Анадан алғаш туғанымда,
Жыладым неге дауыстап?
Кіндікті кесіп қиғанында,
Анамнан кеттім алыстап.
Ақ бұйымға орап алғанында,
Құндаққа қойды таңып сап.
Жып-жылы суға салғанында,
Денемді әбден арулап.
Емуді қайдан үйрендім тап,
Емшектен сүтті сорғанда.
«Кіш-кішке» неге күлдім ұнап,
Үш айлық бала болғанда.
Бір түнде жылап дамыл бермей,
Ояттым неге анамды.
Емізген оны қиын көрмей,
Алды ғой демей мазамды.
Ақ сүтке әбден тойғанымда,
Аштықты ұмыттым анықтап.
Жылауды мүлде қойғанымда,
Ұйқыда күлдім шалықтап.
Аспанда көріп жұлдыз бен Ай,
«Ержетсем, – дедім, – соны алам».
Ата-ана қалды, аһ, дариға-ай,
Күн болды жер мен – ата-анам.
Туғанда кейіп жыладым мен,
Сездім бе өмір сырларын.
Өмірді сүйіп ұнадым мен,
Білдім бе мұндай қыларын.
Жылылық, жарық, нұрын беріп,
Сездірген атам – күн шебер.
Балына қосып уын беріп,
Өсірген анам – қара жер.
Мұқтаждық өмір жолы бұл деп,
Мұңайтып ақыл жылатқан.
Жас өмір қызық, оны біл деп,
Алдамшы үміт уатқан.
Тамақ пен киім, ат керек деп,
Өмірім кетті қиындап.
Құмарлық, мақтан қуып ем кеп,
Көбейді мұқтаж жиындап.
Осыны сезіп жыладым мен,
Анадан алғаш туғанда.
Қызықтап өмір ұнадым мен,
Сағымды су деп қуғанда.
Жұлдыз бен Айды аламын деп,
Аптықтым неге жасымда.
Еркіндік жолын табамын деп,
Ойлаған екем басында.
Жыладым ба екен әлде сонда,
Азаттық көрмей өлем деп.
«Кіш-кішке» күлдім білмей онда,
Мазаққа талай көнем деп.
Табылмас анық азат адам,
Жаралыс билер заманды.
Көрсетер мұқтаж, азап саған,
Тартқызар өмір жазаңды.
Құлданар сені күшті өкімет,
Ноқтасыз еркін ел таппай.
Қорлықта жылап, зарла да өт,
Бостандық болар жер таппай.
Өкімет өшсе, залымдар көп,
Арлыға өмір сүргізбес.
Қарулы қасқыр құдайың көп,
Азаттық жолмен жүргізбес.
Әділет, мейірім, ар мен нысап,
Аты бар, олар елде жоқ.
Сүйгенін істеп, өзің ұнап,
Сүретін өмір сенде жоқ.
Кәрілік жетсе аяу білмей,
Жас өмір келмес қайтадан.
Бұзылмай, өлмей, өзгерілмей,
Қалады дейсің кім аман?
Кіндікті кесіп тастамағы –
Жас өмір сүйтіп қиылған.
Ақ бұйымға орай бастамағы –
Кебінің сондай бұйымнан.
Қуыстап салса құндағына,
Кіретін көрге ұқсамақ.
Тағдыр жоқ өлмей тұрмағыңа,
Өмірді өлім тұсамақ.
Алдауға күліп қуанғаның –
Алданып өтпек адам ол.
Ашығып емсе, уанғаның –
Өмірде көрмек ісің сол.
Қайтсең де көріп қайғы, жұмыс,
Қазулы көрің дап-дайын.
Айласын тап та, таза арақ іш,
Жоғалар сонда бұл уайым.
Таза ақылды айтар таза арақ деп,
Мастық деп айтса – терең ой.
Осыған ұмтыл шын ентелеп,
Қиянат, алдау – бәрін қой.
Еңбекке шыда ебін тап та,
Сабырдың түбі – сары алтын.
Өзімшіл болма, көпті ардақта,
Адамның бәрі – өз халқың.
Нысап пен мейірім, әділетті,
Жаныңдай көріп жан сақта.
Ол жолда өлсек, неміз кетті,
Мақсұтқа жетпей қалсақ та.
Зұлым боп елді қырсаң-дағы,
Қожаңыз себеп болмай ма?
Патiа боп қанша тұрсаң-дағы,
Бір күні ол дәурен солмай ма?
Шәкәрім Құдайбердіұлы
(1929 жылдың аяқ шенінде жазылған)