«89 жастағы америкалық кәсіпкер Чак Фини өмір бойы жинаған бүкіл байлығы – 8 миллиард доллар байлығымен қоштасты. Чак Фини өмірінің соңында миллиардерден кедей адамға айналды, бірақ өзін сол үшін бақытта санайды»,-деп жазады БАҚ көздері.
16 қыркүйекте оның Атлантикалық қайырымдылық қоры соңғы қаражатын жұмсап, салтанатты түрде жабылған. Бұрынғы миллиардер өзінің барлық ақшасын толығымен өз еркімен таратып беріпті.
Эндрю Карнегидің «Болат патшасы» кітабынан шабыт алған ол жинақталған байлықты пайдаланудың ең жақсы тәсілі – қоғамға көмектесу деп тұжырымдаған. Осы мақсатта Чак Фини сонау 1982 жылы Атлантикалық қорды құрған.
Қайырымдылық Америкада кең таралған. Көптеген танымал бай адамдар осындай мақсаттарға миллиондаған доллар береді. Билл Гейтс және Уоррен Баффет сияқты ірі миллиардер филантроптар Финиді ұстазым деп таниды.
Бұл – оларда. Ал бізде ше?
Кезінде атағы дүрілдеп тұрған біздің «Қазкоммерцбанкінің» директорлар кеңесінің мүшесі болған Нұрлан Бизақов деген жігіт көп жылдар бұрын Англияға көшіп алған. Жарты миллиард доллар байлығы бар Бизақов кешелі-бері Британияның Ист-Хотли деген қаласында ХІІ-ші ғасырда салынған көне қалашықты бұзып, орнына 200-ден астам жаңа үй саламын деп, ағылшындарды шуылдатып жатыр.
«Жерұйық»-ақпарат».