Н.Айтұлы: Астананы жырлау – өз бақытыңды жырлау

481

(Астана тойына арналған мүшәйра мәреге жетті)

 ХХ ғасырдың аяғында ықылым заманнан аңсаған арманына жетіп, өз алдына ту көтеріп, Мемлекет құрған ер қазақтың Елордасының аты – Астана! Астана десе бойында қаны, кеудесінде жаны бар әр қазақ ішкен асын жерге қояды, қанатын кеңге жаяды, көргенде көңілі тояды. Азаттық пен Астана біртұтас ұғым. Елбасы кіндігін өзі кесіп, атын өзі қойған Астана – Бостандықтың белбаласы, халқымыздың көзінің нұры, жүрегінің жыры, бабаларымыздың бүгін жүзеге асқан кешегі арманы, балаларымыздың ертеңге үміт артқан асыл мұраты. Бүгінде Көк байрағы көгінде жайнап, Бәйтерегі биікке бойлап, 20 жасқа толғанын тойлап жатқан Ақордалы Астана – жер шарындағы ең жас қала!

Біздер – бірлігі жарасқан Қазақстан халқы іргелі елдердің ірі қалаларымен жастығына қарамастан үзеңгі қағыстырып, иық теңестіріп, сан қилы саясатта серкелік танытып, әлемді аузына қаратып отырған Астанамызбен шаттануға да, мақтануға да толық хақымыз бар. Бұл тұрғыдан алғанда Елордамыздың ел тарихынан, жаһандық өркениеттен алатын орны ерекше. Кеше ғана дүниені тітіреткен Қызыл империяның құрсауынан босап шыға сала, Ұлы Даланың төсінде Алаштың азат астанасы шаңырақ көтереді деген ой үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеп еді. Тәңірге тәуба! Төрімізге тақ, басымызға бақ орнады!

Салынып жатқан шаһар кең далада,

Сыйласын асыл мұрат әр балаңа.

Азаттық астанасы аталады,

Қазақтың астанасы сонда ғана.

Қарашы, шаңырағы жас қаланың,

Аспанның бұлтын серпіп тастағанын.

Бүгіннен басталатын шежіресі,

Авторы Назарбаев Астананың!-

деп жырлаған едім «Бәйтерек» поэмасында осыдан он алты жыл бұрын. Сол кезде бестен жаңа  ғана асқан жеткіншек Астана бүгінде күш-қуаты толған, ат үстінде алысқа көз салған, еліне қорған балуан тұлғалы, батыр жүректі жігіт болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз әлі есін жиып, етегін жаба алмай жатқан тұста Астананы Арқаға көшіреміз дегенге ешкім илана қойған жоқ. Тіпті Президенттің айналасында ат үстінде жүргендердің өзі қарсы болғаны тарихи шындық. Осындай әрі-сәрі кезеңде Астананы көшіру көзсіз ерлікпен пара-пар еді. Алайда, Елбасы тәуекелге барды. Ақ қар, көк мұзда ақ боранға қарамастан Астана көшін Ақмолаға қасқайып өзі бастап келді. Сонда да сене қоймай күңкілдегендер көп болды.

Аршында, шығар қазақ, үніңді асқақ,

Кім сені тоқтатады бүгін жасқап?!

Астана Ақмолаға келе жатыр,

Айбынды Нұрсұлтандай ұлың бастап!

Келеді халқын бастап қазынаға,

Ақ боран, алдын орап азынама.

Қуанып қалың елі жатқан шығар,

Алайда шын қуанған өзі ғана,-

деген едік сол поэмада тағы да. Шынында да дәл сол сәтте Астананың бүгінгі болашағын Президенттен басқа ешкім көзіне елестете алған жоқ еді. Бұл ғасырлық оқиғаға Елбасының өзінің ғана көзі анық жетті, көңілі толық сенді! Ақыры, міне, өзіміз де сендік, өзгелер де сенді! Көз алдымызда – әлем тамсанған әсем Астана! Жиырма жыл ішінде Астана қаншама өсті. Басқаны айтпағанда, Экспо көрмесі осында көшті! Қаншама әлемдік тарихи да ауқымды мәселелердің түйіні Астана төрінде шешілді. Осының өзінен-ақ, Астананың әлемдік саясат пен өркениеттен алатын орны қандай екенін анық көруге болады.

Бүгінде Астана қазақ руханиятының қарашаңырағына айналды. Қарымды қаламгерлер мен арынды ақындар, дарынды өнер жұлдыздары келіп, күн сайын Елорда мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосуда. Жарыса бой түзеп жатқан мәдениет ошақтары Астанамыздың ажарын тіптен аша түскендей. Осыған риза болған халқымыздың да мерейі өсе түскендей. Сондықтан да Астана ұлтымыздың тілегінде, үлкен-кішінің жүрегінде! Кешегі зұлмат заманда талай жазықсыз жандардың Ақмолаға айдалып, «Алжир» лагерінде көз жұмғанын тарихтан жақсы білеміз. Сөйткен Ақмоланың бүгінгі Астанаға айналып, Бостандық пен Бақыттың ордасы болғанына қалай көңілің босамайды, қалай жүрегің тебіренбейді?! Мұны қалай жырламасқа?

Астана қаласы әкімдігі Мәдениет және спорт басқармасының тікелей қолдауымен Сәкен Сейфуллин музейінің ұйымдастыруымен биыл сегізінші рет өтіп отырған Республикалық мүшайра осы пікірімізге дәлел!

Астананы жырлау – өз бақытыңды, өз мұратыңды жырлау, ұлтыңның тағдырын, тыныс-тіршілігінің барлығын жырлау! Сондықтан да ақындарға кең жол ашып, тебірене толғануға үзбей жағдай жасап келе жатқан Астана әкімдігіне айтар алғысымыз мол! Жыр бәйгесінде жүлде алған жұлдызды шығармалардың басын бір кітапқа қосып, Елорда тойына жырдан шашу шашпақ ойымыз бар.

Ал, «Ел тірегі – Елорда!» деген айдармен Астананың 20 жылдық тойына арналған биылғы мүшәйра да өз мәресіне жетті. Биылғы аламан жыр бәйгесіне Республикамыздың түкпір-түкпірінен 90 –ға жуық үлкенді-кішілі ақындар қатысты. Барлығы да ағынан жарылып, Астана тойын жан-жақты жарқырата жырлауға барын салып бағыпты. Бәйгеге түскен жырларды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптай, саралай келе бірауыздан мына шешімге келді:

Бас жүлдеге көрнекті ақын, Алаш және Халықаралық Сергей Есенин сыйлығының лауреаты Қазыбек Исаның «Ертегідей Елорда» өлеңін лайық деп тапты.

Бірінші орын талантты ақын қызымыз, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Сәлем саған, Астана» өлеңіне берілді.

Екінші орынның бірін әйгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай «Жиырма жасқа жиырма шумақ» жырымен, екіншісін ақтангер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы «Ай дидарлы Астанам» өлеңімен  қанжығасына байлады.

Үшінші үш орынды жас ақындар Мұқият Қойшыбайұлы «Астана», Біржан Ахмер «Алтын кеме», Нұрбол Мұратбек «Көзімнің қарашығы» өлеңдерімен бөлісті.

Астана тойына арналған жыр мүшәйрасында жұлдызы жанған жүйріктерді шын жүректен құттықтаймыз!

Мерейтойың құтты болсын, асқақтай бер, жайнай бер, жасай бер, аяулы Астана!…

Несіпбек Айтұлы,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

 Uchenna Nwosu Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз