Біздің қоғамда мемлекеттік мерекелермен бірге кәсіби мерекелерге де кең орын берілген. Алайда, сол мерекелер не үшін керек деген сұрақтың жауабына да тоқтала кетейік. Мемлекеттік мерекелердің мазмұны белгілі, белгіленген датаға сәйкес мемлекет идеологиясын қоғам санасына сіңіруге бағытталады. Ал, кәсіби мерекелердің мазмұны нені көздеуі керек, ол сол саланың ұжымы мен жетекшілерінің бірлесіп қабылдайтын шешіміне байланысты. Әрине, кәсіби мерекелер негізінен солқызметтің қоғамдағы ролін арттырып, мамандық мәртебесін көтере түсуге бағытталып жатады. Қандай деңгейде жүзеге асатындығы әр саланың мүкіндігіне және сол саланы басқарып отырған басшыға да байланысты.
Жалпы, әр маман немесе ұжым өзінің кәсіби-төл мерекесін есте қаларлықтай өткізгісі келеді. Осы тұрғыдан келгенде қоғамға «СЭС» деген атаумен мәлім ШҚО қоғам денсаулығын қорғау департаменті (департамент қазір осылай аталады) ұжымының биылғы төл мерекеріне көңіл бөлулері көпшілік айта жүретіндей көрініс тапты. Олар осы жолғы мерекелік басқосуларын тек көңіл-күй көтеретін ойын-сауық бағытында ғана емес, өзгеге өнеге, жастарға тәлім боларлық деңгейде қолға алуды жөн көріпті. Сол үшін табиғат аясында бірнеше киіз үй тігіп, ұлттық салт-дәстүр көріністеріне көңіл бөлген. Бір сөзбен айтқанда, осы департамент ортасында Наурыз мерекесі аталып өткендей әсер қалдырды.
Әрине, қаладан алыс табиғат аясында киіз үй тігіп, мереке мазмұнын тереңдете түсу көрер көзге әдемі әрі көңілді болғанымен оны жүзеге асыру аз еңбек емес. Өмірде көріп жүргеніміздей осы тектес кәсіби мерекелер көбіне мекеме ортасында, дайын дәмханаларда аталып, табиғатқа шыққанның өзінде су жағасына дастархан жаюмен шектеліп жататынын білеміз. Бірақ, біз сөз етіп отырған департамент олай емес, мерекелік шара шеңберін кеңінен қамтуға бел буыпты. Әр нәрсенің өз себебі болады дегендей, мереке ауқымын осыншалық кеңейтуге не түрткі болды екен деген оймен департамент басшысын сөзге тарттық.
ШҚО денсаулық қорғау департаментінің басшысы Ғазез Сүлейменов:
– Кәсіби мерекемізді халықтық салт-дәстүрлерімізбен байланыстыра өткізудің бірнеше себебі бар. Біріншіден, табиғаттың әр адамға беретін әсері мен сыйлайтын күш-қауты болады. Департамент құрамындағы көптеген мамандарымыз қаладан онша алыс емес «Окуньки» демалыс орынының табиғатын көрмеген екен. Ата-бабаларымыз қалдырып кеткен байтақ даламыз бен бай табиғатымыздың қасиетін әр қазақстандық білгені жақсы. Сол үшін адамдар осындай қасиетті орындарға табан тіреп, өзінше ой түйгендері дұрыс. Екіншіден, төрт бірдей киіз үй тігіп, әр киіз үйді жеке-жеке ұлттық көріністермен жабдықтауды жөн көрдік. Бірі қазақ халының, екіншісі орыс халқының, үшіншісі өзбек халқының, төртіншісі шығыс халықтарының ұлттық ерекшеліктеріне орай жабдықталып, салт-дәстүріне сай өнер көрсетті.
Мұның бәрі не үшін керек дегенге келсек, біздің департамент аумағында бір мыңнан артық адам еңбек етеді. Соңғы 4-5 жылдың өзінде кардрлардың 30-40 пайызы жаңарып кетті. Әріптестер бір-бірін жақын біліп, арақатынастары нығайып жатса оның да қызмет сапасына оң әсері болады. Сонымен бірге мұндай басқосулардың осы саладағы алдыңғы толқын мен кейінгі толқын арасының бұрынғыданда жақындай түсуіне өз ықпалы бар. Киіз үй тігіп, салт-дәстүрлерімізге назар аударып жатсақ, ол да жастарымыздың көңіліне, жандүниесіне елдігіміздің белгілері мен ұлттық нышандарымыз сіңе берсін деген мақсаттан тұрады. Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық деген бар. Біздің мақсат – ұйымдастыру, көрсету, дәріптеу. Олай дейтінім, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қарыштап дамумен бірге, өткенімізді ұмытпай, әр халық өзінің ұлттық қайнар бұлағынан нәр алу, ұрпақ сабақтастығын нығайту, туған жер қасиетіне бойлау сынды бірнеше рухани бағыттарды нақты аталған. Рухани жаңғыру жолында әркім өз мүмкіндігіне орай белсенділік танытып жатса елдігіміздің іргесі нығая бермек, – дейді мекеме басшысы, өз сөзінде.
Расында денсаулық сақшыларының бұл басқосулары өз әріптестерінің жайшылықта байқала бермейтін өнерлері мен тапқырлықтарын, мамани емес адами қырларының алауан қырларын паш етті. Олардың ортасында әсем үнді әнші, мың бұралар биші, саусағы жорға күйші, сурып салма ақын, сайыпқаран спортшы, аспаптың түр-түрін ойнайтын музыкант дейсіз бе, бір қарағанда өнерден құралақан ешкім жоқ секілді. Адам бойындағы өнерпаздықтың көзі жұмыс кезіне емес осындайда мерекелік кезде ашыла түсетіндігіне көпшілік тағы бір куә болғандай. Табиғат аясы, таулар саясы, көлдің жағасы олардың шабытына шабыт қосса керек, өнер мен спорт бәсекесінде командалар тамаша өнер көрсетті. Обыстық департамент пен барлық ауданды қосқанда 17 бөлім 4 аймақтық командаға бөлініп киіз үй, өнер, спорт түрлері бойынша өзара жарысқа түсті. Еш команда бұл жарыс түрлерінен аянып қалмағаны іс жүзінде көрініс тапты. Осы департамент ардагері Бақытбек Нығыматулин бастатқан комисся алқасына жеңімпазды анықтау оңай болған жоқ. Қортындылай келгенде киіз үй жабдықтары мен ұлттық дастархан әзірлеу бойынша төрт команда тең түсті. Қазақ, орыс, өзбек және шығыс халықтарының ұлттық ерекшеліктерін паш етуде командалардың ішкі ынтымағы мен табанды еңбектері ерекше болғндықтан төрт киіз үйге де ең жоғары балл қойылды. Оның үстіне департамент тарихында дәл мұндай шара тұңғыш өтіп отырғандықтан салт-дәстүр насихаты мен өнер жарысының осыншалық жоғары деңгейде болатын ардагерлер қауымы өздері де күтпегенін жасырмады.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ардагері, департамент ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Нығматулин:
– департаментіміздің 70 жылдан астам тарихында кәсіби мерекеміздің аталмай қалған кезі жоқ. Бірақ, төл мерекемізді дәл осындай Наурыз мейрамы секілді салт-дәстүрмен сабақтастырып атап өту департамент тарихында бірінші рет қолға алынып отыр. Департамент басшысы Ғазез Қинаятұлының осы шара бойынша ақылдасу жүргізген кезде ішімізден «қалай болады екен» деп алаңдағанымыз рас. Енді ойлап қарасам бұл өте дұрыс шешім екен. Ғазездің «ұрпақ сабақтастығын қалыптастыруға қажетті қадамдардан тартынбауымыз керек» деген ойын қолдаймын. Қазір көріп отырғанымыздай жастардың ұлттық еркшеліктеріміз бен дәстүрімізге деген құлшынысы зор. Соларға сол құндылықтарымызды біздер, алдыңғы буын көрсете біліуіміз керек қой. Үлкендер дұрыс жол көрсетсек саналы жастар арғы жағын өздері-ақ жалғастырып әкетеді. Өз құрылымың бойынша сол рухани байлығымызды паш ету мен насихаттаудың ең ыңғайлы сәті осы кәсіби мереке екен деген ой түйіп отырмын. Себебі, жай күндерде қызмет бабының өз талаптарынан мұрша бола бермейді. Наурыз кезінде мереке жалпыхалықтық көрініс табатындықтан, жұрттың көпшілігі сырт қалып қояды. Сондықтан әр сала өздерінің кәсіби мерекелерін еліміздің салт-дәстүрімен сабақтастырудың үлгілерін қарастырулары керек секілді. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі кәсіби меркеміз әдеттегіден қарағанда өнегеге, тағылымға толы болды деп есептеймін, – дейді еңбек ардагері.
Сонымен, табиғаты тамылжыған Окуньки баурайы ШҚО қоғам денсаулығын қорғау департаменті қызмткерлерінің төл мерекелеріне арналған іс-шара дүбіріне бөленіп, сән-салтанаты бір жарасып қалды. Ел денсаулығының сақшысына айналып жүрген дәрігер мамандардың өздері де өз денсаулықтарына тұмса табиғаттан қуат жинап, көңіл көкжиегін бір серпілтіп алғандары анық. Ол жайында біз баяндағаннан көрі суреттердің өзі де айтып беретіндей.
Жұмабек Айқынұлы, «Жерұйық»