Қиялдың зау биік шыңына шығып, ақша бұлтты аспанға өлең жазған ақынды сирек кездестірем. Көрсем, құсни қаламын мұңға малып, жыр жазғанына тамсана қараймын. Жыр-бұлағын жүрегіме құйып, жанарына үзбей қарай беремін… Тамсануыма ешкім кедергі бола алмайды. Өйткені ол – ақын.
Ақындарға солай қарау керек.
Біржан Ахмер
Анама хат
Қолыма алып қаламды,
Қойныма салып дәптерді.
Көшіріп төске ғаламды,
Көзіме бояп көктерді,
Аттанып барам ілімге…
Қап-қара қалың түндерден,
Ағарып кетті шаштарың…
Нәзіктеу жансың гүлдерден,
Жаңбырдан суық жастарың…
Мінезім қиын бір беткей,
Өлгенім, ардан аттасам.
Сүтіңді аппақ кірлетпей,
Ақ үмітіңді ақтасам.
Аттанып барам арманға…
Оңай да болмас жүк енді,
Тола мұң жүрек – тегене.
Табанымдағы тікенді,
Қайтемін қадап шекеңе…
Аралап қайтшы елімді,
Орамал – бұлттар түбітті.
Көтеріп алып сенімді,
Арқалап алып үмітті,
Аттанып барам ғасырға…
Жоғалттым, таптым кімдерді?
Нұр сүйем, сүйсе қыс қарды.
Анашым тербет гүлдерді,
Тербеші ана құстарды…
Жұбатшы бәрін жұбатшы…
Алақаныңның қуатын,
Сіңірдің маған, ғаламға…
Кеудемде қалған шуағың,
Сыйлаймын елге, заманға…
Жығылып, тұрам орнымнан,
Мұң ұрлап түнгі от ұры.
Суықтау сенің қарныңнан,
Бұ дүниенің жатыры…
Бәрін де бәрін шайып-ап,
Өмір-өзенмен жыл ағар…
Алақаныңды жайып-ап,
Дұғалар ұшыр дұғалар…
Бұралаң соқпақ жолдарым,
Кеудемде өсті гүл маңғаз.
Тағың болсашы қолдарым,
Сыйласам шіркін, НҰРДАН ТӘЖ!..
Бақытқа барам аттанып…
Мақатаев көшесі
(Ұстазым Бұлан Жамбылға)
Жұлдыздардың жібектері орам мың,
Сырласыңның жанарындай саған түн.
Көйлегіне тоңған талдың жыртылған,
Жапырақ боп құшағыңмен орандың…
Жасырады бұлт қолымен меңін түн,
Қиық Айға шекпеніңді сен ілдің…
Өзгелерге сыйлау үшін қуаныш,
Неге аға жеңіп тұрып жеңілдің?
Мұқаң да бар, біз де бармыз күз барда,
Мың жылдық бір мұңың бар ма мұздарда?
Өзгелерге шешіп беріп тоныңды,
«Ыстықтадым» дейсің тағы ызғарда…
Пенделердің санайсың-ау дос бәрін,
Жолдас көрдің тау мен қырдың тастарын.
Күнге күйіп сарғайыпты қыр, шөптер,
Айға күйіп ағарыпты шаштарың…
Ай естісе, кеудеңдегі мың әнді,
Періштелер тыңдап жүр ғой дұғаңды…
Мақатаев көшесінде отырып,
Неге ылғи сағынасың Мұқаңды…
Домбыраның күмбірі бар төсіңе,
Далалардың самалдары есіле…
О, Бұлаға! Неге саған қарасам,
Мұқағали түсе беред есіме?
Мұқаң сынды жүрегім бар менің де,
Сап-сары күз…
Түсім әлде өңім бе?
Күз талаған киіміне қайыңның,
Қарай бердің,
Жамау болсын дедің бе?
Кім біледі жаралған-ау күн гүлден,
Алматыға таудан есті мың бір дем…
Тоз көйлекті ілгішінен ағаштың,
Киіп өтед әрбір жүрек бір-бірден…
Бір ғана сәт бақ, қайғыны ысырып,
Кеңістікке жапырақты ұшырып…
Қайың тұрды сен қасынан өткенде,
Мың кесені мың қолынан түсіріп…
Үшеу едік…
Мақатаев және біз,
Қолын бұлғап кетіп барад әне, күз!
Кездессе-ші бүгінгі мен кешегі,
Неге бөлек ғасырларда сан егіз..?
Бұл көшеден сан өмірлер өтеді,
Ал ағаштар лапылдаған от еді…
Сол көшемен сіз жүргенде талдардың,
Жапырағы өлең оқып кетеді…
Алматыдан ұшырмадың құсыңды,
Көктемеге жорытқызып түсіңді.
Ешбір адам ұға алмаған жаныңды,
Мұқағали Мақатаев түсінді…
Жапырақтың тәні желге сырылып,
Жүректердің биігінде мұң ұлып.
Мақатаев көшесімен жүрдің де,
Өз көшеңе кеттің, аға, бұрылып…
Күн
Көріп тұрып көре алмаған шын ғаріп,
Маздатады отындарын түн жағып…
Жылтылдайды інжу-інжу үміттер,
Жапыраққа ілініп тұр мың жарық…
Таба алмадым, аспан, сенің шегіңді,
Сүйсе біреу, күн сүйсінші көгімді.
Жапырақтың жанарынан тайғанап,
Сансыз сәуле кірпігіме төгілді…
Ұшып барад анау арай, ол түлеп,
Кімге, кәні, болайыншы, кел, тірек?!
Бір керімнің жанарынан сібірлеп,
Әне, шапақ қонақтапты мөлдіреп…
Алаулайды мың бір үміт – таң оты,
Жарық-жарық жердің, көктің қабаты.
Жеті түсін, нұрдың жеті ішегін,
Шертіп ұшты құстың нәзік қанаты…
Толқын-толқын нұр төгілген таң кемер,
Бұл гүлзарға арай қонар, бау келер.
Қанаттарын қағып барад шапақтар,
Қонып жатыр, ұшып жатыр сәулелер…
Күннен арай үзіледі, тамады,
Нұр бұлақтар қырдан, белден ағады…
Күннің сансыз шаштарына тағылған,
Құс-шолпылар сылдыр-сылдыр қағады…
Әкелсе де, әкетсе де әр шақтар,
О, жүрегім, армандарға аңсап бар.
Гүлде, шөпте, жапырақта, ауада,
Жарқырап тұр мың гауһарлар, мың сафтар…
Мынау тілім, мына кеудем серт етті,
Кешегі мен…
Ол да кетті, ол да өтті…
Тамып түсті маңдайыма бір арай,
Жүрегімде бір шұғыла мөлт етті…
Жапырақтар – парақтар
Мы рождены для вдохновенья,
для звуков сладких и молитв.
(Пушкин)
Кірпікте – бүр, жанарда – нұр, қабақ – қар,
Жапырағым – парақтарым, парақтар.
Шайыр ағаш жапыраққа жыр жазды,
Қаламы – күн, сиясы – нұр, шапақтар.
Есімде ғой есіне Ай, есіне,
Көп қадалдың жүрегімнің өсіне.
Кездесуге асығам да, қашамын,
Құшақтап-ап итеремін несіне?
Бұл өңірге көп кетемін, көп келем,
О, жанарлар інжулерді төк дер ем.
Зар еңіреп жылаймын да, күлемін,
Сүйем-сүйем, ғашық болам, жеккөрем…
Жапырақтар, жапырақтар – ақындар,
Жырға бергем…
Жырдан алар хақым бар.
Мынау өмір жазбасаң да өлең ғой,
Қарай берде бәрін-бәрін оқыңдар…
Ей, дүние тіліп өтіп мың қайғың,
Қайда барад, қайда қонад мұндай мұң?
Үндемеймін күллі ғалам сөйлесе,
Үнсіз ғана отырам да, тыңдаймын.
Шайыр үшін бәрі ғазал, бәрі жыр,
Ақын деген әрі – батыр, әрі – дүр!
Сол бір Нұрбек бір балконның алдында,
Бір аруға өлең оқып әлі тұр…
Маңдайымнан сүйіп самал, жалап нұр,
Іздерімді сақтап қалған сорап қыр.
Сонау Нұрбек санай алмай арманын,
Әлі күнге жұлдыздарға қарап тұр…
Анау жамал, мынау кеуде қинайды-ақ,
Бір өмірден, бір жүрекке сыймай қап.
Сол бір Нұрбек «өмір» жайлы өлеңін,
Әлі күнге жазып отыр шимайлап…
Мен ғашықпын композитор – құстарға,
Пәни – өмір көктем барда, қыс барда.
Сол Нұрбекті әкетіппін көктемге,
Ал ақынды қалдырыппын ызғарда…
Өмір – ақын, дала – ақын, гүл – ақын,
Аспан – ақын, жаңбыр – ақын кіл ақын!
Жапырақтай сезінсемші өмірді,
Жапырақтай өлең жазу мұратым…
***
Тас та, бел де кетті білем ысылып,
Арманымды қанатымен құс іліп.
Тау-тау сағыныштарымды арқалап,
Көкірегім бара жатыр қысылып…
Сан мың тағдыр қирамасын тозбасын,
Нұрға сіңіп кетем бір күн өз басым.
Жүрегімнің жартасынан домалап,
Жанарыма құлап жатыр көз жасым.
Мен сенемін жүрек мәңгі соғарын,
Ал тамшылар бір-ақ рет тамарын.
Еркін жүзген ауадағы құстардың,
Қауырсынын сипалайды жанарым…
Жүрегімде туған жердің жамалы,
Қамыстардың сазы қалды һәм әні.
Жанарымнан домалаған тастардан,
Бой көтерді сағыныштың қамалы…
Тау көшеді, жұлдыз ұшып санамнан,
Иіскеші… жусан аңқып жарамнан.
Қара түнге сыйға тарттым жасымды,
Жұлдыздардың жарығына оранған…
Анау бақтар тербеледі көсілген,
Бір мұң, бір бақ еш кетпейді есімнен.
Сағынышым жапырақты жамылып,
Күзге қайтып бара жатыр төсімнен…
1.09.16ж 13:02
Бір досым бар…
Меніңше күз – белгісіндей бақидың,
Жапырақтар – оңған көйлек бөзіндей…
Бір досым бар мың досыма татитын,
Бірде шуақ, бірде боран – өзімдей…
Терек анау көкке созған көп қолды,
Біздер деген жан бармаған мекенбіз…
Бір досым бар көрмегелі көп болды,
Кім біледі, көрісер ме екенбіз…
Бір шындық һәм бір жалғаннан кендемін…
Қос бетімнен қаншама рет ар тайған.
Күз еді ол кейпіндегі пенденің,
Ақын еді парақтары сарғайған…
Бір дос үшін мың жолдасым садаға,
Көзде өскен мейірімдер солатын…
Темекісін будақтатып ауаға,
Түтінімен жан әлемін салатын…
Көп тесілдік уақыт деген көбеге,
Қайда түсті талдың алтын медалі…
Шыңға қарап отырушы ек төбеде,
Оны қайдам, төбедемін мен әлі…
Самайымнан айлар тасып, жыл ағып ед…
Сия болып қаламдарға түн төгіл.
Мың рет көріп, қоштасқаннан бір-ақ рет,
Бір рет көріп, қоштаспаған тым жеңіл…
Бықсыдым рас, бірақ-бірақ сөнбеппін,
Күлкім менен сорым қалды әжімім боп.
Бір-ақ күнде ақын болып мен кеттім,
Өз жөнімен ол да кетті Мәжнүн боп…
Әй, дүние шайырларша сөйлеңдер…
Ой да, мұң да бәрі-бәрі өседі…
Жүректерден шыққан кезде сөйлемдер,
Әр әріптің қанаты бар деседі…
Көздерімде жымыңдайды бұлтық мұң,
Жиынтығы жанарымда ғаламның…
Бір оғынан өлген артық мылтықтың,
Мың өлгеннен жүрегінде адамның…
24.11.16ж 17:11
Сол бір жылы безінген,
сол бір күзде бәрі менен…
Безінгенмін өзімнен…
Мың жапырақ солды сонда төсімде,
Мың шағала ұшты менің көзімнен…
Мен секілді сен өмірді сүйіппе ең?!
Мен бәріне қараушы едім биіктен…
Қабыл бола жаздағанмын өкпеден,
Ішіп кете жаздағанмын күйіктен…
Лай, батпақты, көз жасымды кештімде,
Бықсыдым да…
Лауладым да…
Өштім де…
Мен өмірді түсінбеген шағымда,
Түсіндіріп бермеді ғой ешкімде…
Мен күрсініп, аспан жатты жөтеліп,
Жапырақтар құс соңынан кет, еріп!
Мен кеткенмін бағыты жоқ әлемге,
Сүлдерімді көтеріп…
Мың моншағын шашты сонда төніп түн,
Күте алмады көріксіздеу көріктім…
Сонда менен күзді көрді, түн көрді,
Бірін көрді тірі жүрген өліктің…
Пенделер рас, пенделерді ұқпайды,
Тереземе тұнып қапты шық қайғы.
Деп пе едіңдер: “болашақсыз бұл пенде,
адам түбі шықпайды…”
Қайыңдардың жүрегіне зар шағам,
Қайда келді?..
Қайда кетед?..
Барша адам.
Сенесің бе қайғыдан да жалыққам,
Білесің бе бақытсыз боп шаршағам…
Бақыттымын енді мен.
***
Көзімдегі зүмрүт бақыт, алтын мұң,
Мені ақын және адам етеді…
Мен білмеймін мүмкін күндіз, бәлкім түн,
Мынау жалған басқаша боп кетеді…
Мойнын созып рауан тағы қарады,
Лаулап кетем, күйіп қалса сәл денем…
Мынау өмір өзгеше боп барады,
Басқаша боп кеттім бе екен әлде мен…
Түн һәм Айдың кермек мұңын ішіп ем,
- Өтер бес күн,
өтсе өтсін, жарайды…
Аппақ тымақ киген үйлер ішінен,
Қарашықтар көзәйнектен қарайды…
Көңіл үшін жылаймын да, күлемін,
Нені әлде кімді қудым, ентіктім…
Өлімнен соң өлім барын білемін,
Өмірден соң өмір барын енді ұқтым…
Қар жауыпты…
ақ сұлылар егілді,
Ешкім әлі таптамаған, баспаған…
Қар жауыпты аппақ парақ секілді,
Қандай жақсы бәрін қайта бастаған…
\
19.01.2017ж
Ештеңеге қызықпаймын ештемеге,
Бір білерім ғашықпын мен көктемеге…
Аяқтарым қалып қалған неге жерде,
Ал ойларым қалып қойған көкте неге?
Қарияның қабағындай өңі кештің…
Қайда кетіп, қайдан келіп, нені кештім?
Мені ешкім сағынбайды, мен де ешкімді,
Мен ешкімді түсінбеймін, мені де ешкім…
Мен бармын ба?
Әлде тұрған мүсінмін бе?
Мәнісі не өңімнің де, түсімнің де?
Ұғынықсыз болғанымды ұға алдың ба?
Түсініксіз екенімді түсіндің бе?
Күлгенім бе?
Жанғаным ба?
Тоңғаным ба?
Уақыт еріп бара жатыр тоң қолымда…
Қар – жапырақ, ақ жапырақ, жау тағы да,
Солдың неге күз тәніме қонғаныңда?
Замандарды көңілге емес көзге іліппіз.
Бәрінеде кеш оянып, кеш келіппіз.
Бәрімізде тірі жүрген ескерткішпіз,
Барлығымыз айтылмаған естелікпіз…
Жүректерге жаяу кетем, жаяу барып…
Жаурады ма қайың біткен сояу қалып…
Қар жаусада қарға қалар қара ағашта,
Төнседе түн мен отырам ояу қалып…
26.01.2017 ж 00:33
Кеше күздің жаназасын өткердік,
Оның зарын, қуанышын көп көрдік…
Сәл бақытты бола қалсақ біріміз,
Көңілінің жағасынан шап бердік…
Ет үйренді сезе-сезе салқынды,
Шаба-шаба жүрегімде алқынды…
Жамау мынау төсімменен, құдай-ау!
Мәңгі бақи сүйіп өтем халқымды…
О, ақиқат қажыр да сен, жігер сен,
сені таппай түнеремін түнерсем…
Зүміреттерін теріп алып жанымның,
Айналама шашып-шашып жіберсем…
Жыр – әлемге, әлем ұқсас – ғазалға,
Көп жанарлар сәйкеседі тажалға…
Уақыттарды киіп алып ғұмырлар,
Кетіп әне бара жатыр ажалға…
23:37 08.12.2016
Кім боп кетті, не боп кетті бұл ақпан…
Түн шырқаған саз кетпейді құлақтан…
Түсінбеймін ізім менің көп нүкте,
Әлемімде тұратындай сұрақтан…
Сансыз өлең, сансыз әріп басымда,
Ойланамын қос нөл бардай жасымда.
Мен өмірді көріп тұрмын құдай-ау,
Мен өмірді сүріп жүрмін расында…
Кейде аспан, сосын теңіз, көл едім,
Бала кезден өмір сүрсем деп едім.
Құшағына тығылып-ап анамның,
Мен өлімнен жасырынғым келетін…
Таңнан келед ғұмыр жайлы әр хабар,
Ал түндерден ой Һәм бірге сор қалар…
Бұл қаңтарда көктеме жоқ, әйтседе,
Жүрегім бар…
Қарғалар бар, қарда бар…
Қиял бөктен ой гүлдерін теремін,
Мен ғаламды жүрегіммен көремін…
Өз-өзімді түсінгенде бір күні,
Мен өмірді түсіндіріп беремін…
23.01.2017. 18:500:00
***
Досым да болған, ғашық та болғам кеше мен,
Жазыппын сонда, жазбаппын сонда неше өлең?
Бәрі де өтті, бал жастығындай кәрінің,
Көшемен келіп кетті ғой солар көшемен…
Арзандап кеткен достықтан бәлкім жалықтым,
Есігіне де бара алмайтын табыттың…
Көрмеді олар бір ғалам еді ар жағы,
Ішіндегісі көкіректегі қабықтың…
Досым жоқ бүгін, доссыз да өмір сүре алам,
Доссыз да жылап, доссыз да ойнап, күле алам…
Сатқындықтар мен тұрақсыздыққа түкіріп,
Кетіп барады бір адам әрі тірі адам…
Ақ Перизат
Күн кештім мен айыра алмай парықты,
Көре алдың ба жүрегімнен шарықты…
Таныдың ба қабақтағы әжімді,
Жанарымнан байқадың ба жарықты…
Алшы түсем, бүк құлаймын асықтай,
Ұнаттың ба тұрысымды қазықтай…
Жүрегіме жаяу келдің үндемей,
Өміріме баяу келдің асықпай…
Мен білдім бе жүрегімнің шөгерін,
қасіретім қабырғамды сөгерін…
Берейін бе менің дертті кеудемді
Сенің нәзік жүрегіңе , шекерім…
Қанат бардай арасында арқаның,
Ғашық болсам уайымдаймын ар қамын…
Әнтек қаққан кірпігіңнен бір күні,
Ақын құлап кете ме деп қорқамын…
Жапырақ пен сирен исі шашыңда,
Қарғаның бар қауырсыны қасыңда…
Мен бақытты һәм бақытсыз күйдемін,
Сенің ғана жүрегіңнің қасында…
Аппақ қардан суық гүлді тересің,
Сен сүйесің кітаптардың сөресін.
Мен қараған жанарлардың бәріне,
Сен қарап өт,
Өз бейнеңді көресің…
Сен тыңдасаң, мен кітаптай ашылам,
Сен қарасаң, шұғыладай шашылам…
Ақ парақтай ақ жүзіңе дегенмен,
Ақын шимай сыза ма деп, шошынам…
***
Еркім емес бұл заманға тұстаспын,
Бір биіктеп, бір түседі жағы ұрттың.
Мен өзіме ең қаталдау ұстазбын,
Мен өзіме ең керенау шәкіртпін…
Тағдырмыз ба, соры қалың, бағы кем,
Кейбіреудің жүрегінде тірімін…
Көріп тұрған кей жанарда жоқ екем,
Ғұмыр сүрем қиялында бірінің…
Тек жеңіспен бітетұғын аяғы тек,
Ұлы соғыс болып жатыр төсімде…
Кей пенденің ойларында таяқ жеп,
Кейбірінің мүсәпірмін есінде…
Аша алмадым мына кеудем тас құлып,
Мың құбылдым, жүз бұзылдым жаңғырдым.
Кітаптардың кейіпкерін дос қылып,
Ал өмірден дос таба алмай қаңғырдым…
Жалған өмір қысқа ғана жолмысың,
Бөлмем сынды кейде неге ғалам тар?
Емен болып кеткен менің болмысым,
Көлеңкеме келіп, кетер адамдар…
28.11.16 14:08
***
Тағдырым-ай әжіміндей кәрінің,
Жүрем әлі, алда көктем, әрі күн…
Адамдардың баршасымен таныссам,
Жүректерін ұға алсам-шы бәрінің…
Болашығым түйіспейді өткенмен,
Емес жаным, бақыт-сараң, құт-менмен…
Мен – қаламмын, жер – параққа жыр жазам,
Ізім қалар, сия – ғұмыр біткенмен…
Жанарларды сүйем сонша несіне?
Мейірімдер қонақтаған төсіме.
Өмірімді жазып жүрмін уақытқа,
Бұл жалғанды бояп жүрмін есіме…
28.12.16жыл
Авторы: Нұрбек Нұржан