Қазіргі ақындардағы «Белгілінің беймәлімділігі мен беймәлімнің белгілігі» әдеби феноменінің салқынын ірі әдеби аймақтардағы таланты мен қалам қарымы көзге түсіп, ауызға ілігіп жүргендердің кейбірін он орап алатын жасамыс шығармашылық иелері қатты сезінуде…
Алаштың Рухани Астанасындағы Алып тұлға ағаларымыздың, Зор тұрпатты поэзиялары әдебиеттанушылардың назарына ілінбей жүргеніндегі кейде пендауи жанды жабрқатады. Кейде ғылыми қабырғаға батады. Сондай ақындардың бірі – Мақсат ағамыздың алдында әдеби айпты болып жүр едім. Енді сол айбымнан құтылып, інілік парызымды өтеп, шығармашылығына суқұяр ғылыми мақала жазып бітіп отырмын.
Түбімді іздеп түркіден, Түртемін тарих қағазға
(Мақсат Әубәкіровтің шығармашылығы хаһында)
үзінді
Қазақ өлеңінде өзіндік ақындық стилі айқындалып, қаламгерлік қолтаңбасы айшықталған шығармашылық тұлғалардың қатарына жататын Мақсат Әубәкіровтің туындылары оқыған жанды бей-жай қалдырмайды. Жалпы қазіргі әдеби процестегі ақындар туралы сөз қаузаған шақта әдебиеттанушы үш өлешемді негізге алғаны ләзім. Оның біріншісі – бұрынғы жазғанынан кейінгі жазғаны басым түсетіндік; екіншісі – кейінгі жазғанынан бұрынғы жазғаны асып түсушілік; үшіншісі – бұрығысы да, кейінгісі де тепе-теңдікте қалушылық. Шығармашылық ілгершілік осының біріншісіне қол жеткізгендердің несібесіне жазылады.
Әдебиеттанушылар лириканың хас сипаты адамды өзіне сезімдік ахуалды беру арқылы илантуға қабілеті емеуіренділігі (суггестивтілігі) әм мәңгілік сауалдар төңірегінде парасатты пайымдаудан тұратын медитативтілігі (ой толғаулылығы) деп таниды.
Емеурінділік пен ой толғаулыққа иелік етпей жалаң сезімді күйіттеп кетушілік ақынға еш опа әпермейді. Осы екеуін өзіне қолбала қыла білген ақын ғана ел сөзін ұстаушы шығармашылық тұлғаға айналады.
Партадағы мінезі мен пәктігін,
Жоғалтқандар көрсетеді тоқтығын.
Шенуінік шекесінен қарайды,
Ұстазына «үлкен кісі» боп бүгін.
Әппақ жүрек, кеуделерде нұр шуақ
Ойларында білім жайлы мың сұрақ.
Хабары жоқ заманауи заңдардан,
Жүрген кезің сияқты еді-ау жақсырақ.
Байлық жиған, ұрлап қоғам нанынан,
Енді бірі түспейтіндей тағынан.
Партадағы пәктіктерін жоғалтқан,
Мен солардың сәби кезін сағынам.
(Парта.Өмір.Пенделік)
Немесе
Қарбаласқан асығып жаяу лек,
Амандассаң қарайды жынды ма деп.
Ауыл ұлы «Ассалау»-деді дағы,
Қол шатырлы тобырға қосылды кеп…
Үй біткеннің алдында қоқыс жәшік.
Қорбағдайды бір бәле соны шашып.
Доңыз ба деп, қараса Бомж екен,
Қазақша міңгірлейді құтты қашып.
(Ауыл ұлы)
Біз осындай қоғамға кесік айтушы ақын жырларынан ел сөзін ұстаушы авторлық образды беймарал аңғарамыз.
Күлтегінің тасқа басқан жазуы әр алаш баласының кеудесіне жазулы екені, Тоныкөктің тасқа басқан қарпі ғасырлардан ғасырға жететіні өзек болған «Компьютер мен өлең» жыры адам тағдыры мен жанының құпиялығын арқау етеді.
Алшы түспей қисық кеткен асығы,
Мен болдым ғой елдің қожанасыры.
Кешір мені қаламсап пен ақ қағаз,
Шатыстырған компьютердің ғасыры..
Көк темірге баяндап ем сырымды,
Бір топ өлең сәтсіздікке ұрынды.
Туа сала ғайып болған жөргектен.
Іздеп жүрмін сол бейкүна жырымды.
Немесе
Жұмбағы қалың мына өмір,
Жаралған нұр мен тамшыдан.
Боласа да шаттық көл көсір,
Бақытқа зәру қанша адам?
Жасырып, күннің келбетін,
Торлайды демде ала бұлт.
Кезеді үнсіз жер бетін,
Кезікпей жүрген бір бақыт.
(Таң.Үміт.Бақыт)
Ақын дегеніміз – лирикалық кейіпкердің ілкі бейнесі (прообразы) сондықтан олардың арасында байланыс бар. Маяковский: «Мен Ақынмын. Әм сонымен қызықтымын…» деп тегін айтқан жоқ. Бұдан келіп лирикадан ең басты өзекті сауал «Авторлық лирика мен сөздік нышанат (өкілі)» туындайды.
Осы өзгеден өзгешелену, ақындығымен қызықты болудың шығармашылық бақыты Мақсатқа да бұйырғанын мына жолдардан анық тани түсеміз.
Көзімнен, кім бар менің оқыр мұңды,
Еске алмай есеймеспін өткенімді.
«Заманым түлкі болса»- деймін дағы,
Ауыстырып киермін бөрігімді.
Балалығым шым батып шыңырауға,
Періштелер айналып сұмырайға.
Елес қуып, келемін есім кетіп,
Жыр оқыған ақындай саңырауға.
(Өмір.Шырпы.Мұзтау)
Лирикалық қаһарманмен қатар Мақсат ақынның белгілі бір туындысын немесе туындылар шоғырын арнаған адресаттары (алашы), яғни лирикалық персонаждары (қалалық-далалықтар) да аңғарылады. Шығармашылық уақыт пен кеңістік аясында бұндай әңгіме дүкен құруға ақын тарапынан орын алатын талпыныс не адамға, не зообейнеге, не ғаламзатқа арналуы да ықтимал. Махабеттің «Қызғыш құсқа» мұң шағуы, Әсет Найманбаевтың «Қарағашқа» зарлануы осының куәсін. Осы арзулану Мақсатта жаңаша поэтикалық тұрпатта жалқыланып емес, жалпыланған аңыста «Әйнексу.Балық.Қожайын», «Парта.Өмір.Пенделік» және «Қасқыр» өлеңдерінде ұшырасады.
Шыны ішінде мекендері жасанды,
Жасы жетпей экспонат атанды.
Азып кеткен алып киттің тұқымы,
Білесің бе акуладай атаңды.
Тұмаларды айырмайтын бұлақтан,
Крансуды ішіп көңіл жұбатқан.
Қожайында баласы еді даланың,
Ол да мұңылық өз ортасын жоғалтқан…
(Әйнексу.Балық.Қожайын)
Лирикалық персонаждардың прототиптері болуы да ықтимал. Жоғарыдағы мысалдарда осындай «Лирикалық персонаждар»: Исатай мен Демежан болып табылады. Осы лирикалық персонаждардың типологиясы биографиялық реалды және тарихи болып келеді. Мақсаттың да әйнексуда балық ұстаған, ұстазына «үлкен кісі» болған, «ана тілін білмеген қандастарын» іштей боқтаған өз «лирикалық персонаждары» бар.
Мақсаттың лирикалық өлеңдерінің жанрлық формасы не автор атынан, не ойдан шығарылған лирикалық кейіпкер атынан көрініс табады. Жанына жақын дүниені барынша ашып көрсету үшін ақын өз ақындық қолтаңбасына тән өлеңдер топтамасын өмірге әкеліп отыр. Біз солардың бәрін болмаса да кейбіріне қатысты әдебиеттанушылық ойымызды жария етіп отырмыз.
Е. Эткинд осы турасында «…өлең біздің өмір бойы бірге жүретін жол сергіміз, сондықтан, оның мазмұнын тауысып түгесе алмаймыз, себебі ол «кеңістіктегі (рухани-мәдени – Ә.Ә.Ә.) қара құрдым» болғандықтан түбіне ешкімде ешқашанда жете алмайды» деген уәжді ой айтады (Эткинд Е. Разговор о стихах. С. 7.).
Бізде өз кезегімізде қазақ әдеби процесінде өзіндік ақындық үрдісі, өзіндік авторлық сара жолы бар М.Әубәкіровтің поэтикалық туындыгерлігіне қатысты кейбір пікірімізді сөз танитын алаш баласының келесіне салып отырмыз.
Әбілсерік Әлиақпар парақшасы
https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=874613979388752&id=100005204740862