Дүйсенбі, Сәуір 16, 2018
Негізгі > Тарих > ҚАЗАҚИЯ: Көне қазақ болған ба?

ҚАЗАҚИЯ: Көне қазақ болған ба?

Еуразияның Ұлы Даласының тап ортасынан ойып орын алған, Орталық Азияның қақ төрінде жайғасқан халык қалайша «болған жоқ» дерсіз. Расында да бұлай болмай, әншейін аспандағы Айға қол созсақ: «Ау, жас ұлтпыз дейтін тағы өздерің, кәрі тарихта қай атаңның басы қалды?!» деп топшыдан қағып, ол аздай қисық шоқпармен қақ шекеден салып қалуға екінің бірі тайынбас еді, сірә.

Дей тұрсақ та, «бал ашып» айта салу ғылымға жат, шындыққа жанаспайды. Сондықтан алдымен «болды, бар» деуімізге дің, бақан болатын пікірлерге орын берелік.

Бірінші – тілдік қисын. Тіл – ұлт боп ұйысудың бас өлшемі. Батыста – бұлғар (татар), башқұрт, Кавказ халықтары (армян, грузин, шешен т.б.), шығыста – қытай, тибет, ұйғыр, қырғыз т.б. көршілеріміз тілдік тұрғыдан «бет жүзін әжім сызғылаған қария» халықтар. Олай болса, қазақ қайтіп жас ұлт болады? «Алла бөлек жаратқан» демесеңіз, қазақ та, дау жоқ, көне этнос. Неге? Себебі, қазақ тілі өз бастауын Ана-арыс (грекше Анахарсис) шешен заманынан, тіпті шумерлік деген тым көне тілден бастау алады дейтін ғалымдар бар. Жарайды, бұған көз жеткізу қиын делік. Бірақта Майқы би (13 ғас.) тұсында ана тіліміздің қазіргі қалпында болғанына еш күдік жоқ. Айта кету ләзім, тілдік ортаның қалыптасуы, яки ұлттардың ұйысуы «жас» Европада «кәрі» Азияға қарағанда басқаша өтті. Мысалы, Англия, Германия сияқты күпсінген елдердің өзінде тіл диалектісі жаңа заманда ғана жойылды (бұл құбылыстың сыры, сірә да, шағын «мүйіс» іспетті Европаны Азиядан жеткен алып толқындар «шайып» отырғанынан деп болжамданады).

Қалай болғанда да, зор территорияда шашыраңқы орналасқан иісі қазақтың тіл бірегейлігі Батыс зерттеушілеріне керемет әсер қалдырды. Олар бұған таң-тамаша болды. Таңдану «көкесі» мынау – қыпшақ тілдерінің ортақ анасы – қазақ тілі деген ғылыми жорамал бар. Себебі, біздің тіліміздің Байкал аймағы мен Батыс Европа аралығындағы қыпшақ тілдері ішіндегі ең тұрақтысы екені анықталып отыр.

Сонымен, қазақ тілінің тазалығы мен тұрақтылығы қайдан екені әзірге жұмбақ. Неге? (Бұның жауабы келесі пікірімізде).

Екінші – географиялық қисын. Атласты алдыға жайғанда, Ертіс пен Еділ аралығы – бүкіл Еуразияның «арқасына» ұқсап кететіні бар («Арқа» деп аталуы содан, сірә). Ұлы Түрік қағанатына (6 ғас.) дейін де, одан соң да қыпшақ тілді бұтақтар еркін ел, жасыл жайлау болып өсіп-өнген, төрт құбылаға тараған құнарлы топырақ – осы Арқа. Бұны археология ғылымы құптайды. Қалайша? Ертіс-Еділ аралығындағы Сары Дала төсімен өткен Скиф, Ғұн, Қимақ, Қыпшақ, Татар т.б. ескі жұрттардың көші-қоны туралы археологтар тұжырымы мынау: «На запад передвинулась определенная часть» (кейде «значительная часть») боп келеді.

Көрдіңіз бе, тайпалардың бәрі бірдей қотарыла көшпеген. Этностың елеулі бөлігі Арқа төсінде қалып отырған. Жалпысында Дала кеңістігі-ыдыс іспетті. Сиымдылығынан асса ғана төгіледі. Байқасақ, археология ғылымы Батысқа қарай тайлы-тұяғы қалмай жөңкілу жайында емес, кемерінен асқанда «төгілу» болғанын жеткізеді бізге! Бұл қазақ даласында «тұнба халық» болды деген сөз. Сонда қара шаңырақты ұстап қалған Сары Даланың байырғы «тұнбасы» қай жұрт? Ұлы Дала номадтарының «соңғы тұяғы» аталған қай ұлт? Бұл жағы өзімізге жақсы мәлім.

Сонымен, географиялық кеңістігіміз – көнелігіміздің куәсі. Бұл тұрғыдан Орталық Азияның ең үлкен көшпенді халқы, бізше, сұрақ қоя алады: «Кең Даланың иесі – Мен, олай болса қалайша жаспын, тарихымның хатталуында қата жоқ па, өзі?!» деп.

Үшінші – этностың рухани болмысы. Бір ғана мысал. Қазақ халқының менталитетінде Тәңірлік сенім керемет терең із қалдырған. «Тәңір-Алла» деп қосақтап құлшылық жасайтын бірден-бір халық – «біздің қазақ». Бұл қазақ даласына ислам қанатын жайған дәуірге дейін-ақ даралық сипаты айқын ұлт едік деуімізге негіз болатын мықты айғақ емес пе.

Қазақ жерінде буддизм, несториан, христиан т.б. діндердің болғаны рас. Бірақ олар отырықшы аумақтарда, қалалы жерлерде ғана көрініс тапты. Ал, анау айтқандай сайын дала төсінде етек жайды, бұл діндерді қалың бұқара түздіктер ұстанды-мыс деген еш қисынға келмейтін, табанында бүдірі жоқ жорамал. Сайын далада тек қана сансыз обалар сыңсып тұрса, бұл жағдайда қайдағы өзге дін?! Дәлелің кәне?

Бір қызығы, ең соңғы ғылыми ізденістер Тәңіризм – монотеистік дін, яғни ұлы ілім екен деп мойындатып отыр. Керек десеңіз, шумерлік қыш жазбалардан «тәңірі» деген сөз табылды. Дарвинизм дәуірлеген тұста тәңірлік ілім «шаманизм», «тұрпайы таным» делініп, күресінге лақтырылды. «Ай, қап!» дегізетіні, ұлы мәдениетімізге білместікпен өз қолымызбен қара күйені баттастыра жақтық. Барлық қазақы ырым, жора, салт-сана бастауы тәңірлік ілімді жүндей сабаладық.

Сонымен, мінез-құлық пен рухани келбетімізде Тәңірлік дәуірден жеткен таңбалар аз емес. Шариат пен Әдет тоғысуы ең ұзаққа созылған аймақ – Қазақстан. Бұл дәлелсіз-ақ белгілі дүние.

Төртінші – өмір сүру формасы. Парадокс сонда, көшпелі өмір сүруден тұрақты нәрсе бұл жалғанда жоқ. Ешбір дәуір, ешқандай формация шеңберіне (дала коммунизмі деуден өзгеге) сия алмайтын «Алаш-алаш болғанда, ала тай ат болғанда, енсіз қой, таңбасыз тай болғанда» деп келетін қария сөздеріміз бар. Бір-екі мың, бәлкім, төрт-бес мың жыл бұрынғыға меңзейді олар. Несі бар. Есік обасынан б.д.д. «алтын адам» алынды. Қасынан Түркіше жазуы бар тостаған да шықты.

Ендеше Дала төсі, тіршілігі – өзгеріс алаңы болмаған! Біздің дәуірімізден бұрынғы көшпелілерден бүгінгі күнге дейін – сол керегелі киіз үй, сол ер-тұрманды салт ат, сол сырмақ оюы, қымыз, сүр ет, түйелі көш, қыстау, күзеу жайлау – бәрі-бәрі сары майдай сақталып жеткен (тұрақтылық «көкесі» міне, қайда?!). Бұл – этнограф мамандардың пайымы.

Қысқасы, өмір – дүниенің қай қырынан сығаласақ та, көшпелілік пен тұрақтылық егіз екендігін көріп, біле аламыз.

Бесінші – этникалық тұрғыдан бір ауыз пікір. Қимақ одағына кірген тайпаларды ғалымдар (С.Кляшторный, Т.Сұлтанов, т.б.) қазақ халқының бас ұйытқысының бірі болды деп көрсетеді. Қимақиядан кейінгі дала мемлекеттері Дешті-Қыпшақ, Алтын Орда жұрттарын қазақтан ажырату тіпті қиын (мысалы, қазақ пен ноғайдан гөрі егіз қозыны ажырату оңайырақ). Аталған жұрттардың шамамен оннан тоғызы қазақша сөйлеп, қазақша өмір сүрді десек, сірә да, қателеспейміз. (Аңыз-әңгімелер, батырлық эпос-дастандар бізге осы жайды жайып салады емес пе. Алпамыс, Қобыланды, Ертарғын, Еркөкше, Едігелерді қазақ емес деуге кімнің аузы барады).

Сонымен, Қазақ хандығына дейін-ақ Қазақия болған деуімізге тарихи дәлел-дәйектер де, қарапайым қисындар да, байқап отырсыздар, жетіп артылады. Жетіспейтіні – дербес көзқарас.

Бұл мәселеге баянымыздың келесі парағы арналып отыр.

 

 

  1. ҚАЗАҚНАМА ЖӘНЕ АТАУ, ТЕРМИНДЕР ТУРАЛЫ

 

Адамзат өркениеті қалай қалыптасқан? Бұл жөнінде, әдетте, өмір сүру формаларына сәйкес деген жауапты естиміз. Олай болса, ескілікті әлемде оның екі түрі ғана болды: Отырықшы және Көшпелі. Бұл даусыз ақиқат. Демек, әлемдік өркениет аталған қос арнаның тоғысуы арқылы саты-сатылап отырған, өрбіген. Өйткені, ескі заманда қазіргідей, мысалға Азия және Еуропа, христиандар мен мұсылмандар әлемі немесе Шығыс – Батыс деген, бөлінулер болмаған.

«Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» атты еңбегінде Абай: «…һәммәға мәлім, әуелде адам балалары бұл күнгі орындарына екі жақтан толқынып келгендігі: бірі – Үндістан тарапынан; … екінші – маңғұл жағынан» – дейді. Бұл жерде «Үндістан тарапынан» дегені бүкіл Европа халқы, жалпы Отырықшы әлем деген мағынаны білдіреді. Ал, «маңғұл жағынан» деген тіркесті – екінші бөлік, яғни Көшпелі әлем деп түсінгеніміз жөн. Данышпан өз ойын «маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ» деп түйіндеген. Біз көшпелі әлемнен шыққанбыз дегені бұл.

Олай болса, қазақнаманы әлем қауымдастығын Отырықшы және Көшпелі деп бөле қарайтын танымдық тәсіл бойынша қарастыруға тиістіміз.

Оның принциптік мән-маңызы үлкен. Татымды нәтижесі мол болмақ. Сондықтан бұл тәсілге төменде үнемі жүгініп отырмақпыз.

(Егер көңіл түкпіріңізде: «Өмір сүрудің қос формасы қалай пайда болған?» деген сұрақ туындаса, ұлы ақынның «Иілтіп екі басын ұстаған Хақ» деп ескерткеніндей, берер жауабымыз – Хақтағаланың хикметі дегенге саяды. Өркениеттің бірін-төмен, бірін-жоғары қоюдың қисыны қайсы? Бір мысал. Б.д.б. 6-ғасырда Скифия елінен Грекияға аттанған Анахарсис, қазақша – Анарыс ғұлама Отырықшы әлемнің «жеті ғұламасымен» ақыл-парасат сайысына түсіп Көшпелілер мәдениетін паш етіп еліне оралады. Демек, отырықшы жұрт – озық, көшпенді – жабайы деген сөз өтірік «мифтердің» бірі).

Қазақ тарихнамасы (кең мағынада – қазақнама) қалай қалыптасты? Отырықшының Көшпеліге көзқарасы бойынша дейміз. Өзіңіз де ойлаңыз, еуразия көшпенділері тарихы Грекия, Парсы, Қытай сияқты алыс-жақын көршілес елдердің жазбалары бойынша түзілді. Олардың молдығы тамаша олжамыз. Бірақ… (иә, бар бәле осы «бірақ»-та тұр) әрбір отырықшы елдің Көшпелі әлемге өз «терезесінен» қарағаны хақ. «Терезеден» кең Даланы көрудің мүмкіндігі қандай екендігі айтпаса да түсінікті. Демек, отырықшы елдің деректері көшпелі көзқарасымен екшеліп, ақыл-ой қазанында қайта қайнатылып отырмаса, Ақиқат ауылына жақындай алмаймыз. Көшпелі көзқарасымен жазылса ғана Қазақнаманың іргетасы берік, қабырғасы бүтін болары сөзсіз.

Қазақнаманың қазіргі халіне қатысты біраз дәлел-мысалдар алайық. Қазақ тарихнамасының (историография) Сақ-Скифиядан (б.д.б. VІ-VІІ ғас.) бастау алатыны белгілі. Жөн делік. Бірақта осы Сақ елін Қазақ елі деуге жүрегіміз дауаламайды. Ол ол ма, Сақ елін картадан сызып тастап, мүлде жаңа ел атауын үстінен оп-оңай жаза салады екенбіз: «В ІV-ІІІ в. до н.э. на территории Казахстана, -дейді тарих оқулығы, – сакские племена из-за междоусобиц и войн начали распадаться». Сонда сақтардың орнын басқан кімдер? Әйтеуір өзге жұрт емес екен: «Крупные племенные союзы усуней и канглы стали занимать обширные просторы Казахстана».

Бұл жерде, сөз жоқ, «отырықшы»-ның пайымы, соның көзқарасы. Айналасы бірер ғасырда сақ тайпасы, үйсін немесе қаңлыға айналып кете барды дегенге «Көшпелі» сене алмайды (Дала тіршілігі – тұрақтылық символы деген пікірді алдыңғы сөзімізде «қадап» айтқанбыз). Кілтипан неде? Менімше, арғы қазақтың бір «терезеден» – массагет (грек), енді бірінен – сақ (парсы), тағы бірінен – үйсін (қытай) боп көрінуінде жатыр. Көрінсе көрім ғой, бірнеше ғасырға көрінбей жоғалып (терезе алдынан) кететінін қайтерсің, сынаптай сырғыған бұл Дала жұртының?!

Осындай «жоғалып кету» проблемасы жайында Көшпелі әлемнің аса ірі зерттеушісі Л.Гумилев былай дейді: «История Срединной Азии не может быть нам понятна, если мы не учтем двух разрывов традиции: между Хунну и Тюркским каганатом и между Каганатом и империей Чингисхана. В перерывах лежат периоды обскурации».

Жақауратпай имандай шындықты ашық айтқанға не жетсін, шіркін. Бұл жерде «периоды обскурации» деп ғалым 2-3 -тен 4-5 ғасырға дейін Дала тарихының үзілуін, яғни Дала жұртының «Отырықшы» назарынан тыс қалып, «жоғалып» кету жайын айтып отыр.

Сонда «жоғалып» кететіндей қазақ халқының қарасы аз ба еді? Әлде басқадай себептер болды ма?

Осы жайды біраз екшеп өткеніміз жөн сияқты. Біздің дәуірімізден бұрынғы үйсіндер (б.д.б. ІІІ – ғас.) санын қытай тарихшысы Сы-ма-цянь: «численность населения – 630 тыс. человек» деп көрсетіпті. Бұның ішінде 200 мыңға жуық адам әскерге жарамды екен. Аты аталған тарихшының «усуни схожи с хуннами» деп көрсететіні бар.

Ғұндардың саны тіпті қара-құрым болған. Ғұндардың территориясы Байкал көлінің шығысындағы Аргунь (атауына қараңыз!) өзеніне дейін созылғанын айтсақ та жеткілікті. Қаңлы тайпасындағы адамдар саны Қытай дерегі бойынша: «насчитывалось 600 тыс. человек или 120 тыс. дворов».

Келтірілген деректерден соң Қазақия – іргелі ел емес деп көріңіз. Қабырғалы қалың ел болмаса б.д.б. 107 жылы қызының көз жасын көл қылып Қытай патшасы оны Көшпелі елге ұзатуға мәжбүр болар ма еді: «Усуньский Гуньма (царь) взял ее второй женой».

Б.д. бұрын-ақ қазақтар санының бірнеше миллионға жеткеніне оқырман назарын аударуымның өзіндік себебі бар. Ол – төменгі бір мәселелерге келгенде, мысалы, қазақтың өзге Түркітілді жұрттардан бөліну, өсіп-өну себептерін ашуға қажет болады. Алдын ала айтайын, жартылай көшпелі, сондай-ақ отырықшы Түркі халықтарының пайда болуына Отырықшы және Көшпелі әлемдердің арақатынасы арқылы сәуле түсірмекпін. Бұл төменіректе жазылатын жайлар.

Қазір Ғұн тайпаларын «қазақ» деуіме бір ауыз пікір. Қазақ ғалымдары Ғұндарды «қазақ» деуге ә бастан ынталы боп келеді. Өйткені бұл жалпылама атауға ие көшпелілерді қазіргі Арғын (Арғұн), Алшын, Қыпшақ т.б. ірі тайпа-ұлыстардан ажырату қиынның қиыны (ұранына дейін бір болса, қалай бөлектейсің). Қысқасы, Ғұнды-қазақ деу тарихқа қиянат емес. Нақты бір дәлел, Ғұнның бір тармағы – Оңғыт (бұны Л.Гумилев дәлелдеген), ал қазақ ғалымдары (Ә.Марғұлан, Н.Мыңжан т.б.) Оңғыт – қазіргі Уақ тайпасынан өзге ешкім емес деген шешімге келді.

Тағы бір айтар жай – үйсін, Қаңлы, Ғұн тайпаларының тарихы мен территориясынан кей-кейде қазақ Жүздерінің төбесі қылтияды. Қазақтың үш Жүзі б.д. дейін болған ба? Бұл әңгіме әзірге оқырманның ой тамыздығы болып қала тұрсын.

Қорыта айтқанда, біздің эрамызға дейінгі Қазақия – ұлттық тарихымызға ғана емес, күллі әлемдік тарихқа жарық түсіре алады. Мысалы, Скифия елі – әлемдік тарихтың ең үлкен ақтаңдығының бірі десек, сірә, қателеспейміз. Ойлап көрсек, кең-байтақ Дала иесі массагет (сақ) жұрты екенін айта келіп, Геродоттың: «верхней одеждой, обычаями и традициями они похожи на скифов» деуі жайдан жай емес екен. Ежелгі Далада біртұтас Қазақия (әсіресе, руханият тұрғысынан) болған деген ойға жетелейді.

Қазақнама туралы, кейбір ойлар, міне, осылар. Қазақнамаға қай қырынан тақасақ та, атау-терминдерден «бас қататынын» аңғару қиынға соқпайды. Демек, бұл ат басын арнайы бұруды талап ететін үлкен проблема. Атау – терминдерге қатысты айтар мәселелер аз емес. Сондықтан «қазақ» деуге дейінгі Дала жұртына ортақ атау болып келген Ғұн, Түркі, Татар, Қимақ, Қыпшақ және Монғол-татар сияқты жалпылама мәнге ие терминдер төркініне ғана шағын шолу жасамақпын.

Ғұндар – Ұлы Дала өркениетін жасаушылар, оның ежелгі өкілдері. Ежелгі Ғұн – «біздің қазақ» деп дәлелдеп жатуға мақала көлемі көтермейді. Сондықтан Отырықшы өркениетіне бас игісі келмеген Дала саясаты, Дала идеологиясы туралы Л. Гумилевтің мынадай пікірін келтірумен шектелейік: «Великая степь манифестом заявила свое право не быть Китаем, а быть только собой. Такая борьба велась еще со времени хуннского Модэ…» (Древние тюрки. М. 1993. 337-6).

Селеулі Сары Дала, үйір-үйір жылқы. Көшпелі жұрт. Дала тіршілігі ештеңеге селт етпей баяғыша өз өзімен («быть только собой») қала берді.

(Жылқы демекші, темір ауыздықты жүгеннің ең көнесі қазақ жерінен табылды. Ең көне қымыздың ыдысы да бізде. «Сақ» деген парсы сөзді «Салт атты адам» мағынасын береді. «Қазақ» этнонимі «Хас Сақ» яғни «нағыз Сақ» ұғымын білдіреді деген жорамал бар. Халқымыздың «қазақ – жылқы мінезді» деуі ше. Қысқасы, жылқы тарихы – Дала һәм Қазақ тарихы).

Ұлы Дала өзгермеді. Бірақ Отырықшы әлем үнемі жаңғырудан (материалдық тұрғыдан) көз ашпады. Осыған орай, Көшпелілер де елдік, мемлекеттік құрылым-нұсқасын өзгертіп отыруға тиісті болды. Бір сөзбен айтқанда, Көшпелі кеңістік сақталуы үшін ұлы Түрік қағанаты (6-ғас.) дүниеге келді. Біртекті тілде сөйлейтін Дала жұртынан бәрі – «Түркі» аталатыны осы кез. Бұған қарап, қазіргі Түркі тілінде сөйлейтін ұлттар сол заманда жеке-дара сипатқа ие емес еді деуге әсте болмайды. Қағанат деген құрылым бар болғаны өзгелердің Түркілермен санасуы үшін, Дала іргесін бекіту үшін жасалған саяси Одақ болатын.

Естеми мен Бумыннын адамзаттан бағы асқан,

Төрт бұрышы дүниенің соларменен санасқан.

Бүкіл түрік үмітпен екеуіне қарасқан,

Қол астына жиылып, қол астынан тарасқан,

– деп осыны айтады Орхон – Енисейдегі тасқа қашалып жазылған мұралар. Бұл жерде «бүкіл түрік», әрине, Түркітілді талай ұлттың бас қосқанын білдіреді. Бірақта өзімізді өзіміз дәріптеу деп секем алмай-ақ айтуға болады – Түрік қағанатының бас тірегі – қазақ ұлты болды. Себебі бұл кешегі үйсін, Қаңлы, Ғұн территориясында ту тіктеген Қағанат.

«Разрыв… между Хунну и Тюркским каганатом» деп Л.Гумилевтің көрсеткеніндей, осы екі аралықта «Отырықшы» әлем – «Көшпеліден» көз жазып қалған деп пайымдаймыз. Сақ, Ғұн, үйсін, Қаңлы атаулары неге өшірілді? Саяси картада жана атау – «Түркі» қалай пайда болды? Мәселе ескі жұрт кетіп Далаға расында жаңа жұрт қоныстануында емес, гәп Отырықшыға солай болып көрінгендігінде деп қорытамыз.

Аталған еңбегінде Абай: «Есте жоқ ескі мезгілде… бір татар аталған халық бөлінген екен. Қытайлар «татан» деп жазады. Асыл түбі қазақтың сол татар» – дейді.

«Түркі»-мен қатарлас шыққан атауыңыз осы – «Татар» термині. Айта кету керек – Татар, Қыпшақ, Қимақ т.б. терминдер жеке бір тайпа – ұлыстардың атауы болғаны да мәлім. Сонымен бірге, бұлар, тағдырдың жазуымен, Дала тайпаларына ортақ атауға айналды. «Татар» термині «Түркіден» гөрі нақтылау, дұрысы, «қазаққа» бір табан таяу атау. Абайдың татарды «қазақтың асыл түбі» дейтіні, бір есептен, сол.

Енді қимақ-қыпшақ атауларына келейік. «Бұлар «татар» – мен тамыры, тегі бір жұрт емес пе?» – деген сұрақ бағзы заман тарихшыларын да толғындырған-ды. Парсы тарихшысы Гардизи (11 – ғас.) былай деп топшылапты: «кимеки происходят от татар, родственниками татар названы также кипчаки, баяндуры» (История Казахстана. А.1993. 65-6).

Сонымен, Түркі қағанаты мен Шыңғысхан дәуірі аралығындағы Қазақия территориясын мекендеген тайпалар атауларына аз-кем талдау жасадық. Ол да жоғарыдағы қорытындыны құптайды: «Отырықшы терезесі» -нен түрліше көрініп, жаңа шекпен жамылғанымен Дала сол баяғы, Дала жұрты да сол баяғы.

Енді Шыңғысхан дәуірінен бір қызықты дерек келтірейік. Рашид ад-дин жазбасында былай деп көрсетіпті: «Әрқайсының дербес аты болса да моңғолдардың даңқын өздеріне телігісі келіп, өздерін моңғол деп атаған наймандар, жалайырлар, оңғұттар мен керейттер т.б. тайпалар солардың атымен белгілі болған… ал, шын мәнінде, олай болмаған» (Жылнамалар жинағы. 1-том, 75-6.)

Бұдан ұғатынымыз – күллі көшпенді тайпалар «Өздерін моңғолға» телігісі келген. Шыны олай болмаған деп, парсының атақты жылнамашысы халқымызға (Жалайыр – ұлы Жүз; найман, оңғыт, керей – Орта Жүз) өткір сын найзасын қадап отыр. Жасырып-жабары жоқ – «заманына қарай амалы» дегендей, өзгелерге «телу» (бірде -үнді, иран, бірде -араб жағына) қазақ шежірелерінде болып тұрған нәрсе. Бұл жерде бізге керегі – Рашид ад-диннің «олай болмаған» деген тұжырымы. Өстіп ол «қазақтар -даралық сипаты айқын ұлт» деп меңзеп отыр. Ұлт болса – Ел, яғни Қазақия болғаны өзінен өзі түсінікті.

Тобықтай түйін: Көшпелі өркениеттің тарихы сол өркениетті жасаушы жұрттың ой жүйесіне, көзқарасына сәйкес болуға тиісті. Бұл-бір. Екіншіден, отырықшы елдерден жеткен атау-терминдер Қазақнамаға діңгек, негіз бола алмайды. Олар бойынша Дала төсін мекендеген жұрттар ортақ діңнен өрбіген бұтақтар емес, шығу тегі, асыл заты беймәлім ала-құла құрама халықтар болып көрінеді.

Асан Омаров, ғалым.

 

 

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation