БОМЖ… Құлаққа жағымсыз естілері хақ. БОМЖ деп айдар тағып жүргеніміз – үй-күйсіз дала қаңғып, ішерге ас, киерге киім таба алмай жүрген жандар. «Ішім өлген, сыртым саудың» кебін кигендер солар ма деген ой келеді. Олай ойламасқа басқа амал да жоқ. Араққа салынып, есіл өмірін қор етіп, қоғамның шіріген жұмыртқасына айналғандарға не деуге болады?! «Олар да адамның баласы ғой» деген ой жүрегімізді жібіткенмен, «бомж» атаулыға жанымыз ашып, бәрін бірдей есіркей алмайтынымыз да рас.
Өмірден баз кешкен осы жандардың тағдыр соқпағына көз салсақ, олардан тіршілік қам қарекетін көрмейміз. Тек бір күннің ғана «қызуымен» жүретіндей. Алайда жұмыр басты пендені тағдырдың желі қаңбақтай ұшырғанда қай сайға қонарын білмей жолынан адасқан адам аз емес.
Әлемде «бомж» деген атауды естігені болмаса көзімен көрмеген мемлекеттер де бар. Ал, біздің Қазақстанда олардың деңгейі қаншалықты екені белгісіз. Қандай құзырлы мекемеден сұрасаңыз да нақты дерек бере алмайды. Демек, олар – санда да, санатта да жоқ адамдар…
Бұл жеке тағдырлардың қасіреті ме, жоқ әлде қоғамның індеті ме? Нарық билеген бүгінгі заманда әрқилы тағдыр тәлкегіне түскен, тамағын тұрмыстық қалдықтар арасынан тауып жеп күнелткен, үй-күйсіз, кез келген қараусыз қалған бұрышты мекен еткен қаңғыбастар тобы – бомждардың қарасы күн өткен сайын көбейіп келеді. Сырттай қарағанда жұрттың бәрі жиіркенішпен қарайтын «БОМЖ» (без определенного места жительства) деп айдар тағылған бұл жандардың да тағдырлары түрлі себепке толы…
Үсті-басы лас, адам сиқы жоқ, қарауға жиіркенішті адамдар біздің қаламызда да толып жүр. Көпшілігіміз көше бойынан сол тағдыр тәлкегіне ұшырағандарды көргенде еш елеместен өте шығамыз. Бойымызда жиіркеніш, кейде қорқыныш сезімі ғана болады. Ал, сол «кембағал» жандардың тіршілігіне үңіліп көрдіңіз бе?! Олардың тірлігі ешкімді қызықтырмайды. Көре сала бойымызда жиіркеніш сезімі пайда болады, кейде қорқыныш та қылаң береді. Бірақ арақ иісі мүңкіп тұрған, аяғын әрең басып, қойнына шөлмегін тыққан ол адамдар бізге не істей алар дейсіз?
Көшенің бұрыш-бұрышында болмаса да, үш төрт көшенің арасын суытпай «көше адамдарын», яғни БОМЖ-дарды көзіміз шалады. Олардың неліктен мұндай күйге түскенін ойламақ түгіл, жанына жолағымыз жоқ. Мүмкіндігінше алыс қашықтықтан өтуге тырысамыз. Олар не себепті мұндай хәлге душар болды? Жатар жер, ішер тамағы бар ма? Туыстары, жақындары бар ма екен? Осындай сансыз сұрақтар ешкімді мазаламайды да. Себебі, онсыз да қарбалас заманда, күйбең тірлікте күн кешіп жүрген біздерді басқа біреудің өмірі еш алаңдатпайды. Бірақ, бұл да қоғамның бір бөлігі екенін естен шығармағанымыз абзал. Қоғам дерті дейтін болсақ, оларды да емдеу керек қой…
Сәл ғана уақытымызды бөліп сол адамдарға назар аударайықшы. Өкінішті, әрине. Әсіресе, адам аяғын көп басатын жерлерде оларды да көп кезіктіресіз. Тіпті, әр бұрыштан көресіз. Көптің бірінің назары ауып, жүрегі жіби ме деген үміт болар, алдына қағаз қорабын қойып, қайыр тілеп тұратындар да көп. Солардың жанарымен көзіңіз түйіссе, іштегі қайғы, наланы, әлдебір мұңды байқағандай боласыз. Іштегі нала тұңғиыққа алып бара жатқандай. Алақан жайып, қайыр тілеп тұрғандар көп біздің қоғамда. Әттең… оларды осы бір «ит тірлікке» жетелеген не екен? Біз оларды күнделікті көреміз. Бірақ мән бермейміз.
Қайыр тілеп, көше қаңғығандардың арасында кішкентай балалар мен таяғына сүйенген қарттар да бар. Қартайғанда немересінің қызығын көруге тиісті ата-әжелеріміз жылы үйді емес, тас орынды өзіне мекен еткен. Кішкентай сәбиін құшақтап көше кезгендерді де көзімізбен көріп жүрміз. Өте өкінішті… Барлығына себеп жұмыссыздық, араққа салынушылық. Абай өзінің Отыз жетінші қара сөзінде: «Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады», дейді. Қазақ ақындарының бірі Шортанбай Қанайұлы: «Жалқаулық пен жалғыздық – жалғанның жаман тарлығы» деген сөз қалдырған. Шынында, бұл жалғандағы ең жаман нәрселердің бірі – жалқаулық. Адам бойындағы нашар мінездердің тізімі жасалатын болса, оның ең алдыңғы орындарының бірінде жалқаулық тұратыны сөзсіз. Жалқаулық жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруді қалайтын, өздігімен еңбек еткісі, жанын қинағысы келмейтін, «ұйқым тәтті болса, қарным тойса болды» дейтін, қолға алған ісін бітіре алмай үнемі ертеңге қалдырғыш адамдардың бойына сіңірген жағымсыз қасиет. Шортанбай айтқан жалқаулықтың тереңіне бойлап көрдік пе? Абайдың да, Шортанбай, басқаның да зарлап өткен жалқаулығы бүгінгі БОМЖдардың тірлігі емес пе?! Жалқаулық пен еріншектік адамды сұраншақ етеді. Жанын қинап жұмыс істегісі келмей, көрінгенге алақан жайып «жағдайын жасап» жүргендер жалқау емей, немене?
Көше кезіп, қайыр тілеп, көрінген жерді «баспана» етіп алғандар аумақтың сәні мен мәнін қашырып тұрғандай. Көше кезіп, тапқан таянғанын ащы суға жұмсайтындар өмірдің рақатын тек содан ғана көретіндей. Өз нәпсісін тыя алмайтын «кезбелер» болашағынан үмітін үзгендер. Себебі, оларда ертеңгі күнге жоспар, мақсат жоқ. Рухани аштығын ащы сумен ғана жауып жүргендей. Қолындағы шөлмегін серік еткендерді көргенде жаның ашиды. Семей қаласында бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Тіпті, балаларға арналғаны да бар екен. Осы жерде маскүнемдігімен ұсталған адамдар қамауда отырады, емделеді. Әй, бірақ, берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан тартып алатын БОМЖдар он бес күндік емделуге көне қояр ма екен… Оларда түзелуге, жақсылыққа деген бетбұрыс жоқ, сірә. Араққа сылқ тойып алып, не жүрерге, не сөйлерге әлі келмей жатқан «қаңғыбастардың» талайын көрдім. Жанарына көз салсаң, ешнәрсені байқамайсың. Не себепті мұндай күйге түскені де белгісіз. Жанына барып бірнеше сұрақтарды жаудырғың келеді. Бірақ қасына таяп баруға жүрексінесің. Оған қоса, анадайдан сезілетін ішімдіктің иісі маңына жолатпақ емес. Сансыз сауалдар ішіңде сақталып, тіліңде күрмеледі. Адам баласының осыншалақ санасыздығын көріп жаның ауырады. Асқазанына ас бармаса да, арақ барып жүрген олардың өмірін түсіну мен үшін өте қиын әрі қисынсыз болды.
Бағалағанға алтын, табалағанға тас, құм болған өмір талайды осы бір соқпақ жолға салды. Жанын қинап, жапанның жалғызындай болып жүрген БОМЖдардың осындай өмірге қайсысы разы болар? Аянышты әрі жиіркенішті. Айналаңа үңіліп бір қарасаң, тағдырдың сойқанына соғылып, соқпақ жолға енген осындай адамдар аз емес. Арманнан өкініші көп осы бір жандардың арасында кеш те болса қатарға қосылғысы келетіндері де бар шығар…
Әлия Таукенова,
Семей қаласы.