Құрманғазы (Абақтының алдында)
Темір тор, биік қамал, қара құлып,
Қояр ма үлкен жанын жара қылып?!
Әне жүр надзиратель сап-сарала,
Иыққа суық қару-жарақ іліп.
Дегендей: «сор-азаптың, өлімдердің
Ғаламат неше түрлі зорын көрдім»,
Алыстан үрей шашып түксиеді
Шетінде қара сұр үй Орынбордың.
Таң атса ағылады ел осыған –
Әркімде бір түйіншек бересі нан.
Қол бұлғап тұтқындарға мен де бейне
Қақпадан қатын, шалға ере шығам.
Шығарда «ғазырайылдар» осындағы
Тінтеді тілдің астын, ұшын-дағы.
Тінтеді бешпетіңнің жамауын да
Беймаза жүрегіңнің тұсындағы.
Одан соң тіміскіден құтыласың;
Жиылған қала, дала жұрты басым
Арбалы, атты, жаяу, түйелінің
Ішіне сен де барып жұтыласың.
Отырсаң,
Аузы-басың бусаң-дағы,
Қолқаңа құйылады қу шаңдағы.
Ал, бірақ, содан халық бір кетпейді
Сан дүркін полицеймен қусаң-дағы.
Бұл маңда түгел алып қыр, беткейді
Жайылған кешке дейін кір кеппейді;
Үрейлі үнсіз кіріп, жылап шығып,
Халықтар түрмесінен бір кетпейді.
Адвокат, шағым-арыз жон асады,
Ал, мұнда арық-тобыр жыласады.
Ағызып ат-тройка өте шықса,
Қоғадай жапырылып жол ашады.
Еркінде Еділ, Жайық ен Оралы,
Қалаға неше залым енер әлі?..
Бірінде экипаждың тұнжырайды
Алтын мен жез киінген генералы.
Бірінде неше түрлі «сері» көрген
Қайтады жесір пері серуеннен,
Күледі ол құйын болып жаралдым деп,
Кейінгі шаңдағымен сені көмген.
Бірінде қанден итке шал ентелеп,
Шошқаның ақ майынан «төлем төлеп»,
Бірінде қара ноғай қазіретті
Зонтикпен отырады көлеңкелеп.
… Барлығын көзбен шолды таң атқалы
Саралқа;
Арқасында тамақтар.
Қарт ана асығады
Құрманды бір
Құшақтап, кұса-шерін таратқалы.
Тотыққан беті күйіп желді күнге,
Бүгілген баяғыдан бел бүгінде;
Қашанғы ақ жаулығы қарқарадай,
Шапанның бір шалғайы белдігінде.
Жүрегін етсе-дағы заң жаралы,
Көзінде жасымаған жан бар әлі;
Тілдесіп, бейғараптан сұрағанға
«Түрменің керек,- дейді,- жандаралы»
Айтып ол аты-жөні, ұлтын әрі,
Ілгері килігеді, ұмтылады;
Терезе тесігіне қолы жетпей,
Ызалы көмейінде үн тұрады.
Дауысы қарлығады, қалтырайды,
Кім одан бұл сағатта хал сұрайды.
Қазыны қапшығымен ұры әкетіп,
Біреуді біреу мұрда қамшылайды.
Әнеки ұры жігіт жалаң аяқ,
Барынды сол алады жоламай-ақ…
Күні жоқ тыныш өткен ұрғызбай-ақ,
Аузынан аққан қанын жаламай-ақ.
Көрсе де неше түрлі сөлекетті,
Демейді ол: «мені мұнда cop әкепті».
Қас пен көз арасында қағып әтіп,
Алқаның азығын да сол әкетті.
Ақ шеше тарс түйіп сұр қабақты,
Ұзатты өз көзімен сұғанақты;
Адамның арын төккен – қайыршы күн,
Қарғысын ана тұрып соған атты.
– Ұры кім? Әр моланы бір ақтарып,
Тонайды өлікті де жырақ барып.
Біреуді біреу жеген заманада
О дағы өз парызын жүр атқарып.
Азап-сор ағыл-тегіл -«көк несібең».
Сұм заман!..
Қасиетті сол несімен?..
Баламды – бақытымды қазір маған
Түрменің іздетеді бөлмесінен.
Кім кепіл періште де қатты ашына,
Ит болып тәңірісін қаппасына?!-
Саралқа осынау бір ойға толып,
Қарады абақтының қақпасына.
Түрмеден шықты бір топ еңіресіп,
Қайғыны ондағымен тең үлесіп.
Сірескен өкі сақшы ортасынан
Ашылды анамызға темір есік.
Айып па жақсылыққа жорып қалса,
Боздаса ботасына жолыққанша?..
Оқушым! Біз осыған ілесейік,
Алда тұр хикаялы жорық қанша!..
Құрманғазы (Ерегес)
Жыл толды ескі кәсіп тоқтағалы –
Жылқымен қыста Құрман ықпағалы,
Құраулап ыстық күнде қауға тартып,
Жоқ қарап әр төбеге шықпағалы.
Жыл толды бал қымыздан жұтпағалы,
Ерніне майлы сарқыт жұқпағалы,
Ұсынып қоламтаға мұз табанын,
Жалынға ұлтарағын жаппағалы.
Көп болды көзгіл шұбат ұрттағалы,
Күркесін ескі жұрттан жықпағалы,
Күбірлеп өз өзінен домбырасын
Бейуақыт шертіп жатып ұйқтағалы.
Себеп бар серке жанға қасаратын,
Болса да бір сол үшін бас алатын,
Бермеді-ау Дөңбай бұған жыл еңбегін –
Тайшығын – тақымына басар атын.
Адам бір әділдікті сағынбай ма?..
Ол неге көрінбейді сағымдай да?!-
– Дөңбайда дөненім бар, балам!-деген
Мешінде өлген әке Сағырбай да.
Ант ішіп сұрамасқа жылдық үнем,
Құрықтың кесті бауын қыл түбінен
Кетті бұл. Бел байлады күн көріске
Тұлыпты тұмса түйе, мылтығымен.
Жері жоқ ағайынды запы қылған,
Дейтұғын: «Тіленбеймін, затым ұлдан!»
Сәуірде бір ат келді, нағашысы
Бесқасқа беріштегі Мәтіғұлдан.
Сол аттың есіңде ме сағымдағы
Көбігі күн нұрына шағылғаны?..
Белдеуде енді жалғыз елеңдейді
Әупілдек үнін тыңдап шағылдағы.
Үстінде ай сәулесі ағарады –
Кеппеген ащы тері бағанағы;
Маңдайын ол сүйкесе сықырлайды
Жұпыны жолымүйдің сағанағы.
Бір уақыт аш бүйірін сәл тартты да’.,
Жануар жалт қарады салт аттыға.
Салт атты – сақалды жан түсе қалды
Іздеген жолымүйін дәл тапты да.
Ұйқтатып келді тегіс Жиделіні –
Әсем ән қарсы алмады, күй де мұны.
– Бармысың, Құрманғазы? дегені бір
Оятты осынау тек үйдегіні.
Әуелі адам ба деп атты құшып,
(Әрнеге ұйқылы көз қақтығысып)
Ақыры құшақтады Құрманғазы
Жол соққан жолаушыны қатты қысып.
Күңк еткен құлақ тосып қарт сөзіне,
Қарады қараңғыда нарт көзіне;
Май шамын асыл ана Алқа жағып,
Жолымүй жолаушыны тартты өзіне.
Болмаған ана негіз қай балаға?-
Ақ қылыш тасын таппай қайрала ма?..
Сарыалқа, Алтыналқа ел атаған,
Қажымай отыр әлі қайран ана.
Ол көрді өз бақытын, өз шерін де,
Жап-жарық жұлдыз ағып өшерін де…
Аспанның көп тыңдады күркілін де,
Ашулы найзағайдың нөсерін де.
Өмірден ұмытпайды ұғынғанын,-
Қызықтап ертке желдің жұғынғанын,
Табанды теңіздің де күнге қарай
Ақ басын мың көтеріп жығылғанын.
Ол көрді суық бұлттың сылынғанын,
Шуақта мұздың жылап жылынғанын;
Ол көрді аз өмірге ыразыдай
Құлпырып гүлдің жарқын жұлынғанын.
Дерің жоқ мұнда пейіш, мұнда дозақ,
Табиғат күнде шьшқыл, күнде аңызақ,
Барлығын ұғып болған жүрегі бар,
Отыр ол жолаушыны тыңдап ұзақ.
Болмаса бойда намыс, тұнық ары,
Аржайы, алғыр жанның құны кәні?!
Құлағын жаулығынан шығарып ап,
Еңкейіп суық сөзге құнығады.
Ол солай хабаршыға тым құлаған,
Құлақта дыбыс бардай түн жылаған.
Уытты жүрегіне у төгіліп,
Құрман да құба суық тұнжыраған.
«Жүрегін өсіреді жау батырдың;
Бұйыртпа мазағына Әубәкірдің!
Жағаға күшті қолмен тартылғалы
Талықсып ақ шабақтай ауда тұрмын.
Сүйген жарың Әуес»
Оқыды ол осыны ашып мұсылманша,
Қарт сөзін ауыз-екі ұсынғанша.
Ойланып отыр енді қырсық күнде
Қияға барады деп құсым қанша?!
Шал айтты қиыстырып шешен, жорға:
– Кетпесін, кедей бала, есең молға!
Әубәкір Ақбайұлы старшина
Сәскеде келіп түсті Есенғұлға
Әсте мен әкімдерге керек емен,
Әйтсе де босағадан көреген ем:
Әубәкір әлдекімді іздегендей,
Түргізіп кешті көрді керегеден.
Алқызыл күнбатыста бұлт ыдырап,
Аулақта аунақшыды бір тұғыр ат.
Шаңдатып кете барды күннің астын
Желіден ағытылған жылқы жырақ
Ауылға бет түзеді қой маңырап,
Енесін ермек етті ойнап лақ.
Мейірін жеткізгелі ботасына
Боз інген ентеледі ойға құлап.
Ауыттап мініп алған бір үлекті,
Сорлы ақын сонадайдан жыры жетті.
Әуесқыз иығында шарқаты бар,
Осы кез отауына жүріп өтті.
Құлақта шолпысынан қалды ызың-үн,
Ол ғана патшасындай бар қызыңның.
Ақ қолын кеудесіне жинап басып,
Cop болды-ау сол өткені балдызымның.
Әубәкір отау жаққа – сыртқа құмар;
Мұртында күлкісі бар жұрт бағынар.
– Айнамды бос шошытпай алам!-деді.
Жетінші қыз жүрегін жұтпағы бар.
Бас құда, барлығымыз, аяқ құда,
Үлгердік үркер туа шай, асты да.
Ұрланып ол сағатта Әуес шығып
Жүгіре жоғалыпты ай астына.
Баланың көзі жеткен жеңбесіне:
Сескеніп шашбауының теңгесінен,
Бұрымын құшағына қысып апты,
Қағазды қалдырыпты жеңгесіне.
Жасырын сыбырлаған жалғыз үні,.
Кім білген, қандай үкім таңды өзіне?!
Тұрды ма кірпігінде мөлдір моншақ
Қадала қарағанда таң жүзіне.
…Селт етті Құрманғазы, бұзық аңды
Көргендей мұздап қатып жүзі қалды.
Сарыалқа білезікті кәрі қолын
Бір сілтеп әңгімені үзіп алды.
– Бар,- деді баласына өктем бүгін –
Көрермін ағып түссе көктен күнім!..
Құдайдың ортағы жоқ; жетегіңе
Дөңбайдың жылқыдан ал Кектеңбілін.
Ұйып бір тыңдар десем ел үніңді,
Сұм тағдыр қаһарына кері мінді,
Айдатсын аямаса Сібіріне,
Манаштан әкеліп бер келінімді.
– Қала бер, қайран шеше, жетті майдан.
Шыққан жоқ атқан аңым терең сайдан.
Жағадан алатұғын жауы жоқта,
Ұрыншақ ұл туады қатын қайдан?!
Демеймін қу жанымды құса қылам –
Жетпесем, арманыма пышақ ұрам!
Мұны айтып, Құрманғазы арпалысқа
Ананың ажырады құшағынан.
Құрманғазы (Қызыл қайың қонағы)
Дүние күңгірт бейне шаң, тұмандай…
Апыр-ау, келер күннің шарты қандай?
Бір үйде Құрман жатыр құс төсекте,
Денесін өз қызуы шарпығандай.
Аздай-ақ өзегіне өрті мұңсыз,
Сөйлейді көзін ашпай ол тынымсыз.
Еңкейіп тан атқалы жастығына
Орыстың ақсақалы отыр үнсіз.
Жатсынып сыры жұмбақ дәрігерді.
Оңаша таңсәріден дәрі берді.
Бір ғана тілегені:
«Сағырбаеш Сауықса, алған емі дарып енді».
Науқастың кісені жоқ кесетін де,
Қылмыс жоқ жазғыратын, кешетін де…
Ол жатыр елестетіп әбігерді
Өткерген өз басынан кеше түнде.
Оқушым, қоспасы жоқ, мұны шын де,
Бейуақыт бейнет керек күн үшін де –
Әбігер болды кеше, тас қараңғы
Мұз-нөсер қатты жауған түн ішінде.
Ол түнде алай-түлей жел де күшті,
Байқады бір ғаламат жендет істі:
Түрмеден, сонау биік жоғарыдан
Салбырап жалғыз адам жерге түсті.
Назалы нағылмайды батыл барса,-
Жоқ болды алғаш мылтық, атылғанша:
Қарауыл қараңғыда жан ұшырып,
Сабылды жаяуың мен атыңқанша?!
Алдырған неден, сірә, тайсалады?-
Біреуге біреу дереу ой салады;
Жасақтар төңіректі жарқылдатып,
Оқпен де тінтіп жатыр сай-саланы.
Көкке де от тізбегі сорғалады.
Андыздап ағаш біткен ырғалады.
Қолдағы факел жанып құрығанша
Қуғыншы көзін ашып бір қалады.
…Тағы жоқ…
Тағы нөсер тас қараңғы;
Торлады жан-жағынан тас қамалды.
– Ол қалай осы тұстан ғайып болды?
– Жер жұтты?.. Әлде соны аспан алды?..
– Қап бәлем!.. Оққа жаның болса құмар…
Көрерміз… Анық тауың бір шағылар…
– Қарашы тәңірінің жаңбырын да
Кезіңді ағызардай бұршағы бар.
Бұлайша айғай салып атырапқа,
Қарауыл қамшы басып жатыр атқа.
Ал, сонау қызыл қайың бұтағында
Оранып қашқын отыр жапыраққа.
Қайыңның қашқын бүгін өз қонағы,
Жат көзден жалғыз оны қызғанады.
Басына бұл ағаштың ұя салған
Бір кезде Мұғаджардың мұзбалағы.
Осы адам Атырауда тірі қалған
Бүгін сол батыр құстың бірі болған,-
Бұл-дағы тас қараңғы жоғарыда
Шеңгелдеп қу тұғырды бүріп алған.
Ат пен оқ баяғыша ұшқыр әлі,
Төменде ажал мейлі ысқырады;
Қырандай асыл адам қиялына
Жапырақ жамырасып іс қылады.
Бәрі де көбелектің қанатындай,
Енді-енді ер үстіне қонатындай;
Көрінсе жасырғаны жат көзіне,
Күллісі қазір өліп қалатындай.
Сыбырлап жапырақтар құлағына,
Құпия сыр айтады қонағына:
«Армандай биік шырқап кетті, дейді,
Бүркіт те бұл ағашқа қона-қона.
Ол құста осал болып жаралмаған –
Тұзақшы тұғырына бара алмаған.
Темір тор, түрме ғана салынған соң.
Ер сұңқар енді қайтып оралмаған.
Орын жоқ жерде бәлкім оған әлі,
Қалайша оны көктен оқ алады?..
Тірлікте шырқау үшін, бұл арадан
Асыл зат, әне солай, жоғалады.
Біржола безбес еді ол да кеше
Азғындар «Ажал оғын ал!» демесе;
Бұл сырды қараңғыда қайталады
Құлаққа қызыл қайың әлденеше.
Әрине, кету керек бұл арадан.
Әрт қойса, бәйтерек те құлар одан…
Қош енді қасиетті қызыл қайың,
Жақсылық өзіндей-ақ қылар адам.
Үмітсіз қуғыншылар тынышталған –
Оларға опынардай жұмыс болған;
Ертең-ақ сөз кетеді ел аузында
«Бұл үшін шайтан менен жын ұсталған»
Қуғыншы дейтін шығар: «дала бездік,
Шапқылап түні бойы қала кездік».
Ал, мұнда кісен ашты кешегі бір
Қалашқа жасырынған қара кездік.
Манағы қуғыншыға жол ашпаған
Қатулы қара нөсер толастаған.
Оған да айтылады: «пәруар деп,
Бақытын бір адамның тонаспаған».
Қайыңнан қашқын төмен сырғанады,
(Одан да аңыз болып сыр қалады) –
Түн бойы етке тиіп еріген мұз
Жыландай суық күйде сорғалады.
Ол кетті сол бетімен қала жаққа.
Жолшыбай ұшырайды әлі азапқа:
Денесі қалтырайды… Қатал тағдыр
Тағы да одан өшін алашақ па?!
Баршасы денесінің дірілдейді,
Дыбысқа құлағы да түрілмейді.
Мұз бұршақ түні бойы тоңазытқан
Жотасы уқаласа тірілмейді.
Жотасы жұдырыққа тірілмейді,
Көйлектің жағасы да бүрілмейді.
Зіркілдеп қатты ауырған зілді басы
Қай жаққа қараңғыда бұрыл дейді?!
Ол болды әр бұрышқа қағытылған,-
Каңғиды. Көздің алды тағы тұман.
Түзейді бейуақытта бетін қайта,
Жаңылып жаңа ғана бағытынан.
Апыр-ау, жаудың түспей қақпанына,
Ерліктен осы ғана тапқаны ма?..
Осы да алыс шырқап жөнелетін
Мұғаджар бүркітіне тартқаны ма?..
«Бақытқа кең ашармын есікті де»,-
Деп еді.
Шынымен-ақ кешікті ме?..
Баяғы бала кезде теріп жеген
Бұршақ та бүгін бұған өшікті ме?..
Осы ма өз қолынан жасағаны
Тағдырдың бұғауынан босағалы?-
Досының ене беріп есігіне,
Құшақтап қатып қалды босағаны.
– Жарқыным, көгершінім!.. Тірісің бе?..
Бұған да жауабы жоқ тірі сүлде…
Төрдегі төсегіне жеткізе алмай
Ентікті егде кісі түн ішінде.
…Жылынды жаны кеткен жалаң аяқ,
Қымталды бар денесі баладай-ақ.
Ақ пейіл ата кісі жаны қалмай
Қасына әлденеше барады аяп.
Осы еді оған туыс сол күндері
Суретші Лавочкин сүргіндегі.
Құрманға құпиясын ашқан өзі;
Түрмеде айтылмайды сыр кімдегі?..
«Тыңшыға құпиямды түсін!»- депті,-
Патшаны тәлкек етіп мүсіндепті.
Сол күні ұсталыпты… содан бері
Өмірі абақтының ішінде өтті.
Өсірген өжет қылып жүрегін ой,
Шіркін, бұл абақтыда жыр еді ғой!..
Мұңы жоқ құдіретті мұның ғана
Қасында көтеріңкі жүреді бой.
Түнімен түгесілмес сыбыр көбі
Баршаға бағышталды Сібірдегі.
Неғажап өлеңдерді осы кісі
«Оңаша сусыныңа сімір»,- деді.
«Дариғай-ай, орысшаның түбі терең!..
Ер елең, еңіреген жігіт өлең.
Жеті қат мағанаңды жетіп ұқсам
Жүз мәртә жүрегімді жібітер ең!»
Осынша Құрманғазы опынатын,
Сонда да соған өлең оқылатын.
Ақсақал аңызды да неше түрлі
Ұзақ түн ұғындырып отыратын.
Ол әсте таңды тегін атырды ма,
Ол «сусын», ішер асты батырды ма?
Сыр қылып сыбырлайтын осы кісі,
Балтаға басын тосқан батырды да.
Асылдың айнымасқа серт етуін
Бұл адам бұғып жатып шертетұғын.
Бұл адам тауып алып ағытатын
Басынан жүрегінің шер тетігін.
Елі бар мұның Еділ іш жағында,
Біреу тұл, біреу онда ұшпағында.
Жартылай кеше ғана босатылып,
Қалды бұл Орынбордың пұшпағында.
Осынау абзал кісі ақсақалды
Ау жамап, күн көріске мақсат алды.
Алданыш қорадағы алмасымен,
Мәпелеп баласындай бақса талды.
Паром да жүргізеді кешкілікте;
Тыңшылар жол таппайды еш күдікте,
Сүгірет жұрт көзінше салынбайды,
«Ықылас бітті, дейді, ескіріп те».
«Кенеріп қалды дейді, көз бүгінде»,
Астыртын бояуларын кезді күнде.
Осы ғой кешегі бір жексенбіде
Қалашқа тығып берген кездігін де.
He түрлі көрсе-дағы қазаматты,
Осылар құрметтейді адам атты.
Бұл ғана империя бұғауынан
Босатып алып отыр азаматты.
Ал, бірақ, кім үрейден қазір ада?..
Адамға өзінше бір құзыр о да,-
Сощиктен Лавочкин сескенеді
Оңаша қорадағы құжырада.
Сол үшін Лавочкин осы күнде
Сыртынан құлыптайды есігін де,
Он сағат Құрманғазы оянбады
Баладай балбыраған бесігінде.
Ел жата көзін ашты шошығаннан,
Құтылды «қара жылан шоршығаннан».
Ақсақал дәм үстінде басын иіп
Ұсынды осыған түз, осыған нан.
Болар ма бұдан тәлім оқымасқа?-
Нан мен тұз пәрмен дейді бүкіл асқа.
Сергіді Кұрманғазы, екі көзі
Бір тойды төңірекке, ықыласқа.
Қоянның ақ сорпасы бұрышталған
Будақтап бұған келді бір столдан.
Тағамның танымайды бағзы бірін,
Алдына неше түрлі ырыс толған.
Табақта қазақ білген «отуарнай»
«Жапырақ» жасаң қозы отығардай.
Ликері мадьярдың шамға таяу,
Оның да жанып тұрған оты бардай.
Таңырқап қарай берді қонақ ұдай;
Бұрышта жарқырайды «дана құдай».
Бар жиһаз қозғалмайды – аспан жерге
Түспейді төңкеріліп манағыдай.
– Азатпын, кісендегі кешегі мен…
Өзгенің мазағы мен өсегінен!-
Ол солай ашып тастап омырауын,
Көйлекшең атып тұрды төсегінен.
Биікте бір ғажайып сахнадан
Сейлеп түр өзі бейне ақын адам;
Ағат та жібереді айтпағынан,
Сұрама бұл сағатта ақыл одан.
– Мен,- дейді – қарап алға, артыма да,
Бас идім бүтінге де, жартыға да,-
Тарбақа сасық көлде шуылдаса,
Азғынның өсегінен артық о да.
Ал, бірақ, әлмисақтан түбі зирек
Дұшпанның азаматқа көбі керек:
Қолпаштың ортасында құдай атып,
Оларсыз түк бітірмей, көмілер ек…
Құмартпай олар саған жолыққалы,
Айқастан бар ма, сірә, жалыққаны?..
Бетіңде қаның бекер ойнағанша,
Жақсы ғой жүрегіңде жаныққаны!..
Үлкен жау жақсылықты сездіреді:
Үлгерсең ажалынан бездіреді;
Айқаста құдіретің асып түссе,
Ол ғана шықшытынан ездіреді.
Өмірде оңға, солға із кетеді;
Түспейсің жоқ қарамай ізге, тегі…
Ал, сенің асыл досың алыс жүрсе,
Жау ғана соны соған іздетеді.
Міне, мен солай таптым асылымды,
Өзімнің езегі бір нәсілімді.
Заманым! Өлгенімше қарғамаймын
Әзелден маған жаны қас ұлыңды.
Жау маған істеп бақты жат қылығын.
Ұмытпан оның осы жақсылығын…
Айнымас еті қатты жүрегімде
Ескірмей оған деген жатсын ұғым.
..Ағатай!.. He деп барам?.. Түзікпін бе?
Қиял да құбылады қызық күнде.
Қарашы, білегімде ізі қалған,
Тастаппын кісендерін үзіппін де.
…Ем-дәрі?..
Қоя тұршы оны ұсынбай
(Ертең-ақ емделетін өрісім бай…)
Одан да құшақтатшы…
Сағындым ғой
Сары бас
Самардағы орысыңдай.
Науқас жан айтты мұны ентігіп-ақ
Ойда жоқ ендігі cop, ендігі бақ,-
Түкті де елемейді енді көзі,
Түкті де естімейді енді құлақ.
Жармасты жаны ғашық қарындастай,
Тынбайтын көкірекке жалын баспай…
Қапсыра құшақтасқан екеуінің
Құшағы енді қайтып айрылмастай.
Мезгіл жоқ ауруға да ентігетін,
Жөн де жоқ сабыршылық етілетін,-
Теңіздің тентек ұлы сүйе берді.
Алмадай ағасының екі бетін.
Тоғысу
Волга – Дон өзен екі өзен жарысып,
Білуші ек мың жылдар аққанын;
Жазда жел долданып әрі ысып,
Екі орта елге мұң шаққанын.
Білуші ек бұл екі дарияның
Толқынын теңіздер жұтқанын,
Қайығын ұрлап ап қарияның,
Бурлақтың көйлегін жыртқанын.
Білуші ек Октябрь кезінен
Екі өзен ел жүгін артқанын;
Қемелер жаңылмай ізінен
Алға тек жалғайтын арқанын.
Міне енді екі өзен қол созды
Біреуін біреуі сүйгелі;
Кездесіп далада колхозды,
Ақ бұйра бастарын игелі.
Жолдағы төбелер жоғалды,
Көк орман күзетті арнаны –
Сарқырап өмірге жол алды
Халықтың қашанғы арманы.
II
Келеді!
Келеді!
Келеді!
Толқындар тоғыспақ жеріне,.
Жолшыбай қарызын төледі,
Көл берді енбентің еріне.
Екі өзен сапарын кім кәрсе,
Сол құрмет көрсетті жол үсті:
Балалар уыстап кұм берсе,
Толқындар шуласып бөлісті.
Кетті су өрмелеп белге де,
Кеудесі жер-көкке симады;
Шлюздар мырзасып, желге де
Моншақтай көбігін сыйлады.
Өткізген оңаша күндерін
Екі езен тоғыспай тынбады,
Не заман аңсаған үндерін
Жүлгеден жүгіре тыңдады.
Мінеки,
Екі өзен сүйісті,
Бір-бірін мәңгі алды құшаққа,
Кейінгі толқынын жиысты,
Бір шықты далаға, қыстаққа.
Екі өзен өмірге жөн сұрап,
Арнадан асығыс жөн еді;
Кешқұрым жамылып жапырақ,
Күнбағыс түбіне түнеді.
III
Еңбектің еді ғой алды сын,
Былтыр қыс, былтыр жаз, былтыр күз
Алдағы мың жылдың алғысын
Ал, бүгін қабылдап біз тұрмыз!
Партия, өзіңсің, мың жылдаір
Жеңіске бастаған сен елді;
Команда беріп ең:
Тың жолдар
Өмірге өзен боп жөнелді.
Идеяң дәл менің төбемнен
Мың жылдың жұлдыз қып жағары.
Жұлдызым, көрейін төбемнен,
Тағы бір көтеріл, жоғары!
Алматы, 1952
Хамит Ерғалиев