5-дәріс. АҒАРТУШЫ АБАЙ

519

Батыс Еуропадан таралған ағартушылықтың қуатты толқыны Ресей патшалығын, онан кейін қазақ даласын да орап алды.  Осылайша  ХХ-ғасырдың басындағы ояну дәуірі Абай мұрасынан нәр алды, алаш арыстары сол құнарлы топырақта өсіп-өнді.

Ағартушылық арнасында

ХІХ-ғасырдың екінші жарымында  қазақ даласын жаңа көзқарас, жаңа идея елесі кезіп жүрді. Еті тірі, зиялы адамдардың ойлары қазақ та басқалар сияқты болашаққа көз тігіп, әлемдік өркениетке ден қоюы керек деген арнада тоғысты. Осылайша халқымыздың тағдырында айрықша рөл атқарған бір керемет идея өмірге әкелді. Ол – ағартушылық идеясы. Қазақ басқа халықпен тең болуы үшін, осы өмірден өз орнын алуы үшін білім керек. Білімсіз алға жылжу, басқа халықпен тең болу мүмкін емес. Өсу үшін, азамат болу үшін білім керек. Сауатты болсаң, білімді болсаң ғана мақсатыңа жетесің. Сол замандағы зиялы адамдардың  ішінде осы ағартушылық идеяны айтқан, қазаққа бәрінен де білім керек екенін жан-жақты түсіндірген Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай болды.

Абай ағартушылық қызметінен мысалдар алайық.

«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» өлеңінде ақын алдында қойған ағартушылық мақсатын былайша жеткізеді:

Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ (1888).

Сөйтіп, ұстаздың ағартушылық ұстыны – талапты жастарды ғылым мен мәдениетке, бір сөзбен айтқанда, әлемдік прогресс жолына бұру болды.

Дәуір тынысы өзгерісін өзгеден бұрын көре білген ренессанстық тұлғамыз Абай қазақтың қара өлеңіне реформа – түбегейлі жаңару әкелді (бүгінгі лексикада оны модернистік ізденіс дейміз). Нәтижесінде қазақ поэзиясының сыртқы түрі және ішкі мазмұны өзгерді.

Абай поэзиясы тілге жеңіл, мағынасы терең, өз сөзінше, «іші алтын, сырты күміс» болуымен жанды. Абайдың енді бір қырын абайтанушы Қ.Жұмалиев былай деп көрсетеді: «Абай алдындағы, не тұсындағы қазақ әдебиетінің өсе алмай келе жатқан мәселесінің бірі – ішкі сезім дүниесін суреттеу болатын».

Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,

Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін, –

я болмаса:

Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,

Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.

Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,

Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас.

Осындай Абай ішкі сезім дүниесін суреттеудің, адамға көркем мінез егудің  хас шебері екенін байқататын мысалдар, тізе берсек, көп-ақ.

Ескі жүйе, қадим тәртіп бойынша әрбір руды, әрбір ауылды ақсақалдар билеген еді. Көп мәселелерді ақсақалдар шешкен. Болыстар, билер солармен ақылдасып отырған. Абай басқа жолды ұсынады: еңбек ет, білім ал, ғылымға ден қой, надандықты жой – сонда ғана халықтың көзі ашылады, бағы жанады, сана-сезімі, өмірге көзқарасы өзгереді. Абай өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ дей отырып, оған білім, еңбек, рақымды қарсы қояды. Өсудің идеясы білімде, ғылымда, надандықты жоюда екенін айтады.

Білімді болу үшін еңбек пен талап қажет. Еңбек, екінші жағынан, табыстың көзі, «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».

Жаңаға жол аршу әсте оңай іс емес-ті. Абайдың  дәстүрлі поэзия өкілдерін  қатал сынға алуы тек жол аршу талабымен өз түсінігін табады. Шын мәнінде жыраулар поэзиясын Абай қадір тұтқан, онан көп нәрсені үйренген. Өзінің «Абайдың ақындық дәстүрі» атты монографиялық еңбегінде көрнекті әдебиет сыншысы, абайтанушы Айқын Нұрқатов Абай «қазақтың байырғы ауыз әдебиетінің көркемдік тәжірибелерін жоққа шығармаған» дегенді қадап айтады.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», «Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін» дейді Абай.  Ғұлама ел түзелу үшін сөз түзелу шарт екендігін кәміл білді. Өйткені, өз ұрпағын көзі ашық, көкірегі ояу, елді, жерді ойлайтын арлы, мәрт азамат етіп тәрбиелеу әр ұлттың төл ісі. Бұл ретте Абай кінәні тек отаршылдық саясатқа, ал жаланы тек орысқа артудан аулақ. «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» (1880 ж.) өлеңінде:

 

Ынсапсызға не керек,

Істің ақ пен қарасы.

Нан таппаймыз демейді,

Бүлінсе елдің арасы, –

деп әділет пен адамдық тәрбиеде шаруасы шамалы ата-ананы түйрейді.

Орыс теріс айтпайды,

Жаман бол деп оларды.

Қаны бұзық өзі ойлар,

Қу менен сұм боларды, –

деп санасыздыққа ұрынған жас ұрпаққа сын айтады. Олардың көкейін тескен «Я тілмаш, я адвокат» болсам деген ой. Ел қамы қайда?!

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта,

Ерінбей оқып көруге.

Ар ойла және ғылымды азық қыл! Шыны сол, адам болу, адамдық қасиеттерді бойына сіңіру әр пенденің өз қолында. Егер талпынса, кім кімге де оқу-білімнің есігі ашық. Халықты надандық тозағынан құтқару идеясы – Абай мұрасын бас-аяғына көктей өтеді. Бұл, сірә да, кемел даналықтың, жалпақ тілмен айтқанда, Абайға Тәңіріден миссия жүктелгенінің белгісі.

Жазушы Мұзафар Әлімбаевтың: «Адамды қамқорлыққа, мейірбандыққа, қайырымдылыққа үндей білген, жалпы алғанда жан баласының жан дүниесінде жаңғырық тудырған поэзия – ғажайып құбылыс!» дегеніне кім қарсы дау айта алады?

«Адасқанның алды жөн, арты соқпақ», «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» сияқты өлеңдерінде ақын жастарды бірде ащы тілмен сынайды, бірде ағалық ақылын айтады. Реті келіп тұрған соң, жаза кетелік, кейінгі аталған ұзақ өлеңнің соңғы алты шумағы өз алдына бөлек туынды. Өйткені, алдыңғы шумақтар ақыл-кеңеске, ал соңғы алтауы сынға құрылған. Сондықтан алты шумақты «Пайда деп, мал деп туар ендігі жас» деген атпен  бөлек жариялаған дұрыстық болар еді.

Қайталап айтқанда, Абайдың ағартушылық ұстыны – арлы, ойлы сөзімен қараңғы халықты жарыққа жетелеу, жас буынды ғылым мен прогресс жолына шығару болды. Бұрынғының жақсылығын, адамгершілік жағын қалдырып, жаман әдеттерден, надандық пен тоғышарлықтан, өмірдің мәні тек қана мал өсіру деген ұғымнан бас тартып, білімге, ғылымға бет бұру керек. Бұл керемет сөздер, күшті идея еді. Абайдың ағартушылық жолы деген міне осы мағынаға саяды.

Қараңғылық пен отарлық қос өкпеден қысқан қилы заман жағдайында ең керегі – сауатты, білімді болу идеясы болғанын өмірдің өзі дәлелдеп берді.

«Ағартушылық, – дейді Ғарифолла Есім «Хакім Абай» кітабында, – қоғам болмысының заңдылығы ретінде аңғарылатын мәдени қозғалыс, оның қозғаушы күші – ұлттық идея». Олай болса, ұлттық идея – ағартушылықтан жоғары баспалдақ. Осыған көз жеткізейік.

Ұлттық идеяның атасы

Әлеуметтік өзгерістер қашанда жаңа көзқарас, жаңа идеядан басталады. Сондықтан да «Абай жолы», «Абай идеясы» деген   үйренішті ұғымдарда терең астар бар. Бірақ, «Абай – ұлттық идеяның атасы» түсінігін тарата айту тек осы заманда ғана мүмкін болып отыр.

Гәп сонда, дана Абай қоғам дамуы мен жеке адам кемелденуінің екіжақты идеясын ұсынады. Адам баласы екі нәрсемен: бірі – жан, бірі – тән. Демек, жан құмары рухани жетілуді, тән құмары материалдық дамуды талап етеді. Міне Абайдың ұлттық идея формуласы осынау екіжақты да қамтуымен ерекшеленеді. Әрбіріне жеке-жеке тоқталайық.

Қазақ басқа халықтармен тең болуы, осы өмірден өз орнын алуы керек. Ол үшін білім керек. Тек халқы сауатты, білімді ел ғана мақсатына жетеді.  Ілкіде айттық, осы идея Абайдың ағартушылық поэзиясын көктей өтеді деп.

Бірақ Абай парасаттың бір қабатынан екінші қабатына өтіп, үнемі сатылау үстінде болған. Міне, сондай айқын бұрылыс, ойшылдық эволюция 1890 жылға келеді. Осы жылы ізденгіш Абай ағартушылық сыңаржақты идея екеніне көз жеткізеді.  Неге десеңіз, құр өнерлі, білімді болу аздық етеді,     мәселенің екінші жағы бар. Ол – қоғамда, әр отбасында ар-әділет пен адамгершіліктің көздің қарашығындай сақталуы.

Міне, осы екі жақтың бас біріктіруі – Абай халқына аманат еткен ұлттық идея болып табылады.

Тарқатып айтар болсақ, Абай идеясының мәні үндестік заңын сақтауға тіреледі. Тәңірінің үндестік заңына сәйкес тән мен жан, теория мен практика, сөз бен іс, дін мен ғылым бәрі-бәрі үйлесуі керек. Айталық, Қазақ елінің экономикасы мен рухани байлығы  құстың қос қанатындай қатар дамуы шарт. Себебі, үйлесім жоқ жерде, кәмәлат та жоқ.

Абай сөз болып отырған ұлттық идеяны алғаш рет  «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде өреді. Қайрат пен ақыл екеуі аз,  адамға түзелуге, «адам» атына лайық болуға үшінші қасиет – «әділет-шапқат» керек дейді (әділет пен мейірімді біріктіріп, осылай атаған).

Бастапқы екеу соңғысыз,

Біте қалса қазаққа.

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа?

Бірақ ол заманда қоғамның дамуы мен адам кемелдігіне жол ашатын рухани ерік пен саяси тәуелсіздік ауылы тым алыста еді.

«Абай Құнанбайұлы» атты монографиясында Мұхаң: «Патшалықтың ел ішіндегі өкілі, әкімі, сүйеніші – бай, жуаннан шыққан болыс, би, елубасылар. …Болыстық, старшындық билік үшін ел жуандары қырқысса, соны патшалық ұлықтары әдейі қоздыра түсетін. Бұл тек саясаттық қана тәсіл емес, сол күндегі Россия буржуазиясының пайдасы үшін де керек», – деуімен сол тарихи хәлдің астарын ашып береді.

Кеңестік дәуірде Абайдың 25-сөзінде «Балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет!» (25-сөз) деген өсиеті мейлінше мол дәріптелді. Бірақ орысша болса болды, бас шұлғи беру керек деп қатеге, жалаңдыққа ұрындық. Абай орысша оқу мен орысша тіл білу надандықтан құтылудың құралы. Батыстың өнер, ғылым айдынына шығудың  жолы. Басқа дәнеңе де емес. «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» дейтіні сол. Енді бірде: «…Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадарлы (белгілі дәрежеде) орысша образование алған кісі болсын» (3-сөз) деуі де содан.

Біз азат елміз. «Мен айтқан жол – мал аяр жол емес» деген Абайдың сөзін енді баланы оқыту, көкірегін ашу деп дұрыс түсіндірген абзал. Оны «орыс тілін білмесең – адам болмайсың» дескен, бұрмалаған уақыт өтті. Осы күнде орыс тілін үйрен деу ағылшын, қытай тілін үйрен деумен бір.

Сөйтіп, бастысы, ұрпақты әділ, мейірімді етіп тәрбиелеу. «Жүректің көзі ашылса, Адамның хикмет кеудесі». Көкірегі ашылған, яғни пайданы емес, арды ойлаған ұрпақ қана тура жолын адаспай табады.

Қазіргі таңда алдыңғы қатарлы елдермен теңесуге қажетті қуатты ұлттық идеяны іздеп, ғалымдарымыз бірде Батыс, енді бірде Шығыс тағлымына көз тігеді. Шындығында ұлттық идея, я болмаса кемел адам идеалы десеңіз де, керегіңіз Абай мұрасында тұнып-ақ тұр. Алысқа ат айдағанша идеология іргетасына соларды қалағанға не жетсін.

 

Бодандықтың кеселдері

Жер бетінде отаршылдық зардабын тартпаған елдер кемде кем болғанымен, бір ғасырда осыншама көп реформаға ілініп, тоз-тоз болатындай тәлкекке ұшырған қазақтай халық сирек шығар. Өйткені, реформа атаулы дала тұрғындарының тарихи қалыптасқан мемлекеттігін қайтадан қалпына келтіре алмауын, оларды жер мен судың байырғы иелері құқынан біржола айыруды көздеп жасалды. Ең жаманы, ел мен жерді қойып, сананы да уландырды. Тілін, дінін, әдет-ғұрпын менсінбеуге, ата кәсібі мен тарихын ұмытуға, өзгенің тілі мен мәдениетіне бауыр басуға ынталандыратын әзәзіл саясат ерекше мүттәйімдікпен жүзеге асырылды.

Отаршыл саясатпен бетпе-бет келген, оның қыры-сырын терең білген адам Абайдай-ақ болар. Бірақ Абайда азаттық деп жалаулату, халықты күреске үндеу сарыны жоқ. Неге? Осыған тоқталайық.

Адамзат көші өзінің даму соқпағымен жүреді. Абайға аян, оның сықырлаған арбасы адамзаттың емес, Тәңірінің «компасы» бойынша бет түзейді. Шалғай Шыңғыстау бөктерінен  жұмыр жер бетін қырандай қалт жібермей бақылаған сахара ойшылы ХІХ-ғасырда оны мекендеген халықтардың жарым-жартысы отарланғанын оқып-біліп отырды. Кавказда имам Шәміл, қазақ даласында хан Кенесары көтерілістерін (1837-1847 жж.) ой елегінен өткізіп, бұл пәледен  жалғыз-жарым елге құтылудың жоқтығын көре білді (Тәңірінің әділеттілік заңына сәйкес әлемдік отарлау жүйесі өз өзінен күйреп түсті. Ақыры Қазақия азаттығын алды).

Бодандық мызғымастай боп орнығып, болары болып қойғаннан кейін халықты босқа арандату еш бәһрә бермейді.   Есе қайтарудың жолы бар ма? Бар. Абай ол жол – қараңғылықтан құтқару деп санады. Қараңғылық пен надандық бұғауындағы ел ешқашанда азаттық ала алмайды деп білді. Абайдың көкейтесті арманы – туған халқын ерікті, мәдениетті елдер санатына қосу болды.  Сол үшін «мыңмен жалғыз алысты».

Бірінші Петр патша: «Мен – Еуропаға терезе аштым» деп жар салған болатын. Сол сияқты Абайдың орыс мәдениеті арқылы Батыс өркениетіне жол ашқаны шындық. ХІХ-ғасырдың ортасында көшпенді тұрмыс өз потенциалын толық сарқыды. Гәп сонда, егер қазақ халқы заман ағымына ілесе алмаса, онда Америка үндістері секілді тарих сахнасынан мүлде жоғалуға тиіс еді. Ойланайық. Жоғалған жөн бе, әлде мәдениет арқылы терезе теңестірген жөн бе?

Сөйтіп, Абайға ел-жұртына тәтті, бірақ іске аспайтын жасанды, құрғақ ұрандар тастау жат. Халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге бастайтын жолға сілтейді. Жаңағы «Абай «азаттық» деп неге атойламаған?» деген сұраққа берер жауабымыз осылар.

Бүгінгі өмірде тәуелсіздік таңы атты, қою қараңғылық сейілді. Бірақ қоғамды жегідей жеген, тіс ауруындай қақсаған бодандық кеселдері жойылды ма? Өкінішке қарай, жоқ. Тілшұбарлығы, жемқорлық, ұрлық-қарлық, мінездің ұсақталуы – өз өзінен арыла қалмайтын кесел, дерттер екен. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады». Отарланған, бұзылған сана қайтсек сауығады? Ол үшін отарсыздандыру саясатын табанды түрде жүргізу қажеттігі сөзсіз.

Кеселдің ең үлкені қазақтардың өзі тілінде сөйлемейтіні болып отыр. Бір ретте арамызда Абайдың «Орысша оқу керек», «Оның тілін біл» (25-сөз) дегені қате екен деп ұлы ұстазға айып таққысы келетін азаматтар кездеседі. Сондықтан бұл мәселеге қайыра оралайық. Айтылмыш өсиеттің мәнісі «кәсіпті меңгер, ғылымды бағындыр» деген мағынаға саяды. Егер неміс я жапон көрші елдер болса, Абай солардың тілін үйрен дер еді. Қазір тіріліп арамызға келсе, жастарға «ағылшын тілін үйрен» деуі бек мүмкін. Кезінде алаш арыстары Абай өсиетін қалтқысыз ұқты. Дәлелге Міржақып Дулатовтың: «Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман» дегенін келтірсек те жеткілікті.

Сөйтіп, Абайдың «орысша үйрен» дегенді нақты жағдайға байланысты айтқаны талассыз ақиқат. Ол күнде қазіргідей қазақ тілін білмейтін, тек орысша шүлдірлейтін қазақтардың қаптап жүруі – үш ұйықтаса да ешкімнің түсіне кірмейтін, жаздың күні қар жауғаннан бетер мүлде тосын құбылыс-тұғын.

Қылышынан қан тамған 1930-жылдары көрнекті ғалым Құдайберген Жұбанов «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты зерттеу еңбегінде Абайды қорғап шықты. Ол былай деп жазған еді: «Қазақ әдебиеті тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырушылар, оған да місе тұтпай табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр. Ол – өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың әдебиеттегі үздіктігі» («Әдебиет майданы» журналы, 1934, №11-12). Ғалымның бұл пайымы көрегендік екеніне уақыттың өзі төреші.

Абай басқа емес, қазақты адамдық кейіпті сақтау, оны адалдық, әділдік жолдан тайдырмау міндетін арқалаған, сол үшін туған тұлғамыз. Мінеки, арамыздағы «Абай отаршыл өкіметке қызмет жасаған» дейтін кейбір азаматтар алдымен ұлы ақын   осы атқарған құтқарушылық миссияны жақсы танып-біліп алсын.

Қорыта келгенде, болу я болмаудың қыл көпірінде тұрған көшпелі қазаққа Абай сөзі, Абай идеясы құтқарушы рухани құдірет есепті. Заттық тығырыққа тірелген, рухани қуаңшылыққа ұрынған халық санасына көктемгі жылы жаңбырдай әсер етті.

Тек қазақ емес, күллі түркі әлемі һәмишә Орта Азия әдебиеттері ішінде Абай мұрасы теңдессіз үздік, өз дәрежесінде жалғыз. Абайдың әдебиеттегі үздіктігі неде? Төменде осы жайларды қаузауға ойыспақпыз.

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 


 

  Caleb Sturgis Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз