Бородулиханың бұрынғы атауы – Белағаш

767

Тарихи топонимдерді қалпына келтіру,  әсіресе, шекаралық аймақ үшін маңызы ерекше мәселе.  Ендеше  екінші сүйектірек мысалға ауысайық.

1928 жылы 17 қаңтарда Белағаш ауданы құрылып, оның құрамына кейінгі екі ауданның (Бородулиха және Новошульба) да елді мекендері кірген-ді. 1944 жылы 8 мамырда ауданның Белағаш аты – Бородулиха болып өзгерген. Неге?  Себебі, осы жылы Мәскеу «Жер-су аттарын өзгерту туралы» құпия Қаулы қабылдаған. Ол бойынша, айталық, Қырым және Қара теңіз аймағы түркілік топонимдерге бүйідей тиіп, түгелдей дерлік жаңадан орысша атаулар алған болатын. Сол қаулының құйыны, әрине, қазақ жерін айналып өтпеген. Қазіргі Бородулиха ауданынан қазақша аты сақталған ең болмағанда бір пұшпақ табылар ма екен, әй, қайдам…

Ақиқатында, сөз болып отырған территория ежелден «Белағаш даласы» аталған. Ал Шульба, Новошульба аталып жүрген тоғайлы аумақтың ескі аты – Жалқарағай деген дерек бар.

Жарайды, аудан орталығы «Бородулиха» аталса атала берсін, ал ауданға 1928-1944 жылдар аралығындағы «Белағаш» атын қайтару тарихи әділеттілік емес пе. Өйткені, бұл, көшпенді қазақтың бір елді мекенге емес, күллі аяққы Алтай – етектегі кең далаға қойған атауы – көне топоним.

Осы пайым дәлеліне Белағаш жазығына жалғасатын Бесқарағай аумағын тілге тиек етпекпін. Бұл аумақ «Бес қарағай» деп аталатыны –  Ертіс бойын қуалай өскен қарағайлы орманымен ерекше, ең қызығы,  көк аспан биігінен қараған адамға өзара түйіскен бес қарағайлы алқап (массив) көрінеді екен (бес алқап барын осы заманғы ұшақтан көріп-білу оңай, ал бұрынғы ата-бабалар қайтіп білген деп таң қалмай көр!).

Ғажабы сол, есте жоқ ескі заманда бұл аумақ «Бес ағаш»  аталыпты. «Қара қыпшақ Қобланды» эпосына терең талдау жасаған тарихшы Жамбыл Артықбаев: «Жырдағы «Бес ағаш» Ертістің оң жағалауындағы қазіргі «Бес қарағай»  деп аталатын қарағайлы алқап (сосновый бор)», – деп мәлімдейді. Осы алқапта болған эпос оқиғаларына тоқтала келе, бізге керекті мынадай деректі келтіреді: «Қазақ жылқыны Ертістің оң жағасында ұстаған. Оң жаға биік жар, жардың ар жағы тақтайдай тегіс дала, әріде жүз шақырым орман-тоғай. Осылай басталатын кең өлке – Құлынды даласына қазақ тайпалары қыс түсе жылқысын айдаған. Бұл ежелден келе жатқан тәртіп. 18-ғасырдың ортасында орыс Ертістен қазақты өткізбейміз деп өткелдердің түбінде талай рет қанжоса соғыстар болған. Ертіс әскери желісінде талай бекіністерді салған капитан И.Г. Андреев қазақтың жылқысының санына дейін жақсы біледі. …Сонымен, «Қобыланды жырында» айтылатын «Бес ағаш» Ертістің оң жағасындағы орман-тоғайдың ертеден бергі аты»   («Абай» журналы, №5, 2017 жыл). Көрдіңіз бе, «Бес ағаш», мейлі, «Бес қарағай» де, екеуінің түп қазығы бір. Олар – аймақтың жер бедерінің өзіндік ерекшелігін айшықтап тұрған тарихи-географиялық топоним болып табылады.

Міне, «Бел ағаш» атауы жайлы да осыны  айтамыз. Оның да  ата-бабаларымыз дәл тауып қойған ежелгі атау екені талассыз сияқты.

Ал Бородулиха деген не сөз? Ол қайдан шыққан? Бұл жайында ресми дереккөздері ләм-мим демейді. «Естіген құлақта жазық жоқ» демекші, төменде жергілікті тұрғындардан сұрастырып білгенімді ортаға салмақпын.

Шұрайлы Белағаш даласына қарашекпенділер 19-ғасырдың ортасынан көз тіккен екен. Ресейдің түкпір-түкпірінен орыс шаруалары Сібірге және қазақ даласына шұбырды. Бұл көш, әсіресе, «Столыпин реформасы» тұсында (1912 жыл) қауырт өткені аян. Сол ұлы көш арасынан Бородулин деген пысық, шаруақор адам шығыпты. Оның тасы өрге домалап, қазіргі аудан орталығы тұрған жерден қызыл кірпіштен түрлі ғимараттар (үй, магазин, диірмен, қойма т.б.) тұрғызып үлгеріпті. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін бай атаулы «кулак» ретінде аяусыз қудаланған ойпыл-тойпылда әлгі Бородулин ұлдарымен кеңесе отырып, жиған-терген байлығын өз еркімен кеңес өкіметіне өткізіпті-мыс. Бірақ төрт-бес ұлдың біреуі әкесіне қарсы шығып, ақтарға қосылыпты. Бородулин қайда, қалай өлген? Байғұс байдың тағдыры белгісіз, халық арасында оны жаңағы ұлы атып кеткен деген аңыз таралған екен.  30-жылдары колхоздастыру көрігі қызған, шағын елді мекен үлкен селоға айналған. Ел ішін Бородулин қызылдар жағына өткен, ол- кедей таптың құрбаны деген аңыз аралаған. Соған сенген малшы, жалшы қауым селоға байдың атын беруді өтініпті. Мекеннің «Бородулиха» аталуының қысқаша тарихы міне осы.

Сөйтіп, тарихилық пен мағыналық жағынан қайсы басым – Белағаш па, әлде Бородулиха ма? Оның шешуін зерделі қауымның өзіне қалдырайын.

Асан Омаров,

журналист, өлкетанушы.

 

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз