Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің барлық аймағынан 200-ге жуық үміткер қатысты. Биылғы Қазақстан біріншілігі Алматыдағы Халық аренада өтті.
Төл күресіміздің хан сарайындай зәулім кешенде ұйымдастырылғаны құптарлық іс. Дегенмен қазақ күресіне деген қызығушылықты әлі де арттыра түсу қажет секілді. Өйткені жарысты тамашалауға келген жанкүйерлердің саны саусақпен санарлық.
Балуандар белдесулеріне келер болсақ, барлық салмақта бәсекелестіктің арта түскенін байқадық. 100 келі салмақта топ жарады деген Мұхит Тұрсынов қола медальды қанағат тұтты.Бұл салмақта Алматы облысының балуаны Александр Касачев алдына жан салмады. Жанкүйерлер алыптардың айқасын асыға күткен болатын. Мықтылардың арасынан Айбек Нұғымаров топ жарды. Ол финалда қарағандылық Ержан Шынкеевті таза жеңді.
Айбек Нұғымаров, Қазақстан чемпионы:
– Мен енді үш қатарынан жібердім деп айтуға болады. Өйткені денсаулығыма байланысты жағдайлар болды. Бағым да жанбады, шындығын айтқанда. Енді Алла қаласа, биыл Қазақстан барысы бар, Әлем барысы бар. Солардың бәріне қатысам деген ойым бар.
Ширек финалда Айбекке есе жіберген алматылық Руслан Әбдіразақов енді Қазақстан барысында Нұғымаровтан есе қайтарамын деп отыр.
Руслан Әбдіразақов, Қазақстан біріншілігінің қола жүлдегері:
– Биыл енді бар күш-жігерімді салам. Өзіме уәде бергенім бар еді. Екінші, үшінші орындарды алдым. Енді бірінші орынның белбеуі ғана керек сол.
Жарыстың бірінші күні жұрт Әділжан Ыстыбаевтың шеберлігіне тәнті болды. Оңтүстік Қазақстандық балуан 90 келі салмақта өзіне тең келер қарсылас таба алмады. Қорытынды сында қостанайлық Ерлан Омаровты алып ұрған Әділжан Қазақстан чемпионы атанды.
Сондай-ақ Ерсұлтан Мұзафаров пен Қасымхан Төленбай, Қуаныш Ысқақов пен Марат Ниғматуллаев және Ғалымжан Әбідрахмановтар өз салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз болды.