Он үшінші ғасыр… Күллі әлемнің саяси картасын өзгерткен, ал Еуразияда сонымен қоса, этнодемографиялық ахуалды төңкеріп өткен, ақылың сенбейтін ғажайып оқиғаларға толы осы ғасырға тоқталу алдында оның қарсаңындағы Дала панорамасына көз жіберу артық емес деп ойлаймын.
Қытай дерегі бойынша: б.д.д. үйсіндер-630 мың, қаңлылар-600 мың, ал ғұндар саны -1,5 млн. адам болған. Ежелгі Ғұн, Түрік қағанаты делінетін дәуірлерді сидырған осы алғашқы мыңжылдықта – сайын Дала тұрғындары, яғни таза көшпелі халықтың саны өспесе, кеміген жоқ. Және, айта кету керек, бұл заман – Рух еркіндігін де сыйлады.
Сонымен, 12 ғасырдың соңында Ұлы Дала толысты, нығайды һәм күрделі әлемге айналды. Осы пайымға Дала панорамасының бірер аймағынан нақты мысалдар алайық.
Махмұт Қашғари – Жетісу және Қашғария өңірлерін қамтыған Қарахан мемлекетінде дүниеге келген ғалым бабамыз. «Түрік тілдерінің сөздігі» (1072-1083) атты еңбегінде ол жазады: «Қашғария қалаларының тұрғындары хакандық-Түркі тілінде сөйлейді».
Дешті Қыпшақ, яки Сахара төсі болса бір сәрі, ал Шығыс Түркістанда «хакандық», яғни «мемлекеттік» мәртебеге ие қай тіл? Ол – қазақ тілі деп пайымдаймыз. Оған Қашғари пікірінің өзі дәлел.
«Он противопоставляет государственной язык, – деп жазады белгілі тарихшы С.Кляшторный, – который называет «хаканийским», другим племенным языкам, противопоставляет «речь тюрок» речи туркмен, огузов, чигилей, ягма, кыргызов» (Казахстан. Летопись трех тысячилетий. –Алматы, 1992. -165-б).
Көріп отырсыздар, хакандық тіл – түркмен, оғыз, қырғыз сияқты ірі этностардың тілі емес. Яғни «речь тюрок»- қазақ тілі екені аңдалады. Осы тілді М.Қашғари «туған тілім» деп және «бұл көшпелілер тілі сондықтан бүлінбеген, таза тіл» деп көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, Қашғари бабамызды тілдің бүліну процессі алаңдатқан екен.
Жетісу және Шығыс Түркістандағы (бұл жерде аймақтың теріскейі сөз болып отыр, ал, ұйғыр ұлты күнгейде – Тұрфан ойпатында шоғырланған) қазақ тайпаларына төменіректе «Моғолстан» әңгімесінде қайта ораламыз. Енді назарымызды Сары Даланың батыс шеті – Еділ аумағына аударайық. Географиялық тұрғыдан Еділ және Дон арасын Дешті-Қыпшақтан, қазақша айтқанда Сары Арқадан бөле қарау қиын. Тарихи тұрғыдан қарағанда да, арғы бетке Түркі тайпалары емін-еркін өтіп ол жақты ежелден тұрақ қылғаны мәлім. Мысалы, ғалымдар: «В XI в. в южнорусские степи вторглись племена кимаков-кипчаков»-дейді. «…Второе крупное передвижения на Запад после гуннов» деп және «причина передвижения неизвестна» деп ескертеді (Археология СССР. М. 1982. 217 б). Батысқа жортуыл себебі «беймәлім» делінді. Расында да, жөңкілу сыры неде?
Көшпелі тайпалардың тау тасқынындай батысқа жөңкілуі жайдан емес, бұл Алланың хикметі, осымен, олар тұтас әлемге соны серпіліс әкеліп отырды. Бірақта өздері де сол ортаның тұтқынына айналып, ақырында тарих сахнасынан жоғалғанын мойындауға тиіспіз. Көптеген ғалымдар бүгінгі болгар, венгр, украин және орыс халықтары этногенезінде Түркілер үлесі 30-40 пайызға дейін деп топшылайды. «Полынь половецкого поля» атты деректі кітабында мәскеулік ғалым Мурат Аджи (ұлты-құмық) осы проблеманы тереңінен толғайды. Батыс қыпшақтарының аянышты тағдырына жан жүрегі езіліп, қабырғасы қайысады.
Сонымен, Даланың панорама-картасын шолудан шығар түйін – Шыңғысхан дәуірі қарсаңы ұлы Даланың әр тұсында отырықшылык салт-сана етек алып, тамыр жаюымен ерекше болды.
Алғашқы мыңжылдықтағы Дала әлемін түгел барлау түгілі, көз тастаудың өзі, сөз жоқ, ұзақ-сонар әңгіме. Демек, оның басты сипаттарын ғана келесі қисындарға сидырып көрелік.
Бірінші – б. д. 6-ғас. дейінгі заманда-ақ (массагет, үйсін, ғұн дәуірлері) Дешті Қыпшақ, Батыс Сібір сияқты орасан зор жасыл-желек от жайлаулар қазақ тайпаларының ата-қонысына айналған. Қазақия немесе Алаш елі пайда болды. Бірақ өкініштісі сол, отырықшы «терезесінен» бұл аймақ, бұл ел көріне қоймады. Сол себепті ғылыми айналымға да түсе алған жоқ.
Екінші – Отьірықшы (Өзгермелі) және Көшпелі (Тұрақты) өмір сүру формалары арасындағы жарыс пен тайталас уақыт озған сайын өрши берді. Өз тіршілігін табиғат тынысына толық бейімдеген көшпелі тайпалар – әрқайсысы кішігірім дербес мемлекет боп ( таңбасы бар, белгіленген жер – суы бар) өмір кешті. Ал отырықшы халықтар бір орталыққа бағынған мемлекеттер құрды. Осы ахуал, яғни жайын аузындағы шабақтардай болып жұтылу қаупі – «Түркі қағанаты» деген саяси Одақты дүниеге әкелді. Сөйтіп, көшпелі әлем «Түркілер» атала бастаған.
Үшінші – «Түркі дәуірі» делінген келесі алты ғасырда (VІ-ХІІ ғас. аралығы) халықаралық сауда-саттық көрігі қызды және әлемдік діндер шалғай аймақтарға жетті. Сары Дала етегінде сауда-саттыкпен байыған ел-жұрттар мен шағын хандықтар (Түркеш, Қарлық, Қарахан т.б.) пайда болады. Бақталастық күшейді. Дала тұтастығына жік салынды. Қысқасы – материалдық прогресс пен мәдениет екпіні Дала тынысының тарылуына әкеп соқты. Арқадағы қалың ел қыпшақ-қимақ одағының тасыған өзендей отырықшылық шарбағын екі бағытта (оңтүстік және батыс) бірдей быт-шыт қылып бұзып өтетіні, міне, осы шақта болған. Осы тұста айта кетелік – жоғарыдағы «причина передвижения неизвестна» деген мәселенің жауабы да осы арада дегіміз келеді.
Қорыта айтқанда, Дешті-Қыпшақ мемлекеті екі ғасырдан астам уақыт жасағанда «Түркі» термині жоғалып, оның мәні «Қыпшақ» атауына ауысты. (Қазақтың «тоқсан екі баулы қыпшақ» деуі осымен Қазақия ел-жұрты түгел деген мағынаға меңзесе керек).
Концептуалдық тұрғыдан айтылған осы үш пікірімізді енді дау-дамай туғызып жүрген кейбір проблемаларға қатысты ой -толғамдармен толықтыра түселік.
Біріншіден, «көшпелі тұрмыс» ұғымы – мал тұяғы соңынан еру, яғни өмір сүру тәсілі ғана емес. Бірінші кезекте – далалық дүниетаным, басқаша айтқанда, рухани-идеологиялық жүйе. Түсініктемелейік. Алтай, әсіресе, Жезқазған өңірінде көне кеніш орындары қисапсыз көп. Ал құм астында қалған қалалар қаншама. Мысалы, Қостанай облысының бір тұсынан (осыдан он жылдай бұрын) ғажайып қала аршылып алынып, күллі әлемді елең еткізді. Қысқасы, отырықшыға «қонған» өнер-мәдениет көшпеліге ортақ, оның да қолынан өткен құндылықтар. Мәселе сонда, олар тұрмысына қажетті, рухани жүйесіне сыйымды дәрежеден артық өрістетуге тұратын құндылықтар саналмай, бірте-бірте сыртқа тебілген-ді.
Екіншіден, көшпелі тұрмыс пен салт-сана этникалық топтардың бірін біріктірсе, енді бірін ажыратқан. Мысалы, қазақ үшін шығу тегі және тілі бір батыс қыпшақтардан тілі бөтен моңғол тайпалары әлдеқайда жақын туыс еді. Рухани жағынан. Сол заманда жасаған тарихшылар 13-ғас. қарсаңында екі халық тілмашсыз сөйлесіп, ұғысатын хәлге жақын болған деседі.
Үшіншіден, көне тарихымыздың парақтарында атауларынан көз сүрінетін моңғол тайпалары – теле, жужан, таңғыт, сәнби, тоба, қарақытай (қидан), шүршіт, сондай-ақ ұйғыр халқының көшпелі бөлігі т.б. қазір қайда?
50 мың, мейлі 100 мың түтін болсын кейбірі Қазақияға, кейбірі Қытайға сіңіп жоғалды. Неге? Себебі – еш жерден ауып келмеген, ықылым заманнан өз аймағын мекендеген ірі этностар оларды жұтып алды. Бұны айтып жатқаным, осы тұжырым – қазақ халқын ежелгі және ірі этнос деп білуге үлкен дәлел.
Сонымен, жоғарыдағы ой-пікір, көзқарастардан шығар қорытынды – он үшінші ғасыр қарсаңы көшпелі Кеңістіктің (бұл жерде қазақ даласы мен моңғол даласын меңзеп отырмын) «кертілу», «кему», ал көшпелі жұрттардың отырықшы халықтар арасына «сіңу», «жоғалу» процессі үдей түсуімен, айқұлақтана көрінуімен сипатталады. Мынаған қараңыз – Қазақия және Моңғолия, жалпы көшпелі әлем тізе біріктіріп теңдесі жоқ саяси-әскери одақ құруға алып келген тереңгі себеп – осы құбылыс болса керек. Ал біріктіру миссиясы сол алаң-елең, алакеуім дәуірде кімнің иығына түсті? Ол адам – хан Шыңғыс болатын.
Асан Омаров, ғалым. Семей қаласы.