Баймұрат (поэма). Несіпбек Айтұлы

891

Баймұрат

(поэма)

                               І

Қонсаңшы, шарықтамай қыран – шабыт,

Өлеңнен жіберейін тұмар тағып.

Қолыма қалам алдым саған сеніп,

«Баймұрат!», «Баймұрат!» деп ұран салып.

 

Батырын өксіп күткен елді уатып,

Жырлайтын Баймұратты келді уақыт.

Кім білсін өкпелі ме қайран баба,

Үн-түнсіз көптен бері қалды жатып.

 

Қазақтың батыры мен ақыны көп,

Дұшпанның көре алмаған ақылы жоқ.

Солардың арқасында мына дүние,

Бет бұрған жоқ па бізге ақыры кеп?!

 

Толғасам түптен тартып талмайды жақ,

Ерліксіз байтақ елге қонбайды бақ.

Әйгілі батырлардың бірі болған,

Тұсында Абылайдың ер Баймұрат!

 

Қан кешкен қаһарман ол алпарыста,

Кезінде аты шыққан алты арысқа.

Мысық көз мыстан заман ізін көміп,

Көрсетпей ұстап келген қалтарыста.

 

Ешкім жоқ есте сақтап тірі тұрған,

Батырдың көп ерлігі ұмытылған.

Там-тұмдап ел аузында қалған тарих,

Бұйымдай бірі тозып, бірі сынған.

 

Ат қойып әр сөзіне, тағып айдар,

Ақындар алды-артының бәрін ойлар.

Жеткізе жырлап кеткен өз кезінде,

Шежіре Айтмұқамет1 Кәрібайлар2 .

 

Сұрасаң сыр шертеді кәрі жерден,

Сан батыр шыққан біздің қалың елден.

Баймұрат он бесінде атқа қонып,

Ағасы Қабанбайдың соңына ерген.

 

Шықпайды халық барда ешкім естен,

Ұрпағы ұмытпайды естіп өскен.

Жарқылдап бұлтты жарған жай отындай,

Айқасқан, қан майданда кескілескен.

 

Қапыда қиып түскен оқ қанатын,

Кәрібай кәрі тарлан, соқталы ақын.

Сөзбе сөз келтірейін мысал үшін,

Былай деп Баймұратқа тоқталатын.

 

«Ер Уәли сүйегі Уақ, батыр Бармақ,

Қазыбек қаз дауысты өңкей саңлақ.

Баймұрат, Райымбек3, батыр Тентек,

Барлығы жауда кеткен кегін алмақ!».

  1. Айтмұқамет Қозыбайұлы, ақын.
  2. Кәрібай Таңатарұлы, ақын, 1931 жылы Қызылдардың қолынан Ақсуатта оққа ұшқан.
  3. Найман Райымбек.

 

 

 

Жатса да дүниені сел көшіріп,

Жамандар қарай алмас белге шығып.

Бұл сөзін Кәрібайдың растайды,

Киелі Мәшһүр Жүсіп кең көсіліп.

 

Ғұлама Мәшһүр Жүсіп озып көптен,

Тарихтың шыңырауын қазыпты өткен.

Олжабай, Баймұрат пен Жасыбайдың

Қалмақпен қырқысқанын жазып кеткен.

 

Жасыбай сол соғыста оққа ұшыпты,

Қырғынға екі жақ та көп түсіпті.

Көздері қанға толып жолбарыстай,

Қазақтың қос батырын кек қысыпты.

 

Қалмақты қазақ жерін жаулап тұрған,

Олжабай, Баймұратттар жер қаптырған.

Бүгінгі Баянауыл маңындағы,

Жер аты – содан қалған «Қалмаққырған».

 

Бір кезде көз ашпаған қан жосадан,

Баян тау оған күә көп жасаған.

Сүйегі сол арада қалғаннан соң,

Жасыбай атанғаны көл де содан.

 

Олжабай, Баймұратпен екі батыр,

Ерлікпен тау басына тіккен шатыр.

Оқиға ел аузында аңыз болып,

Үзілмей әлі күнге келе жатыр.

 

Кең дала босаған соң ата жаудан,

Орта жүз Сарыарқаға Сырдан ауған.

Айналып Самарханнан Сырға келіп,

Бабамыз Төлегетай сонда қалған.

 

Уақыттың көзбен көрдік ескіргенін,

Түйінін шеше алмайды ешкім де оның.

Таңбадай тасқа басқан жырлап кеткен,

Дулат4 пен Арғынбектер5 көштің жолын.

 

Тарихқа көз жіберсек кешегі өткен,

Орта жүз Сарыарқаны мекен еткен.

Ел өсіп, мал көбейіп сыймаған соң,

Шығысқа Керей, Найман жеке кеткен.

 

Бұл жайды кәрі құлақ ел айтады,

Шежіре бірін-бірі молайтады.

Қара жер әкесінен қалғандай бір,

Көздерін кейбіреулер алайтады…

 

Ереймен, Қарқаралы, Баянаула,

Арқаның тауы салқын саялауға.

Тербетіп қасиетті атамекен,

Рухын батырлардың аялауда.

 

Сарыарқа куәгері сан дүбірдің,

Өткен ғой талай-талай қанды қырғын.

Қазақтың батырлары атой салған,

Жатқызбай үйде тыныш жауды бір күн.

  1. Дулат жырау Бабатайұлы.
  2. Арғынбек Апашбайұлы, ақын. «Орта жүздің Сырдан Арқаға көшуі» деген дастанның авторы.

 

Түспеді аттың ізі қай қыратқа,

Батырлар түнемеді қай бұлаққа?

Қан кешіп, қалың елін қорғап өтті,

Солармен бірге жортып Баймұрат та!

 

Қай жаққа дәм айдаса бармайды адам,

Арқаны Төртуыл да кең жайлаған.

Алайда Алтай жаққа мойнын созып,

Арттағы атамекен – жерді ойлаған.

 

Қайран ел күн астында шуақтаған,

Қай жерде көштің шаңын шұбатпаған?

Арқадан сырғи көшіп Ертіске кеп,

Көң төгіп, қырық жылдай тұрақтаған.

 

Қазақтың елеңдетпес көші кімді,

Сан жерге от жағылып, мосы ілінді.

Ұштасқан Баянауыл даласымен,

Ол маңай Май ауданы осы күнгі.

 

Күн сайын құлағыңа құйғанменен,

Ұқпасаң, тарих жетім жиғанменен.

Қалдырған нақты дерек бұл жайында,

Барлаушы Андреев Иван деген.

 

Қазақтың мал мен басын санай келген,

Ол орыс таныс болған талай жермен.

Орындап ақ патшаның тапсырмасын,

Соңында өмірінің Семейде өлген.

 

Тіршілік бір үзіліп, бір жалғанған,

Күңіреніп кім көшпеген бұл жалғаннан?

Бетке алып Тарбағатай, Алтай тауын,

Төртуыл осы арадан ірге аударған.

 

Шұбырып көше-көше Қалба барған,

Оралу атажұртқа – сондағы арман.

Бас қосып ақсақалдар баталасып,

Әр ата өз қонысын таңдап алған.

 

Мыңғыртып төрт түлігін өрістеткен,

Зайсанға Андабарақ қоныс тепкен.

Ақ бұлтты Тарбағатай тауын асып,

Ақбарақ, Ақболаттар алыс кеткен.

 

Жер бар ма жеткізбейтін шапқан атқа,

Жан бар ма жылынбайтын жаққан отқа?

Барлықтың батыс беті шөбі шүйгін,

Болыпты құтты қоныс Ақболатқа.

 

Көшкен ел жылжи қонып жылыстайды,

Тізгінін ер болмаса кім ұстайды?

Баймұрат Күжібайға орда тігіп,

Ақбарақ мекен еткен Құлыстайды.

 

Жүйрік жоқ бұл жалғанда тілден асқан,

Құнды сөз шешен тілге құп жарасқан.

Сөйлесе судай аққан Мақсұт6 ақын,

Былай деп Ақбарақты жырға қосқан.

 

«Үлкені Төртуылдың Ақбарақты,

Жарылқап Қыдыр ата бақ қарапты.

Төбет би, Баймұраттай батыр шығып,

Ұрпақтан ұлы адамдар көп тарапты».

  1. Мақсұт Қыдырханұлы, ақын.

 

 

 

 

 

Заманның желдей ескен көшіне ерген,

Төрт ру Ақбарақтан өсіп-өнген.

Елтізер,  Бұқа, Шөтік, Сүйіндік боп,

Сан ғасыр Құлыстайдың төсін емген.

 

Ақбарақ – Баймұраттың арғы атасы,

Алыстан бұлдырайды жон-жотасы.

Ерлігі бабалардың баяғы өткен,

Тарихтың мызғымайтын іргетасы.

 

Атасы Бұқа батыр бергідегі,

Ақырған арыстандай ердің ері.

Ойратпен ойрандасқан бір шайқаста,

Қапыда мерт болғанын ел біледі.

 

Мәңгілік көкірегіне түйіп кекті,

Ел үшін шыбын жанын қиып кетті.

Қалмақтар найзамен тік көтергенде,

«Ит қалмақ тұрмын сенен биік!» депті.

 

Үймелеп шыбын-шіркей ала жазда,

Қызыл қан көлкіп аққан заман аз ба?

Бұқаның бұл ерлігін әлдеқашан,

Қабекең жазып кеткен «Дарабозда».

 

Баймұрат сол Бұқаның немересі,

Қасқадан төбел туар деген осы!

Әкесі Бәйімбет те осал емес,

Ұрпақпен кең жайылған керегесі.

 

Батырдың бес ұл өрген кіндігінен,

Түтіні түзу ұшқан түндігінен.

Әбділда немересі балуан боп,

Ұрпағы аса туған бір-бірінен.

 

Бір ұшқын от алады бір ұшқыннан,

Атақты Әбділдадан Нұрыш туған.

Ел билеп, ерлігімен көзге түсіп,

Рухын бабасының тыныс қылған.

 

Санасам жорықтарын тізіп ойға,

Батырдың апармайды ізі қайда!

Күзеткен шөбересі өле-өлгенше,

Зираты Баймұраттың Күжібайда.

 

Бұл күнде қасіреті тасқа айналған,

Халықтың көкейінен өшпейді арман.

Дүркіреп атажұртқа ел көшкенде,

Сіресіп Нұрыш қана көшпей қалған.

 

Ұрпағың түсер болса дұрыс жолға,

Өмірің ұқсайды екен гүлстанға.

«Бабамның басын тастап кетпеймін!»-деп,

Жалғыз үй қалып қойған Нұрыш сонда.

 

Қайғы да қарсы тұрмас ерге мықты,

Жалғыз қап көресіні ол көріпті.

Ақыры мұратына жеткендей боп,

Жанына бабасының жерленіпті.

 

II

Қасқайып жол бастаған жортуылда,

Баймұрат ұран болған Төртуылға.

Сағымдай сырғып көшкен дүниенің,

Белгісіз алды қайда, арты – мұнда!

 

Ақсақал атандырып бозбаланы,

Дамылсыз өмір көші қозғалады.

Батырдан із қалады өшпейтұғын,

Ақыннан тозбайтұғын сөз қалады.

 

Кешірек еске түскен қайрат батыр,

Ізі де Баймұраттың сайрап жатыр.

Зайсанда ескерткіші көтеріліп,

Тапжылмай тас мүсіні майданда тұр.

 

Батырлық тұлғасында бар құдірет,

Жаратқан оған қайтпас берді жүрек.

Қырқысқан қазақ-қалмақ соғысында,

Көрсеткен жан қиярлық ерлігі көп.

 

Қақпақтай жауырыны біткен жалпақ,

Зор иық, бойы биік, кеуде шалқақ.

Марқасқа, қошқар мұрын, қыран көзді,

Сом білек, кең алақан, жуан саусақ.

 

Айбаты арыстандай айға атылар,

Бурадай буырқанған қайраты бар.

Асынып бес қаруын атқа қонса,

Дұшпанын қарсы келген жерге тығар.

 

Арқаның ат ойнатып тау-тасында,

Жүріпті қанды қырғын ортасында.

Жасаған қолбасылық сол қанатқа,

Шағанның сексен күндік шайқасында.

 

Соғысты бастан-аяқ жазып осы,

Таратқан Бейсенғали7 шежіреші.

Сөзіме біреу сенсе, біреу сенбес,

Тарихтың өзінде ғой өз үлесі.

 

Деген жер Қоңырәулие көпке мәлім,

Тағзым ет тізе бүгіп тоқтағаның.

Бұл жерге боздақтардың қаны сіңген,

Қорымға кезігесің аттағаның.

 

Қырғыннан қалың қорым хабар берер,

Көңілін көрген адам оған бөлер.

Шешуші ұлы шайқас өткен жерді,

Қадірлеп, қасиет тұтар заман келер.

 

Батырлар тықсырғанда Тәңір қолдап,

Тау-тасқа жау тығылған жанын қорғап.

Бекінген тас үңгірге жасырынып,

Үйірлі аш қасқырдай залым қалмақ.

 

Сығылса сыйып кетер шын қысылып,

Үңірейген үңгір іші мың кісілік.

Түбінде мөлдіреген суы да бар,

Сарқылмас жатпаған соң күнде ішіліп.

 

  1. Бейсенғали Садыханұлы, атақты шежіреші.

 

Қалмақтар сонда кіріп жатып алған,

Қазақтар мұны білмей қапы қалған.

Айласын асырыпты әккі дұшпан,

Бетпе-бет айқасудан запы болған.

 

Қаптаған қара қорым оған куә,

Тас үңгір, ойлы-шұңқыр, терең жыра.

Қазақтың сарбаздарын жайратыпты,

Қалмақтар атып шығып қараңғыда.

 

Кенеттен ұйқыдағы тау жаңғырып,

Батырлар бұл сұмдықты қалған біліп.

Қабанбай үңгір аузын оқпен басып,

Қалмақты итше ұлытып салған қырып.

 

Тұрмайды өткен өмір күнде ойыңда,

Парыз көп өтелмеген қыл мойында.

Тәнті боп Қабанбайдың ерлігіне,

Әуезов жазып кеткен бұл жайында.

 

Топалаң тигендей ғып қанша ауылды,

Кім білсін қанша біздің ел шабылды?

Қабанбай осы жолы өлтіріпті,

Қалмақтың бас батыры Арқауылды.

 

Ұмытпас ел тарихын есі бар жан,

Қоздайды көкейімде есіл арман.

Сол жерде Сарыбай мен Түгел деген,

Менің де екі атамның басы қалған.

 

Мерт болған азаттықтың жолында олар,

Демеген жаудан бұқсам жаным қалар.

Солардан қалған жерге ие болсақ,

Арманы бабалардың орындалар.

 

Қорымда әр рудың таңбасы бар,

Үңілсек, құпиясы енді ашылар.

Жерлеген өз қолымен қыршындарды,

Қабанбай, Бөгенбайдай қолбасылар.

 

Соғыста Абылайдың өзі болған,

Шайқасқа Шағандағы көзі қанған.

«Дарабоз шепті бұзған кім, – деп, – анау?»

Сүйсінген Қабанбайға сөзі қалған.

 

Бақылап батырларын жау жапырған,

Абылай ту түбінде тауда тұрған.

Көрсетіп асқан ерлік Баймұрат та,

Ұшына найзасының қан қатырған.

 

Баймұрат шайқасқанның шаңын қақты,

Нояндар одан қорқып жанын бақты.

Өлтіріп жекпе-жекте жерге тықты,

Атақты Мөңке-жырғал, Бадын Жабты.

 

Соғыста Емілдегі, Шорғадағы,

Қызыл қан қылышынан сорғалады.

Әйгілі батырлармен бірге шапты,

Тазартып қалың жаудан кең даланы.

 

Халқына қорған болған батыр ұлан,

Шықпайды Қабанбайдың ақылынан.

Тас-түйін ат үстінде өмірі өтті,

Тастамай көк найзасын тақымынан.

 

Сан өтіп тар кезеңнен жан жүрмеген,

Шайқас жоқ ол бармаған, ол кірмеген.

Ажалмен арпалысып, алқымдасып,

Бетпе-бет келген талай тағдырменен.

 

Алтайдың ұқсап алып қыранына,

Айналған Төртуылдың ұранына!

Жел өті, ел шетіне өзі қонып,

Қылышын салмай өткен қынабына.

 

Болыпты ел тірегі, ел айбыны,

Ұрпағы ұмытады қалай мұны?

Басында ұйықтағанда жатады екен,

Толықсып толған айдың арай нұры!..

 

«Ай толқын» киесі екен қорғайтұғын,

Көрінбей қысылғанда қолдайтұғын.

Қалың ел – қазағының қамын ойлап,

Кетіпті өле-өлгенше алмай тыным!..

 

Жатыр ол Тарбағатай алқымында,

Өзі онда, үрім-бұтақ халқы мұнда!

Жар болсын «Ай толқыны» ұрпағына,

Тірліктің аласұрған толқынында!..

III

Ертеде жер дауы мен жесір дауы –

Қазақтың болыпты бір кесір жауы.

Әкепті қанды шоқпар қақтығысқа,

Егескен ерегестің басылмауы.

 

Екі ру түсіп жесір таласына,

Жармасқан бір-бірінің жағасына.

Сондай бір қыз дауынан бүлініпті,

Қызай мен Төртуылдың арасы да.

 

Ағасы бауырының малын талап,

Атысып, шабысыпты барымталап.

Қыз үшін қызыл майдан болған екен,

Екі жақ бір-бірінің ерін сабап.

 

Айқаспен ай асыпты, күн асыпты,

Шуласып қатын-бала жыласыпты.

Қырқыстың аяқ жағы қырсық болып,

Кісінің өліміне ұласыпты.

 

Тулаған шу асаудай құрық көрмей,

Төртуыл жатып алған ырық бермей.

Өршіткен Қызайлар да өштік өртін,

Аузынан қызыл жалын бүріккендей.

 

Қазақтың желіктіріп қыздырмасы,

Көкпарға салыныпты қыздың басы.

Екі ру жұлқыласып жеңісе алмай,

Түсіпті ерлерінің ұнжырғасы.

 

Қанды қол қара күштен түңіліпті,

Жан-жаққа ақыл сұрап жүгіріпті.

Амалы құрыған соң ақырында,

Алдына Боранбайдың жүгініпті.

 

Ежелден би Боранбай елге тұтқа,

Тоқсанға жақындаған сол уақытта.

Жаулыққа ұласқан соң ел арасы,

Қиналған күйініп те, толғатып та.

 

Неше күн шамырқанып ойға батып,

Еріксіз билік айтқан үйде жатып.

Қызай мен Төртуылдың үлкендері,

Отырған сұрауына жауап қатып.

 

Ұлы би сөз тізгінін қолына алған,

Сөйлепті көкірегіне толып арман:

«Ала ауыз, алты бақан бұл қазақтың,

Ежелден жесір дауы соры болған…

 

Тоқтатып бауырластар қан төккенді,

Тиыңдар шырық бұзар тентектерді.

Өлгенге екі жақ та құн төлесін,

Бұрғызбай мойындарын жалт еткенді!

 

Көндірер қалың көпті кім бұйрықпен?

Шешілсін дау түйіні қыл құйрықпен!

Қай тұлпар бұрын келсе қыз соныкі,

Екі жақ шығарыңдар бір жүйріктен!».

 

«Жөн-ақ!» – деп отырғандар дуылдасты,

Келгендер буырқанып буын басты.

Сенгендер өз атына іштерінен,

Тартқандай оң қабағы жымыңдасты.

 

Келісті бұл шешімге екі жақ та,

Тоқтамай би сөзіне ақымақ па?

Жұманы бәйге болар белгіледі,

Желпініп жеткізердей аты баққа.

 

Айтқан соң би Боранбай төрелігін,

Жеткенде ел жиылды уәделі күн.

Келіпті екі жақтан екі жүйрік,

Үмітін арқалаған дәмелінің.

 

Сыйынып қолдасын деп Хақтағала,

Екі жақ сеніп келген атқа ғана.

Қызайлар Аққоянын алып кепті,

Алдына түсірмеген шапса қара.

Шығыпты Төртуылдан Қарашеке,

Суырылып сан бәйгеде келген жеке.

Қап-қара бір шекесі боз ат екен,

Өр келсе өршеленер өте-мөте.

 

Жаңжалға кісі өліскен тізгін берген,

Азабын атамаңыз қыздың көрген.

Бұл дауға қызық үшін жиналған жұрт,

Жіберген қос жүйрікті күндік жерден.

 

Қос тұлпар шапқан дейді шаң шұбатып,

Бауырдан аққан терін тамшылатып.

Озыпты әлмек-сәлмек жанталасып,

Балаға үстіндегі қамшылатып.

 

Аруақ пен медет күтіп Алласынан,

Қалың ел қарап тұрған дөң басынан.

Қара жол ат шабатын өтеді екен,

Баймұрат бейітінің дәл қасынан.

 

Бастарын не болар деп ел қатырған,

Көздері кейбіреудің қанға тұнған.

Батырдың басына кеп тілеу тілеп,

Шалдары Төртуылдың жолда тұрған.

 

Бір кезде шаң бұрқ етті, ел қарады,

Қос жүйрік өрден төмен сорғалады.

Аққоян келеді алда – осы шығар,

Құдайдың Қызайларды қолдағаны.

 

Көргенде шалдар шыдап тұра алмады,

Шырқырап дауыстары шығандады.

Күңіреніп жер мен аспан бірге олармен,

«Баймұрат!», «Баймұрат!» деп ұрандады!

 

Сол сәтте Қарашеке оқша атылды,

Ауаны екпінімен қаққа тілді!

Көмбеге Аққояннан бұрын жетті,

Көздері көрген елдің жасқа тұнды…

 

IV

Айналдым аруағыңнан, батыр бабам,

Намысың найзағайдай шатырлаған!

Келеді қуат беріп қаршадайдан,

Еліңе ұран болған атың маған!

 

Рухыңмен бесігімде ауыздандым,

Атыңды сан бәйгеде ауызға алдым.

Жатырсың туған елдің ту сыртында,

Жолына көлденең боп жауыздардың…

 

Ғасырлар құйындатқан келді-кетті,

Қазағың Көк байрағын желбіретті!

Шықпайды ешқашанда ел жадынан,

Өзіңдей алып батыр ер жүректі!

 

Ұмытып бастан кешкен азабыңды,

Қолдап жат аруағыңмен қазағыңды!

Біз көрсек бұл заманда сенің арқаң,

Аспаны мөлдіреген таза күнді!..

 

Мінез бар ұрпағыңда қыранға тән,

Дем беріп қасиетті тұрар батаң!

Бұйырмас мына халық мені айыпқа,

«Баймұрат!», «Баймұрат!» деп ұрандасам!..

Несіпбек Айтұлы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
03.03.2019ж

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз