«Алдағы 3 жылда Семей қаласының бет-бейнесі түбегейлі өзгермек» деген ақпарат жарқ ете түскенде көптеген семейліктер не қуанарын, не ашуланарын білмей қалды. «Қаланың бет-бейнесі жаңарады» десе бір сәрі-ау, «түбегейлі өзгермек». Неткен құдірет! Неше жылдан бері басқаны қойып, көше жолдарының көп шұңқырынан әбден мезі болған жұрт соңғы кезде мұндай уәдеге сенгенді қойып, шамданатын жағадайға жеткені жасырын емес.
Сенбейін десе, ақпарат ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың өз аузынан шығып тұр. Сенейін десе, облысқа басшы болып келгеннен бергі 2 жылдай уақыт ішінде Даниал Кенжетайұлының Семейді «жарылқап» тастағаны шамалы. Келген бетте Орталық алаңдағы бір субұрқақтың жанынан екінші субұрқақты күштеп салдырғаны болмаса… Халықтың мереке кезінде жиналатын жалғыз аядай алаңын тарылтып тастаған, анда-санда бір іске қосылатын бояулы бұрқақ айналасына айтарлықтай ажар әкеле қоймады. Ертіс жағалауындағы абаттандырулар мен бірқатар құрылыстар бұрын жасалып қойған жобалардың жалғасы. Басқа да кіші-кірім жұмыстарды жоққа шығармаймыз, бірақ, олардың қаланың бет-бейнесіне еш қатысы жоқ.
Сонымен, Семейдің бет-бейнесін түбегейлі өзгертуге бағытталған 3 жылдың алғашқы жылында абаттандыруға бөлінетін қаржыға келейік. Көгалдандыру жұмыстарына биыл бөлінген 500 миллион теңге алдағы жылы екі есеге артып, жол жөндеуге де 1 миллиард 400 миллион теңге қарастырылыпты. Жол жұмысына бөлінбек бұл ақша ары кетсе, ағымдағы жөндеуден бөлек, 15-20 шықырымды орта және қайта жөндеуден өткізуден аса қоймас. Сонда, қаланың ішін байланыстырып жатқан қалған 200 шықырымдай жолды түбегейлі демей-ақ орта деңгейлі жөндеуден өткізу үшін қанша жыл, қанша қаржы керек болмақ. Осындай орта есептен хабары бар қауым өңір басшысының «түбегейлі өзгертем» дегенін естігенде қандай көңіл күйде болуы мүмкін?..
Осы жылмен салыстырғанда келер жылы қарастырылатын қаражат екі есеге ұлғайды делік. Бірақ, биылғы бөлінген ақшаға не істеліпті екен? Көзге көрінетіндей қанша аумақ көгалданып, неше шақырым жол жаңарыпты? Ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз. Түнгі қалаға жарық бере алмай, көшені көлшік пен қардан арылта алмай жүрген атқарушы биліктің алдағы жылы бір нәрсе тындыруы үшін алдымен өздері «түбегейлі өзгеруі» керек шығар. Жаздағы жаңбыр мен қыстағы қардың салдарын күн жауған күні ғана емес семейліктер апталап тартып келеді. Қазірдің өзінде алғашқы қардың жауып тастағанына 1 айдан астам уақыт болды. Қосалқы көшелерді қойып негізгі көшелердің өзі қардан арылып біткен жоқ. Көлік жолдарындағы жиектелген мұздар транспорт жүрісін қиындатып, жол оқиғаларына себеп болып жатқанын жоққа шығармаймыз.
Басқаны былай қойып, көшелердің жарығы мен тазалығын жылдар бойы қалыпты деңгейге жеткізе алмай отырғанда, қаланың бет-бейнесін 3 жылда түбегейлі өзгерте қою айта салған сөз емес пе екен деп те қаласың. Егер солай болған жағдайда семейліктерді алдаусыратудың не қажеті бар? Қарапайым ғана салыстырсақ, қаланың инфрақұрылымын жаңарту, жаңасын салу ондаған миллиард теңгенің жұмысы. Оны жоспарлау бар да, игеру бар. 3 жылға белгіленген «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасындағы кейбір құрылыстардың өзі кешеуілдеп жатқаны анау.
Әрине, Семей қаласын ажарландыруға баса көңіл бөлінуін қалаймыз. Семейліктердің де асыға тосатыны сол. Алайда, «еліміздің руханиятының орталығы, Алаш қаласына ерекше көңіл бөлінуі керек» деген осы уақытқа дейін талай уәделер болған. «Семейге қолдан келген көмектің барлығын жасаймын» дегенді облысқа әкім болып келген бетте Д.Ахметов те айтқан. Екі жыл ішінде елеулі ештеңе байқала қойған жоқ. Бұл облыс басшысының жай сөзі ме әлде сенген адамдары салғырттық танытып отырма деген ойға жетелейді. Алғашқы жасаған қолдауы – жергілікті бюджеттің облысқа аударылатын 25 пайызын өзіне қалдыруы болды. Бірақ, бұл бастама облыстық депуттардың бұрыннан көтеріп, пісуін жетілдіріп қойған жағдайы болатын. Алайда, 2016 жылғы қала бюджеті толығымен өзінде қалғанымен абаттандыру мен жол жұмыстарына бөлінген қаржы бұрынғы жылдардан аз болып шықты. Соның салдарынан 2016 жылы Семей көшелерінің бірде-бір шақырымына қайта жөндеу жұмысы жасалған жоқ.
Ендеше, ертеңгі күндерге жоспарланып отырған «түбегейлі өзгертудің» өз деңгейінде өтетініне үміттен көрі күдік басым. Десе де, бар тілегіміз – бұл жағымды жаңалық та семейліктерді көп алдаусыратудың бірі болып қалмаса екен дейміз.
Негізі, Даниял Кенжетайұлының есімі елге іскерлігімен, уәдеге беріктігімен мәлім. Бәлкім, айтылған сөз сол қалпында орындалып қалар. Тосайық.
Қ.Жұмәділ, Семей қаласы.