Өздеріңізге белгілі, келер жылы елімізде әр он жыл сайын өтіп тұратын халықтың ұлттық санағы жүргізілетін болады. Соған орай, қазірдің өзінде оған дайындық жұмыстары басталып кетті. Тіпті, осыған орай елімізде санақтың жаңа әдістемесін алғашқы сынақ барысы Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өткізілетін болып белгіленді. Дегенмен, қазір бәрімізді «Ел халқы қаншаға жетті?» деген сұрақтың мазалайтыны анық.
Әрине, осы соңғы он жыл уақыт аралығында тиісті мекемелер ел халқының санын санап-біліп отыратыны белгілі. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық Экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, 2018 жылы 1 ақпанда Қазақстан халқының саны 18 млн. 177,7 мың адамды құраған көрінеді. Бұл ретте еліміздегі барлық қала тұрғындарының саны 10 439,6 мың (57,4 пайыз), ал ауыл халқы 7 738, мың (42,6 пайыз) адам болған екен.
Осыған байланысты қазір өткен жылдарға қарағанда республикада туу көрсеткіші біршама жоғары екендігі байқалады. Мысалы, тек биылғы жылдың қаңтар айында ғана елімізде өмір есігін жаңадан 33,3 мың сәби ашқан. Ал бұл 2017 жылғы қаңтардағы көрсеткіштен 4,4 пайызға көп. Сөйтіп, еліміздегі туудың жалпы көрсеткіші мың балаға шаққанда 21,42 жаңа туылған нәрестеден келген. Нәтижесінде, биылғы қаңтарда ел халқының табиғи өсімі өткен жылғы сәйкес кезбен салыстырғанда 2,5 мың адамға немесе 13,1 пайызға көбейіп, 21,5 мың адамды құраған.
Әрине, «өмір барда өлім бар» демекші, өкінішке қарай, бір жыл ішінде елде 1 жасқа дейінгі 317 нәрестенің өлімі тіркелген. Нәтижесінде, соның алдындағы жылға қарағанда нәресте шетінеуі 7,1 пайызға көбейген. Ал мұның басты себебі, босануға орай түрлі жағдайлардың туындауынан мүмкін болған. Содан да 2017-2018 қаңтар аралығында елімізде 146 сәби шетінеп, бұл былтырғы жылғы нәрестелер арасындағы өлім-жітімнің 46,1 пайызын құраған екен. Соның ішінде туабітті ауытқулар салдарынан – 64 сәби (20,2 пайыз), тыныс алу органдары ауруларынан – 29 (9,1 пайыз), жазатайым оқиғалардан, улану мен жарақаттан – 11 (3,5 пайыз) сәби қайтыс болған. Осылай былтыр әр мың баланың 9,53-і өмірден беймезгіл кеткен.
Сондай-ақ, халық санының өсіп-кемуіне көші-қон жағдайлар да әсер ететіні белгілі. Мысалы, биылғы қаңтарда елімізге тұрақты тұруға келгендер былтырғы жылғы қаңтарға қарағанда 1 360 адамға (9,2 пайызға) кеміп кеткен. Ал енді елден біржолата көшіп кеткендердің саны 2 258 адамға (34,9 пайыз) жетіп, келгендерден кеткендердің санын асыра түскен. Бұл ретте, негізгі көшіп-қону үрдісі ТМД елдерімен болғаны байқалған. Атап айтқанда, соңғы бір жылда Қазақстанға ТМД елдерінен келгендер үлесі 78,1 пайызды құраса, елімізден достастық елдеріне көшкендер қатары 86,7 пайыз болған. Сондай-ақ, өңіраралық көші-қон үрдісінде жалпы ішкі көшіп-қонушылар саны 33,3 пайызды құраған. Бұл тұрғыда, негізінен Астана тұрғындарының саны 1 058 адамға, ал Алматы қаласы халқының саны 3 549 адамға көбейгенін атап өткен жөн.
Дереккөз: http://almaty-akshamy.kz/aza-stan-hal-y-ansha-boldy/
Demarcus Robinson Authentic Jersey