10-дәріс. Абайдың алғашқы аудармалары

782

Абай үйрену мен еліктеу шағы 1884 жылға шекті созылған. Оған дәлел – шығармаларында әлеуметтік мазмұн аз, тіпті жоққа тән. Ал өз басының тәжірибесі және батыс, орыс әдебиетіне еліктеуден әр жанрда жазылған туындылар, аудармалар айқын басымдыққа ие.

Абайдың аударма еңбектерінің алды – 1882 жылғы «Бородино» делінеді.  Лермонтовтың осы шығармасы қазақшалануы – қазақтың аударма дәстүрінің басы есепті. Абай салған дәстүр – асқан шеберлік үлгісі және аударманы төл өлеңдері сияқты қалың бұқараны тәрбиелеу құралы қылу.

Әрине, өнердің қай биігі демеңіз, жаттығу мен төселуді талап етеді.  Бізше Абай алғаш жаттыққан аудармалар – Крыловтың мысалдары.  Өйткені, бұл тап Крыловтың дәуірі болған кез. Мұхтар Әуезов айтқан сыни көзқарас та көп жайды аңдатады. Ол Абай қотарған он үш мысалдың бесеуін («Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден», «Түлкі мен қарға») ғана жоғары бағалап, ал қалған 8 мысалды қатты сынға алған. Тіпті соңғылар «Абай аудармасы болмауы мүмкін» деп күдік айтқан (Абай энциклопедиясы, 292-бет).

Сегіз мысалдың Мұхаңа әлсіз көрінуі негізсіз емес. Өзіңіз де ойлаңыз, «Қарға мен түлкі» мысалы екі нұсқада, бұдан бөлек, мысалдар арасында «Есек» деген Крыловта жоқ, мазмұны Шығыс елдерінен алынған шығарма жүр.  Өз аңдауымызша, Абай Крыловты алғаш 1880 жылдардың басында тәржімелеп, 1894 жылы шәкірттеріне үлгі-өнеге бермекке екінші рет қолға алған. Соңғы бесеудің алдыңғы сегізге қарағанда сапа деңгейімен ерекшелену сыры, сірә да, осы арада.

Ғалым Қайым Мұхаметханов «Жаңадан табылған сегіз өлең» атты мақаласында Мәди Тәстембекұлы деген қарияның «Лашын мен шымшық» деген өлеңді Абайдікі деп өзіне тапсырғанын айта келе, былайша пікір қорытады: «Абай өзі де мысал өлең жазған деп білеміз. Сондай өлеңдерінен бізге жеткен бір өлеңі – «Лашын мен шымшық» атты мысал өлең болады» («Абай» журналы. – 1992. -№2).  Өлең әлсіздеу, көркемдігі де төмендеу –  классик Абайдың өнеріне сай емес. Демек, ертеректе жазылған. Оның ұмыт қалғаны да, еш жерде жарияланбағаны да содан сияқты. Ендеше оны Абайдың тәжірибесі деп қабылдап, басылымдарға енгізетін уақыт жетті.

Сөйтіп, Мұхаң әлсіз деп тапқан сегіз мысалға мына «Лашын мен шымшық» атты өлеңді қосып, осы тоғызбен Абайдың 1880-жылдардың басындағы  шығармашылығын байытсақ несі айып. Біздің ұсыныс осы.

Енді Абай еліктеу шағында аударған өлеңдерге келейік.   Үстіде аталған мақаласында Қ.Мұхаметханов «Қызғалдақтай қызықты өмір» деп басталатын төрт шумақ өлеңді 1944 жылы жазушы Ғабиден Мұстафин маған тапсырған еді дейді.  Бұдан бөлек, мақала авторы Новосибирск қаласында тұратын Әмірбек Жылқыбаев деген азаматтан сол 1944 жылы хат арқылы Абайдың  «Өмір» деген төрт шумақ өлеңін алғанын айтады.

«Абай аударған деген бұл өлең, – дейді Кәкең, – орыстың 19-ғасыр әдебиетіндегі көрнекті бұқарашыл ақыны – Иван Саввич Никитиннің (1824-1861) «Жизнь» деген өлеңі болып шықты. Өлең алғаш рет 1867 жылы жарияланыпты».

Мінеки, сөз етілген екі өлең де Абайдікі екеніне абайтанушы ғалым нық сенімді. Олай болса, оларды шамасы 1880-81 жылғы деп қабылдап, алдағы басылымдарға неге енгізбеске?

Айтылмай қалып бара жатқан, Абайдың еліктеу шағына сұранып тұрған тағы бір аударма өлең бар. Ол – В.Крылов (мысалшы Крылов емес) деген орыс ақынының «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңі.  Қазіргі күні өлең «1898 жылы аударылған» делінеді. Бұл ағаттық. Шындығында Абай оны он бес жылдай бұрын аударған. Дәлел алайық.

«Біржан сал Қожағұлұлы. Шығармалары» (Алматы, 2013) атты кітапта  Абайдың екі өлеңіне («Жасымда ғылым бар деп ескермедім» және «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын») шығарған Біржанның әндері нотасымен беріліпті. Кітаптағы «Біржан сал» атты еңбегінде әйгілі композитор Ахмет Жұбанов Біржанның Абай ауылына барған сапарын айта келіп, былайша мәлімдейді: «Әрбір күшті дарынға тән нәрсе – Біржан бұл сапарын ізсіз қалдырмайды. «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне ән шығарады». Оған дәлелі: «Абай музыкасындағы, – дейді композитор, – ән бірден үлкен дыбыстың секіруі арқылы басталмай баспалдақтап, төменнен жоғары қарай өрлеп шығады.  …Өте жұмсақ, ойлы, философиялық астары бар шығарма. Ән сөзінің мәнін, сырын Біржан өзінше ашады, өзінше музыка тілімен талқылайды. Мұнда өзінің бұрынғы музыкалық қазынасына Абай ауылына барғаннан қосылған жаңа арна бары сезіледі».

(Біржан сал Көкшетаудан Шыңғыстау жеріне 1886 жылдың көктемінде жеткен. Мұны  «Біржан және Абай» атты зерттеу мақаламызда дәйектеген едік, қазір тоқталып жатпаймыз).

Сөйтіп, «жаңа арна бары сезіледі» (Жұбанов) демекші, Біржанның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген аударма өлеңге әнді Абай ауылында жүргенде шығарғаны анықталып отыр. Бұл да өлеңнің жазылу мерзімі – 1882-1883 жылдар екендігіне қосымша дәлел.

Бірақ, барлық Абай   жинақтарында аталмыш өлең «1898 жылғы» делінуі – даулы. Он бес жылдай ағаттық төркіні қайдан? Оған «Крылов В.А. Стихотворения, СПБ, 1898» деген кітап кінәлі сияқты. Ол осы жылы жарық көрген. Абай өлеңді алғаш аталмыш кітаптан оқыған ба, жоқ әлде, көп бұрын мерзімді баспасөз бетінен оқып аударған ба? Осыған үңіле кетейік.

Семейдегі қалалық кітапхана жаздыртатын журнал атаулыны оқымысты  Абай қалт жібермей қадағалаған дегенбіз. Мәселен, «Современник», «Русский вестник», «Русская мысль», «Русская речь», «Новости» сияқты қалың журналдар. Олар патшалық билік цензурасы «бүлікшіл» дейтін бұқарашыл ақындарды (Никитин, Бунин, Дельвиг, Полонский, Мицкеевич, Крылов, Надсон және т.б.) үзбей басатұғын. Абайға олардың есімі Семейдегі жер ауып келген орыс достары арқылы таныс болғаны шүбәсіз. Өйткені, бұл орта үшін құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген халықшыл ақынның қай қайсы да «кумир» болған.  Міне, В. Крылов соның бірі. Абай оның өлеңін ертеректе мерзімді журналдың бірінен оқып, танысқаны таң нәрсе емес.

Біреу біледі, біреу білмейді, Біржан сал үш жылдай дертті хәлде болып, 1897 жылы дүниеден озды. Ал Крыловтың жыр жинағы бір жыл кейін жарық көрді. Сонда пәниде жоқ әнші жарық көрмеген кітаптағы өлеңге қайтіп ән шығармақшы? В.Крыловтың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деп басталатын ойлы өлеңін Абайдың 1898 жылы қазақшалауы қисынсыз дегізетін ең мықты дәлеліміз осы.

Сөйтіп, қай жағынан келгенде де, Крыловты қазақ ақыны батыс, орыс әдебиетіне ерекше ден қойған 1882-1883 жылдары аударғаны байқалады. Оған қоса, осы өлеңнің сөзіне жазылған ән де Біржан сал Абай қасында болған 1886 жылдың жазына сұранып-ақ тұр.

Абайдың алғашқы аударма өлеңдері жайлы сөзіміз осымен тәмам.

Асан Омаров, абайбанушы ғалым.

 Charcandrick West Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз