Кезекті бейнесюжет жасау үшін (журналистік жұмыс барысымен) Абай мұражайына барған едім, барлық бөлімді аралап біткеніміз сол еді, аққұба жүзді шетелдік ханым мен ағылшынша ағып тұрған жас қазақ қызын кезіктірдім. Сөйтіп, қызығушылығым оянып, мұражайды тағы бір айналып шығуға бел будым. Білімге құштар бейтаныс жандар менің қойған сұрақтақтарыма жауап берді.
– Абай мұражайына келуіңізге не себеп болды?
Denise Egea, Назарбаев университеті жоғары білім беру мектебінің оқытушысы, профессор:
-Біз Назарбаев университетінен келдік. Қазақстанның қала, аудандарын оқуға шақыру мақсатында аралап жүрміз. Қазір бос уақытымызда студентім Айдананың кеңесімен осында келдік. Өзім философияға қызығамын. Қазақстанға келгендегі басты қызығушылығым қазақ философиясы болды. Данышпан, ұлы ел билеуші адамдардың барлығы философ қатарына жатады деп ойлаймын. Себебі олар өз ойлары, сөздері арқылы халыққа қандай да бір əсер қалдыра білген.
– Мұражайдағы ерекше ұнаған экспонат немесе бөлме болды ма?
– Жалпы, мұражайда көп нəрсе ұнады. Əсіресе, бұрынғы Абай заманынан қалған артефакттар, көне заттар. Оның барлығы сол кездегі өмірді көрсетеді, Абай өлеңдерін толыққанды ұғынуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, гидтің қызметі, түсіндіргені қатты ұнады.
– Абайды тану мақсатында тағы қандай жерлерге бардыңыз?
– Бұл бірінші жер. Назарбаев университетіне келер алдында АҚШ-та Луизиана университетінде сабақ бергенмін. “Этика” пəнінде Əл-Фараби мен Абайға қатысты 2-3 сағаттық курстар болды. Жалпы, көп адам бұл тұлғалар туралы естімеген, бірақ бірнеше тілге аударылған шығармалары бар. Желтоқсан айында Назарбаев университетінде Абай шығармашылығына арналған кездесу болды. Сол кезде Семей қаласында Абай музейі бар екенін естіген едім. Біздің университетте Абайдың қара сөзінен алынған үзінді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған. Осындай ұлы адамдардың өсиет сөздері көп насихатталса, білім саласындағы адамдарға, оқып жүрген студенттерге ойтүйсік қалдыратындай талпыныс береді деп ойлаймын.
– Əңгімеңізге рахмет!
P.S. Дениз ханым біз аса мəн бермей, тұп-тура жанынан өтіп кете беретін əр экспонатты, əр суретті, əр деректі гидтен тəптіштеп сұрап, өз пікірімен қоса бөлісіп отырды. Сөйтіп, мен үшін екінші экскурсия əлдеқайда қызықты өтті. Жақсылыққа, жаңалыққа жанымыз құмар болғай!