Жұма, Тамыз 3, 2018
Негізгі > Ал, ендеше! > Мүшəйра – өлі өлеңдер бəйгесі

Мүшəйра – өлі өлеңдер бəйгесі

Қазір не көп, мүшәйра көп. Мүшәйрашыл ақын да көп. Атасына ас берсе де мүшәйра жариялайтын болды. Тіпті газет-журналдың таралымын арттырудың да амалына айналды. Қаптаған мүшәйраларға қарап, өлеңді аяйсың… Бірақ ақынға да жан бағып, мал табу керек қой. Өлеңін бәйгеге салмағанда қайтсін…

Әйтсе де мүшәйраға еті үйреніп, сол үшін ғана өлең жазатын ақындардың легі пайда болды. Қайда барсаң да – сол ақын, сол өлең, сол сарын, сол толғаныс, сол ұйқас. Тек тақырыбы басқа демесеңіз. Өңшең өлі өлеңдер. Содан ойға қаласың, мүшәйра қазақ өлеңінің төрдегі басын есікке сүйреп жатқан жоқ па осы?.. Мәселен, жариялы мүшәйраға түсіп жатқан өлеңдерді оқып отырсаң, іші толған ұлттың қамы, елінің ертеңіне алаңдаған ақын көңілі, еліне ессіз ғашық автор. Тек сенімсіз, жасанды. Көңілге жатпайды. Жүрекке жетпейді.
Ал ақындардың өзіне салсаң, мүшәйраға деп жазған өлеңінің өзі «шедевр!» Сол «шедевр» бәйгеден орын алмаса, аһ ұрған ақын апталап қайғы арқалап жүреді. Сөйтіп жүргенде тағы мүшәйра басталады. Тағы қатысады. Бәйге атаулыны құр жібермейтін ақын ептеп тәжірибе жинайды. Сол тәжірибесін салып, қазыларды (қазының алдындағы әділ сөзі кейінгі кезде түсіп қалып жүр) жағалайды. Қазылардың ішінен жақсы аға табыла кетеді. Қойшы, әйтеуір, ақыры жүлде алады. Дәмін алған соң ақын да мүшәйраға төселіп, әр бәйгені қалт жібермей қағып түседі. Мұндай ақынның шығармашылығында поэзияға – сөз өнеріне орын бар ма, табыла ма? Әй, қайдам… Өлеңді аяйтынымыз содан.
Асылы, мүшәйра жас ақындарды әлеуметтік жақтан қолдап, ынталандыру үшін ұйымдастырылады. Кейінгі мүшәйралардың мақсаты да өзгерген. Мысалы, былтыр 25 жылдыққа арналған мүшәйралар көп болды. Қатысқан ақындардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Көптеген өлең бәйгелерде жүлдені өлеңге емес, сақалына, шыққан жеріне, әдебиеттегі азды-көпті ықпалына қарап тарата беретін де болған. Мұндай әрекеттер ақындардың арасындағы жершілдік пен рушылдықты қоздырып, топ құруға алып келді. Топтың мақсаты белгілі – бас жүлде өзімізде қалсын, болмаса өзімізден қайткенде бір адам өтсін дейтін ауыл арасының ескі әңгімесі. Айналып келгенде мүшәйраның мақсаты – материалдық жағдайды шешу. Ал мұндай мүшәйралардан әдебиетке пайда бар ма? Жоқ-ау. Өйткені тұрмысын түзегісі келетін ақын томағасы сыпырылған аш бүркіттей көзіне шалынған қызылға – бәйгеге түсе береді. Ал тауарға айналған өлеңде поэзияның дәні болмайды. Тақырыпқа тығылған, қасаң тақпаққа айналады. Демек, өлеңді құт көретін ақын қаламының құтын қашырмас үшін бәйге атаулыдан алыс жүреді. Ондай ақындар бар.
«Ақын-жазушы шығармасы – оның тауары» деген түсінік бізде де орнықты. Бірақ тауардың да түр-түрі бар. Әрі тұтынушының деңгейіне де көп нәрсе байланысты. Сауда заңымен қарасақ, сұраныс болмаса, әдеби шығарма тумайды. Ал осы мүшәйраға сұраныс бар ма? Көптігіне қарасаң, бар сияқты. Шын мәнінде мүшәйралар есеп үшін және жеке кәсіптің мүддесіне орайластырып өткізіледі. Арасында батырды, тарихи тұлғаны ұлықтау мақсатындағы өлең бәйгелер де жүреді. Дегенмен алғашқысы басымдау.
«Поэзия өсті, дамыды» деген сөз қаламгерлер арасында жиі айтылады. Бірақ өсу мен даму нақты талдауға негізделмейді. Әйтеуір, өсіп жатыр, дамып жатыр. Егер өсу мүшәйралардың көптігі мен жас ақындардың санына сүйеніп айтылса, онда ол тым-тым үстірт баға. Осы ойларды қорыта келгенде, «әдебиет – өнер» дейтін ақын өлеңді де, шығармашылық тұлға ретінде өзін де ойлап, бір жағына шығуы керек сықылды. Әрине, өлеңнен өнер жасауға дарыны жетпейтіндерге өкпе жоқ. Олардың жолы әу бастан анық. Ондай ақындардың жолы әдебиеттен тыс. Ал шын ақынның мүшәйрамен араздасатын межелі мезгілі болуы шарт. Әйтпесе өлең өнерін мүшәйрамен арулайды.

Таңатар ТАҒАН

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation