Ауыл. Түнді жамылып ап,
Түгел тылсым көшке еретін. …
Біздің үйдің шамы бірақ,
Бәрінен де кеш сөнетін.
Ай көңілге нұрын сеуіп,
Қиял құштық үйге сыймай.
Кеш батса да жүруші едік,
Кешіп бастан күйді осындай.
Тұла бойдан текті аңқытып,
– Болармысың мұнша қырсық,
Әкеңе айтам! – деп қорқытып,
Жүреді Анам жұмсақ ұрсып.
Анам – момын, Әкем – қатал,
Бір біріне жақын, серік.
Кілең ұлдар қатар-қатар,
Кілем үсті жатушы едік.
Шілде күні. Өрт айнала,
Терезеден түскен арай.
Ойын қуған өңкей бала,
Оянушы ек түске қарай.
Жалаң аяқ жаз өтеді,
(Есейдік-ау біздер ептеп.)
Жаңа киім қажет еді,
– Не киеміз? Күзде – мектеп.
Ақ көйлекті (ағамдікі),
Кетседағы сарғыш тартып,
Киім қылып маған бүтін,
Беруші еді сәл қысқартып.
Таңсәріден, тым тымырсық,
Мектеп бардық таласа ерте.
Қалтамызда – құрт, ірімшік,
Арқамызда – ала сөмке.
Ауылдағы үй! Бақ, ырысым,
Бақытым да – өзіңде еді.
Саған деген сағынышым,
Содан бері көз ілмеді.
Бар байлығым сенде менің,
Өтсе дағы уақыт сырғып.
Жаратқанға тәубе дедім,
Жаратпаған бақытсыз қып.
Қалқаман Сарин,
ақын