Жаратушы Иеміз бір істі құлдарына парыз етсе, онда ол нәрседе пенде үшін екі дүниеде де пайда болатыны сөзсіз. Исламның бес тірегінің бірі ораза да солай. Бұл мақалада біз ауыз бекітудің рухани емес адам денсаулығына әкелетін дүниелік пайдасы туралы әңгіме қозғағанды жөн көріп отырмыз.
Оразаның оң қасиеттерінің онына жеке-жеке тоқталайық:
1. ЖАСУШАЛАР ЖАҢАРЫП, ЕСКІСІ ЖОЙЫЛАДЫ
Ораза адам организміндегі қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюшы қызметін атқарады. Оразаның тәртібі бойынша адам жылына бір ай толығымен ауыз бекітеді. Күніне кем дегенде 14 сағат жеп-ішуден тыйылып, одан кейін бірнеше сағатқа ауызын ашып, әл жинап алу қажет. Бұл адам ағзасындағы жасушаларды жандандырып, керек еместерін жою процесіне қажет уақытқа дәлме-дәл келеді. Адам қарны ашқан кезде әлсіз жасушалар өздігінен жойылып, аштыққа қарсы тұру үшін адамның ішкі ағзалары белсенділікпен жұмыс істейді.
2. ҚАНТ ДИАБЕТІНІҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Ораза тұту қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі дем алады. Ұйқы безі қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөледі. Егер адам ұйқы безінің шығаратын инсулиннен артық мөлшерде тамақ жейтін болса, онда бұл ұйқы безіне ауыр тиіп, оның жұмыс істеу белсенділігін төмендетеді. Осылай жалғаса берсе, ұйқы безі өз функциясын атқарудан қалады. Осы уақытта адам бойындағы қант қанға тарай бастайды да оның қандағы құрамы бірте-бірте көбейіп, адам қант ауруына шалдығады. Қазіргі әлемнің біраз жерінде қант диабетіне шалдыққан адамдарды ораза тұту арқылы емдеу етек алуда. Ауыз бекіту арқылы дертті емдеу процесі былай жүреді: пациент үш апта бойы күніне (қанындағы қанттың мөлшеріне байланысты) 10 сағатпен 20 сағат арасында ауыз бекітеді. Одан кейін ауыз ашқан кезде жеңіл тамақтармен қоректенеді. Бұл химиялық дәрі-дәрмектерді қолданбай қант ауруын емдеудегі өте ұтымды жол екенін медицина дәлелдеп отыр…
3. АРТЫҚ САЛМАҚТАН АРЫЛУҒА ӘСЕРІН ТИГІЗЕДІ
Егер ораза ұстаушы ауыз ашқаннан кейін жейтін тамақ мөлшеріне шектеу қойып, дұрыс режиммен жүрсе бойдағы артық салмақтан арылуға ораза таптырмайтын әдіс. Яғни адам ұзақ уақыт аш жүріп, ауыз ашқан кезде бірден тамақ пен сусындарға тойып алмағаны жөн. Себебі бұл, керісінше, салмақтың көбеюіне әкеп соғады. Алла елшісі (с.а.с) ауыз ашар кезде тек бірнеше құрмадан дәм тартып, аз ғана су ішіп, ақшам намазына тұратын. Пайғамбарымыздың (с.а.с) осы бір әдеті бәрімізге үлгі бола алады. Себебі құрманың құрамында қант бар, ал қант қан құрамына тез тарайды сол себепті адам аузын құрмамен ашатын болса бірден тоқшылықты сезінеді.
Көп адамдар күні бойы тамақтан тыйылып, ауыз ашқаннан кейін бірден ауыр, майлы тамақтарды, көкөністерді жеп бастайды. Бірақ кісі бәрібір өзін аш сезініп тамақты үсті-үстіне жей береді, сөйтіп, организміне қажетті энергияны мөлшерден асырып жібереді. Осылайша, ораза ұстау өзінің қасиеттерінің бірін жоғалтып, адам артық салмақ қосып, семіздікке ұшырайды. Әрине, Алла шариғатының бізге қалағаны бұл емес.
4. ТЕРІ АУРУЛАРЫНА ПАЙДАСЫ
Ауыз бекітудің тері ауруларымен күресуде пайдалы әсері бар. Себебі адам ораза тұтқан кезде қандағы су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз. Бұл – терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі. Сондай-ақ, қышыма аурының адам денесіне әрі қарай таралуын тоқтатып, терінің майлануы мен аллергиядан жазылуға да оң әсерін тигізеді.
5. ТҰЗ БАЙЛАНУ АУРУЫНА ПАЙДАСЫ
Ағзада тұздың жиналуы көп тамақтанудан, әсіресе, еттен жасалған өнімдермен көп қоректенуден пайда болады. Сондай-ақ, адам шамасынан тыс тамақ жегенде бұлшық еттердегі протеин мөлшері көбейіп, бұзыла бастайды. Бұл адам буындарына, әсіресе, аяқтағы үлкен бармаққа несеп қышқылының жиналуына әкеп соғады. Сондай-ақ, қандағы несеп тұзының мөлшері көбейіп, ол бүйрекке жиналып, тұнады. Бұл процесс ақырында бүйректе тас пайда болуына әкеп соғады. Сондықтан тамақ пен судан тыйылып біраз уақытта ауыз бекіту – бұл дертті емдеудегі ұтымды жол.
6. ҚАН ҚОЮЛАНУЫНЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Көптеген мұсылман және мұсылман емес ғалымдар ауыз бекітудің денедегі майдың құрамын азайтумен қатар, холестерин мөлшерін де бәсеңдететінін жарыса айтады. Холестерин дегеніміз ол – қан тамырларына тұнатын зат. Денедегі майдың құрамы көбейген сайын холестерин мөлшері де артады. Бұның арты атеросклероз дертіне және жүрек пен мидағы қанның қоюлануына әкеп соғады.
7. АДАМ АҒЗАСЫН УЛЫ ЗАТТАРДАН ТАЗАРТАДЫ
Қазіргі кезде тағам өнімдерін ұзақ мерзімге сақтау үшін құрамына химиялық қоспалар қосылатынын баршамыз білеміз. Бұл өнімдер адам асқазанына түскен кезде улы заттарға айналып денедегі май құрамында сақталып қалады. Адам ұзақ уақыт тамақтан тыйылуы әлгі майдағы улы заттардың еруіне әкеледі. Оған қоса адам организмін улы заттардан қорғауға жауапты бүйрек, бауыр сияқты ағзаларға өз функцияларын атқаруға көмектеседі. Сондай-ақ, ауыз бекіту кезінде дұрыс тамақтанып, артық тағамнан бас тартатын болса, бұл организмнің иммунитетін күшейтеді.
8. АС ҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІ ДЕМ АЛАДЫ
Ауыз бекіту – ас қорыту жүйесінің демалуына мүмкіндік береді. Бірақ бір ескерте кететін жайт ораза ұстаған кезде асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Яғни асқазанында жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болуы қажет.
9. ЖАҒЫМСЫЗ ТӘУЕЛДІЛІКТЕРДЕН АРЫЛУ
Жағымсыз тәуелділіктер десе, алдымен көз алдымызға түтіні бұрқыраған темекі келетіні хақ. Рамазан айы – арам әдеттен арылуға таптырмайтын кезең. Себебі басқа күндері «темекіні тастаймын» деп өзіңізге уәде беріп, артынан нәпсі құрғырдың айтқанына ілесіп кеткеніңізбен, оразаның уақтында Алладан қорқыныш бұдан сізді, Иншалла, қайтарады. Әрине қазіргі заманда тәуілділіктің түр-түрі көбейіп кетті. Бұлардан арылу алдымен адамның өзіне байланысты. Оразаның күнінде тоқтатып, түнінде қайта бастауы да мүмкін. Бірақ біліп қойыңыз, Рамазан айы тек ауыз бекітіп қана қоймай, сондай-ақ, жаман сөздерден, ұсқынсыз әдеттерден, жағымсыз тәуелділіктерден айырылуға көмектесетін мүмкіндік айы. Арыла алмай жүрген тәуелділіктеріңіз болса мүмкіндікті жіберіп алмаңыз.
10. ҚАН ҚЫСЫМЫН ТҮСІРУ МЕН БАС АУРУЫНА ПАЙДАСЫ
Ауыз бекіту – қан қысымын түсіруге және қанның қоюлану қаупін азайтуға бағытталған табиғи жол. Өйткені адам ұзақ уақытқа тамақтан тыйылған кезде бойға қажетті энергияны жеткізу үшін организм денедегі маймен қоса глюкозаны жаға бастайды. Бұның бәрі қан қысымының түсуіне әкеледі.
Ағайын, қарап отырсақ Алла Тағала бізге ораза ұстауға әмір беру арқылы тек Ақыретімізді емес, осы дүниеде де деніміз сау болып жүрумізді қалаған екен. Расында, бізге Жаратушымыздай мейірімділікті, шапағатты ешкім көрсете алмайды. Ендеше, біз ауыз бекіту арқылы Ақыретімізге азық жинауымызбен қатар, осы дүниеде озады екенбіз. Алла ұстаған оразаларыңызды қабыл қылсын!
Бурхан АБДУЛХӘКІМ.
(Muslim.kz сайтынан ықшамдалып әзірленді.)