Біз, бүгінгі ұрпақ, бабалар салған жолда болуға, олар салтына адалдық танытуға борышты екенімізді терең сезінуге тиістіміз. Қызғыштай қорғаштап қалатын нәрсенің бірі — жер-су аттары (топоним) деген ойдамын. Бір тәуірі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көп істерді тындыруға жол ашып отыр. Төменде осы бағытта көкейде жүрген ойларымды ортаға салмақпын.
Семей шаһарының солтүстік-шығысы әзелден «Малаяқтөбе» деп аталған. Оның жөні де бар: бұл суы мол, айнала көкорай шалғын — аяқты мал жайылымына таптырмайтын жер. 1958-1962 жылдары бастауыш мектепте оқып жүргенімде жаз айларын сол жерде өткізетінмін. Жергілікті тұрғындар сол маңайды тек «Малаяқтөбе» дейтіні бүгінгідей есімде.
Таяуда байқасам, бүйіріне «Малый Ақтөбе», қазақша «Кіші Ақтөбе» деп жазып алған қалалық автобустар (бұрынғы «Дальняя», жаңа аты — Закария Белгібаев көшесімен жүріп өтіп, «Құс фабрикасына» қатынайтын көліктер) зу-зу етеді. «Малый Ақтөбе»? Қайдағы? Таңырқадым да абдырадым: «Мынау «Малаяқтөбе» боп жүрмесін?! Мәссаған, мәмпәси демекші, әдемі де мәнді топоним келмеске кеткенің бе?» деп. Расы, солай екен. Сұрастырып көрсем, маған аян «Малаяқтөбе» сонау 1980-жылдары «Малый Ақтөбеге» айналып-ақ кетіпті.
Сонымен, Малаяқтөбе ме, әлде Малый Ақтөбе ме?
Сөз болып отырған жазық дала — дөңестеу қырат, кәдуілгі жайдақ төбе. Татар зираты мен Шығыс кенті арасымен Ертіске құятын шағын өзен бастау алатын жер — осы жасыл (ақ емес) төбе. Сөйтіп, алқап «Малаяқтөбе» аталуы табиғи заңдылық, көкейге қонымды қисын. Ал, сол маңда екінші үлкендеу төбең кәне? Егер «Үлкен Ақтөбе» болмаса, атам қазақтың «Кіші Ақтөбе» демесі екібастан белгілі. Сонымен бірге, қазақ сөз қолданысында «Үлкен ақтөбе, кіші ақтөбе» деген сөздерді бұрын-соңды естіп көрмеппіз…
Олай болса, «Малаяқтөбе» — кеңестік заманда орыстандыру саясаты кесірінен «Малый Ақтөбеге» бұрмаланған демеске лажың жоқ.
Асан Омаров, журналист, өлкетанушы.