Семейдің іргесіндегі Кирпичная кентін еріген қар суы басып жатыр. Кейбір үйлердің қабырғасына сызат түсіп үлгеріпті. Тұрғындар мұның бәрі ақ ұлпаның дер кезінде шығарылмауынан дейді. Қазір тау болып үйілген қар еріп, сай-сала сарқыраған өзенге айналды. Ондаған үйге қауіп төніп тұр. Бұл туралы 24-арна хабарлайды.
Болат Көкенайұлы, Twitter@bolekekokenay:
– Семейдің іргесіндегі Кирпичная кентін әлі күнге қар таудай болып басып жатыр. Кеше бір техника келіп күрегенмен, одан ешқандай нәтиже шықпады. Керісінше әлі күнге бірнеше көшені су басып жатыр деп ашынады тұрғындар. Қызыл судан зардап шеккендердің бірі Елеукен Мергенбаев күні-түні үйін еріген қар суынан қалай құтқарам деп әлек.
Елеукен Мергенбаев, Кирпичная көшесінің тұрғыны:
– Тиеп әкету керек қой, әкетпегеннен кейін оны неменеге үйіп қойды? Ол жатқанда өзімен еріп кетуші еді. Ал қазір осыдан кейін менің қатарымдағы үйлер бәрі ойда тұр, шұңқырда. Мына үйдің қабырғасы жарылып тұр судан. Қазір іргесі бәрі толғаннан кейін, мына үй құлайды. Біз не істерімізді білмейміз. Төлеухан Шатановтың да ауласы мен қора қопсысының бәрін су басқан. «Ауырып, сырқасақ, көшелердегі ми батпақтан тіпті жедел жәрдем көлігі де жетуі екіталай», – деп мұңын шағады ол.
Төлеухан Шатанов, Кирпичная көшесінің тұрғыны:
– Полдың астында су бар. Фундамент нашар, анау қора, монша бәрін су басып кетті. Көмір ала алмай жүрмін, бара алмаймын, су көп. Ана жақтан, мына жақтан шелектеп шығарып жатырмын. Ал онымен көп шығарасың ба? Водовоз керек бізге. Ал жергілікті әкімдік бұл мәселеде қос тараптан да жауапкершілік болуы тиіс деп есептейді.
Жанна Шаймұратова, қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Негізі қала көркейту ережелеріне сәйкес, жекеменшік тұрғын үй иелері аулалары мен оның іргесіндегі қарды өздері шығарып, тазалауы тиіс. Біздің бөлім мамандары су басқан аумақтарда жұмыс істеп жатыр. Кирпичная кентіне де демеушілер көмегімен техника жібереміз. Бір-екі күнде жағдай түзеледі деп сенеміз. Осындай күрделі ахуал қазір қаланың бірнеше аумағында кездеседі. Төтенше жағдай басқармасы мен қалалық әкімдіктің мамандары барлық жағдайды бақылауға ұстауға күш салып жатыр.