Абайтану дәрісі: Махаббатсыз дүние «бос» па әлде «дос» па?

559

 

Абайтану дәрісі: Махаббатсыз дүние «бос» па әлде «дос» па?

 

1890 жыл Абайға іштей тоқырау мен дағдарыс  («тоқырау», «дағдарыс» – ойшыл ақын сана-сезімінің  жаңа сатыға басқыштау қарсаңы деген мәнде) әкелген. Оны екі өрлеу сатысы – ағартушылық пен ойшылдық аражігі я шекарасы десек те болады. Сөзімізге Абай шығармашылығы басты дәлел: осы жылғы өнімі небары 6-ақ өлең. Соның бірі – «Кейде есер көңіл құрғырың» деген өлеңге назар аудармақпыз. Онда Абай «махаббатсыз – дүние бос» деген бе, жоқ әлде «махаббатсыз – дүние дос» деген бе?

Көпшілікті дәйім өзіне қызықтыра тартатын, әсте пікірталас көрігіне тамыздық болуға даяр дүниетанымдық түйткілдің бірі осы деуге керек. Сондықтан бұл мәселе жайлы өз ойымды ортаға салуды жөн санадым.

Қазіргі таңда өлеңнің үшінші шумағы:

Махаббатсыз – дүние бос,

Қайуанға оның қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар, –

деп басылып келеді.

Бірден айтайық, бірінші жолдағы «дүние бос»-ты «дүние дос»-қа жайдан жай ауыстыра салу – дұрыс болмайды. Ол үшін алдымен шығарма қай жылғы екендігі нақтылануы керек. Мәселе сонда ғана дұрыс шешімін таппақ.

Егер өлеңнің жазылу мерзімі қазіргіше «1890 жыл»  деп танылар болса, онда «бос» сөзін «дос» деп өзгертуге құқымыз жоқ. Онда «махаббатсыз – дүние бос» сол қалпы қала беруге тиісті. Неге? Өйткені, махаббат деген шексіз ұғым. Оның бастауы, түп-тамыры Алла тағаланың махаббаты, онан соң баланың ата-анаға, жігіттің бойжеткенге, әр адамның туған жері – Отанына махаббаты дейсіз бе, қойшы, әйтеуір,  барша өмір тарам-тарам махаббатқа толы. Оның «керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ» (Абай). Демек, өмірдің бір аты – махаббат. Сондықтан 1890 жылы Абайдың «махаббатсыз – дүние бос» деуі заңдылық, жоққа шығарылмайтын ұғымды нәрсе. Бірақ бір гәп бар, ой таласы тегіннен тегін туындамаса керек-ті.   Төмендегі мұрат – ақиқатқа жету.

Егер «Кейде есер көңіл құрғырың» өлеңі төрт жыл кейінгі, яғни 1894 жылғы шығарма деп қабылданар болса ғана «дүние бос» тіркесін «дүние дос» деп өзгерту шарт. Әйтпесе жоқ. Рухани кемелдіктің кезекті сатысына басқыштап, соған сәйкес танымы мен ой жүйесі өзгерген Абай хәлін елеп-ескеру талабы осы.

Жалпы Абайдың ағартушылық және ойшылдық (даналық) өрістерін қайтіп айырмақпыз? Ой-танымдағы принциптік өзгешелік неде? Осы мәселені қаузап, тереңірек қазбалай өту басы артық шаруа болмаса керек.

Әуелі даналық танымда «дүние дос» тіркесі – өмір жарқылына алданып, жалған дүниеге байлаулы қалған ғапыл пенде деген мағынаны білдіреді. Абайдың: «Қайуанға оны қосыңдар» деп ұғар жанға батырып, қатты айтуының мәнісі сол тегі (дін ілімі Құдайды тануға ұмтылмаған адам қайуан есебінде, таным жоқ жерде махаббат та жоқ дейді). Бұл ақиқатты шәкірті Шәкәрім де махаббаттан ада, яғни жүрек көзі ашылмаған адамдарды «тіршіліктен оянбай» ұйқыда қалғандар деуімен құптап, растап береді.

Тағы бір анығы, Абай 1890-жылдардың ортасында айналымға «дүние бос»-ты емес, «дүние дос» пайымын қосқан. Айталық, 34-ші

сөзінде ойшыл: «Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, …екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. …Қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес», -дейді.  Бұл ойшылдың «дүниеге дос болудан қаш» деген насихаты екені сөзсіз. Ал мұндай насихат 1891 жылға дейінгі Абай танымына я шығармашылық бағытына үйлесе ме? Жоқ, үйлеспесе керек. Ол кезеңге «махаббатсыз – дүние бос» ұғымы орынды, керісінше «махаббатсыз – дүние дос» деген пайымды таңу зорлық, ғылымғада қиғаш.

Қала қалама, 1894-95 жылдар «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі» деп өзі айтқандай, Абай теология өрісіне – Алланың хикметі мен  махаббат-шапағатын танып-білмекке құлшына кіріскен шақ.  Оның Абай эволюциясының кезекті айшықты белесі екені даусыз.

Сонымен, Абайдың «Кейде есер…» деген шығармасының жазылу мерзімі 1890 жыл болып қала бергені жөн бе, әлде оны 1894 жыл деп өзгерту керек пе?

Жоғарыда айттық, «махаббатсыз – дүние дос» анық даналық таным. Ол – терең ойдың өнімі һәм ең құнды ақиқаттың бірі. Дәуір сұранысына айналып отырғаны содан. Ендеше, ештен кеш жақсы дегендей, аталмыш өлең 1894 жылғы деп мойындалса, жазылу мерзімі өзгертілсе – абайсүйер көпшілік күткен дұрыс та әділетті шешім сол болар деген ойдамын.

 

Асан Омаров,

зерттеуші. Kareem Martin Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз