Туған жеріміздің жер-су, елді-мекен атаулары Патшалы Ресейдің отарлауы мен Кеңестер Одағының коммунистік идеалогиясына негізделген саясат нәтижесінде өзгерістерге ұшырады. Осындай саясат нәтижесінде халқымыздың тарихи жадысы көміскіленіп, халқымыз өзінің тарихи санасынан ажырап қалды. Сондықтан да, ұмыт болған жер-су атауларының байырғы атауларын қалпына келтіріп, тарихи әділдікті орнатудың маңыздылығы бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі.
Елбасымыздың Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген «Туған жер» бағдарламасының бір мақсаты туған жердің әрбір сайы мен қырқасының, тауы мен өзенінің тарихын, әрбір жер атауының төркіні туралы аңыз-әңгімелерді, әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерінің есімдерімен қызметін жас ұрпаққа таныту және осы бағдарлама арқылы шынайы патриотизмді қалыптастыру болып табылады.
Міне, сондықтан да, бүгіндері елімізде ономастика мәселесіне үлкен мән беріліп отыр. Себебі байырғы жер-су аттарына тарихи атауларын қайтару жұмысы аса маңызды әлеуметтік мәселе. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулар біртіндеп өзгертіліп келе жатыр. Себебі елді мекендер, көшелер, жер-су атаулары – Тәуелсіз мемлекетіміздің бір белгісі, ұлттық нышаны және тарихымыздың бір бөлшегі.
Кез келген өңірдің, өлкенің жері мен суының атауынан терең мағына мен құпия сырды аңғаруға болады. Бүгінде Семейтау мен Көкентау сияқты тарихы тереңде жатқан тарихи-мәдени өлкедегі жер-су атауларының басым бөлігі ана тіліміздің байырғы сөздерінен қойылған. Көптеген жер-су атаулары қат-қабат тарихпен тығыз байланысты, яғни біздің өңір атаулары еліміздің сан-қилы тарихынан сыр шертіп тұрады және әрбір жер атауы өзінің затына сай қойылған. Сондықтан да жер-су атауларымыз айшықты болып келеді. Сонымен қоса жер-су атаулары сол жерді мекендеген және иесі болып табылатын этностың, ру-тайпаның тарихын ашып, тұрмысынан, салтынан мәлімет береді. Қазақ халқы ежелден жер-су атауларын қадір тұтып, оларды көзінің қарашығындай сақтаған.
Осы ретте Семей қаласының әкімшілік аумағына қарасты Знаменка ауылының атауын өзгерту заман талабы. Знаменка ауылы ХІХ ғасырдың 90 жылдарының ортасында Ресей империясының ішкері аймақтарынан еліміздің далалы өңірлеріне орыс шаруаларының қоныс аудару процессі нәтижесінде құрылған переселендер ауылы. Знаменка атауында тиісінше сол шаруалар өздерімен бірге алып келді. Топонимдердің осылайша халықтармен көшу дәстүрі тарихи қалыптасқан үрдіс. Мысалға, Қытайдың Алтай аймағынан өткен ғасырдың 40 жылдары Түрік еліне көшіп барған қазақтар, өздері орын тепкен ауылды «Алтай ауылы» деп атағаны белгілі.
Знаменка ауылының қалыптасуының қысқаша тарихы туралы білгенімізден соң, ол жердің байырғы атауы қандай болды деген заңды сұрақ туындайтыны ақиқат. Өзім, осы ауылдың тумасы болғандықтан, бала кезімізден санамызда сақталып қалғаны, ауылымызды екіге жарып, жылап ағып жатқан, жаздың аптап ыстықтарында тартылып қалатын шағын ғана Қарасу өзенімен байланысты қалыптасқан түсінік еді. Осы атауды Знаменка атауының орынына қою мәселесі күн тәртібінде Тәуелсіздік алған жылдардан бері еміс-еміс көтеріліп келгенімен, іс өзінің логикалық аяқталуына жетпеді. Жалпы, Қарасу дегеніміз не? Бұл атаумен аталатын қаншама елді-мекен облысымызда, елімізде тіркелген? Атаудың тарихи салмағы неде деген топонимика ғылымының заңды сұрақтарына жауап іздеп көрсек.
Қазақ, көктемде еріп ағатын қардың суын – Қарасу деп атаған. 1896-1901 жылдары аралығында еліміздің Семей, Ақмола, Павлодар сияқты облыстарында ұйымдастырылған Щербина экспедициясының материалдарында Семейтау мен Көкентау аймақтарында бірнеше қарасулардың бар екендігі жазылады. Сондай-ақ, Қарасу атымен аталатын елді-мекен облыс территориясында бірнешеу, ал елімізде «Atau.kz. Ономастикалық электрондық база» мәліметі бойынша жиырмадан астам екен. Мамандардың айтуларынша атаулардың жиі қайталануы тононимнің қоғамдық қызметін қиындатуға әкеп соғады.
Келесі айта кететін тағы бір мәселе, әр-бір атудың шығуына қатысты жергілікті халықтың жадысында сақталған тарихы болуы шарт. Өкінішке орай, Қарасу атауына қатысты жергілікті тұрғандардан қандай да бір тарихи оқиға бүгінгі күнге дейін тіркелмеді.
Қалыптасқан жағдайда, біздің ойымызша Знаменка ауылына лайықты атау «Тасүйген».
Тасүйген – Знаменка ауылының оңтүстігінде шамамен 10 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 453 м. биіктікте орналасқан кішкене тау (1 сур.).
Атамекен – көшпелі халықтар үшін киелі. Оны тастап кету, жау қолына қалдыру – ауыр қылмыс, кесімі жоқ жаза. Қазақ-жоңғар қақтығыстары заманында халқымыз біраз құтты қонысынан айырылды. Осы заманда қазақ тұтастай Сыр бойын қоныс етті. Жау жеңіліп, Ертістің бойы, Арқа жоңғардан азат етіліп, қазақ халқы өзінің ата-қоныс мекендеріне орала бастады. Осы кезде Көкен өңіріне Уақ пен Тобықты қатар келіп, екі рудың арасында жер дауы басталады. Осы таудың етегінде 1780 жылы басталған шиелініскен жер дауының соңғы нүктесі тек 1840 жылдары Құнанбайдың табандылығының арқасында уақ еліне тобықтылардың меншіктеніп кеткен жерлерін қайтарып беру ісімен қойылады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресінде және Ахат Шәкәрімұлының «Құнанбай» атты мақаласында аталмыш таудың етегінде Тобықты мен Уақ руларының арасында шекара бөлінісі болып, Уақтар сол кезеңнен бастап Көкен, Ащыөзек және т.б. Знаменка ауылдық округінің территориясына кіретін жерлерге ие болып қалғандығы жазылады.
Тарихи деректерде бұл оқиға «Кеңгірбайдың тас үйгені» атауымен сақталған. Бұл туралы Ахат Шәкәрімұлы былай деп жазады: «…Тобықты Шыңғысқа келгенде, Уақтар Шұнай, Доғалаң тауларына дейін жайлап иемденіп алған. Олармен Тобықты көп уақыт алысып, ақыры Көкен тауына дейін, онан да асырып Уақтарды қуып, Семейтауды да алған. Сол Семейтауда Кеңгірбайдың «тас үйген» деген биігі бар. Ол күні бүгін де сол атпен аталады».
Ш. Сейітованың жазбасы бойынша «Кеңгірбайдың тас үйгені» Көкентау мен Семейтаудың аралығындағы кішкене қоңыр дөң. 2016 жылы Шәкәрім Университетінің тарихшы ғалымы Амантай Исаұлымен жасаған ғылыми-іздестіру жұмысымызда осы Тас үйген тауының оңтүстік етегінде Солт.-Шығыс-Оңт-Батыс бағытымен созылып жатқан осыдан 2-2,5 мың жыл алдын тастан үйіліп тұрғызылған сақ обаларын тіркедік (2 сур.).
Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресінде: «…уақтар Көкенге келіп қонған соң, Кеңгірбай би кісі жиып барып уақты қуып жіберіп, осы күнгі «Кеңгірбайдың тас үйгені» деген жерге барып қоныпты. Уақтар Көкеннен тобықтыны шығара алмаған соң, өздеріменен көрші қазақ-орыстан кісі жиып алып келіп, Кеңгірбайдың ауылын шаппақ болған соң, Кеңгірбай би: «Мен арғынның жақсыларына хабар жібердім. Арғын менен уақ ортасына бөлік салып бітелік», – деп тоқтатып қойып, түн болғанда төбе басына кісі сықылды қылып көп жерге тас үйіп, өзі түнде көшіп кетіпті. Ертең уақтар қараса төбенің басы толған кісі болған соң, «бізді алдап жасаққа кісі жиған екен» деп, шолғыншы жіберіп, бәрі тас екенін біліп қайтыпты» – деп баяндалады.
Көріп отырғанымыздай, Уақтар мен Тобықтылардың арасында шекара бөлісу оқиғасымен байланысты қалыптасқан бұл атауды Знаменка ауылының атауына әбден лайықты атау деп санаймын.
Сондай-ақ, бұл бүгінгі таңда Знаменка ауылын қалың қоныстанып отырған, осы жерді өздерінің ата-қоныстары санайтын Көкен уақтарының, оның ішінде осы жерге келіп ту тіккен Қарақат ата, Жанай (Құрмысы), Шағатай (Қырық үйлі), Көске және т.б. уақ елінің ірілі-ұсақты аталардың аруақтарына жасаған зор құрметіміз болар еді. Себебі бұл тұлғалар тарих жасады. Тасүйгеннің маңында туған жерге табаның тіреп, оған қорған болған тұлғалардың ешқандай қоспасыз шынайы тағдыры жатыр. Күні кешегі дейін Қарақат атаның (Бабаң бейіт) мазарына (3 сур) жақындап қалған атты адам атынан түсіп, мазардан бір-екі шақырым ұзап кеткенше жаяу, үнін шығармай өтетін болған. Міне тұлғаға деген құрмет.
Елбасымыздың көтерген рухани жаңғырудың қайнар бастауы бізге болашақты бағдарлауға күш беретін ата тарих, шежіре, тарихи жерлер сияқты ұғымдар мен танымдарда жатыр.
Айдын Жүнісханов,
магистр