Ақылбек ШАЯХМЕТ
Өмір – айқас алаңы
Қарап тұрсаң, ғажайып, өмір – айқас алаңы,
Бұғы, бұлан, еліктер – қасқырлардың тамағы.
Ағын суда шоршыған үндемейтін балық та
Шығып қалса жағаға қарай алмас жарыққа.
Емін-еркін інінде өмір сүрген кей тышқан
Іннен шықса құтылмас мысық деген жыртқыштан.
Қиқу қосып, құс салған біледі оның сырын ел,
Қаз-үйректер бүркіттің тырнағына ілінер.
Қанаты бар құстарға сөйлеу болса бір арман,
Сөйлей білген тоты құс тор ішіне қамалған.
Түйеқұстың, алайда, сермесе де қанатын,
Аспаны жоқ ұшатын, көлдері жоқ қонатын.
Аяғы жоқ болса да жорғалаған жыланның,
Жете алады тырмысып биігіне қыранның.
Құмырсқаның керемет тірлігіне қарашы,
Солай еңбек ете ме адамзаттың баласы?!
Гүл-бақшада шырынын сорып жүрген гүлдің де
Ара менен сонаның айырмасын білдің бе?!
Оң мен солын әлі де айырмаған адамдар,
Бір Алланың жаратқан ғаламына қараңдар.
Үлгі, өнеге, тағылым – барлығы да бар онда,
Соның бәрі жазылған қасиетті Құранда.
***
Асығы алшы түскендерге
Өмір бүк те, шік те емес.
Жемісі ерте піскендерге
Жолы болмай кеткен өш.
Сайран салып жүргендерге
Өмір деген түк те емес,
Фәни сырын білгендерге
Өлім соңғы нүкте емес.
***
Тәй тұрдым.
Қаз бастым.
Тағы аттадым.
Қопардым тоң болған қыртысты қап-қалың.
Бойыма жұқты ма тер төгіп тапқаным?
Біреуге жақтым.
Біреуге жақпадым.
Артыма қарадым.
Аялдап, тоқтадым,
Осынша жол жүрсем, бойымда жоқ па мін?!
Арман не мінген соң сипалап ат жалын,
Кең жолға апарса кішкентай соқпағым.
Ілгері жүруге кей кезде жоқ халім,
Көкірек кей кезде – қайнаған от-жалын,
Рақат па, азап па, алдына кеп тұрмыз
Ішінде не бары беймәлім қақпаның…
***
Балтамен ағаш жармаған
Таң қалам кейбір ағаға.
Отызда орақ ормаған,
Қырықта қылыш шаба ма?!
Не көрсе-дағы еті өліп,
Тығылып тұрса тасада,
Елуде еңсе көтеріп,
Алпыста алшаң баса ма?!
Таусылмай сайран, серілік,
Шашылып текке мал да көп,
Жетпіске жетіп желігіп,
Тайраңдап жүрген шал да көп.
Қарақан басын ойлаған,
Қалқиып жүрген қара боп,
Шалдарға толы айналам,
Түзейтін, бірақ, шама жоқ.
***
Өрге тартсаң – өгіз өліп,
Арба сынса еңісте.
Төрт құбылаң тегіс болып,
Жетемісің жеңіске?!
Өле ме өгіз, өлмей ме, әлде,
Айту қиын дәл қазір.
Шығармас, бірақ, өгізді өрге,
Араға кірсе Әзәзіл.
Биік таудың да табаны жерде,
Басында суық қар болса.
Домалар кейде тасың да өрге,
Жаратқан өзі жар болса.
***
Тайғанақтар тағалы ат,
Өзен бойын жағалап,
Мұздан аман өткенді
Жатқан кім бар бағалап?!
Машақатты көп көрген,
Өтіп шықса өткелден,
Пысық десе ұнатқан,
Сұм ғой дейді жек көрген.
Ел болғанда жанашыр,
Жазасың тән жарасын.
Ағайынға аңдыған,
Қалай, қайтіп жағасың?!
***
Аллаға сенбеген,
Жөн сөзге көнбеген,
Тәубаға келмеген
Тозады.
Жалғанға төзбеген,
Шайтанға ермеген,
«Жақсы сөз – ем» – деген
Озады.
Кіретін сыналап,
Күпірлік, қиянат
Адамға, сірә, жат.
Аулақ жүр!
Шүкірлік, ғибадат,
Жүрекке ұялап,
Бес парыз – тиянақ
Дәл қазір.
***
Біреулерге келемін ілесе алмай,
Біреулерден болсам да көш ілгері.
Қызық, сайран, думанды түгесе алмай,
Теріп жүрмін бұйырған несібемді.
Түні бойы көремін тәтті түсті,
Күні бойы тағы да жол жүремін.
Көрдім талай арпалыс, қақтығысты,
Нәр татпаған кезім де болды менің.
Фәни менен Бақидың арасында
Келе жатқан пендемін қара жолда.
Кез болсам да дауыл мен бұрқасынға,
Қасқа күлкі, досыма таба қылма.
***
Жылу жоқ жер – тастай суық,
Жарық жоқ жер – қараңғы.
Күнді көрсем ерте тұрып,
Нені білдім таң алды.
Жомартпын деп төсін соққан,
Сараңды да көп көрдім.
Жеңілгенде есерсоқтан,
Өзімді өзім жек көрдім.
Жолдағыны таптап өтер
Асқан кісі шамадан.
Зұлымдығын мақтан етер
Мейірімі жоқ адам.
Еленесің, еңбек қайтса,
Босқа өтпесін күнім де.
Біреу саған алғыс айтса,
Көгересің түбінде.
Тапсаң саған айтқан өкпе
Дос дертінің дауасын.
Ар-ұятың тұрса бетте,
Иман жүзді боласың.
***
Кісілер бар – атағынан мінген атың үркетін,
Кісілер бар – тек жүрсең де, шаптан келіп түртетін,
Кісілер бар – мысқылдайтын әр ісіңді күлкі етіп,
Кісілер бар – жылағанда көздің жасын сүртетін.
Кісілер бар – бетіңе айтсаң, шыға келер ісініп,
Кісілер бар – сөз сөйлесе, отырасың тұшынып,
Кісілер бар – мақсатыңды айтқызбай-ақ түсініп,
Кішілерді құрметтесе – соның өзі кісілік.
Кісілер бар – сөзі көп те, істеп жатқан ісі жоқ,
Кісілер бар – талабы мен ниеті жоқ, күші көп.
Ізгі жандар бұл өмірге тектен текке келмеген,
Бұл фәниде жүрген дұрыс кішіпейіл кісі боп.
***
Бөлінбейді ешқашан деп жүрсек те іргеміз,
Бір анадан тусақ та, бола алмадық бірге біз.
Бөлек-бөлек бөлмеге қойды қамап біздерді
Қойып қойған қарауыл өмір деген түрмеміз.
Болған шығар қате көп, тура жолдан адасу,
Емдеп шыққан жан аз ба тағдыр салған жарасын?!
Бал-шәрбаттай ешқашан дәмі кетпес таңдайдан
Бөліп жеген жас кезде қара нан мен қара су.
Біле алмадым, жайлы орын тұр ма күтіп ол жақта,
Тастай суық табанға көк мұз, әппақ қар жоқ па?!
Кешір, болса, күнәсі, жарылқашы, Раббым,
Көз беретін соқырға, қол беретін қол жоққа.
Көргенімді айнытпай жазып жүрген ақынмын,
Жүрсем-дағы қаймықпай, көптің бірі – пақырмын.
Иман бер деп Алладан тілек тілеп тағы да,
Дұға жасап, қолымды жайып, міне, отырмын.
***
Наданға алдыңнан болар кез,
Қайтесің сөзіңді шығындап.
Жүрсем деп естімей жаман сөз,
Құлақты қоясың тығындап.
Көшеде жан көрсең көргенсіз,
Көзіңді еріксіз жұмасың.
Шындықты айтуға дәрменсіз
Болғанда тіліңді тиясың.
Ауыз, көз, құлақ, тіл – ораза,
Ораза тек бір ай бола ма?
Ішіңді, сыртыңды тазала,
Бұзатын нәрсеге жолама.
***
Біреу сұрап ердің қасын,
Біреу бұлдап берген асын,
Арпалысып арамдармен,
Жүрген кезде қорланасың.
Жан бағасың, арланасың.
Аярларға алданасың.
Қайрай-қайрай шыңдаласың,
Қалыптасар көзқарасың.
Көмілгенде қырға басың,
Бере жатар ел бағасын.
Сонша жауды қайдан таптым,
Ренжітпей жанбаласын?!
Өрмелесе өрге тасым,
Оның несін қызғанасың?
Іштарлардың іштері өтсін,
Көре алмаған тұз жаласын!
***
Көп кісіде бас та, аяқ та, бәрі бар,
Одан басқа мүшелер де табылар.
Бірақ, бірақ, намысы жоқ болған соң
Бар болғаны ішіп-жейтін жануар.
Қызық қуып, сайран салып, тайраңдар,
Жүрген жерге құсып, тышып, ойрандар.
Адам ба екен? Ұқсаса да адамға,
Тойғанына мәз болатын хайуандар.
Көп адамның сырты жылтыр, іші боқ,
Мүләйімсіп, көрінбекші кісі боп.
Қиды жиса дүниеқоңыз секілді,
Одан кейін не болады, ісі жоқ.
Елдің жиған ырыздығын ұрлаған,
Күнделікті қызметін бұлдаған,
Жерді ластап, суды лайлап тұп-тұнық,
Осылар ғой жердің бетін былғаған.
***
Сар масадай үймелей,
Бірін бірі кимелей,
Суық сөздер миыма
Қадалады инедей.
Жұдырықтай жүректі
Шаншығанда кіл «епті»,
Жалбарынып сұраймын
Жаратқанан тілекті.
Тіршілікті бар қамын
Көп ойлауға қорқамын.
Сенім ғана тірегім,
Сабыр ғана қалқаным.
Тартсаң-дағы мың азап,
Сатса-дағы жұрағат,
Кешу тілеп Алладан,
Жаса Хаққа мінажат.
***
Кемшіліксіз пенде жоқ,
Кеудедегі жан бөлек.
Қасиеттің кейбірі
Сендебар да, менде жоқ,
Менде бар да, сенде жоқ.
Қандай едің сен кеше?
Білгішсініп ендеше
Ақыл айтпа елге көп…
***
Жемісі секілді сарғайған бақшаның,
Бұл күнде дәурені жүріп тұр ақшаның.
Ақшамен жабады қылмыстың іздерін,
Ақшамен жабады кімде-кім тапса мін.
Бөлінген қаражат жолдарды жамауға,
Батпақта тұңшығып, түсіпті талауға.
Жел мұжып, су шайып, ойылған тас жолдың
Ел-жұрттың жүзіне беті жоқ қарауға.
Бөлінген қаражат тұрғын үй салуға,
Көркейтіп, көктетіп, өрлеуге, дамуға
Жайынның аузына түсетін шабақтай
Жұтылып кетіпті тойымсыз обырға.
Қаншама қаражат ағылған шет елге,
Сарғайып жатыр ғой банкте бекерге.
Аш қалған, жаураған халықтың дауысы
Тарс жабық бітелген құлаққа жетер ме?!
Халықтан алғанын халықтан жасырып,
Жинаған доллары жат жұртта шашылып,
Байлық пен мансапқа, нәпсіге құл болып,
Тамұққа әлде олар бара ма асығып?!
Жүргендер қылмыңдап, қыз көрсе жасарып,
Жетімнің хақына қалмай ма шашалып?!
Береді жауабын, тартады жазасын,
Бір Алла көріп тұр, біліп тұр, осы анық!
***
Алдамшы жалғанда
Кім қалар таза боп.
Билігі барларда
Қылмыс көп, жаза жоқ.
Адам аз фәниде
Көп беріп, аз алар.
Байғұсқа, әрине,
Қылмыс жоқ, жаза бар.
Сүрінген, жығылған
Тұра алмай жатқан бар.
Қоғамда құбылған
Жақынын сатқан бар.
Елімнің пейілі кең,
Бастан сан өтті сын.
Жығылған жерінен
Адалдар тік тұрсын!
Қолымды жаямын,
Болсын деп бас аман.
Жауыз бен аярды
Жазала, Жасаған!
***
Жарасып бетке күлкің де,
Жүріп тұр саудаң бұл күнде.
Саудагер жанның пейілін
Сезбеуі пенде мүмкін бе?!
Жер астын сатып тауыстың,
Жер үстін сатып тауыстың.
Қолыңнан келсе сатар ең
Байлығын барлық ғарыштың.
Айырмай жат пен жақынды,
Қабағың болды қатулы.
Есеппен бәрін жасадың,
Сәлем де болды сатулы.
Жиғаның бір күн жоқ болар,
Түбінде әділ сот болар.
Фәниде тойып жүрсең де,
Тойымсыз деген ат қалар.
Тіріңде сатып жеріңді,
Көзіңе не зат көрінді?
Таба алмай қалып жүрме сен
Өлгенде кірер көріңді.
***
Қасиеті шексіз,
Даналығы түпсіз,
Ғаламға Жер шарын
Іліп қойған жіпсіз.
Құдіретті Алла!
Береке бер қолға.
Жақсылық қыл жолда.
Жапа шексем, қорға!
Әумин!
***
Тән емес, жанның дерті асқынғанда,
Дертке дауа табылмас қас қылғанда.
Жаратқанның сынағы деп білеміз
Біреуді тоқ, біреуді аш қылған да.
Құдайды да кіналар қайғырғанда,
Ақыл-ойын пенденің сай қылған ба?!
Жаратқанның сынағы шығар, бәлкім,
Бірін кедей, біреуін бай қылған да.
Түсіп жүрсе кейбіреу құса-мұңға,
Біреу жүрсе бақыттың құшағында,
Біреуді сау, біреуді сырқат қылса,
Көзімізге көрсеткен нышаны да.
Заманда да сұрқия, сұм алдаған,
Мезгілде де тапқанын құралмаған,
Өзіңе сен, өзгеге көзді сүзбе,
Медет тіле жалынып Бір Алладан.
***
Мақсатыңа адастырмай апаратын жол кәні?
Жабық үйден сыртқа шықпас кейбіреудің арманы.
Дастарханың дайын тұрсын үйге келген мейманға,
Қыдыр есік қаққан кезде – үйде болсаң болғаны.
***
Тілек тілеп қол жайғанда, қасиетті батаны
Қасиетсіз әлдекімдер кейде беріп жатады.
Естігенде тост секілді тойда айтатын сөздерін,
Дәстүрімді аяқасты қылғандары батады.
***
Аз сөйлеп, көп ой айтар кезді ұмытқан,
Жалықтым мылжыңдаған езбе, қырттан.
Апырай, Абай қалай тауып айтқан,
«Қазақтың сөзі ұзын, – деп, – өзге жұрттан…»
***
Кетем деп айтқанымен елді байытып,
Қолынан келмеді ғой ерге сай түк.
Сөзі мен ісі ешбір қабыспаса,
Қарайды ел бетіне енді қайтіп?!
***
Көп тұрса да бұзылатын сәт келсе,
Күн көзінде тұрған тәтті ашиды.
Ел ішінде теперішті көп көрсе,
Қайтпас-қайсар жігіттер де жасиды.