Бейсенбі, Қараша 9, 2017
Негізгі > Әдебиет > “Абай жолы” романы бойынша Әуезовке қойылған үш сұрақ

“Абай жолы” романы бойынша Әуезовке қойылған үш сұрақ

ӘН ЖӘНЕ ҮШ САУАЛ

 Тағы да алпысыншы жылдың күзі еді. Оңтүстікті бір айдан аса уақыт аралағаннан соң Мұхтар біздің үйге соқты. Бауыр деген, қала берсе жастай бірге өскен қиын ғой, шіркін. Бас қосып кездесе қалатындай болса, айтсаң хикая таусылмайды. Бәрі қызық, бір-біріңнен жасырмай іштегі сырды, шерді ақтарасың.

Мұхтардың келісі де солай болды. Оның үстіне ол Мәкеннің ұлының үйлену тойы қарсаңына келді.

Әркімнің перзенті өзіне қуаныш дегендей, бұл кезде кенжетайым Раузия жүгіріп, бұзып-жарып жүрген. Тілі анық шыққан.

-Мама, папа Әуезов, Әуезов дейсіңдер, менің туысым болса, амандасамын, –

деп Мәкеннің үйінде отырған Мұхтарға бармаққа ұмтылды.

-Ей, танымас. Үйге келгесін…

-Жо-жоқ келгесін емес, қазір.

-Баланың талабын қайтармаңыз. Қанына тартып тұрған шығар, – деушілер болды.

Жас баланы жатырқамай қарсы алған Мұхтар:

-Ойбой, сен кімнің баласысың? – деді, икемдеп.

-Ахмет Әуезовтың.

-Ә-ә, Раямысың?

-Ие.

-Мені танисың ба?

-Танимын. Кітапта, суретте барсыз.

-Айналайын, қарғашым, – деп, маңдайынан сүйді, бауырына алды. – Мамаң қайда?

-Әне, келеді. Алақай, мама, Мұхтар аға мені таныды, маңдайымнан сүйді.

Кәне, сендердің танымайды дегендерің қайда?

Жұртшылық баланың ақ пейіліне, былдыр сөзіне күліп жатыр.

Мұхтар сұрап, Мәкенді ортаға әкеліп отырғыздық. Өйткені ол Абай әкесінің әндерін сол бір баяғы өзгермес дауыспен айта біледі.

-Ұлықбек, елді сағындым ғой. Мәкен отырып, ән салсын. Тойды өздерің

жайғап, тағамды келіндер жағы әзірлей жатар. Көңіл көтерейік. Абай әнін естімесең, көңілді кір басады.

Үй иесі:

-Жарайды, Мұха, жарайды, мен соған құмармын, айтсын.

Айлы түнгі ырғақ, әр түрлі ойға салды тыңдаушысын. Бірде желіп, бірде желпиді.

«Атадан алтау», осы отырғандардың арманын қозғап, жүрегін тебірентіп салды.

 

Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық,

Қартаймастай көрмелік, ойланалық.

Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,

Дейміз де еш нәрседен қорғаналық, –

 

деп ара-тұра Мәкен ой салады.

Дауыс ырғақ алды. Әнді баяу желпінтіп кеп, іле өрекпи көтеріп ала жөнелді. Мұхтар отырған орнынан ары-бері қозғалақтады. Құлақ тосып, тына қалған.

Естігені:

 

Елжіреген жас емес пе ем,

Еппен айтсаң жұбатып.

Мен ғашыққа мас емес пе ем,

Кетсең еді ұзатып.

 

Жүзіне оның қызғыш нұр ойнап шыға келді. Құлай тыңдап, дүние болмысын ұмытып, сыйқырлы сазға елітіп екі қолын алдыңғы жаққа жіберіп, ырғаққа ілесе, қос қанатын жайып, құшағын аша берді. Көздері от боп жанып, буындары дір-дір етеді.

 

Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем.

Тірі қалдым, өлмей әрең,

Қатты батты тырнағың, –

 

әнмен бірге өз қуанышы, жұбанышы бойға тарап жатты. Ыстық леп. Мұхтар оқыс жалт етіп, аңқиып Мәкенге қарады. Алақанын сабалай берді.

Сөз алып, Абай ақындығы жайында қаузап отырдым.

-Ау, Ахмет, – деді, Мұхтар жіті кейіппен. – Сен осы «Абай жолын» түгел

оқыған боларсың.

-Ие, түгел оқығанмын.

-Оқысаң, романдағы бар жай мен уақиғаның көбі елде болған. Желісі соған

құрылған. Соның ішінде саған ұнамайтыны бар ма?

-Бар, – дедім іркілместен, – дүдәмал жайлар.

-Кәне, тыңдайық.

Мен әрі сен білетін Құнанбай кісіден беті қайтпаған адам.

Романда:

Құнанбай ақырып жіберді.

-Тоқтат Дәркембай!

-Мен айтарымды айтып болдым.

-Өмірде менен аяған қастығы болмаған қырсық жауым, қызыл көз пәлем сен

бе едің соңыма сұғын қадап жүрген?

-Құнеке! Мен пәле басы болған емен. Пәледен бас қорғаушы ғана болғанмын.

-Баяғыда маған мылтық кезеген де сен емес пе ең!

-Мен, кезесем де атқан жоқ ем. Жазықсыз мойныма арқан салып дарға асқан да тірі жүр ғой, – деп Дәркембай қатты сұрланып ап, Құнанбайдан әлі де өткір көзін тайдырған жоқ.

Құнанбай қанша кәрлі, зәрлі болса да, мынадай кінадан қатты сасып, аппақ сұр боп, дірілдеп кетті», – депсің. Сондай-ақ мен көріп, білмеген, азуы алты қарыс, Құнанбайды жасытып көлденең тұрған Дәркембай кім еді?

-Дәркембай күллі жатақ әулетінің кісісі, өзі секілді кедей жарлының мұңын

жақтап сөзін сөйлеген ел қариясы. Ел болып сөйлесе, Құнанбай жасымағанда кім жасиды.

-Енді екінші сауалымды тыңда – Мұхтар. Әуез атам Нұрғаным әпкемізді

Құнанбайға тоқалдыққа берген. Нұрғанымды көрдік. Адуын, өр көкірек. Ауыл аймағына би болып, әмірін жүргізіп отырған. Толық, иығына екі кісі мінгендей кісі еді.

-Я, солай еді.

-Сол бауырыңды аямай, Нұрғанымның етегін Базаралыға аштырғаның не?

-Пәллі, ә-ә, Құнекеңе бағасың… Олай болмас, Аха! Ойла, шындық – айна жүзінен де таза, деген. Сонда бауыр не, шындық не? Әрқайсысы өз алдына дүние. Дүниенің шындығын сонда жасыруым керек пе? Нұрғанымның Базаралымен көңіл қосуын жасырар болсам не болмақ? Шындық өліп, ғашық жүректер жыламай ма? Азаттық пен теңдік тамырына балта шабылмай ма, -деп, ол тоқтағанда, мен де ыңғайсыз кейіпке душар болдым. Әйткенмен орашалақ көңілімде қылдай да кірбің қалмап еді.

Ел есіне түсіп, қара шаңыраққа соққан Мұхтар мұнан да өзге қуаныш сәттеріне кез болды. Өз үйіміздегі ән мен әңгімеге тояттап, Оңтүстік сапарынан көңілді оралды.

Ахмет Әуезов

“Жас Мұхтар” кітабынан

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation