Дүйсенбі, Қыркүйек 3, 2018
Негізгі > Жаңалықтар > Ел-жер > КӨШЕ АТАУЛАРЫ ҚАШАН БІР ЖҮЙЕГЕ ТҮСЕДІ?

КӨШЕ АТАУЛАРЫ ҚАШАН БІР ЖҮЙЕГЕ ТҮСЕДІ?

Бүгінде жер-су, елді мекен атауларының төңірегінде қордаланып қалған мәселе жетерлік. Ауыл, қала атаулары былай тұрсын, көше атаулары да ала-құла жазылып, бір қалыпқа түспегені жасырын емес. Оның үстіне кейінгі кездері көшелерге елге еңбегі сіңбеген, беймәлім адамдардың аттарының берілуі жайлы да баспасөзде жиі айтылып жүр. Жалпы, көшелерге ат беру қоғамның әр саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан, елін-жерін жаудан қорғауда еңбегі сіңген бабалар мен отаншыл, елжанды азаматтарды ел есінде мәңгі сақтау мақсатын көздейді. Бүгінгі мақаламыз көше атаулары мен олардың жазылу реті жайлы болмақ.

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр толса да, Алаштың рухани астанасы саналатын Семей шаһарында көше атаулары ретке келтірілмеген. Көше атауларын жазудағы ала-құлалықты тақтайшаны жасаған адамның қиялына қарай бір жерде үлкен, бір жерде кішкентай әріптермен жазылып жүргенін көріп жүрміз. Тіпті түрлі түсті боялып, сан алуан оюмен өрнектелгендері де аз емес. Бір қарағанда, бұлай жазылғаннан еш өрескелдік байқалмағанымен, әр үйдегі көше атаулары тасқа жазылғандай анық болғаны жөн-ақ. Айталық, көшенің атауынан кейін жазылатын «көшесі» сөзі «көш.», «к.», тіпті «к-сі» деп жазылып жүргенін көзіміз көрді. Бір сөзбен айтқанда, бірізділік жоқ. Осыдан-ақ жалпы еліміз бойынша көше атауларын жазудың бірыңғай үлгісін енгізу қажет екенін түсіну қиын емес. Барлық көшелердің аттарының жазылу үлгісі, түсі, өлшемі бірдей болса, көлік жүргізушілеріне де, сырттан келген қонаққа да анық, түсінікті болып, қарапайым халықтың да көзінде жатталар еді. Оның үстіне бұл мемлекеттік тілге деген құрметтің белгісі болар ма еді.

Бұл айтылғандарға орай қосар ойымыз – көше атаулары жазылған аншлагтар алдын ала қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісіліп ілінсе, жергілікті билік тарапынан арнайы қаржы бөлініп, аншлагтар дұрысталып, жаңадан жасалса деген тілегіміз бар. Бұған қоса бұрын  аты-жөндері қысқартылып, атаулары түрлі нұсқада жазылғандары дұрыс жүйеге түсірілуі керек. Сондай-ақ  орысша, қазақша атаулары және ескі, жаңа атаулары қатар ілінген аншлагтар да бар. Айта кету керек, мұндай қателіктерді, негізінен,  жекелеген тұрғындардың жеке иеліктегі үйлеріне өздері жасап іліп қойған тақтайшалардағы көше атауынан ұшырастыруға болады.

Ескі, жаңа атау демекші, Семей шаһарында көше атаулары жазылған тақтайшалардың жанында ескі атаулардың да сақталып қалуы көңілге кірбің ұялатады. Айталық, қаламыздағы Абай көшесінің атауымен қатар тұрған «Советская» деген ескі атауын да көрсетіп қойған. Сол сияқты Айткеш Ибраев көшесінің бойында да ескінің қалдығы «ул. Карла Маркса» деген атауды сақтап қойғандар бар. Бұл аз десеңіз, «Семей таңы» газетінің алғашқы редакторларының бірі болған Мәннан Тұрғанбаев атындағы көшеде де бұрынғы «ул. Борцов революции» атауы тайға таңба басқандай көрсетілген. Бұл – біз айтып отырған ескі атаулардың қатар жазылып жүрген бірлі – жарымы ғана. Шын мәнінде, мұндай жайттар қалада жетіп артылады.

Иә, тілдің қолданысын толық қадағалау кезек күттірмейтін мәселе екені айдан анық. Елімізде есімдері елеусіз қалып бара жатқан көптеген тұлғалардың атына көше беру мәселесі де өзекті. Мәселен, облыс орталығын айтпағанның өзінде, Семей қаласында жалпы саны 1042 көше болса, оның 280-і ғана мемлекеттік тілде екен. Бұл қаладағы барлық көшенің 37 пайыз ғана қазақ тіліндегі атауға ие. Бұл – кеңес дәуірінің құшағынан шыққаннан бергі тәуелсіз елімізде атқарылған жұмыстар реті. Біздіңше, қордаланған көшелер атауын реттеуде бұл көрсеткіш тым аз. Әрине, еш нәрсенің де бірден жүйеленіп кетпейтінін түсінуге болады. Дегенмен барлығын уақыт реттейді деп қарап отыра берсек, алысқа шаппасымыз анық.

Жалпы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің деректерінше, Семей қаласы аумағында барлығы 1270 геонимдер (көшелер, тұйық көшелер, кварталдар, шағын аудандар) тіркелген екен. Оның ішінде 357-сі мемлекеттік тілде болса (29,8 %), 584-і қайта атауға жатады. Яғни, қала бойынша геонимдердің 46,0%-ы қайта атауға жатады деген сөз. Бұл дегеніңіз қала аумағындағы барлық геонимдерді мейлінше жүйелеп, біріздендіру қажеттігін көрсетеді. Сөзіміздің түйіні ретінде айтарымыз: ономастика саясаты ең алдымен мемлекет тәуелсіздігіне, ел мен жерді ұлықтау идеясына қызмет етуі тиіс.

Асан МЫРЗАХАН,

«Семей таңы»

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation