М.Инажанов:Еліміздің биоинформатика саласын дамытсам деймін

394

Марат Иманжанов – Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тумасы. Түркияның Самсун қаласындағы Ондокуз Майс Университетінің биотехнология факультетінің магистрі, биотехнолог, Түркиядағы шет ел студенттері ассоциациясының мүшесі. «Қазақстанда биоинформатика саласын қолыма алғым келеді, жобамның болашағынан көп үміт күтемін», – дейді ол.

Ғылымдағы алғашқы қадамым

Күршім ауылындағы №3 мектеп-гимназиясын түлеп ұштым. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен жаратылыстану ғылымдарына зор қызығушылық таныттым. Жан-жануарлар мен өсімдіктердің анатомиясын зерттегім келетін. Барлық сабақтан үздік болдым деп айта алмаймын, алайда  уақытымның басым бөлігін биология пәніне бөлетінмін. Биологияға деген талпынысымды көргеннен болар, мені мектеп атынан көптеген олимпиядарға жіберді. Соның бірі Прага қаласында өткен Европадағы ІІ халықаралық олимпиядадан жүлдемен оралуым – мені ғылымға итермелеген бір қадам болғандай. Ол қадам мені Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Универсиетінде Биотехнология мамандығы бойынша білімімді жетілдіруге ықпал етті. Студенттік кезімде де көптеген тақырыптарға ғылыми мақалалар жаздым.

Неліктен Түркия мемлекетін таңдадым?

2014 жылдың жаз айы. Тобымыздан түлеп ұшып дипломдарын қолға алар-алмас бір мамандықтың жалауын желбіреткен замандастарымның сан жолға айырылып, бірі жұмысқа тұрып бірі оқуын жалғастырып, бірі шет елге шыққалы жатқан арпалыс кезеңі еді. Ол сәтте де менің алдымда екі жол бар болатын. Бірі  – оқу болса, бірі – жұмыс. Универсиет кезеңінде көптеген жоспарларымның орындалмай қалғанын сезінгеннен болар оқуымды жалғастыру – шешімімнің бірден-бір жауабы еді. Ойлана келе, не болса да шет елге шығуға бел будым. Отбасым да бір ауыздан қолдады. Университетімде өзімнің жақсы көретін ұстазым бар еді. Ақыл сұрай барғанымда, өзі білім алған Түркия мемлекетіндегі университеттерге құжат тапсыруыма кеңес берді. Түркия қазақ халқының бауырлас елімен қатар исламды жақсы ұстанған мемлекет. Білім мен ғылымға жақсы жағдай жасалған. Артықшылықтарын таразылай келе оқитын мемлекетімнен шатасатыныма күмәнім жоқ еді. Көп ұзамай оң жауап алғаннан кейін, Қара теңіздің жағалауында орналасқан Самсун қаласындағы Ондокуз Майс Университетінің магистр студенті атанып, қимастықпен туған еліме ұшақ терезелерінен қарап отырған сәтім күні бүгінге дейін әлі есімде.

Түркия маған не берді?

Түркияда өмір сүру барысында өзімде де, өмірімде де көп нәрселер өзгергенін байқаймын.  Ғылым жолында университетімдегі ұстаздар көп жағдайын жасап, болысты. Лабораториямыздағы сөрелер реагенттерден босамайды, жұмыс барысы уақытылы және тиянақты тамамдалды. Сан түрлі қызықты тақырыптарға топтағы балалармен сайысу барысында көптеген керек ақпараттарды ой елегімнен өткіздім. Қазір достарымның тек қазақ ұлтынан ғана емес, дүниенің төрт бұрышынан болып, ал ортақ тіліміздің түрікше болғаны да бір өзгеріс сияқты.

Оқумен қатар, жергілікті  фирмадағы жұмысымды алып жүремін

Магистр дәрежесінде болғандығыма байланысты, сабағымыз күнделікті бола бермейді. Студентке бір аптаға бір тапсырма беріліп, оның орындалуы оқытушылар тарапынан қадағаланады.  Мен де тапсырмамды уақытылы, әрі жылдам орындап тапсырамын да, қалған «уақытым бос өтпесін» деген ниетпен жергілікті бір фирмаға жұмысқа тұрдым. Фирманың шет елдегі көптеген серіктестері бар. Соның ішінде менің алаңыма қатысты, Украинадағы серіктестерге қатысты жұмыстар менен сұралады. Ол жұмысқа орналасуым – біздің орыс тілін білгеніміздің үлкен үлесі. Оқу мен жұмыстан басқа, мен Түркиядағы шет ел студенттері ассоциациясының құрамындамын. Ассоциациясының басты мақсаты  – шет елден келіп Түркияда білім алып жатқан студенттердіің басын қосып, осындағы студенттік шақтарының қызықты өтуімен қатар, өз өлкелерін танытуға ықпал жасау. Жыл сайын қаланың орталығында «ӨЛКЕ ТАНУ» шатырлары құрылып, әр елден келген студенттер өз мемлекеттерін таныстырады. Әрине, біздің Қазақстанның да атына ашылған шатыр да жыл сайын ол шарадан өз орынын алады. Осындай мәдени шаралар аясында Ыстамбұл қаласындағы қорытынды концертке қатыстық, ол шараға жыл сайын Түркия Республикасының призиденті Реджеп Тайып Ердоғанның өзі қатысып, Түркияда білім алып жатқан шет ел студенттерімен арнайы кездесу жасайды. Оның өзі – бұл мемлекеттегі студенттердің қараусыз қалмағанның белгісі.

Түркияда Қазақстан үшін қандай мүмкіндіктер бар?

Түрік ағайындар – жұмыскер халық. Адамгершілік пен намыс, ар-ожданның не екенін біліп ғана қоймай, оны санасына мықтап сіңірген халық дер едім. Жердің қай жерінде болса да, өзінің түрік екенін көрсете білген халық. Жасаған жұмыстарын өте жауапкершілікпен орындайды. Өз істеріне адал. Қазақстандағы көптеген құрылыс фирмалары Түркиядан бастау алған фирмалар. Біз білетін сауда-саттықпен қатар, мейманханалар желісі, сұлулық сферасында да өз істерінің шебері. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы, сондай-ақ, бау-бақша өсіру, жылыжайларда талаптарға сәйкес жемістердің жетілуін, тыңайтқыш өндіру сынды агро саладағы үлесін бірі білсе, бірі біле бермес. Түркия Республикасындағы медицина саласының дамуын көрген біздің қазақстандық дәрігерлер «ақпарат алмасу» мақсатында жиі серіктесетінін байқаймын. Бұл да біз үшін үлкен пайда деп ойлаймын.

Түркиядағы әскери төңкеріс, терроризм кезінде…

Ол күндерді ойлаудың өзі жан түршігерлік жәйт. Бірінен соң бірі, түрлі қалаларда болған жарылыстар жергілікті халықпен қатар, шет ел азаматтарының да жүрегін ұшырды. Көптеген студенттер өз еркімен оқуларын тастап, туған елдеріне қайтты. Туризм саласы ақсады. Қиын күндер еді. Төңкеріліс басталған күні жазғы демалысым басталып Қазақстанға жолға шыққан едім. Жаңалықты ұшақтан түсер-түспес біздің жергілікті БАҚ құралдарынан естіп, өз құлағыма өзім сенбедім. Ең бірінші әрекетім, дереу ол жақтағы таныстарым, достарымның қал-жағдайларын білдім. Айтуларынша әуежайлар жабылған, халық қолдарына қызыл жалауын алып алаңдарғы шыққан… Шүкір, қазір барлығы да артта қалды. Қазір де бастан кешірген қара күндерін Түркия ұмытып, жаңа, жарқын болашақтың жолына аттануда.

Қазақстанда ғылымға жағдай жасалған ба?

Менің Қазақстанда болмағаныма 2 жылдай болыпты. Алайда, ылғи өз салама байланысты ақпараттар мен қолдаулар туралы жаңалықтарды интернет желісінен қадағалап отырамын. Ғылым саласында еш жағдай жасалмаған десем, өтірік болар. Әрине біздің мемлекет дамушы елдер қатарында болып-ақ, жас ғалымдарға түрлі қолдаулар жасайды. Жыл сайын әр түрлі жобаларға байланысты конкурстар өткізіліп, гранттар бөлінеді. Мемлекет қолынан келгенше мүмкіндік беріп отыр. Тек оны іліп алып кетер мамандар қажет.

Жырақта болсам да, ұлтыма, еліме қатысты сан-түрлі ойлар маза бермейді

Мен шет елде жүргеннен кейін бе, білмеймін, патриоттық сезімімнің бұрыннан қарағанла екі еселене түскенін байқаймын. Қазақи болмысыма, қазақ болып туғаныма қуанамын. Шет елде мақтанышпен өз мемлекетім туралы ауыз толтыра айта аламын.

Бір қызық жағдай басымнан өтті. Түкияда жүргенімде бір қазақ баламен өзара орысша сөйлесіп тұрғанымда бір түрік баласы келіп,  «сендер, қазақтардың өз тілдерің жоқ па?» деп ойламаған жерден сұрақ қойғанда, шынымды айтсам, қатты ұялдым және бұдан былай қазақпен ешқашан басқа тілде сөйлеспеуге өзіме уәде бердім.. Әлі күнге дейін, жырақта болсам да, ұлтыма, еліме қатысты сан-түрлі ойлар маза бермейді…

Бір күнім…

Менің бір күнім бір күніме ұқсамайды (күліп). Күнде түске дейін университетіміздегі магистр студенттерге бөлінген кабинетіме барып, мақалалар оқып, зерттеулер жасап, уақытым магистрлік диссертациямды жазумен өтеді. Одан шыға сала жеке шаруаларыммен шұғылданамын. Демалыс күндері достарыммен кездесіп таңғы асқа барамыз немесе пикник ұйымдастырамыз, футбол ойнап, киноға барамыз. Кейде Түркияның бармаған қалаларына саяхатқа шығып тұратынымыз да бар.

Қазақстанда биоинформатика саласын қолыма алғым келеді

«Отаныңа ораласың ба?». Бұл сұрақ мені және отбасымды ең жиі мазалайтын сұрақтардың бірі. Достарымның да сұрайтыны – сол. Әрине, қазақтың қара домалақ баласы болғаннан кейін өз мемлекетіме борышым шексіз. Аз уақыт болса да осында өмір сүріп өз отаныма қайтып осында жиған тергенімді ол жақта жүзеге асыру ойымда.

Қазақстанда өзім қазір қолға алған биоинформатика саласын қолыма алғым келеді. Өсімдіктердің геномын зерттеп, түрлі талдау-зерттеулер жасасам деймін… Мысалға алсақ, американдықтардың NCBI дейтін «дамыған» сайты бар. Біз де сол сайттың аясында түрлі зерттеулер жүргіземіз. Алла қаласа, болашақта өзіміздің де NCBI сияқты отандық сайтымыз болады деп сенемін. Алдымен ол үшін мықты мамандар мен лабараториялар қажет.

Айтарым…

Шет елге шықсақ, көптеген нәрселерге көзіміз ашылатыны шын. Патриоттық намыс пен қоса жаңа мәдениет, тіл, жаңа қоғаммен таныс боламыз. Шет елге шығу керек. Қазақстанды таныту керек. Кей мемлекеттер Қазақстанның қай жерде екенін де білмейді. Өз басым «мен қалай өзімді танытсам, менің мемлекетімді де солай таниды» деген слоганмен шет елдің азаматтарына тек жақсы жақтармен көрінуге тырысамын. Мақтау мен мадақтауға лайық болғанын көрсете ғана қоймай, қызығушылықпен қарайтындай жарнамасын жасаймын десем де болады.  Тек бір әрекетіміз арқылы бүкіл Қазақ халқын танытатымызды естен шығармау керек.

Отбасым туралы…

Қазақстандағы орта жағдайлы отбасылардың біріміз. Әкем көлік жүргізуші, анам сатушы болып жұмыс істейді. Барлық жиған тергендерін біздің сапалы білім алуымыздан аяған емес. Өз тараптарынан жақсы тәрбие беруге тырысты. Ешкімнен асырмаса да, кем етпей өсірді. Ризамын. Екі ағам бар үйленген. Мен үйдің кенжесімін.

Менің арманымдағы қоғам

Мен сыбайлас жемқорлық атаулыға қарсымын. Жас мемлекет болсақ та, өзімізше тырысып күрес жүргізіп те жатырмыз. Кем тұстар да аз емес. Әр адамнан өзін қолға алар болса, қоғам өзгерер еді. Болашақта мемлекетімізде парақорлық атымен жойылатына сенемін. Себебі, Түркия да бұл жағдайды бірнеше жылдар бұрын бастан кешірген екен. Қазір әркім өз ісіне ар-ожданымен жауапты.

Еліңе не айтасың?

Менің елім бай, қуатты және жігерлі, болашағы жарқын, қадамы батыл. Мен туған елім Қазақстанмен мақтан тұтып қана қоймай, оның мақтан тұтар азаматы лайығына көп жұмыстар атқаратынымды айтқым келеді. Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін деген сөз түйінімен ойымды аяқтаймын.

Сұхбатты жүргізген Назерке Қайролданова,

«Жерұйық» порталы.

 John Simon Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз