей болып кеткен Семейде осы жағдайға душар болдым»-деді Надежда ауыр күрсініп.
Оның тағдыры маған ой салды. Әңгімені қалай жалғастырсам деп ойланып отырғанда, үнсіздікті кенет Надежданың өзі бұзды.
-Сіз қай жылғысыз?-деп сұрады.
-Құдай қаласа, биыл қырыққа келемін.
-Менің әкемнің сізден тура төрт жыл үлкендігі бар екен.
-Солай-ақ болсын-дедім әңгіменің жалғасқанына құштар болып отырып.
– Мен сізге-деді Надежда беті қызарып, ұялып отырғаны айдан анық,-бір хат қалдырамын. Бүкіл түрме оқығаннан гөрі, хаттың мазмұнын сіз ғана білсеңіз ешбір оқасы жоқ. Қарсы болмасаңыз, осы хатты иесіне тапсыруыңызды өтінемін. Алыпқашты сөздер мен өсек-аяңға ілінбеуімнің бірден-бір кепілі-сізден басқа сенімді адам болмай тұр»-деп, конвертке салынған хатты стөлдің үстіне қойды. Шығып кетті. Конвертті ары-бері аударып,ашуға қолым бармай біраз отырдым. Өзі рұқсат етті ғой деп конверттің ішінен бір парақ хатты алдым. «Бекназар! Мен қателеспесем сен мен туралы ойлап жүрсің. Себебі, сен менің күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпай қойдың. Сен маған бел шешіп аттан түспеген адамдай әсер қалдырдың. Әйелдің жылы алақаны арқаңа тимей, дайын тамақты түрегеп ішуге үйренген сұрбойдақтықтан құтыла алмай жүрген жігітсің-ау. Теңім табылмады деп дөңбекшіп жүрген «бақытсызға» да ұқсамайсың. Бір гүлден бір гүлге ұшып-қонып жүрген көбелек те емессің ғой деймін. Осы хатты оқып, маған «ұшқалақ, жеңілтек» деген ат тақсаң, мен оны жоққа шығара алмай шарам таусылады-ау. Осында отырған басқа бикештердей тәулік бойы хат жазысып, «өлдім-өштім» деп шер тарқатуға болар еді. «Қаңғырып» барған хатты сенің оқығаның былай тұрсын, пысқырып та қарамайтыныңды мен білемін. Сен туралы тереңірек білгім келеді. Түн жамылып сырласып, жұлдыздарға қарап отырып, армандайтын жерде жолықпағанымызды қарасайшы. Бір көріп, от болып жанып бара жатқан неткен шыдамсыз, сабырсыз әйел деп сөге көрмессің».
Хатты оқып болып, конверт ішіне қайта салдым. Үш-төрт күн жатты. Қолым бостау демалыс күндердің бірінде Бекназарды кабинетіме алдырттым. Екеуіміз оңаша отырмыз. Қабырғада Бауыржан Момышұлының екі портреті ілулі тұратын. Біреуі қаламмен салынған. Соған қарап отырып:
– Жақсы салынған екен, – деді, – мінез-құлқы жақсы ашылыпты. Кірген-шыққан кісілерге сынай қарап тұрғандай. Сіз Баукеңді пір тұтасыз ба?
-Иә.
-Біз екі ағайындымыз. Ағам менен он жас үлкен. Ол кісі де Баукең десе ішкен асын жерге қояды. Әке-шешеміз ерте дүние салып, жетім өстік. Әкеміз ертерек қайтыс болды. Анам дүниеден өткенде мен бес жаста едім. Ағам Жайлау он бес жаста болатын. Жігіт болып есі кіріп қалған. Қолдарына алмақшы болған ағайын-туысқанның ешқайсысына барған жоқ. Маған әке де, шеше де болған сол кісі. Кірімді жуды, тамағымды пісірді. Арқалап, тәрбиелеп өсірді. Алматы зооветеринарлық институтты сыртай оқып бітіріп, еңбекке ерте араласты. Талай жыл бас зоотехник болып істеп, қазір совхоз директоры. Бақытгүл деген жеңгем бер. Бақытгүл біздің шаңыраққа келген бақ пен дәулет. Әлі күнге дейін менің атымды атамайды, неге екенін білмеймін Дәнекер қайным дейді. Алматыдағы кинотехникумды бітірдім. Қалада қалған жоқпын, ауылға қайтып келіп, клубта біраз жұмыс істеп, ағаш ұстасы болып ауысып кеттім. Жазда шана, қыста арба жасаймын. Тұрған жеріміз-таулы мекен, қар қалың түседі. Екі кісілік, бір кісілік, екі аттылық, бір аттылық күймелерге де тапсырыс түсе бастады. «Жигули» автокөлігін алдым. Темекі тартпаймын, арақ ішпеймін. Бір кемшілігім-әле бойдақпын. Ағам үйлен деп асықтырмайды. Жеңгем қалжың-шынын араластырып «болашақ келінді алдымен маған көрсетесің. Ұнаса аласың, ұнамаса алмайсың»-дейді. Адамға өте сенгішпін. Сол сенгіштік қой осында алып келген»-деп бітірді әңгімесін Бекназар.
Сейфтен Надежданың хатын алып, Бекназарға ұсындым. Ұзақ оқыды. Ойланды. Хатты бүктеп конвертке салды да, маған қайтарып берді.
-Бұл хат сізде сақталсын. Осы хаттың жалғасуы бір алланың қолында. Болашақтың ісі. Жалпы ойланатын шаруа. Қазір менің ойым да, мақсатым да, арманым да бұл емес-деді.
Екеуі де сотталып, Надежда оңтүстікке, Бекназар шығысқа жазасын өтеуге кетті. Бекназар Надеждадан бір апта бұрын кетті. Кабинетте екеуін жолықтырдым. Көсіліп көп сөйлескен жоқ. Бекназар әңгіме арасында
-Сізде қайыс немесе теріден жасалған бұйым бар ма?-деді
Мен бұндай сұрақты күтпеген едім. Ойланып қалдым. Аяғыма офицердің хром етігін киіп жүрген болатынмын.
-Мынау бола ма?-дедім.
-Жоқ! Обал ғой- деді мырс етіп күліп.
Демалатын бөлмеде жалпақтығы төрт елідей әскери белбеуім ілулі тұратын. Соны алып шықтым.
-Ал мынау ше? –дедім.
-Дәл өзі-деп Бекназар орнынан тұрды. Белдікпен белімді орап өлшеп көрді де-мына белбеумен сізді екі орауға болады екен-деді.
Надежда аң-таң болып отыр. Екеумізге кезек-кезек қарайды. Бекназар маған «өткір қайшы алдыртыңызшы»-деді. Алдырттым. Ьелдіктің бас жағынан 20 сантиметрдей кесіп алды. Айтарлықта ұқыптылықпен кесіндінің ортасынан қошқармүйізді ойып алды. Оюды Надеждаға берді. Оюдың орны қалған жартысын өзіне қалдырды. Надежданың оң білегінен сол қолымен қыса ұстап тұрып: «аман-есен босап шыққан соң еліңе қайт. Сен мені үйіңде күт. Оюды жоғалтып алма. Ешкімге көрсетпе. Мен мынаны сақтаймын. Екі ою қосылғанда, бізде кездесеміз»-деді…
Аттай он жылдан кейін кездесіп отырмыз. Олар мені өз купелеріне ертіп әкелді. Купеге кірсем бір бойжеткен, бес алты-жасар ұл мен қыз сурет салып ойнап отыр. Дастархан жайылды. Шай ішілді. Әңгімеге ерік бердік.
Екеуі де колониядан мерзімінен бұрын босап шығады. Надежда бірінші босайды да Новосібірдегі анасына, қызына барады. Төрт айдан кейін Бекназар колониядан шығады. Елге келіп есін жиып, аржақ-бержағын түгендеп, ағасына «үйленемін» дейді. Ағасы туған-туыстарының арасынан іріктеп бес адамды Новосібірге құдалыққа жібереді. Бекназар, жеңгесі Бақытгүл, немере ағасы, нағашысы және кластас досы. Надежда Бақытгүлге өте ұнайды. Тіпті өмір бойы бір аулада тұрған абысындай әңгімелері жарасып шыға келеді. Ауылға келгенде жер-көкке сиғызбай мақтайды. Екі айдан кейін Надежда басына ақ орамал жабылып, келін болып түседі. Ағасы той-томалақ өткен соң Бекназардың еншісін беріп бөлек шығарады. Үй, керек-жарақ, мал-мүліктің бәрін әпереді. Келесі жылы 22-ші наурызда Ержан мен Айжан деген егіз ұл мен қыз дүниеге келеді. Мына бір төсекте маужырап ұйықтап жатқандар Марина, Ержан және Айжан екен. Ауылдағылар Надеждаға Надира деп ат қойып алады. Қазақтың белінен шыққан соң ол әрине-қазақ. Тез арада қазақ тілін үйреніп алып, мүдірмей сөйлейтін болды.
Бұл сапарлары-Надежданың анасының мерейтойына кетіп барады екен. Құдай берейін десе үйіп-төгіп береді емес пе. Бекназардың баяғы кәсібінің көлемі өсіп, тапсырыс молайып, қолына үш-төрт шәкірт алып, кішігірім шеберхана ашқан. Жекеменшікке дүкен сатып алады. Надежда сонда меңгеруші. Екеуінің жарасып өмір сүріп жатқаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. Өткен-кеткенді әңгімелеп, Семейге қалай жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Мен пойыздан түсіп қалып, олар Ресейге қарай кетті.
Алдын ала келіскендей олар маған Новосібірден қайтарда телефон шалды. Пойыздың, воганның нөмірін хабарлады. Семейдегі үлкен вокзалда күтіп алып купеге кірдім. Баяғы Надежданың хатын өзіне тапсырдым. Ол оқып шығып, көзі жасқа толып, хатты «мына хат саған жазылған» деп Бекназарға берді. Пойыз жылжып қозғалды. Жаңасемейден түсіп қалайын деп, купеден шыққан жоқпын. Тергеу изоляторының тұсынан өткенде үшеуіміз орнымыздан тұрып, түрменің көне ғимаратына қарап тұрдық. Ол екеуі екі жағымнан құшақтап тұр екен. Тасты жарып шыққан ыстық бұлақ суы төбемнен құйылып тұрғандай керемет әсерге бөлендім.
Үйленгендеріне жарты жыл өткенде Атырауға барып, Надежда әкесімен, Бекназар қайын атасымен табысады. Он күндей қонақ болып, Сағат ақсақалдың барлық алыс-жақын туыстарымен танысады. Биыл күзде келіп, Айжан мен Ержанды мектепке өзі жетектеп апарамын дер уәдесін беріпті.
Бұл да бір адам тағдыры ғой…
(Кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілген)
Әли-Хан Омарбеков,
отставкадағы полковник