Тайжан тағы тулады (төмендегі суретке қараңыз).
«Езбе ерді жеңеді» деген… Неге бұл езе береді? Сонда бұл «езбенің» бір адамға, яки қоғамға пайдасы болса, мейлі ғой. Өткен жылы: «Меннен 3 млн тг шантаж жасады» деп, егер рас болса, сотта ғана шешілетін, екі адамның жеке бас дауын маусым айының 14 күні (2016ж) ФБға салып, елді ұзақ шулатқан болатын. Жер тағдыры шешіліп жатқанда, көпшіліктің зейінін басқа жаққа бұрып, бізді (мені) жеке бас «тағдырын» талқылауға мәжбүр етті. Мұны мен биліктің әдейі ұйымдастырған технологиясы екенін білдім. Жер қорғауда бірігіп іс қылатын ұлтшылдар екіге жарылып, көп айтыстық, көп уақыт жоғалттық. Мұны аз дегендей, ол мені сотқа берді. Бірақ, өзі жеңіліп қалды (төмендегі суретте сот шешімі).
Енді Тайжанға не керек? Болатын сот болып жатыр. Бұл сотты жеңілген ол емес, жеңген мен жазуға тиіс едім. Бірақ мен саналы түрде әліге дейін ештеңе жазбадым. Тіпті, жыбырлаған бір тіріге пайдасыз осы сотты үн-түнсіз тоқтатып, доғара салайын дегенмін. Мұның дәлелі – қасиетті ораза айында мен Мұхтарды: «Ұлтшылдардың арасына кел. Құшағым ашық. Жер үшін бірге күресейік» деп, бір емес, үш рет шақырдым! Оған менің жаным ашыды. Биліктің оны өз мүддесіне пайдаланып отырғанын, өзге емес, оның өзі де түсінбейтіндей көрінді. Қазір өз іс-әрекетінің түбін түсінбейтін «ұлтшыл» белсенділер екі топқа бөлінген. Бірі – қытайлық, екіншісі – ресейлік лоббистер! Екеуініңде артында биліктегі әртүрлі қаржылық топтар тұр. Бұлар ұлтқа өте қауіпті қадамдар жасап жатыр. Мұны халық түсінбесе, қазақ жерсіз қалады! Қазақ қазір «екі қарап, бір шоқуы» керек. Қазақтың жұпар иісті жұмақ жері көрші алпауыттар түгілі, мұхиттардың арғы бетіндегі қызыл көзділерді де еліттіріп отыр. Жан-жақтан анталаған жау қазақтың жері үшін неше түрлі сұмдық құпия істерге барып, орасан қаржы бөлуге дайын тұр. Олар қазақ жерінің талан-таражға түсуінің ең қолайлы сәті осы екенін білді. Бұл үшін оларға қазақтың опасыз өз билігі көмектеспек ниетте. Ендігі басты мәселе – халықтың қарсылығын залалсыздандыру ғана. Қалай? Халықтың өзімен! Ішінен «дуалы» ауызды белсенділерді ел сенім артатындай етіп PR жасап, дайындап шығару арқылы! Ел бұларға сенсе, айтқанына көнсе, дұшпандар өз дегеніне жетті дей беріңіз. Осылардың «қызметінің» арқасында, анталаған дұшпандардың жоспары – қазақ жерін бөліп алуға қол жеткізу! Шығыс, Алматыдан бастап – Қытайдың, солтүстік алып аумақ – Ресейдің құрамына өтіп, қалған территориямыз – әлемдік алпауыттардың қару-жарақ сынайтын плацдармы болуып кетуі ертегі емес! Басқасын білмеймін, тап осы жағдай, орысты өлтіремін деп жатқан – Әмериканың арманы. Әлгі «дуалы» ауыз белсенділер, шамасы өздері білмей, осы жоспардың құрамына еніп кетті. Бәрін бүлдіретін, қазақтың түбіне жететін міне, осылар! Бұлардың ішіндегі Ресей лоббистері көрініп тұр. Олар – «ватниктер». Ал қытай лоббистерін анықтау қиын. Олардың қазіргі белгілері: а) қытай туралы бір ауыз жаман сөз жазбай, бұл тақырыпты айналып, ары кетсе жанап өте беруі; ә) тек орыстарды жерге ұра беруі; б) жердің сатылуына пәрменді қарсылық көрсетпей, тек халыққа еріп қана «қарсы» болуы; в) байқалуы ең қиыны және қауіптісі – ұлттың басын біріктіруге қарсы қадамдар жасауы! Мысалы, жер мәселесіне көңіл «бөлмей», елдің зейінін басқа, кланаралық тартыстарға, жеке бір жандардың заңсыздықтардан тап болған ауыр тағдырына, т.с.с. тақырыптарға шебер бұрып, алып кетуі. Мұны көре білу керек.
Менің уайымым осы, ал Мұхтар болса мені сотқа тартып әбден мазамды алды. Соттан жеңілді! Бірақ, мен оған жеңілдің демейін, енді қоя салса, абыройсыз қалмас еді.
Алдағы, 24 тамызда сол сегіз айдан бері жалғасып жатқан соттың кезекті (апелляциялық) бір отырысы. Бұл соттың екеуімізден басқаға керегі қанша? Орыс тілді аудиторияға салатын мәселе ме бұл?
Және ең қызығы – екі қазақтың өзара соттасуын, турасын айтқанда екі қазақ «ұлтшылының» мұндай майда іс-әрекетін, енді орыс тілді аудиторияға әкелудің, талқыға салудың қажеті қанша еді? Осыны ұқпадым! Сонда Мұхтардың мақсаты – орыс тілді аудиторияға қазақтардың «деңгейін» фактімен көрсетіп, «қазақтар осындай» дегізіп масқаралау ма? Онсызда олар ешқашан қазақ тілділерді менсінген емес! Қашанда артын ашып күліп келген. Әлде, енді, енді ұлтшылдардан аяқ тарта бастаған орыс тілді ұры билікке: «Қорықпай жерді сата беріңдер. Біз – қазақтардың оданда «маңызды» айналысатын істеріміз бар. Әлі ұзақ соттасамыз» деп, берген сигналы ма? Менің ойымша, билік мені күзде (енді 15 күннен кейін) Парламентте қаралуға тиіс жерді аукцион арқылы сатуға, шет елдіктерге 25 жылға жалға беруге болатын Жер Кодексін қабылдауға пәрменді қарсылық жасайды деп ойлайды шамасы. Сол кезде мені өз проблемасынан бас көтере алмасын деп, тағы да сотқа тартып, енді орыс тілді жантықтарына «талатпақшы» сірә. Өйткені қазір қазақ тілді жантықтардың ресурстары түгесілген. Ал жантық еместері ә дегенде түйген ойларының жаңсақ екенін көріп, мені қолдап жүр қазір. Мұны Тайжанның жазған постына қалдырылған пікірлерден байқауға болады.
Болмаса, Мұхтар сотпен тіл табысып, алдағы шешім соның пайдасына болатынын біліп, соған елді алдын ала дайындау ма? Өйткені маған Премьер-министр мен Президентке жазған жер туралы соңғы екі ашық хатымнан кейін билік тарапынан жасалынған қысым ұлғайып кетті. «Но мы подали в Горсуд апелляцию, посмотрим, заседание 24 августа» дегені осыны білдіріп тұрған жоқ па?
Ақиқатын айтқанда, Ресейді «жерден алып, жерге салып» жүрген адамның, сол елдің тіліне кенедей жабысып алып, айырылмай, жазғанының денін, тіпті өз ұлтын қасақана масқаралайтын іс-әрекет – екі ұлтшылмын деген қазақтың қазақша басталған жеке бас араздығын орысша жазып, «дұшпанынан» сүйінші сұрағандай адамды қалай ұлт жанашыры деп қабылдауға болады? Мұхтардың қазақ тілін қорғағаны осы ма? Ұлт жанашыры ең бірінші өзін бодандықта ұстаған елдің салтынан аластап, әсіресе тілдік тәуелділіктен құлан таза айығуы тиіс! Болмаса, ол ұлт «жанашырының» өз ұлтының кез келген мүддесін қорғауы – өтірік! Тіл – ұлт өзегі. Өзек сау болмаса, бәрі далбаса, ештеңе өспейді, өнбейді!
Сонда Мұхтар, бұл «тірлігімізден» орыс тілділер біз екеуімізден бұрын қазақ ұлтшылдарын, қала берді қазақтың өзін кемсітетінін, мұқататынын білмей ме? Әлде біле тұра, осылай жасай ма?
Жалпы, орыс тілінен түбегейлі құтылмай, біз Ресейден толыққанды тәуелсіз мемлекет бола алмаймыз! Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін – аксиома! Мұны әр қазақ білуі тиіс. Білмегені саясатта «қаңғырмасын».
Мұхтардың ойынша қазақ өзін бодандықта ұстаған орыс тілінде жазбай, өзінің асыл ана тілі – қазақшада жазса ел қатарына қосыла алмай ма? Қазақ өз мәселесін өз тілінде шешуге қауһарсыз ұлт па?
Мұны да ұқпадым. Қалай түсінуге болады? Бәлкім, Мұхтардың өзі болмаса, оның барлық ісін құптай кететін, «терең» түсіне қоятын достары мәселенің мән жайын ашып берер?
Дереккөзі: Геройхан Кистаубаев