Салмақсыздық саясындағы серуен

647

Салмақсыздық саясындағы серуен

1965 жылдың наурыз айында ғарышкерлер Павел Беляев пен Алексей Леонов тізгіндеген «Восход-2» ғарыш кемесінің ғарышқа ұшуы өте маңызды да теңдесі жоқ  сапар болды. Олардың алдына жауапты міндет қойылды. Адамзат тарихында тұңғыш рет адам баласының ашық ғарышқа(открытый космос) шығу жауапкершілігі жүктелді. Екіншіден, экипажға ғарыш кемесін жерге автоматты түрде емес, қолмен басқару жүйесімен қондыру тапсырылды. Бұл әлем ғарыш тарихында болмаған тың құбылыс еді. Осы тәсілді оларға дейін советтік және американдық ғарышкерлер іске асырмаған.  Ғарыш сапарының үшінші ерекшілігі – жерді орап тұрған орбитаға әлемде алғаш рет суретші сапар шекті. Шындығына келгенде Алексей Леоновтың мольберт пен қыл қаламды қолына алуға мұршасы да келген жоқ. Кеме шлюзінен түпсіз кеңістікке жүзіп шыққанда ол абайсызда қолынан камераны шығарып алудан сәл қалды. Көз көргенді камераға жазу былай тұрсын, Алексей Леонов кеме бортының сыртында шыбын жанын шүберекке түйіп, өмір үшін алысып жатты. Болған жағдайдың бәрін осы оқиғадан елу жыл өткен соң Алексей Леонов  былайша майын тамызып әңгімелеп берді.

Сіздің бірінші ғарышқа ұшуыңыз қиындыққа толы болғанға ұқсайды. Ойламаған жерден орын алған оқыс оқиғалар дегендей…

– Солай болғаны рас. Келеңсіз жағдайлар жерде жүргенде басталды. Ғарыш кемесіндегі орындық әрбір ғарышкердің дене бітімінің құрылысын ескеріп, арнайы дәлме-дәл дайындалады. Жұмсақ синтетикалық материалдан қалып құйылады. Сол қалыптың ішінде, ол қатқанше тыр жалаңаш отыруың керек. Мен де отырдым. Уақыты келген соң тұрайын десем тырп етіп қозғала да  алмаймын. Қалыпқа  денемдегі бар түгім желімдей жабысып қалыпты. Ол кезде денемдегі түктер, ғафу етерсіздер, басымдағы шашымнан да көп еді(шашы түсіп қалған қасқа басын сипады). Жанымды көзіме көрсетіп, тірідей терімді сыпырғандай етіп, қалыптан ажыратып алды. Құдайым-ау, эпиляцияға құмар ханымдар осы қорлыққа қалай ғана шыдайды екен! Аянышты. Біз ұшуға екі күн қалғанда орбитада сынақ кемесі жарылды, құдай сақтап ішінде экипаж болған жоқ. Ал  ұшатын күні біз Беляев екеуміз ғарыш кемесіне кетіп бара жатқан жолда қарсы алдымыздан әйелдің шыға келгенін қайтерсіз(әйелдерден кешірім өтінемін, ырымшыл екенімді жасырмаймын). Ол біздің ұшқан сәтімізді түсіруге арнайы келген «Центрнаучфильм» студиясының директоры екен. Паша екеуміз сол ыйықтан асыра үш рет түкіріп, алда болатын қиыншылықтарға іштей дайындалдық. Олар көп күттірмей басталды да кетті! Есептеулердің қателігінен 350 километр биіктіктің орнына бізді ұшу жетекшілігі 495 километрден бірақ шығарыпты! Биіктік жоғарылаған сайын  радиациялық сәулеге шалдығу (облучение) молаяды, вакуумнің қаупі күшейеді. Әрине, қону траекториясын өзгерту қажет, олай болмаған жағдайда ұшарыңды жел, қонарыңды сай біледі. Әрине кемеге де, менің 100 килограмдық скафандрыма да(өз салмағым 75 кг) ашық ғарышқа шығу үшін барлық қондырғылар орнатылған, оның ішінде радиацияға және күн қызуына қарсы қорғаныс құралдары да жан-жақты қарастырылған еді. Скафандрдың сырты күн сәулесінен 150 градусқа дейін қызса, көлеңке жағында 140 градусқа дейін төмендейді. Скафандрдың ішінде өмірді қажет деңгейде қамтамасыз ететін дербес жүйе температураны бір қалыпты, 15-20 градуста ұстап тұрады. Кислородтың(оттегі) қоры 20 минутқа жетерліктей етіп жасақталған. Мен шлюздік камерадан ашық ғарышқа қалқи шыққанымда,  күн сәулесінің қуатты жарығы көзді аштырмай тастады. Данекершінің жарқылындай қарауға мұрша бермеді. Тез арада жарық фильтрін көзіме түсіруге мәжбүр болдым. Аспан біресе қара түске, енді бірде ашық түске де боянып тұрды. Жан-жағың шегі жоқ түпсіз тұңғиық. Төменгі жақта көздің ұшында көгілдір жер көрінеді. Оның дөңгелек екені байқалады. Жоғарғы жаққа қарасам, төбемде зәулім ғарыш кемесі айналып тұр, көзіме жер шарынан да үлкен болып көрінді. Қолдарымды кезек-кезек тұтқадан босатып едім, бір-бірімізден суда жүзгендей алыстай бастадық. Мені бір ұшы ғарыш кемесіне байланған ұзындығы бес метр болатын фал ғана ұстап тұр. Ашық ғарышта қалқып жүргенімді кеменің бортына орналасқан бейнекамералар түсіріп, жерге ұшуды басқару орталығына беріп жатыр.  Құлаққаптан(наушник) «Қараңыздар, мынау тірі ғой…» деген сөздерді есітіп қалдым. Төменгі жақтан Кавказ қара теңіз жағалауын көріп, жерден жеті қоян тапқандай қуанып: «Сочиде ауа райы керемет екен…» – дедім. «Біз оны сенсіз-ақ білеміз. Тапсырмаларды орында!»-деп жауабын қысқа қайырды. Әрине, жердегілер де әбігерге түсіп, тапсырмалардың орындалуын тағатсыз күтіп отырды. Ал жер болса менен төменде үлкен түрлі-түске боялған глобустай тербетіле жүзіп бара жатты. Новороссийск пен Цемесс бұғазы көзіме түсті. Кубань алқаптары, шұбатыла созылған Волга өзені, көк кілемдей төселген  тайга, Обь өзені де көкжиектің құшағына еніп, көзден ғайып болды. Мен ғарыш кемесімен қоса айналып жылжып келе жатырмын, жер бірде төменде болса, енді бірде жоғарыға шығады. Енисейден өте бере (ғарышқа шыққаныма 12 минут болып қалған) маған кемеге қайта оралуға бұйрық келді. Қырсықтар тағы басталды. Есептен тыс биіктікте ғарыш кеңістігінің вакуум қысымы біз күткеннен әлдеқайда күшті болып шықты. Сыртқы қысым мен ішкі қысым арасындағы айырмашылық салдарынан скафандырым деформацияға ұшырап, қолдарым қолғаптан(перчатки) шығып кетіп, бейнекамераға ие бола алмай     қалдым. Етігім де шешіліп, аяқтарым далада қалды. Скафандрдың ішінде жүзіп жүргендей күй кештім. Өзімді де басқара алмай қалып, бейнекамераны қолымда ұстап тұруға да шамам келмеді. Люкке бейнекамераны да кіргізуге, өзімнің кеме ішіне люк арқылы өтуге де әлім келер емес. Жүрегім жарылардай дүрсүлі жиілеп барады, пульс болса минутына 140 рет соғып жатыр(оны кейін білдім ғой). Көзімді тер басып, түк көрмей қалдым. Дене қызуым 39 градусқа барды. Кислородттың да бітетін уақыты болды. Межеленген 12 минуттың орнына 20 минут ашық ғарышта ұшып келемін. Жермен ақылдасып, кеңес алуға уақыт жоқ. Есімнен танып қалсам, кемеге қайтып оралмасым айдан анық. Арпалысып жүріп Охот теңізіне жеттік. Бойыма қимыл бітіру үшін нар тәуекелге барып, скафандрдың ішіндегі қысымды екі есе азайттып едім, ол лезде кішірейді. Нұсқаулардың талабына сай келмеседе бейне камераны аяғымның арасына қысып алып, тар люкке басыммен кіруге шешім қабылдадым. Мақтанды деп сөге көрмеңіздер, тек қолдарымның қуаттылығының арқасында, кемеге өзімді өзім тартып енгіздім(жаттығу кезінде екі қолыммен кезек-кезек 90 кг көтеретінмін). Кислородтың бәрін тауыстым. Кеменің ішінде ентігіп, демімді әзер-мәзер алдым. Паша екеуміз люкті жапқан соң кенет кеменің ішіндегі кислородтың қысымы күшейе түсті. Сөйтсек люктің қақпағы тығыз жабылмапты. Көзге көрінбейтін сызат болса керек. Электр қондырғыларынан елеусіз ұшқын шыққан жағдайда өрт болып, соңы жарылысқа әкелер еді. Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуына 20 күн қалғанда барокамерадағы кислородтың көлемі мөлшерден тым асып кеткендіктен ғарышкер Валентин Бондаренко тірідей жанып кеткен болатын. Қонуға дайындала бастағанда кемені төмендететін автоматтық басқару жүйесі істен шықты. Кеме шыр көбелек айнала бастады. Біз ғарыш тарихында бірінші рет кемені қолмен басқарып төмендеттік. Орбитаның мөлшерден тыс биіктеп кетуінің кесірінен межеленген қазақ даласына емес, ит тұмсығы батпайтын пермь тайгасына қондық. Люктен далаға шыққанымыз сол еді, иықтан келетін омбы қарға баттық та қалдық. Аяз болса 25 градус. Скафандрды шешіп ішіндегі, төмендеу барысында бізден шелектеп аққан тер суын төгіп тастадық. Іш киімдерді шешіп, сүмектетіп суын сығып, қайтадан киіп алдық. Скафандрдың сыртын пышақпен жыртып, ішіндегі жылу ұстайтын материалмен, оған қосымша парашюттің арқандарымен де өзімізді орап алып, суып қалған кемеге қайта келдік. Қосылып тұрған рацияны ескермей «Ал, Паша, ғарыштың шаруасы бітті…»-деп ешбір тілге аударылмайтын орыс сөзін қосып жіберіппін. Ол сөзді қосулы байланыс құралдарының көмегімен талай адам есітіп отырыпты. Кейінректе болған баспасөз маслихатында бір шетел журналисі сол сөздің мағнасын сұрап, жиналғандардың ішек-сілесін қатырған еді. Езуін жия аламай отырған жиналғандардың көзінше, ол өте маңызды шаруаның сәтті аяқталғанын білдіретін сирек сөз деп жауап берген едім. Әрине, мен оларға бар шындықты айтқан жоқпын. Газеттер бізді аман-есен жерге оралған соң облыстық партия комитетінің саяжайында демалып жатыр деп хабарлап жатты. Шындығында бізді тайганың ішінен үш тәуліктен соң ғана тауып алған болатын. Әбден тоңған, күйелеш-күйелеш түрімізден адам шошитын халде едік. Осы жағдайлардан соң Паша Белявтың денсаулығы сыр беріп, ескі ауруы(язва) асқынып кетті. Бес жылдан соң аң аулап жүріп қан кетіп, ауруханаға жеткіземіз дегенше, перитонит болып қайтыс болып кетті. Алтын жігіт еді.

   – Соған қарамай, ауыр ғарыштық сапардан соң, досыңыздан айырылсаңызда ғарышкерлер қатарынан шыққан жоқсыз. Советтік-америкалық «Союз-Апаллон» жобасына қатыстыңыз. Осы орайда қандай қиындықтар болды?

– Басында тіл білмегендіктен біраз кедергілер болды.  Алғаш америка астронавтарымен кездескенде виски мен коньяк қызуының буымен  бір-бірімізді сөзсіз-ақ түсінісіп жаттық. Екі жылдан соң Хьюстонға жаттығуға барғанда мен 80-дей сөз білетін едім. Бір банкетте тіл байлығыммен жиналғандарды таң қалдырмақшы болып, «I want to wish you a successful life»(Өмірлеріңіз сәттілікке толы болсын деп тілеймін) деудің орнына «I want to wish you a sex full life»(Өмірлеріңіздің секске толы болғанын тілеймін) деппін ғой. Американдықтар күлкіге батты. Барымды салып айтқан тілегім олардың көңілінен шықты-ау деймін.

   – Релаксация(серігу, босаңсу,жеңілдену) жайында не айтар едіңіз? Ұзаққа созылатын ғарышытық сапарда, оның азабы мен бейнеті жетіп артылады емес пе. Сонда да болса мейрам, мереке дегендер болып жатады…

– Сенің меңзеп тұрғаның жүз грамм ба? Бұл қиын шаруа. Мәселе тәртіптің қаталдығында емес. Салмақсыздық жағдайында және ауаны регенерациялау жүйесінің қызметінің әсерінен спирттің буы ағзада өте қауіпті химиялық реакция тудырарын ескеру қажет және өрт болып соңы жарылысқа әкелуі де әбден мүмкін. Бәрібір амалын табушы едік. 1982-жы жылы Толя Березовой және Валентин Лебедев ғарышқа жарты жылдық сапарға аттанды. Сол жылы екеуі де 40 жасқа толатын еді. Соған байланысты бір бөлке нанның ішіне бір шөлмек коньяк салып жібердім. Алайда, Валентин ақыл тоқтатпаған екен. Жерге қайтып келген соң өте беделді ғылыми-көпшілік журналына ғарыштық ұшу кезінде қауіпсіз арақ-шарап ішу туралы өз теориясы жайында мақала жариялады. Сол теория бойынша егер сіз арақтың немесе коньяктың шөлмегінің ауызын еріндеріңізбен қысып тұрып отыз  граммнан үш рет сора ұрттасаңыз мақсатыңызға оңай жетеді екенсіз! Бұл мақала сол кездегі жалпы машина жасау министрі Сергей Афанасьевтің көзіне түседі. Екі иығына екі кісі мінгендей, бойы екі метр еңгезердей кісі болатын. Оның көз қарасы өңменіңнен өтіп кететін, кез келген адамды есінен тандыратын. «Коньякты кім беріп жіберді?-деп мәжіліс барысында шүйлікті бәрімізге. Кімнің беріп жібергенін білмейінше бұл кабинеттен бір адам аттап шықпайды»-деді. Амал жоқ, мен шынымды айтып едім, министрдің беті қайтып, жұмсара қойды. Осы жерде Бас конструктор бізді жақтап, сөзімізді сөйлеп: – «Сергей Александрович, кеменің бортында өте сезгіш катализаторлар бар. Олар  спирт буының қауіпті жиынтығын мүлт жібермей сезіп қойып, жерге хабарлаған болар еді» – деді. «Ал тіскебасардың(закуска) иісін сезе ме?»-деген сұрақ қойды министр. «Қанша тер төгіп тырысқанымызбен тіскебасардың иісін сездіре алмай жатырмыз» – дегенде жиылған жұрт ду күлді. Ақиқатына келгенде, сол кезде біздің отанымызда ғажап, теңеусіз озық технологиялар өмірге келіп жатты. Мысалы, зәрден ауыз су бөліп алатын қондырғылар болды. Иә,иә, кіші дәреттен! Адам демалғанда жиналып қалатын конденсатты да пайдаға асырдық. Тап-таза, мөп-мөлдір дистиллятқа адам ағзасына қажет минералды тұздарды қосу ғана қалатын. Нағыз самогон аппараты емес пе?  Одақ кезінде бізден қалған технологияларға американдықтар осы күнге дейін жан бітіре алмай күндіз-түні жанталаса тер төгіп жатыр.

   – Осыдан жарты ғасыр бұрын айға ұшуға дайындалдыңыз. НАСА жақында америкалық экипаждың жер серігіне сапар шегуге дайын екенін хабарлады. Ресей де амарикандықтардың көмегінсіз-ақ бұл шаруаны іске асыратынын жаһанға жария етті…

– Бұл қолдан келетін іс қой. Айда энергияның жаңа көзі- гелий-3 жетіп артылады. Оның бір тоннасы 160 миллион тонна мұнайды алмастырады. Ресейде бүгінде модернизацияланған сайыпқыран «Союз» ғарыш кемесі қолданыстан шыққан жоқ. Қазір ұшуға дайын. Біздің айға ұшу бағдарламасынан қалған зымыран тасушы «Протон» да осы күнге дейін көгенделген жоқ. Бізде ғарыш станцияларында ұзақ уақыт өмір сүру тәжірбиесі бар – 100 тәулік, бір жыл… Бұл өте маңызды мәселе. Айтпақшы, айда өмір сүру станцияға қарағанда жеңілдеу, себебі айда гравитация бар. Айдағы гравитация жерге қарағанда 6 есе аз. Айдың бетінде жүруге және секіруге болады, салмақсыздықтағы сияқты қалқып ұшып жүрмейсің. Осы ерекшеліктердің өзі айға шақырып тұрған жоқ па.

Сіз ғарышта НЛО-ны(танылмай ұшып жүрген объект) көрдіңіз бе?

– Ғарышкерлер дайындайтын орталықта мен НЛО-ны зерттейтін комиссияны басқарып, сол туралы барлық мәліметтерді жинақтадым. Сіздің үмітіңізді су сепкендей етуге мәжбүрмін. НЛО-ның барын растайтын бірде-бір факт тіркелген жоқ. Күн жүйесінен(солнечная система) тыс, жерден басқа планетада  өмір жоқ. Мен бұны сенімді айта аламын. Адам баласы жаратушының жасампаз шеберлігінің асқар шыңы. Әрине, жер де солай. Түкке тұрмайтын нәрсе үшін, бүйректен сирақ шығарып адамдар бірін-бір өлтірмей, Донбасста бейбіт өмір орнаса екен деймін. Украиндардың жағдайы алаңдатады, орыстарға да жаным ашиды. Украина мен үшін екінші отаным сияқты. Харьков түбіндегі Чугуевте ұшуды үйрендім. Кременчугте әскер қатарында болып, сонда үйлендім. Света сол жерде қыздарымды дүниеге әкелді.

«Времья» газетінен қазақшалаған

отставкадағы полковник Әли-Хан Омарбеков.

 Brandon Coleman Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз