Осыдан бірер ай бұрын Шығыс Қазақстандағы Мақаншы өңірінің Қарабұта ауылында «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумы өткен болатын. Ондағы мақсат – алыста жүрген ауылдастардың туған өңірлерімен байланысын нығайтып, елжанды азаматтарды ауылға болысуға шақыру еді. Негізі, бұл үрдіс бұл ауылда бұрыннан қалыптаса бастапты, осы жолы тек сол бағытты кеңейте түсу екен. Ол жайында сол жолғы «Ауылға атсалысқандар форумы» мақаламызда тоқталғанбыз. Сол кезде форумның «Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолыңнан келгенше қолдау жаса» деген үндеуіне алыс-жақыннан келген жерлестер оң қабылдап, өз үлестерін қосатындықтарын да айтып еді. Міне, сол ел алдында берілген уәделердің алды орындала бастапты. Бұл жайында «Қарабұта» ауылдық округінің әкімі Мұратбек Сарқытұлы арнайы хабарласып, сүйінші жаңалығын жеткізіп отыр. Шалғайдағы ауылдың шаттанатын да жөні бар екен; балабақша балдырғандары бұрын-соңды көрмеген ерекше Ұлттық ойыншықтармен қамтылып жатыр екен.
Соңғы жылдары төл ойыншықтар шығарумен шұғылданып жатқан астаналық «Жеті ойыншық» серіктестігінің өнімдері баланы қойып үлкендердің өзін қызықтырмай қоймайды. Өйткені, бұл өнімдер тек ойын құралы ғана емес, санадағы ұлттық нақыштарды жаңғыртатын, баланы бауырмалдыққа баулитын тәрбие құралы. Сәкен Болыс есімді кәсіпкердің авторлығымен дүниеге келген «Керемет үй», «Керемет домбыра», «Мағыналы оюлар» деп аталатын ойыншықтар топтамасының әрқайсысының жеке нұсқаулық кітапшалары бар. Ол нұсқаулықтар бала тілін дамыту бағытында ойыншық атаулары тақпақ үлгісінде берілген. Бұл ойыншықтардың тағы бір артықшылығы – бір және бірнеше баланың ортақ құрастыруына арналған. Мысалы, «Керемет үйдің» 6 керегесі, 20 уығы өзге де бөлшекетері мен бірге үй ішіне жинайтын тұрмыстық жабыдықтары бар, жиыны 20 бұйымнан тұрады. Алдымен киіз үйді құрап, оның ішіне сандық, адал ас, төсек секілді бұйымдарды жинай жүріп сәби санасында ұлттық өрнектердің, сол төңіректе тәрбиешінің немесе әжесі айтқан әңгімелерді тез әрі терең қабылдайтыны анық.
Бар жігерін осындай ойыншықтарды бәсекеге қабылетті деңгейде дүниеге әкелуге арнаған «Атакәсіп – Астана» ЖШС жеткешісі, осы ойыншықтар авторы Сәкен Болыс бір сұхбатында: – Біз ұлттық ойыншықтарға бизнес ретінде ғана қарамауымыз керек. Ұлттық ойыншыққа ұлттық идеология ретінде қарауымыз қажет. Үңіле білсек, ұлттық ойыншық та – ұлттық идеология. Ұлттық болмысқа тұнып тұрған қазақы ойыншықтарды дамыту, жетілдіру арқылы қазақ тілінің көсегесін көгертуге біршама үлес қосамыз. Ұлттық ойыншықтар арқылы өзге ұлт бүлдіршіндерінің бойына қазақылық болмыстың дәнін егеміз. Сонымен бірге, ұлттық ойыншықтар төңірегіндегі тәрбие жұмыстарын толықтыра отырып, жүйелі деңгейде балабақша өміріне енгізілсе деп жұмыс жасап жүрміз, депті. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ әрі ұлттық ойыншықтарға қатысты ойымызды осы пікірмен түйіндейміз.
Міне, осындай ерекше ойыншықтар топтасмасымен Қарабұта ауылының қарадомалақтары да қамтылып отыр. «Жеті ойыншық» өнімдерінің екі құрамын (2 комплект) өткен жолғы жерлестер форумында Совет Шөшеков пен Серік Иса есімді жерлестер тарапынан ауылдағы «Нұр шуақ» балабақшасына сыйға тарту сөз болған еді. Сол уәде таяуда жүзеге асып ауыл бүлдіршіндерін бір мәре-сәре қылыпты. «Қуантсаң, баланы қаунт» дегендей, қарадомалақтарды қуаныштан бал-бұл жанған жүздерін көрген сайын ата-аналары мен тәрбиешілер керемет тарту жасаған ауылдас азаматтарына алғыстан басқа айтары жоқ. Ел ішіндегі жаңалықтарын бізбен бөлісіп жатып ауыл әкімі Мұратбек Сарқытұлы: «Мына ойыншықтар керемет екен, үлкеніміз бар, кішіміз бар ұлттық бұйымдарымыздың осындай сапалы деңгейге көтеріліп, заманауи үлгіде шығып жатқанына қуаныштымыз. Адамды қызықтыратыны соншалық, балаға көмектесе отырып өзің де бала болғың келіп кетеді екен…», деп сөзінің соңын әізілге бұрса да ішкі шындығын жасырмағандай.
Ауыл балабақшасына тамаша тарту жасап отырған Совет Шөшеков пен Серік Иса есімді азаматтардың туған елінің түлеуіне бұрыннан атсалысып келе жатқанын бұрындар жазғанымызбен қайталай кетудің артығы жоқ. Ауылын ойлаған азаматтар мешіт тұрғызып, дәмхана салып, саябаққа ескерткіш орнатқан олар өткен жолғы жерлестер форумына ауылдастар кәдесіне жарасын деп қазақтың маңдайалды қаламгерлерінің туындыларынан 100 кітап көтере келген. Сонымен бірге, форумда көтерілген мәселелерге орай мектептің мәжіліс залын жаңадан жабдықтауды, ауруханаға телевизор, балабақшаға заманауи ұлттық ойыншықтар топтамасын әперуді мойнындарына алған еді. Нәтиже жоғарыдағыдай.
«Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен жеріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген Елбасы сөзі қарабұталықтардың ортасында осылай өріс алуда.
Қайрат Зенкенұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.