Төлеген Жанғалиев: Қара өлең төрін күзеттім…

938

Төлеген Жанғалиев – 27 қаңтар 1950 жылы ШҚО, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүние келген. Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі.  Халықаралық Жамбыл қоры сыйлығының лауреаты. Жас ақын, жазушылардың республикалық «Жігер» фетивалінің екі мәрте дипломанты. Абайға, Астанаға арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Абай ауданының құрметті азаматы. Қарауыл гимназиясы жанындағы  М. Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі.

Қара өлең төрін күзетіп келе жатқан Төлеген ағаның таңдайда еріп түсер жырларының бір шоғырымен таныс болыңыздар.

Құнанбай

 “Арыстан да Құнанбай, алысқан да Құнанбай”,
Осы сөздер бабамнан кетпей қойды тұмардай.
Екі ғасыр өтсе де барша қазақ жабылып,
Ұлы Абайдай данышпан отыр бірақ туа алмай.

“Айдатқан да Құнанбай, байлатқан да Құнанбай”,
Осы сөздер бабамды шағады әлі жыландай.
Қара табан жалшының ұрпақтары есірді,
Қажы атамның қолына жүрген су да құя алмай.

“Дарға асқан да Құнанбай, қара басқан Құнанбай”,
Өткен істі осылай өршітеміз ұялмай.
Шынжыр балақ, шұбар төс Құнанбайын қазақтың,
Шырылдайды Уақыт Шыңғыстаудан шығармай.

Е, шықпаса шықпасын, шындық түбі бір шығар,
Жоғалмайды тұлғалар, жомарт жүрек ұлты бар.
Аман болса ел – Анам, аман тұрса – Шыңғыстау,
Ұлы атасын іздейтін ұлы Абайдай ұл туар.

Бұл Шыңғыстау – “Бұланай” болмаса да біп – биік,
Бар қазақтың бағына тұра берер құт құйып.
Әлі – ақ менің еліме әулиелер туатын,
Әлем көзі қадалар, әр бұрыштан шұқшиып.

…Осындайда бір ойды, бір ой келіп жалғайды,
Тараң көңіл пенделер тартқанменен шаужайды.
Атадан жарып уызға арғымақ мінген “көсемдер”,
Құдайым құлай сүйген құл–Құнанбай бәрібір болмайды!

 

 

«Ойлы адамға қызық жоқ…»

 

Байлық та берме, бақ берме,

Ынсап бер, маған, құдайым.

Түкке де тоймас ашкөзге,

Түскенше топырақ шыдайын.

 

Махаббат берме, тілерім,

Машақат жүрген сүйретіп.

Онсыз да жесір жүрегім,

Тербетіп отыр түл бесік.

 

Мансап та берме, майдан бер,

Майыспай шығар шайқасқа.

Әкелер біздің барған жер,

Әкетер бәрібір дәм тартса…

 

Дос берме, қас бер қайрақтай,

Қайралып жүрсін қажырым.

Жақынмен, жатпен жауласпай,

Жарыққа толсын қабірім.

 

Садақа берме, сауап бер,

Иланып жүрер иманша.

Болашақ күнге жауапкер,

Болайын көзді жұмғанша.

 

Қара өлең төрін күзеттім…

 

Қара өлең төрін күзеттім,

Қағбамдай көріп киелі.

Оқталған оған бір оқтың,

Бір ұшы маған тиеді.

 

«Қарауыл» төрін мекендеп,

Қалғаным содан шындығы.

«Бөтен сөз былғап кетер» деп,

Бөлінбей жүрдім бір күні.

 

«Жидебай» қорық жанымда,

Құрғамай жатқан қонағы.

Бір мейман келсе ауылға,

Алдымен маған соғады.

 

«Маған» деп мақтан ете алман,

Маған кім сәлем береді.

Алладан жалғыз бата алған,

Абайдай дана керегі.

 

Шәкәрім баба жатпаса,

Шалғайдан келіп несі бар.

Кемеңгерлер елі басқаша,

«Келем» деп халық асығар…

 

Алдынан шығып солардың,

Атынан алам түсіріп.

Қонақтарына бабамның,

Қорлық па, жасау кішілік.

 

Қазақтың жалғыз әкесі,

Жатқанда мәңгі төрімде.

Қателіктердің-қатесі,

Қаперсіз жүру тегінде.

 

Босамай жүрген тақымы,

Болайын мен-ақ «қолбала».

Алаштың көп қой ақыны,

Абайлық ақын мен ғана!

*    *    *    * 

Көшіп жатыр, дос-жаран кетіп жатыр,

Көшуге де, кетуге жету де ақыл.

Көшкен, кеткен достарын шығарып сап,

«Аһ» ұрып төсегінде ақын жатыр!

 

Көшуге мұның дағы шамасы бар,

Көлігі, көшіретін баласы бар.

Қалайша қия алады, ақын бірақ,

Қарауылды саф алтын ауасы бал.

 

Тасы да табан жыртып, тайғанатпас,

Ақ шеңгел, итмұрыны қолға батпас.

Қарауыл қара төбе болғанменен,

Аумайды ауылдағы шалдан ақ бас!

 

Қасқайып отырғаны малдас құрып,

Қартқа ұқсас қамшы-мінез, қайрақ-қылық,

Етегі ертелі-кеш қызық-думан,

Жабағы, тай жарысқан шаң қаптырып.

 

Шыңғыстау-бұл өлкенің шын қожасы,

Құдайдың елге берген нұр-жанаты.

Қанша жыл, қанша ғасыр өтсе дағы,

Кертіліп, кемімеген бір бағасы!

 

Ұлылық ұялаған тау, тасына,

Мал түгіл жан семірген майсасына.

Сексен көл, жүз өзені  болмаса да,

Сан бұлақ сайдан ағар тарқатыла!

 

Көк шалғында көбелек гүл қуалап,

Құжынайды жер бетін құр, дуадақ.

Біздің жер – Алламыздың ақ мешіті,

Білгенге беретұғын тіл дуалап.

 

Сол жерді қиып қалай көше аласың,

Солқылдап қартайғанда соқа басың.

Арттағы өміріңе қарау керек,

Аттарда басқа жұрттың босағасын.

 

Көшіп жатыр, достарым, кетіп жатыр,

Көшуге, кетуге де жету де ақыл.

Туған әке керексіз қылып жатса,

Туған жерге ешқашан бас ұрмас ұл!

 

Хан Шыңғыс осыны ойлай өкінді,

Қан жылап, қарс айырылып көкірегі.

Қос таудың қолтығында мен қаламын,

Кетсе де Тобықтының көшіп елі…

 

БАЛДЫЗДАРҒА БАЗЫНА

І

Жасымды айтпа

Жасымды айтпа, қарағым, жасып қалам,
Жақсы ғой қартаюға асықпаған.
Онсыз да орда бұзар шақтан озып,
Омалатын алпысқа басып барам.
Алпысқа жеткен соң махаббат жоқ,
Махаббатсыз қалайша бақыт табам.
Қанша қызға мен өзім ғашық болдым,
Қанша ару болды екен асық маған.
Жасымды айтпа, қарағым, жасып қалам.

Жасымды айтпа, қарағым, жаурап қалам,
Жастық шақты мен де көп жамбастағам.
Серуен, серіліктің басы болғам,
Сере қазы серкедей қой бастаған.
Оқтау жұтқан адамдай болдық бүгін,
Осылай болатынын ойлап па, адам.
Қара тасқа қадалар қанжар болып,
Қарт қырандай аспанға самғап барам.
Жасымды айтпа, қарағым, жаурап қалам.

Жасымды айтпа, қарағым, өтінемін,
Жалғанның ілесе алар көшіне кім?
Жастықтың маған қайта келмесі анық,
Жасық көзді қарттыққа бекінемін.
Жиырма бесте жия алмай айылымды,
Отыз бестен опық жеп кетіп едім.
Қырық бестен асқан соң не қызық бар,
Тойдан тойған адамдай кекіремін.
Өзгеге жайлау болып жайылғанмен,
Өрт болып жанып жатыр көкірегім,
Жасымды айтпа, қарағым, өтінемін…

 

ІІ

Сыр сұрама…

Сыр сұрама, қарағым, сыр сұрама,
Желөкпе жезде еміспін, мұрты қара.
Телміріп қарайтыным-теледидар,
Сол ғана бізге қалған бір сыбаға.
Апаң да сиыр сауып, жатып қалды,
Оның да ойлайтыны-ұйқы, маза.
Айлы түннің өзі де түнек бізге,
Тымырсық боп кетеді тылсым ауа.
Жұлдыздар жымыңдайды дейді өтірік,
Жылтыраған оның да сырты ғана.
Шоқтай боп шолпан жұлдыз тұрушы еді,
Үкідей кетіпті ғой үркіп о да.
Мауығады мысықтар үй сыртында,
Маңқылдайды көршінің иті ұрада.
Сыр сұрама, қарағым, сыр сұрама!

Сыр айтардай хал қалды қанша менде,
Әй, балдыз, батпағыңа тарта берме.
Батпаққа батып өлер жәйіміз жоқ,
Жер шұқып жеткен кезде орта белге.
Сыр сұрасаң, қарағым, қайда қалдың,
Маңырап, гүжілдеген марқа кезде.
Арқырап айдау бермей қоюшы едік,
Ақтылы қойдың шаңы толса көзге.
Аңдамай бірдеме айтып,бүлдіреміз.
Ау құрылып тұрмай ма, аусар ерге,
Әй, балдыз, батпағыңа тарта берме!

Менде емес, сыр-сандықтың кілті апаңда,
Өзің біл, ұрласаң да, сипасаң да.
Шіреніп жүргенменен тұсаулымын,
Шідер сап ұстамай ма, жұрт асауға.
Жездеңнің желкесіне бір шығарсың.
Жер тартып кете қалса түн-сапарға,
Өрт болып өрекпіген өлеңіме,
Өзің сонда ұғарсың, ұйқасам ба?
Өткен күн, өміріме өкінбеймін,
Өзіме-өзім, қарағым, күл шашам ба?
Су ішіп қандырғанмен қайран шөлді,
Удың да керегі бар бір татарға…
Менің барлық өлеңім – жүрегімде,
Жүрегімді балдызжан жырта салма!

 

ІІІ

Өткеніңе өкінбе

Өткеніңе өкінбе, бал-балдызым,
Ұқтың ғой дүниенің жалғандығын.
Ақтарылған альбомның беттерінен,
Аңқып тұрған шығар-ау арман күнің.
Тілектегі сөздердің бәрі – өтірік,
Жүректегі сенімің – сол жалғызың.
Талдырмаш кездеріңе келе алмайсың.
Тартсаң да тіршіліктің таңнан нұрын.
Қара нөпір қайғы бұлт жұтып қояр,
Ақ сезімнің саулаған ақ жаңбырын.
Өткеніңе өкінбе, бал балдызым!

Тірлік деген немене, тіл сөйлейді,
Тіс шіркін, тістегенін ілсем дейді.
Таңдайдың таңдап берген дүниесін,
Өңеш байқұс өгіздей күйсеулейді.
Бардан- бақыт, байлықтан-бақ тапсаң да.
Соныңа сорлы жүрек шын сенбейді.
Бақ пен сорға баратын жолыңа да,
Басқа біреу бас сұғып, итермейді.
Өлшеп берген Алланың жазуына,
Өмір өзі бәрібір икемдейді.
Өткеніңе өкінбе бал балдызым,
Өкініштен қайтсең де күлкі өңбейді.

Жыларсың да, сықтарсың ол да өтпелі,
Кеуденің бір тазарар кермек кезі.
Дүниеге қарарсың ғашық көзбен,
Көзін ашқан сәбидей жөргектегі.
Жүрегіңе жүгініп дат та сұрар,
Дарақы тіршіліктің жендеттері.
Сені мәңгі іздеген адам болса,
Армандар ақырғы рет кездескелі.
Шаттықтың шатырына барып қонар,
Көңілден сусып ұшқан көз кептері.
Балдызжан, бар айтарым осы ғана,
Басқасын тілі түскір сөйлетпеді…

 

IV

 

Асықпа…

Айна да жау, көз де жау бүгін саған,
Қашқақтайсың қасыңа бұрылса адам.
Мен апаңды алғанда бала едің сен,
Екі иыққа асылған бұрым тарам.
Лағындай еліктің үркек едің,
Ұшып, қонып тұратын құйын табан.
Ұшқалақ мінезің де тәп-тәтті еді-ау,
Ұшқындап жататұғын мінің содан,
Қарғам-ау, шын қартайып қалғансың ба?
Сырт айналып кетесің, сырың сараң.
Жастық шақ та жаздың бір өлген гүлі,
Өлген гүлді қалайша тірілте алам!

****

Отырып қалған қызды кім аяйды?
Ол-дағы аяушылық сұрамайды.
Көк етікті жігіттер кездеспейді,
Көң етікті бойдақтар ұнамайды,
Мал таппай жан бағатын жар сүйгенше,
Осылай жүргенің де сірә, жайлы.
Көздеген мақсатыңнан көз алмайсың,
Көзге атқан мерген құсап құралайды.
Өмір өтіп барады, әттең, бірақ,
Қу тірлік қуатыңды қуалайды.
Опа жаққан бетіңнің әр жерінен,
Опасыз уақыт көзі сығалайды.
Кемпір, шал бір күні өтсе кемсең қағып,
Жылжыған жылға бекер жыламайды.
Асықпа, бал-балдызым, күн де туар,
Аспанға шығаратын бірақ Айды…

*    *    *    * 

«Өтірік» деген өрттің ішіндеміз,

Қақалып, шашаламыз түтінге біз.

Бұлт етіп, бұлт астынан шыққан күндей,

Бір шындықтың боларын күтудеміз.

 

Шал өтірік айтады шатып, бұтып,

Бала өтірік айтады қашып, пысып.

Басшы өтірік айтады, ешкім нанбас,

Барса-келмес бақытқа асықтырып.

 

Молда өтірік айтады мойындатып,

Алласына алақан жайып жатып.

Жалған сөйлеп қояды жарлы байқұс,

Жан бағар болмаған соң қолында түк.

 

Шындықтың көрсетпейтін жартысын да,

Шымылдық бар қоғамның әр тұсында.

Шыр-пыр болып, шырылдап өледі ақын,

Шындық пен өтіріктің тартысында…

 

Біздің елде…

 

Біздің елде бәрі дайын, бәрі бар,
Бір адам жоқ жорғасынан жаңылар.
Ашынатын аңқаулар да жоқ емес,
Ақсақ саулық түстен кейін маңырар.

Біздің елде кедей де бар, бай да көп,
Кімдер үшін кімдер қазір қам жемек.
Тоңған кедей «Елім айды» шырқайды,
Тойған байлар би билейді «Айгөлек».

Біздің елде есер де бар, есті бар,
Жалпақ жұртта бола бермес жақсылар.
Есірлер де «ессізбен» деп айтпайды,
Естінің де есірлігі көп шығар.

Біздің елде билер ұстар бишік жоқ,
Мақтау сөздер майдай жағар үлпілдеп.
Содан болар кейбір басшы жігіттер,
Сек қойлардай семіреді іркілдеп.

«Әй дер – ажа, қой дер – қожа» болмаса,
Жақсы жағдай емес елге ол да аса.
Көлдің көркі өзім ғана демей ме,
Балдыр сүзіп, бақылдаған көлбақа.

Аққу құшып, қаз сүймесе келбетін,
Тау мен тасқа көрсетеді көл несін?
Құр даладай азынаған ауылды,
Құдай біздің басымызға бермесін.

Ауыл десем шыбын жаным шығардай,
Ауыл үшін қалай жүрем ұялмай.
Біздің елге керек-ақ бір – Матаев,
Біздің елге керек-ақ бір – Құнанбай!

 

АҚ БАНТИК

(баллада)

Жылжып өткен жылдарға біз не дейік,
Бал жастықты баламыздан көрейік.
Ақ бантиктің орынында айнам-ау,
Ақ шаш қазір бара жатыр көбейіп…

Түрі қандай сұсты еді өзінің,
Селт еткізбес сері жанның сезімін.
Кеше ғана кекілді ұл мен едім,
Отыз жаста деп ойлайды сені кім?

Сен əлі де ажарлысың, мақпалсың,
Мақтағандай көріктісің достар шын.
Ақ бантикті лақтырғандай, ал бірақ,
Ақ шашыңды қалай жұлып тастарсың?

…Есіңде ме, бал татыған балалық,
Айна алдынан шықпайтынсың таранып.
Тек өзіңнен табылатын сұлулық,
Тек өзіңнен табылатын жаңалық.

Қос бұрымың иығыңнан төгіліп,
Сен келгенде кербез басып, керіліп,
Далбалақтап, қалбалақтап қалушы ек,
Кеудемізді керіп жүрек тебініп.

Бозбаланың ашылмай ма тез міні,
Көретінсің, сезетінсің сен мұны.
Бірақ, бірақ елеумеуші ең ешкімді,
Сұлу қыздың болады ғой өрлігі.

…Аса қызық болды оқиға бір күні,
Таңдаңтам деп, тамсантам деп құрбыны.
Шорт қиғызып бұрымыңды келдің сен,
Айып санап, ағат көрдік біз мұны.

Қара шашың келтесінен қиылған,
Шөмеледей болып қапты жиылған.
Дəл төбеңде алаулайды ақ бантик,
Көзбі арбап, көрінетін қиырдан.

Тосын жағдай, тоспаған бұл іс еді,
Күлді ұлдар түйілгенше ішегі.
«Ақ серке» деп ат та қойды біреуі,
Ауызға онда қай жақсы сөз түседі.

Қызғаныш па, жоқ болмаса, қалжың ба,
«Ақ серке» деп мазақтады бар қыз да.
Бір уыс боп бүрістің де тұрдың сен,
Қалып қойған адамдай боп жаңбырда.

Шыдамадың, бұдан əрі тоспадың,
Мініп алдың ашуыңа қас қағым.
«Барлығың да колхозник» дедің де,
Ақ бантикті жұлып алып тастадың.

Күлкі тоқтап, қалдық біздер күмілжіп,
Шалт ісіңді шапалақ деп ұғындық.
Көз ұшында бара жатты көлбеңдеп,
Аппақ бантик, аппақ сезім, сұлулық.

Сен əлі де ажарлысың, мақпалсың,
Мақтағандай көріктісің, достар шын.
Ақ бантикті лақтырғандай, ал бірақ,
Ақ шашыңды қалай жұлып тастарсың…

 

Қара-сиыр қазына

Балдан тəтті сүтінің мөлшері жоқ,
Қара-сиыр қазынаны емшегі көп.
Еріншектер ұялмай еркін еміп,
Тегін сорып жатады тентегі кеп.

Қора- қопсы тұрса да малға толып,
Жатыр оны кемпір де шал да сорып

Қайыршыға не шара,қалтасы жоқ,
Тартқылайды емшекті ол да созып.

Бай манап та бастық та бауырыңда,
Сырқаты да адамның сауы мұнда.
Қара сиыр қалайша су алмасын,
Қара жер де тұрмайды қалыбында.

Жаны ашымас жандарда жазық бар ма,
Жаны ашымай үйренген мал ұстауға.
Көтеремге айналған қара сиыр,
Көз алдымда ырсиып арықтауда.

Оған қазір » Аралдың» суы керек,
Уы емес «Семейдің» нуы керек.
Бəрі бөгет болғанның бəрі керек
Бірі сүйеп жататын бірі демеп!

Ашаршылық жылының жеп талқанын,
Адамдардың көтерген көп тарпаңын
Қара сиыр – қазнаның емшегінен,
Қан ағып кете ме екен деп қорқамын!

 

***

Аға жылап жатқанда, іні жылап,
Жылап алғым келеді бірігіп ап.
Маңайымның барлығын тамұқ басса,
Маған да керегі жоқ жылы жұмақ.

Керегі жоқ, керемет қызық, думан,
Тек менің көздерімді қызықтырған.
Ақын деген көңілдің таразысы,
Көбейсе-көл, азайса-күйік қылған.

Елден ерте егделеу көрінгенім:
Өмір-майдан, мен алғы шебіндемін.
Бетімдегі əр əжім- күрес жолы,
Күресуден бір қадам шегінбедім.

Ар- мұсылман болғанда, адам- кəпір,
Демеймін бəрін жеңіп, болам батыр.
Тамшы тескен тастардың бетіндей боп,
Таңбам қалса тарихта жарап жатыр…

 

Көсем-Жыр

» Айтып өткен ақында арман бар ма,
Жүрегінің түбіне кір жасырмай»
Мұқағали

Қолжазбасы аз айтқанда мың құшақ,
Бір мықты ақын шығарыпты жүз кітап.
Жүз кітаптың мың жолына үңілсең,
Көре алмайсың бір ойлы сөз дүрбі сап.

Ойхой,Мұқа, ойлы жырдың сырттаны,
Жүрек дейсіз, жүрекке не жұқпады!
Өмір бетін өрмекшідей шиырлап,
Өріп жүр ғой өлең сөздің қырттары.

Олар үшін шөңге де өлең, шөп те өлең
Жүрек түгіл құлаққа да жетпеген,
Көңіл шіркін көншімейді оларға,
Көсем-жырды көптен бері көксеген..

Көсем жырдың көр түбінде барлығы,
Ал біздегі содан қалған қалдығы.
Ұлы Абайға жеткен əлі ешкім жоқ,
Абай болып сөйлегенмен əрбірі.

Құлақ түбі құр айғайдан сарсылды,
Құрғақ сөзбен ұрандатқан халқымды.
Өлең үшін өңеш созу шарт емес,
Өлең өзі түзеп алар даусыңды.

Жақсы өлеңге керек емес көп үгіт,
Тұрса болды тұлабойдан төгіліп.
Өзеуреген ақындардан не шара,
Өлеңдерін өзге ұқпай, өзі ұғып.

Теңіздейін терең ойдың түбіне,
Көз жетпесе, көсемдіктің құны не?
Арманым жоқ қалдыра алсам бір өлең,
Айтып жүрер артта қалған тіріге.

 

*    *    *    * 

Тыңда, мені, қарағым,

Тұрған кезде сөз бүтін.

Төрге жеткен аяғым,

Көрге жетпес деймісің.

 

Босағамнан боз таңым,

Боздап шықпас деймісің.

Мен өмірден қорқамын,

Өлім менің өз-құтым.

 

Күйме мінген күндерден,

Түйме қалмай көрерлік.

Қанағатқа үйренген,

Қара жұртқа теңелдік.

 

Бай баратын қара жер,

Байқұсқа да бұйырар.

Қазір кінә таға бер,

Қасыңда ертең ұры-қар.

 

Мейлі бүгін кеуде кер,

Мен-меніңнен жел есер.

Жерде жүрген пенделер,

Көрде бірақ теңесер.

 

*    *    *    * 

Тәңір бізге тәуір өнер бермеген,

Тәңір құтын тапсақ тағы «сөз» деген.

Ақша сауған асқақ заман неғылсын,

Ақындарды ойпыл-тойпыл сөйлеген.

 

Ақшаңқан үй ақшалыға тігулі,

Ақын кірсе, апыл-ғұпыл жығулы.

Босағаға Абай келіп тұрса да,

Босатпайды төрін қазақ бүгінгі.

 

Той думанда аты бұрын аталып,

Әкімдерден жатады жұрт бата алып.

Ақын байқұс кісілікке кіріптар,

Ақшалыға жыр арнайды шашалып.

 

Сәби құсап, құрсағынан шығатын,

Өлеңі үшін не істемейді бұл ақын.

Өліп-өшіп жүгіреді соңынан,

Өзгелерден оздырам деп құлашын.

 

Ақын байқұс байымайды ешқашан,

Ашық қалар алтынмен де қаптасаң.

Арғымаққа мінген жандай болады,

Жұрт алдында бір өлеңін мақтасаң.

 

Тәңір бізге тәуір өнер бермеген,

Тәңір құтын тапсақ тағы «сөз» деген.

Ақындардан бақытты жан жоқ бірақ,

Алдарында Абайы бар өлмеген…

 

Қыжыл

 

Найман да емес, Тобықты, Арғын да емен,

Ата-текті сұраса болдым керең.

Ұлы Абайдың елінің баласымын,

Уысынан шықпайтын айбынды өлең.

 

Ру деген ұғым жоқ ақындарда,

Ұлтынан басқаға олар бас ұрған ба?

«Бірің – қазақ, бірің – дос бол» деді Абай,

Ата сөзін аттауға қақым бар ма?

 

Ділім ортақ, тілім бар, дінім аман,

Алла сөзін естимін құбыладан.

Көк тәңірін іздеген көкбөрідей,

Көкке қарап кей кезде ұлып алам.

 

Ұлысынан ұғатын бірін-бірі,

Ұлымаға бар мінез үйірлігі.

Ит адамға исініп не қылайын,

Итаяқтан аңдытқан жуындыны.

 

Тазылардан тазалық қалған қазір,

Түлкіні қуған да бір, алған да бір.

Маң төбеттер болмаса мал күзеткен,

Марқасқасы иттердің орманда жүр.

 

Соның бәрін көрем де көз жұмамын,

Топырақтай қатады тоң-құлағым.

Жақтамай-ақ қояйын Тобықтыны,

Жоқтамай-ақ қояйын – Арғын арын!

 

Бәрібір де бәріне жаға алмаспын,

Бәрімен де келеді амандасқым.

Ата жолын қуғансып, қулық сауған,

Ала қарға адамдар арам қатсын!

 

Қазақ деген халықтың еркін ұлы,

«Ермін» десе болады ел түбірі.

Көп иттер талап жатса «қыңқ» етпейтін,

Көк бөрінің мен де бір бөлтірігі.

 

Жайлаудағы таң

 

Бозала таңнан тұрып,

Оятам қыр гүлдерін.

Айнала алған тығып,

Алқызыл бүлдіргенін.

Самалға еркелетіп,

Самайды сүйгіземін.

Санама ертелетіп,

Сан ойды кіргіземін.

Шомылып жатпаса игі,

Шөптерден себелеп тұр.

Гүлдерге хат тасиды,

Ақ қанат көбелектер.

Тұнжырап тұншығады,

Жатқан көл шалқасынан.

Күлімдеп күн шығады,

Таулардың арқасынан.

Көлеңке сырғанады,

Түн сайға түнеттірген,

Жеңгейлер зыр қағады,

Шелегін білекке ілген,

Шопан қыз үн қатады,

Алыста мал қайырған.

Тәтті әнін тыңдатады,

Бозторғай таңдайынан.

Ақ мысық түс көреді,

Былдырлап бірдемені.

Аңшы иті іш кереді,

«Айт» десе шу дегелі…

 

Нөсер

Сағым жүзген сар даланы сабалап,

Сатырлатып жауды жаңбыр ғаламат.

Там сыртынан тайраң қағып өткендей,

Таң асырып ширықтырған тағалы ат.

Көк жүзі де «көк жөтелдей» күркілдеп,

Қара бұлттар қақ жарылды біртіндеп.

Жаңбыр шайған жердің беті жіпсиді,

Жас сәбидің еңбегіндей бүлкілдеп.

Шерміш бұлттар шелектеп бір жауды да,

Ертоқымдай ауды аспанның баурына.

Сол-ақ екен, көк жүзіне көктеді,

Суға тойған қызыл, жасыл, сар қына.

Малды ауылдың малмандай су үй-іші,

Марқалардың қайтып қапты күйісі,

Тау самалы танауыңды қытықтап,

Тазартады кеудеңді азон иісі… Avery Williamson Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз