Сайтымыздағы «Арнайы жоба» бағыты енді «Алаштану дәрістерімен» толықпақ. Алашты тану – тәуелсіздік мұратты танумен тең. Сол себепті де, бұл тақырыпқа әркім ынтық әрі естіген-білгенін айтуға, жазуға құмар. Соның ішінде тарихи деректермен, мұрағат құжаттарымен бекітілген еңбектердің орыны ерекше. Осы мүддеде мұқият еңбек етіп келе жатқан санаулы қаламгердің бірі – Мұратбек Кенемолдин.
Біреуге мәлім, біреуге беймәлім болғандықтан айта кетейік. Мұратбек Мүфтиұлы соңғы 15 жылда Алаштану мәселесі бойынша тұрақты ізденіп мұрағаттар мен мұражайлар қорын сүзіп шыққан жазушы. Тарих және құқық мамандықтарының иегері бола тұра бүкіл өмірі журналистика саласымен өрілген. Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда қолтаңбасы бар ол – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үзігі. Алаштың «Ақ жолы» жалпыұлттық шығармашылық байқауының лауреаты (Астана қаласы, 2013 жыл 13 желтоқсан). Зерттеу еңбектері «Шәкәрім» энциклопедиясы және «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығына енген. Алаш қозғалысы тақырыбына арналған қырыққа жуық архивтік деректерге негізделген материалдары мерзімді баспасөздерде, халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинақтарында жарияланған.
Бүгінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіндегі жауапты қызметімен бірге алаштану мәселесін жалғастыра түсуде. Тарихшы әрі журналист маманның «Алаштану дәрістеріне» зер салған оқырман тарихи тұлғаларымыздың қайраткерлік болмысынан мол хабардар бола алады.
«Жерұйық.кз»