18 сәуір күні Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарованың жетекшілігімен шағын құрамда жиын өтті. Шағын құрамның қатарында әкім орынбасарынан бөлек қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев, археолог-ғалым Амантай Исин, Өлкетану мұражайының бұрынғы директоры Бекен Теміров және мен Ерзат Жетібаев болдық. Тақырып – баяғы «Ертіс бойындағы қалалар мәдениетіне 1000 жыл және Семейпалатный бекінісіне 300 жыл мерекесін» атау жөнінде бір мәмілеге келу. Бірақ, бір мәмілеге келе алмадық. Ең қызығы, атқарушы биліктің жаңағы аталған екі датаны да өзгеріссіз қалдырғысы келетіні. Қаншама дәлелді мақалалар жазылып, пікірлер айтылса да әкімдік өкілдері өз дегендерін істегісі келіп отыр. Оның үстіне бұл жиынның шұғыл әрі шағын құрамда өтіп отырғаны Семей қаласы әкімі Ермак Сәлімовтың «Семей таңы» газетіне осы даталарға орай таяуда берген сұхбатына жауап па екен деп қалдым. Өйткені, Ермак Бидахметұлы өз сөзінде «қала тарихына қатысты пікірді ғалымдардың еншісіне қалдырайық» (өлкетанушылардың емес) деген. Осы негіздегі басқосу болса алқа құрамын кеңейтіп, өзге де тарихшыларымыз бен мәселені тікелей көтеріп жүрген адамдарды шақыру керек еді. Олай істелмегені – атқарушы биліктің ұстанымдарын Амантай Исиннен басқа ешкім қолдап отырмағандығынан болуы керек.
Сонымен, Семейдің жетекші идеологтары ұстаз бен шәкіртті «шайқастырып» қойып, қарап отырды. «Платон менің досым, бірақ ақиқат одан жоғары» дегендей, Амантай Исин ұстаздың осы жолғы ұстанымына қарсы шығуға тура келді. Ұстазымыз жиынның басынан соңына дейін «Ертіс бойындағы қалалар мәдениетіне 1000 жыл және Семипалатинск бекінісіне 300 жыл» дегенді қалдыру керек деген пікірде болды. Мен еріксіз ол кісіге қарсы шықтым. Біріншіден, жерімізге күштеп енгенізілген басқыншылық белгісі – «Семейпалатный бекінісінің» тарихын тойлау саяси әрі идеологиялық жағынан мүлде қате (Ол жөніндегі ойлар мақала соңындағы ашық хатта айтылады). Екіншіден, «Ертіс бойындағы қалалар мәдениетіне 1000 жыл» дегеннің өзі де дұрыс емес. Егер «Ертіс бойындағы қалалар» деп алатын болсақ оған жалғыз Семей ғана енбейді. Ертістің басынан аяғына дейінгі қалалар тарихы түгел қамтылуы керек. Олай болса, Қытайдан басталып мұхитқа құиятын өзен бойын түгел түгендеуге тура келмек. «Ертіс бойындағы қалалар мәдениеті» деген еш қисынға келмейтін нәрсе екенін нешеқайтара айттым. Керек десеңіз, ұстазбен салғыласуға тура келді. Себебі, негізгі пікірталас екеуміздің арамызда өрбіді. Бекен Теміров ағамыз «300 жылдықты атау керек емес» деді. Надежда Шарова мен Айдар Садырбаев мақсаты бекітуге дайындап қойған жоспарларын бұзбау.
Міне, көрдіңіздер ғой, Семейдің идеологтарының «идеологиясын». Қаланың 300 жылдық датасына қарсы ең белсенді пікір айтып жүргендердің бірі мені ұстазы арқылы «жуасытып» алмақшы. Ұстазына қарсы шыға қоймас десе керек. Соған қарағанда атқарушы билік ашық пікірдегілерді біртіндеп «көндірмекші» көрінеді. Әрине, Амантай Исин ұстаздың атқарушы биліктің ұстанымын неге қолдап отырғанын түсінуге тырыстым. Ол кісінің уәжі – 300 жылдықтың арқасында 1000 жылдықты атау, билік ұстанымына қарсы пікір айта берсек, ол да болмай қалуы ықтимал деген сақтық секілді.
Сөйтіп, әкімдіктегі жиыннан Семейдің идеологтарының идеясын түсіне алмаған күйі қайттым. Жиыннан шыққан беті «Семей таңы» газетінің Бас редакторы Риза Асанқызына хабарласып: «Мына жиында әкімнің сізге берген сұхбатының еш нышаны байқалмады, бәрі дұрыс болады дегені бекер сөз секілді» деген бағытта ой бөлістім. Ол кісі: «Мүмкін емес, әкім әңгімесіне қарағанда 300 жылдыққа нүкте қойылуы керек болатын. Мен саған қазір қайта хабарласам», деп сөзін үзді. Расында арада 5-10 минут өткенде Риза Асанқызы қайта қоңырау шалып: «Ерзат, жаңа ғана мен Надежда Шаровамен сөйлесіп, оған қаланың датасына қатысты дұрыс шешім қабылдамай, 300 жылдықты атауды қалдыратын болсаңыздар бұл жер мәселесі секілді жалпықоғамдық наразылыққа ұласуы мүмкін екенін ескерттім», деп қапа көңілімді бір көтеріп тастады.
Жалпы алғанда, Семейпалатный бекінісі тарихын тойлау түгілі ол туралы ұғымды санадан шығару керектігінің саяси-идеологиялық астарымен біраз уақыттан бері шұғылданып келем. Тоқетерін айтқанда, осы мәселені ушықтырып жүрген жергілікті атқарушы биліктің өзі. Неге десеңіз, олардың сол мерекеге қандай атау беріп отырғанын қараңызшы: «Ертіс бойындағы қалалар мәдениетіне 1000 жыл және Семейпалатный бекінісіне 300 жыл». Осыған қарап, осы даталар атауымен біздің мемлекет идеологиясын жүргізіп отырғандар емес өзге пиғылдағы адамдар шұғылданып отыр ма деп қаласың…
Ол аз десеңіз, «Ертіс бойындағы қалалар мәдениетіне 1000 жыл және Семейпалатный бекінісіне 300 жыл» мерекесін атап өтуге арналған іс-шара жоспар жобасымен танысып көріңіз. Жағаңды ұстайсың!
Жоспарланған шаруаның бірі – Семейдің төрт тарабына шығатын жолдарға «Семейге – 300 жыл» деген жазуы бар арка жасау және қала ішіне осы жазумен стелла орнату жоспарланған.
Бұл іс-шара жоспары Семей қаласы әкімдігі аппараты деңгейінде жасалып қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр. Алып-қосар ойларыңыз болса ортаға саларсыздар.
Ерзат Жетібаев, философ-ғалым. Семей.
PS.
Семей қаласы маслихатының депутаттарына!
АШЫҚ ХАТ
Құрметті халық қалаулылары!
Семей қаласының инфраструктурасын қаржыландыру мақсатында Семей қаласының 300 жылдығын тойлау мәселесін көтеріп жүргендеріңіз жұртқа мәлім.
Бұл мәселенің бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Респуликасының ішкі саяси сана-сезіміне нұқсан келтіруі қаупі бар. Өйткені, күлліҚазақстандықтардың Семейді еліміздің рухани-мәдени астанасы деп мойындайтыны ақиқат.
Мәселен, Таразға – 2000 жыл, Түркістанға – 1500 жыл, Алматыға – 1000 жыл деп ұлттық идеологияны қалыптастырып жатқанда,Семипалатинск бекінісінің салынуына «300 жыл» деп, оны тойлау саяси қателік деп білеміз!
Егер де, Семипалатинскбекінісінің 300 жылдығы тойланса:
- ҚазақстанРеспубликасының “Мәңгілік ел” ұлттықидеясы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспары бағдарламасында көрсетілгендей “қоғамның түбегейлі қайта өзгеруін және қоғамдық дерттерді емдеу керек” деген нұсқауына қарсы келіп, кеңестік идеологияны жалғастыруға жол беру;
- Тарихи сана- сезімге нұсқан келеді. Әрбір Қазақстан азаматының ата-бабалары түркі заманынан бері осы төл мекенде өсіп жетіліп, қолына қару алып, Отанын жаудан қорғаған. Бұл қалада ежелгі ғұндар, түрік қағандығы, Қыпшақ, Керей, Арғын, Найман ұлыстары тіршілік еткен;
- Семипалатинск бекінісі салынғанға дейін бұл жерді кімдер мекендеді және олардан қандай мұра қалды деген сұрақтардың туындауы заңды? Алайда, жүргізілген археологиялық зерттеулер мен тарихи деректерден Семейдің Еуразия даласының шығысы мен батысын байланыстырған ерте замандардан бері өркениеттер сабақтастығы болған Ұлы Жібек жолы тармақтарының өткендігін әрі қазақ жеріндегі ең ірі сауда орталықтарының бірі болғандығын көре аламыз. Жібек жолы саудагерлерінің халықаралық қауіпсіздік мәселесін реттеу үшін кедендік (таможнялық) салықтарды осы Семей (Сүмбе) қаласында реттеп отырғандығын ұмыттыру;
- Семей жерінде Хакім Абай, ШаҺкәрім даналары дүниеге келсе, сондай-ақ, Шоқан Уалиханов, Ф.М. Достоевскии, капитан Андреев, Ахмет-Уали ас-Семей-Пулати және Алаш арыстары Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлыжәне т.т. көптеген зиялы қауым өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы осы Семей қаласымен тығыз байланысты. Бұл дегеніміз- түрлі білім-ғылым саласында қызмет етіп жатқан Семей қаласының зиялы қауымының абыройын Қазақстанның басқа азаматтарының алдында түсіру;
- «Отаршылдық» деген құлдық сана мен ноқталы ойдан арыла алмау, жастардыңұлттық сана-сезімін тәрбиелеу ісіне немқұрайлылықпен қарау.
Семей қаласының тарихын қате есептеуді-«ел санасын шұбарлау» деп түсінуге болады. Бұл хатта біз, тек қала мәдениетінің пайда болуын ғана ескеріп 1000 жыл деген мерзімді беріп отырмыз. Егер де археологиялық деректерге және ортағасырлардағы жазбаша деректерге сүйенер болсақ, Семей қаласының территориясын және оның айналасын адамзат сонау тас ғасырынан бастап қоныстанғанын аңғарамыз. Тас ғасырының тұрақтарынан басталған үздіксіз даму процессі «тұрақтан- қонысқа, қоныстан- қалашыққа, қалашықтан- қалалық» деңгейге дейін өскен трансформацияны көреміз. Бұл ойымыздың дәлелі- қаламыздағы өлкетану музейінде сақтаулы археологиялық жәдігерлер болып табылады.
Осындай тарихи фактілерге сүйене отырып біз Семейде қалалық мәдениеттің қалыптасуының кемінде 1000 жылдық тарихы бар екендігін толықтай айта аламыз.
Семей зиялы қауымы және абыройлы еңбегі сіңген азаматтар бірлесе отырып осы ашық хатта 2018 жылға Семей қаласы бойынша жоспарланып отырған мерекелік іс-шараларының атауын-“СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНА 1000 ЖЫЛ! “ деп атауды сұраймыз!
Төкен Ибрагимов
Асна Омар
Махмұд Түйебаев
Талғат Қабышев
Құсмиля Нұрқасым
Рахат Алтай
Сабит Ахметов
Ләззат Әлжән
Сембаев Нәсен
Тлеуғазиев Ғабит
Жетібаев Ерзат
Серғазыұлы Қ.
Райымбеков К.Г.
Волшенко А.Б.
(тағыда басқа 17 қала тұрғындарының қолы қойылған)
Семей, 28.03.2017 жыл.