Қазақстан Жазушылар Одағының кезекті құрылтайы қарсаңында
Құрылтай қарсаңында ортаға салар ой көп. Сонау халық эпосынан тамыр тартқан жыраулар поэзиясымен ұлттық көркем ойымыздың шыңына жеткен, Абаймен телегей-теңіз ойларға шомып, Мағжан, Ілияс, Жүсіпбек, Мұхтар, Қасым, Ғабиттермен ғажайып сұлулыққа кенелген, Мұқағали, Төлеген, Тұманбай, Әбіш, Қабдеш, Мұхтар Мағауин, Төлендермен әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен үзеңгі қағысқан әдебиетіміздің тілі күннен-күнге жұтаңданып, жүдеп барады! Басты уайым – осы! Кейінгі толқын жастарға өкпе жоқ. Әдебиетіміздің көсегесін көгертіп, көкжиегін кеңейткен абыз ақсақалдарымыз бен асыл ағаларымыздың төрдегі орыны ойсырап, ұлттық тілімізге төнген қауіп-қатер қабырғамызға батып-ақ тұр!
Аманхан Әлімұлының өлеңдерін зер салып оқи бермеуші едім. Өйткені шама-шарқын білем. Осы бала қазақтың құнарлы қара тілінің уызына жарымаған-ау деп басымды шайқайтынмын да қоятынмын. Таяуда газет бетінен бір топ өлеңдерін көргенде соған көзім анық жетті. Бұлдыр ойлар, бұрыс қолданған сөздер, түсініксіз тіркестер, оғаш теңеулер, ұғынықсыз ұйқастар көз сүріндіріп, көңіл суытады. Осы уақытқа дейін халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған көркем сөз қазынасынан құр қалып, бұл қайда қарап жүрген десем, айға қарап жүрген екен. Сенбесеңіздер оқиық: «Туды екен сондағыдай Ай неліктен», «Меккеде көргендеймін мына айды мен», «Ана Ай ма, ана Ай болса жиі қаққан», «Ай туса дөңгеленіп тас төбемде», «Тұратын көктен қарап Ай», «Моншағы болып жұлдыздар, Алқасы болып тағылды Ай» (Мағжанды еске түсіреді), «Куә оған ай да, терек те» (Тұманбайды еске салады), «Ондай күн, ондай жоқ Ай да», «Анасы болып көзіне, Көрінді ме екен, Ай мына». Айналасы бес-алты өлеңнің ішінде қаншама «Ай» жүр? Бірақ, айға әлсін-әлсін қарай бергені болмаса, айды разы қылар іліп алар теңеуі жоқ. Оны қойшы. Ай санап отырып иттің «анасына» жолықтық. Ит туралы өлеңінде «Анасы болып көзіне, көрінді ме екен, Ай мына» дейді. Есі түзу қазақ иттің енесі дейді. Ана сөзі тек адамға ғана тән. Аманхан ана деген киелі сөзді именбей итке де қолданады. Ол аз десең, Айды әлекке салған «Ай нұры алақанымда» деген жинағын ашайық:
«Барады терең тартып аспан Айлы», «Тозған таға секілді жарты Ай да анау», «Бүгінгі түн, шіркін, Ай әңгелек ең», «Сынап сынды сырғыған сыралғы Ай да», «Сұп-сұйық салқын сәуле (?) созбасын ба Ай», «Сонан соң көрсем деймін жәудір Айды», «Мысық көз Ай тұрсыз, Сіз, қарап кімге?!».
Айды «мысық көз» деп келемеждеп алып, «Сіз» деп сызыла қалатыны қызық?
«Мысық көз Ай… Сыр бойы… Мысыр кеуде…», «Мысыр кеудесінен» Аманханды арнайы зерттеп жүргендер болмаса дым түсінбедік?!.
«Сұп-суық сыланған Ай күміс кірпік», «Көңілсіздеу келеді Ай да ілесіп», «Ат жақты Айдың сәулесін тізгін делік», «Сары майдай ериді Аспандағы Ай», «Бүгін де таба қоймас күзгі Ай тыным», «Ақ сұр айдың бетінен жемтік көріп, Бергенің не аспанға ұли жаным?». Айдың бетінде жатқан не қылған жемтік? Жемтікке жете алмай ұлыған нендей жан? Бұл қылығын қоймаса, түбі айға ұлыған Аманхан атанар.
«Куә болып Ай туған қиық жебе», «Құлан иек таң ата үзілді Айым», «Шығандап шыға келді жарты Ай құла», «Дегенде жарты ай құла, жарты ай құла», «Мысық көз Ай тұрсыз, Сіз, кімге қарап?», «Тамып кете жаздап тұр Ай тамызда», «Ауыл… тоғай… сонан соң алыстағы Ай», «Келеңсіз кебіс бас Ай тұр аспанда», «Шаншылып қалды орақ Ай», «Көкке ілініп көңілсіз тұр сынық Ай», «Ақ бұлтқа аунаған ұрланды Айым», «Күзеттемін, Ай туды қияқтанып», «Шаншылады төбемнен мұңсыз мына Ай», «Ат жақты ай көкте жүзе ме?», «Мысық көз Ай, бір гәп бар қарасында», «Жайланып жатып алды Ай да көкте», «Ат жақты Айдың жүзінен күйе көрдім». Қатын көзіне қазанның түбінен көрінетін қара күйенің, ақын көзіне Ай бетінен көрінгені тарихта осы шығар?
«Мысық көз Ай сұп-суық жылтырайды», «Мысық көзі тартылып шыққан Айды», «Түн кірпігін көтерді де Ай туды», «Келтіріп көзге тиынды Ай», «Із баққан қармақ тұмсық солған Айдың», «Қармақ Ай ханға тартқан қайыстырып», «Марқа қозы көрінген Ай көзіне», «Бұлтты аспан… сызды ауа… Жарымжан Ай». Айдың ауру-сауын қайдан білді екен?
«Марқа қозы Ай көзіме түстің неге?». «Қозы» сөзін қыстырмай-ақ марқаның қозы екені өзінен-өзі белгілі емес пе? Абай «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» деп осындайды айтқан. «Марқа қозы Ай ізіңді бағып тұрмын», «Асып, әне, барады соны Ай боздан», «Ай аунаған алыста ала бұлт», «Сыр етіп айта алмаймын Айға мұны», «Болбырап боз өкпедей борсып кеткен, Борсық Ай болар болмас боздан асты». Сонау ғарыштағы Айдың борсыған иісін сезген танауына болайын! Манадан бері Айды қысық көз мысыққа теңеп отыр еді, аяқ астынан борсыған борсыққа айналдырып жіберген Аманханның «талантында» шек болсайшы?
Адамды аң-таң қалдыратын неше түрлі «Айын» түгендейміз деп 300 бетке жуық кітаптың бел ортасына әзер жеттік. Ал, айжады болған Аманханның тоқтар түрі жоқ… Айды: жез легенге, кебіске, аттың жағына,
тиынға, борсыққа, борсыған боз өкпеге, жарымжанға, әңгелекке, тозған тағаға, сынапқа, мысыққа тағы басқаға теңеп Ай «байғұстың» әбден масқарасын шығарады.
Атам заманнан сұлулықтың символы болған айды шығыстың шайырларындай мөлдіретіп жырлаудың орынына, өңкей бір сұрықсыз суреттерді көз алдымызға әкеледі. Тап бір айда өші кеткендей, айды «келеңсіз» деп мұқатады. Мұнысы қалай? Енді Су иесі – Сүлейменіне келейік:
«Жайсыздау ақ жал толқын аунап түсті, Сүлеймен – су иесі күрсінді ме?», «Сүлеймен су иесі күрсінгенде, Қалғандай сезіндім мен құр сүлдем де». «Құр сүлдем де» дегені ұғынықсыз. Дұрысы – құр сүлдем қалғанын сезіндім ғой болар. Ұйқасты игере алмаған жерде сөздің иіні икемге көне бермейді. Бірақ оған қымсынатын Аманхан бар ма? Қисынға келсін-келмесін ұра береді.
«Жүрегін суылдатып тыныштықтың, Күрсінді су иесі – Сүлеймен де», «…Шіркін-ай, сыбырласа, Су иесі – Сүлеймен құлағына», «Су иесі – Сүлеймен қырына алған, Ұйықтасам түсіме Сыр кіреді». Сүлеймен пайғамбарды жырға қосқаны жөн-ақ. Алайда, бір айтқанын жүз айтып, мезі қылған орашолақ ойларына су иесі сүйсіне қояр ма екен?.. Жалпы қайталауға жиі бару дәрменсіздіктің белгісі.
Шын ақын төгіліп тұрады, қарымы мен шалымы сөз саптауынан-ақ көрініп тұрады. Арзан сөзге алданбай, маржан сөзден моншақ тізеді. Қара кеміктен қара сорпа қайнатып сапыра бермейді! Аманхан болса өзінше көркем сөздің көрігін қыздырып жатырмын деп ойлайды. Әйтпесе, «Түсіме енді ауылдың қырат-жоны», «Ұйықтасам түсіме су кіреді, Сумен бірге ілесе шу жүреді», «Ұйықтасам түсіме Сыр кіреді, Су иесі Сүлеймен бір жүреді», «Қызылқұм қызараңдап жатушы еді, Қызыл Күн қадағанда кірпіктерін», «Қызыл құм… Сырдария…қараша ауыл, Түсіме жиі енеді соңғы кезде» – деп шұбыртпас еді. Сыр мен Қызылқұм туралы біріңғай ой қайталау мен сөз қайталаудан тұратын «әләуләйін» түгел тізіп шығуға шыдамымыз жетпеді… Осы арадан тізгін тарттық. Арғы жағын көзі қарақты оқырман өзі-ақ түсінер…
Сыр бойы – бүкіл қазаққа ортақ алтын бесік. Біздің де бабамыздың басы сонда жатыр. Бір қызығы – Аманханның Сыр бойындағы дүйім елді жырлаудан гөрі, құйын-желді жырлауға жаны құмар. Алаш, Қазақ, Тәуелсіздік, арысы адамзат, берісі ұлтымыздың болмыс-бітімі, арман-мұраты хақында кітабынан бір өлең таба алмадық. Үдере көшкен бұлттары мен жыпырлаған жұлдыздарын өзіне қалдырдық. Сыр-ананы Әбділда ақынша кемеліне келтіріп, көңіл толтырып жырлай білсе құба-құп.
Әдебиеттің жаны – тіл. Талантың қанша тасып тұрса да жұтаң тілден жақсы шығарма тумайды. Бұл – аксиома! Тапқырлық пен шеберлікке шабыт қосылғанда ғана жырдың шырайы кіретінін Аманхан мүлде ұмытқан. Өлеңдерін бастан-аяқ сүзіп және сызып оқи отырып жаным ашыды. Мысал керек пе? Шаш-етектен:
«Жекендей жаңа жұртта жүрем желіп, Алды ғой иемденіп бір өңді Елік(?)». «Жекендей желіп жүрем» дейді. О заманда, бұ заман жекеннің желгенін кім көрген, Аманханнан өзге. «Желбір жекен, желіп жүрген жайлауда біз бір бөкен» деген өлеңдегі «жекенді» бөкеннің бір түрі деп түсінеді. Мәскеуде оқыған сабаз тым болмаса 2013 жылы шыққан «Қазақ сөздігін ашып, 495 бетіндегі «Жекен – өсімдік шөп» деген анықтаманы оқығанда мұндай ұятқа қалмас еді.
«Астаң-кестең сапырып дүниені, Қара құйын ұршықтай асты жыра(?)». Сай мен жыра тереңді білдіреді. Абай «Ауылдың жаны терең сай» демей ме? Асу сөзі биікке қатысты. «Ауылым көшіп барады таудан асып, Таудан асқан бұлтпен араласып». Халық өлеңі. Қазақ «жыра асады» демейді. Жырадан өтеді, жырада жатады, жыраны құлдайды, жыраны өрлейді, жыраға түседі… Мұның бәрін жұрт білмейді деп емес, Аманхан үшін айтып отырмын.
«Жеңді қолмен тұр тағы қармап аспан, Ажал айдап лақтай жарға қашқан(?)». Аспан жеңді қолмен нені қармап тұр? Жең болғаннан кейін киім болуы керек қой. Ол жағына Аманхан алаңдамайды. Қалай түсінсең олай түсін. Ал, жарға қашқан лақ жардан ұшып өле қояды дегеніне кім сенеді. Жардан ұшып өлген лақты көрген қазақ бар дегенді естісек құлағымыз керең болсын. Қайта лақтың ойнақ салатын жері жар емес пе? Жар демекші, «Жаңғырық сияқтанып жардан қайтқан» деп, жарды жартасқа айналдырып жіберген шіркінге дауа болсайшы?
«Мама қаз мақпал бауыр бұлт та ұшпа, Көзге ұрар құбыла жақ тұрып тұста – Құлындай тағдырыма ұқсап кетті, Тастайтын бірақ оған құрық қысқа». «Мақпал бауыр бұлтты құлындай тағдырына ұқсатқанына» сенейік. Мәселе – құрықта! Бала кезінде асқар-асқар тауларға шықпаған, көкорай шалғынды көк жайлауларда асыр салмаған, үйір-үйір жылқыны иіріп көрмеген Аманхан құрықты салатынын, бұғалықты тастайтынын қайдан білсін? Оған бір есептен кінә жоқ. Құрық көбінесе жуас жылқыларға, желідегі сауын биелерге, құлындарға салынады. Бұғалық шу асауларға тасталады.
«Түтінге ыстай-ыстай кеуіп қалған, Келтірді көз алдыма қалбырды аспан», «Қалбырың жөнсіз кейде қаудырайды, Берместен ұшқын шаша бауға райды(?)». Қызықтың көкесі енді болды. Бүкіл аспан оның көзіне
қаңылтыр қалбыр ғана болып елестейді екен. Және ол қалбыр «қаудырайды» деп жаңалық ашады. Қалбыр қаудырамайды, салдырлайды. Кепкен тері қаудырайды. Дұрысы – қаудырлайды. Темір ысталмайды, тері ысталады.
«Алакөл айшықтанып ай қабақты, Сілемді тау етегін(?) жайлап апты. Мен болсам толқып тұрдым жағасында, Сен болсаң әңгіме еттің қайдағы ақты(?)». «Меңі бұл жаз айының Мамыр (?) атты, Қоя тұр тықпаламай, тамыр, ақты (?)». «Ақты» қайта-қайта сөз қылады. Бұл не қылған «ақ»? Арақ па, айран ба, ашып айтпайды. Біз мөлшерлеп отырмыз. Ал, қарапайым оқырман қалай ұқпақ? Онда оның шаруасы жоқ. Өйткені ол Аманхан ғой…
«Қайтейін, ей, табиғат игеніңді (?), Қондырып ұясына күйме күнді». Күнді күймеге теңегені көңілге қонар. Ал, күйме ұяға қонатын құс емес қой? Қисын(логика) қайда? Енді, Мамырды жаз айы деп жаңылып отырғанына жол болсын. Мамыр – көктем айы. Жылдың төрт мезгілін айыра алмайтын Аманхан жырдың нәзік табиғатын қайдан танысын?
«Сағыныш санамдағы сартаптанған, Енесі өрістегі қоңыр қозы (?)». Бұл жерде өзін енесін сағынған қоңыр қозыға теңеп отыруы мүмкін. Бірақ ол ойын жеткізе алмаған. Мәтінді қалай оқысаң да сағыныштың енесі қоңыр қозы болып ұғылады. Сонда «балиғатқа» толмаған қозы қозылай ма? Тоқты, тұсақ болса бір басқа. Өстіп, сөзден сүрінген жерде ой адасады, өрнек бұзылады.
«Сырықтай сидаң шидің сыңылына (?), Құлағын арлан бұққан сай тігеді». Сырықтай ши бола ма? Шидің өзі сырықтай болса, қалай сидаң болады? Сырық – ши емес сырғауылдан жіңішке, сойылдан ұзын ағаш. «Сырыққа құрық жалғап» деген тұрақты тіркес бар емес пе? Сөздікке жүгінейік. «Сырық – жуан, ұзын ағаш», «Қазақ сөздігі», 1198-бет. Сырдың бойында шынымен сырықтай ши өссе, осы күнге дейін неге оны «Қызыл кітапқа» кіргізбей жүр?..
«Отырдық ошақтың біз іргесінде». «Ошақтың іргесінде отырмын» дегеніне күлкімнің келгені-ай. Қазақ «от басы, ошақ қасы» деуші еді. Ошақта ірге болмайды. Үйдің іргесі, ауылдың іргесі болады. Осыны білмей отырған Аманханның ауылда өскеніне де күмәнім бар…
«Сәбидің маңдайындай жөргектегі, Былқылдап тұр тіршілік жер-көктегі». Сәбидің маңдайы емес еңбегі былқылдайды. Бәленбай баланың әкесі атанған адамның ең аяғы мұны да білмеуі масқара қой!..
Бұл – бүгінгі Аманхан ғана емес, ертеңгі бүкіл қазақ қауымын бармақ тістетер өкінішті жағдай… Неге туған тілінен жерігендер көбейді? Неге Абай тілі мәдениетінен мақұрым қалып барамыз? Неге ауызекі сөйлеу тілімен жыр жаза бастадық? Бүйте берсек, арғы бабаларды айтпаған күннің өзінде,
Абайдан бастап күні кешегі Жарасқан, Жұматай, Кеңшілікке, бүгінгі Жәркен, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек, Жүрсін, Ұлықбек, Есенғали, Ғалым, Светқали, Дәулеткерейге дейінгі кілегейі қалың, қаймақты тіліміздің келешегі не болмақ?… Жілігі татымайтын, көтерем, көкжасық дүмбілез дүниелер неге әдебиет ауласында арамшөптей қаптап кетті?.. Бұл – Жазушылар одағын ғана емес, Үкіметті де, ұлтымызды да ойландыратын үлкен мәселе!
Ұлтты өлтірмейтін ұлттық тілі болатын болса, ұлт руханиятының керуен-көшін бастайтын ұлттық әдебиет. Сондықтанда «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, ендігі жерде ел боламыз десек, ең алдымен сөзімізді түзеуіміз керек. Ол үшін өз ішімізге өзіміз үңіліп, ар алдына жүгініп, нағыз таланттарды танып, сүбелі сөзге, сүйекті ойға бай кесек шығармаларға жол ашуымыз керек.
Өлеңге қатысты бір сөзінде: «Өлеңге қойылатын басты талап – тіл, образ, музыка» депті. Өлеңге не керек екенін Аманхансыз да қазақ білген. Оның озық үлгісі – Қараөлең!
Өкінішке орай, өзгелерге талап қойғыш ақынның өз өлеңдерінде сол үш талаптың ұшқыны да байқалмайды. «Қашады ой шіркінің Айға, сайға, Кеуілді жаман екен жайласа айла». Осы да өлең бе? Осындайда ойға Қиясбай оралады. «Анау қырда көк қасқыр соқақ, соқақ, Қасқа сиырға шабынады жирен айғыр». Аманханның «Қашады ой, шіркінің, Айға,сайғасы мен кеуілде жайласа айласы» Қиясбайдікінен не айырмасы бар?
Қиясбайда сурет бар. «Жирен айғырдың қасқа сиырға шабынып тұрғаны болмаса». Күлдіргі, өткір тілді Қиясбай оны Абай ағасының көңілін көтеру үшін әдейі айтқан. Аманханда түк жоқ. Айға қашқан ойын құптайық. Айға құмар қиялы шарықтаған шығар. Сайға қашқанын қалай түсінеміз? Қиясбай Абайды күлдіргісі келді, Аманхан кімді күлдірмек?..
Аманханды қолпаштап жүргендерге таңым бар. Олар не көңіл жықпастыққа салған, не сөз танудан қалған…
Шынымен сөз танудан қалдық па? Әлде сөз танитын көз азайды ма? Өз қиялына өзі сенген, өз деміне өзі піскен «классиктер» саны көбейіп барады…
Қорыта айтқанда, әдебиетіміздің қазіргі толғақты тағдыры туралы кеңесіп пішетін келелі мәселелер жеткілікті. Біз бұл жолы Аманхан шығармашылығын талдау арқылы өзгелерге ой салғымыз келді…
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Harold Landry Jersey