Біреулер үшін әлеуметтік желі – өтіріктің мекені: ол жерде адамдар табысты әрі ақылды адамның бетпердесін киіп алып түрлі көз тартарлық суреттер салып, ақылды әңгімелер айтады. Олар мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Алайда, менің ойым мүлде басқаша, әлеуметтік желі әркімді шексіз қоғамның бір бөлігі болуға шақырып, әлемді түбегейлі өзгертті.
Facebook желісінде парақшаны тек шынайы болу үшін аштым.
Бұл өмірде көптеген мәселелер туындауы мүмкін, алайда өтірік – ешкім де құтылып шыға алмайтын қақпан болып табылады. Мен бір қатерлі дертпен күресуге мәжбүр болдым, Жаратқан сіздерді ондай сұмдықтан сақтасын.
Академик атам Мұхтар Әлиев көз жұмғаннан соң бір жарым айдан кейін Австрия түрмесінде әкем Рахат Әлиев өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды.
Өмір маған күтпеген жерден екі бірдей соққы жасады. Жұрттың бәрі байлық пен бақытқа масаттанып өмір сүретін адам ретінде танитын Айсұлтан әлемдегі ең бақытсыз адамға айналды. Мұндай уақытта аяқ-қолыңды кесіп алса да бәрібір, тек жаныңды ауыртатын мұндай қасіретті шекпесем екен деп ойлайсың.
Бүкіл отбасым мені қолдауға тырысты. Атам Нұрсұлтан Назарбаев ерекше қамқорлық танытты.
Бір елдің президенті күндіз 17 миллион адамның мәселесін шешсе, кешке барлық уақыты мен назарын маған аударды.
Ол кезде мен атамның маған қолдау көрсету үшін қаншалықты күш-жігерін сарп еткенін түсіне алмадым. Сондықтан да болар ол уақыттарда үлкен қателікке бой алдырып, ақымақтық жасадым. Ең үлкен қателігім – есірткімен жаныма тыныштық іздедім.
Қоғам үшін нашақорлық – үлкен мәселе. Ал адам үшін ол қатерлі дерт. Алғашында әлем үлде өзгеріп, айналаң нұрлана бастағандай күй кешесің, барлық мәселелерің шешіліп, бәрін ұмытқандай боласың, бірақ ол тек бастапқы уақытта ғана. Кейіннен есірткі адам ағзасын улап, қатерлі дертке шалдықтырады. Есірткіге тәуелді болып қалған адамдар тек өлім арқылы одан құтылады және де мұндай у адам жанын емдемейді.
Бір мүшесі есірткіге тәуелді болған отбасы үнемі қорқыныш үстінде болады екен. Енді не болады? Не істейміз? Көршілер не ойлайды? Жұмыста не айтады? Қорқыныш сезімі адамдардың қарым-қатынасы бұзып, жалғыздыққа алып барады және үміт отын өшіреді екен. Менің отбасым да алғашында қорыққан болатын. Алайда, ең бастысы, мен өзімнің бұл іс-әрекетімді атама айтып, кінәмді мойындадым. Бәлкім, менің атамның орнында басқа бір Президент болғанда ол бұл мәселені жылы жауып қоюға тырысар ма еді?! Алайда Нұрсұлтан Назарбаев ондай адам емес. Оның ең бірінші айтқаны: «Шыншыл болғаның үшін жарайсың. Иә, өте қауіпті дерт, алайда сен бұл дертке шалдыққандардың ең біріншісі немесе ең соңғысы емессің. Оны жеңіп шығуыңа күшің жетеді» – деді. Әңгіме барысында бұл дертті қалайда жеңіп шығып, зұлымдықты мейірімділікке алмастыруға уәде бердім. «Айсұлтан маған уәде берсе, ол оны үнемі орындайды», – деп салмақты түрде атам жауап берді.
Мен оған өмір бойы қарыздармын.
Шындығын айтқанда, ол мені екі рет құтқарып қалды. Тек сол кезде мұны түсінуге ақылым мен тәжірибем жетпеген екен. Қазір жақын адамдарым менің қасымда, мен қолдау мен сенімге толы отбасыда өмір сүріп жатырмын. Бұл – өте маңызды.
Бұл дертті тек өзіңнің ерік жігеріңмен жеңіп шыға алмайсың. Бұл дерттен толықтай айықтыратын дәрі әлі жасалмаған. Қаншама отбасы осы улы дерттің салдарынан құрдымға кетті, сол себепті де қазір ашық жазып отырмын. Мұндай жағдайдан шығатын мүмкіндік бар және мен оны біле тұра бөліспей отыра алмаймын. Менің бұл жазбам кемінде бір адамды жаман жолдан тыйса, кемінде бір отбасыны бұл дерттен құтқарса, демек мен бекер жазбағаным.
Мен бұдан айығудың жолын таптым, ең алдымен маған Алла көмектесті.
Өмірінде нашаны татып көрген адам менің не жайлы жазып отырғанымды түсінеді. Бұл істе кінәлі жоқ, тек жапа шегушілер ғана бар. Әрине, кем тұстары да жетерлік. Алайда, нашақорлықпен күресу керек, бірақ нашақор дертіне шалдыққандармен күресу – қылмыс екендігін үлкен сеніммен айта аламын.
Жыл сайын миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған бұл дерт әр елде көбейіп, өсіп келе жатыр, себебі адамдар бұл жайында айтуға қорқады. Өтірікшілер тек бай-бағландар мен әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар ғана нашақор болады деп жар сала айтады. Сол себепті де қоғам оларға ешқандай аяушылық танытпайды. Нашақорлық – тек жаман адамдардың жанын алатын қайырымды іс емес, ол қолы жеткеннің бәрін жұтып алады. Сол себепті де бұл жайында ашық түрле айту менің парызым деп білемін. Ал, әлеуметтік желі мұны елге таратудың ең тиімді жолы, сол үшін де қуаныштымын.
Тек айтып қана қоймай, қандай да бір іс жасауға мүмкіндігім болады деп үміттенемін. Бұл мәселеге қатысты ойымда біршама жоспарлар бар, дәл қазіргі уақытта нашақорлықпен күрес жүргізетін қайырымдылық қор ашу үстіндемін. Сол іске жұмылдыратын білікті мамандарды іздеп, менің бастамама көмектесетін адамдарды іздеудемін. Бұл дертке шалдыққан әрбір адамға көмектесуге тырысамын, себебі олардың жанын мен түсінемін. Ең бастысы ондай кезеңде өзіңнің жалғыз емес екендігіңе сенімді болу қажет және де сен бұл дертке шалдыққандардың ең біріншісі де, ең соңғысы да еместігіңді ұғынған жөн. Қазіргі таңда адамдар нашақорлықпен күрес жүргізуде жақсы тәжірибе жинап алған. Мен Narcotics Anonymous қоғамдастығына алғысымды білдіремін.
Өзіңмен күресу қашан да қиын, мен үшін бұл күрес ең ауыр да қиын күрес болды.
Бәріне қолыңды бір сілтеп, беріле салу қажет пе, әлде бар күш-жігеріңді жинап аяғына дейін күресу керек пе деген екі ойдың ортасында қалдым. Бұл – нағыз ішкі жихад. Қуанышыма орай, үміт сәулесі әрқашанда кеудеңдегі қараңғылықты жеңіп шығады.
Айсұлтан Назарбаевтың Facebook парақшасынан
Rashaad Penny Authentic Jersey