Абайдың төбе би болу тарихы

439

1885 жылы Семей губерниясына қарайтын Зайсан, Өскемен, Кереку, Семей уездарының Семейден 70 шақырым Шар өзенінің бойында Қарамола деген жерде, төрт уез бас қосып, ақы және ел ортасындағы дауларын бітіретін шербешнай сиезі шақырылады. Ол сиезді басқаруға уезнай начальнигі өзі шықпақшы болып, бір ай бұрын сол төрт уез елге хабарлайды. Әр уез елге өз ортасынан болыс басына бір би сайлап алып келуге бұйрық беріледі. Ел жиылар шамада Зайсан, Өскеменнің 30-40 билері келіп Керей Рақыш Төти баласының аулына түседі. Рақыш Семей уезіне қарайтын Керей, Матай, Уақ руына беделі жүріп тұрған кісі еді дейді. Бұл үш уез елдің билері бас қосып, біз осы сиезде төрт болыс Тобықтыны, оның ішінде әрдайым алдымыздан кес-кестеп шыға беретін Абайды төмендетіп, аяқ астымызға бір салайық. Абайды осы жылғы сиезге кіргізбесек, қалған Тобықтыны жөнге салып алу оңай. Сөз осы, бір бас, бір тас болайық деп ант су ішіп бата қылысады. Тобықтыдан басқа үш уездың билері басын қосып алып Кереку уезының билеріне сөз салып, өз ынтымақтарына шақырады. Керекудің билері: «Біздің Тобықтыда кетпей жүрген ақымыз жоқ. Абаймен бас араздығымыз да жоқ. Сондықтан біз екі жаққа да қосылмаймыз», – дейді. Уәделескен уездың билері Абайды жамандап, дүние пәлені жауып, осы сиезде болмаса екен, ел бүлдіреді, хикметке ілінеді деп уезнай начальникке бәрі қол қойып, мөр басып, арыз береді.

Бұл хабар елге жайылып, жұрт Абайдың бір сүрінетін кезі келді ғой деп жатады. Сол хабарды Тобықтылар да естіп, бұл істің түбі қалай болады деп Абайға келеді. Абай: «Бара көрерміз, қорқып, қашып жатуға болмайды», – деп атқа мініп, жолдағы Байқадам, Сапақ деген екі тап ауылға көп билер мен Абайлар келіп бөліне қонысты. Сонда Тобықтының Мамай деген табынан шыққан Байкөкше деген ақын ерте оянып келіп, Абайға бүгін бір түс көрдім деп, түсін өлеңмен айтады:

Абайжан бір түс көрдім бүгін түнде,

Көкке ұшып шарықтап шықтың мүлде.

Үстіңде ақ киімің, боз атың бар,

Аспандап шағылыстың барып күнге.

Сонан соң жоғарылап тағы да ұштың,

Ілдің де екі нәрсе жерге түстің.

Орнықтың биік тауға қондың-дағы,

Әлеумет бәрін көрді болған істің.

Жаныңа төрт аққу кеп қонды тағы,

Лық толған ақсұңқарға екі жағы.

Шалмалы екі адам қасыңа кеп,

Сөйледі мәжіліс қып олар-дағы

Қол жайып, шалмалылар бата берді,

Осыны жамағаттың көзі көрді.

Ұйқымнан ояндым да ғажаптандым,

Отырдым ойға кетіп әрлі-берлі.

Түсімнің қалеті жоқ олай-бұлай,

Жорыдым өз түсімді өзім былай:

Ақ киімің, астыңда боз ат болса,

Ағартар тұқымыңды сенің құдай.

Көкте ұшсаң бақытың көкті шарпар,

Ақылың осы жүрген жаннан артар.

Әкелген екі нәрсең ғылым-білім,

Сөзіңді естігеннің бойы балқыр.

Күнге шағылыссаң боларсың ай мен күндей,

Арқа ұранды қазаққа тегіс бірдей.

Ақ сұңқардың жаныңа лық толғаны,

Тұқымыңнан жан қалмас атқа мінбей.

Төрт аққу: Күңке, Ұлжан, Айғыз, Нұрғаным аналарың,

Шалмалылар: би Өскенбай, Кеңгірбай бабаларың.

Шалмалылар бата ғып қол жайғаны,

Бақытыңнан құр қалмас балаларың.

Бұл жолы артылады тағы бағың,

Күннен-күнге болады бағың басым.

Шалмалылар батаны бос бермейді,

Мұратыңа жетесің, не қыласың.

 

Абай атына мінерде:

–        Әй, семіз кедей мұнда келші, – деп мені қасына шақырып алып,- сен атыңа мін де Әлімханға бар. Болып жатқан жұмысты өзі де естіп жатқан шығар. Абай сиезге барамын, соны Әлекеңе айт деп жіберіп еді де, – деді.

(Бұл әңгімені айтқан ескіше Көкен болысына қарайтын Уақ Байқадам деген ауылдан шыққан кедей пысықтау жігіт екен. Жақсылардың қасын жағалап жүретін болса керек, оны Абай тәуір көріп, семіз кедей деп ат қойыпты).

Ендігі менің сиезге баратынымды айт деп жұмсап отырған кісісі Әлімхан деген, ол да Көкен болысына қарайтын Уақ Қандар деген таптан шыққан ел ағасы, қадірлі ақсақал еді дейді. Атыма мініп, Әлімханға жүріп кеттім. Абайлар сиезд болғалы жатқан Қарамолаға жүріп кетті. Мен келсем, Әлімхан тыста отыр екен. Сәлем берген соң, Мүсірәлі қайдан келесің деп сұраған соң, мен Абайдың сөзін айттым. Әлімхан баласын шақырып алды да, атымды алып келіп ерттеп қойшы деп тапсырып, маған «жүр» деп ертіп үйіне келді. Дайын тұрған шәйді іштік. Артынан қымыз ішіп, қасына бір атшы ертіп алды да Қарамола жаққа бірге жүрді.

Сиезге тіккен көп үйлерге келгенде, Мүсірәлі, сен бұл үйлердің кімдікі екенін айырып білесің бе? – деді. Мен мынау алдымыздағы Керей Рақыштардікі, мынау үй Тобықты Абайлардікі болса керек деп, тігілгенүйлердің жөнін айттым. Сонда Әлімхан Рақыштардың үйіне қарай жүріп тура келе жатты. Әлімханның келгенін Тобықтылар да көріп танығандай болды. Үй сыртына келгенде Рақыш та үйінен шығып, Әлімханға сәлем беріп, атын ұстап жалпылдап қалды. Үйге келісімен қымыз әкеп сапырып отырып, Рақыш сөз бастады: «Әлеке, сізге әнеукүні-ақ кісі жіберіп едім, келе алмадыңыз. Мұндағы жаман інілерің елдің басын қосып, шеттен келген Зайсан, Өскемен билерімен баталасып, елді көбейтіп алдық. Осы жолы Тобықтыны жер қыламын десіп отырмыз, Тобықтының сенетін Абайын да оязға мөр басып көрсетіп, билікке жарамайтын ғып тастадық. Енді өзіңіз келдіңіз, мына көпті бастап ақсақалдық қылыңыз», – деді.

Сонда Әлімхан отырып:

–        Жарайды, сеңдердің атқа мініп, елдік танытқан істеріңе тілектеспін. Бірақ осы төрт болыс Тобықтыдан басқа жауларың бар ма? – деді.

Рақыш:

–        Жоқ, жалғыз-ақ Тобықты ғой- дейді.

Әлімхан:

–        Осы сендермен баталасып отырған Зайсан, Өскемен билері Қаракерей, Мұрын, Байжігіт, Матай адамдары осы біздің елде қыстап қала ма, жоқ өз еліне қайта ма? – деді.

Рақыш:

–        Жоқ, бұл жақта неге қыстасын, еліне қайтады ғой, – деді.

Әлімхан:

–        Осы біздің сиырдың бүйрегіндей аз ауылдан құралған Керей, Уақ, Матай бәрі сол Зайсан, Өскемен жаққа көше ме, осы отырған орнында қала ма? – деді.

Рақыш:

–        Неге көшеміз?! – деді.

Сонда Әлімхан аз үндемей отырды да:

–        Әй, Рақыш, біз бүгін ел жиып, бас құрап төрт болыс Тобықтыны төрт ояз елдің талауына саламыз, басты адамдарды айдатамыз, соңда малдан, бастан айрылған, шабындылық көрген Тобықтының қалағаны бір жаққа ауып кете ме, жоқ осы Шыңғыста отыра ма? – деді.

Сонда Рақыш бұрынғыдай емес, қиналыңқырап:

–        Қайдан білейін, қайда барады дейсіз, отырады ғой, – деп сөзінің аяғын күмілжіте берді.

Әлімхан:

–        Иә, олай болса, біз төрт болыс Тобықтыны төрт ояз елге талатып жіберіп көмексіз қалсақ, айқайласақ Зайсан, Өскеменге даусымыз жетпесе, аш-жалаңаш, малынан, басынан айрылып қалған Тобықты, аяқ астында аман-есен малы көп Керей, Уақ, Матай отырғанда, тамақты қайдан іздейді деп ойлайсың, – деді.

Бұл сөзді естіген Рақыш жағасын ұстап:

–        Астапыралла, Әлекемен батаға кіріп қалып едім, қайтемін, – деді. Әлімхан отырып: – Сен бұл сөзге тоқтасаң, мен батаға сені шет қылғызбай-ақ құтқарамын. Өзің баталасқан елдің басты адамдарын маған шақыртып бер, көз алдыңда батадан құтқарайын, – деді. Рақыш баласына пәленді, түгенді шақыр, Әлекең ақсақал келді де, тез келсін де деп сабыры кетіп сасқалақтап қалды. 40-50 басты адамдары жиналып қалды, келгендер Әлімханмен амандасып, жөнін айтысып жатыр.

Жиналып болды дегенде, Әлімхан:

–        Жиылған қауым, сіздер мына біздің Рақыш мырзамен баталасып, қол алысыпсыздар. Сондағы жауламақ болғандарыңыз төрт болыс Тобықты болыпты, рас төрт ояз ел жабылса, төрт болыс елді жеңеді де, өшіккен елді талауға болады да, бірақ бұл сиез тарқайды, сіздер елдеріңізге қайтасыздар, бұл қалған аз ғана Керей, Уақ, Матай жаудың қолында қалады. Мал-басынан айрылған Тобықты қарап тұра алмайды, сонда сіздер мына қалған елге не көмек бересіңдер? Жоқ, біз мал айдап олжаға батып қайтайық, қалған досымыз күймесе, жанып кетсін дейсіздер ме? – дегенде, жұрт:

–        Жоқ, Әлеке, біз олай демейміз, біздің тілегіміз – Тобықтының ұрыларынан көретін жоғалтқан малдарымыз бар, соның барына мал, жоғына құнан алсақ, соған сіздер көмек болсаңыздар дейміз, біз жаны ашымайтын жау емеспіз, жауға сіздерді тастап мал табамыз деп айтпаймыз, – деседі.

Сонда Әлімхан отырып:

–        Олай болса, Тобықтының малына мал, жанына жанды мен әперейін, осы топтың билігін маған беріңдер, пәле-жала қумаңдар, – дегенде, жұрт бір ауыздан:

–        Әлеке, не қылсаңыз да өзіңізге бердік, бізге пәленің керегі жоқ, – деседі.

Сонда Әлімхан:

–        Қауым, бұл жолғы билікті маған берсеңдер, мен төбе билікке Абайды сайлаймын, Абай момын ақысы залымда кетсін демейді, және Тобықты бөтен елден болған бидің билігіне мал бермейді, зорлықпен алам десең ел бүлінеді, көнсеңдер менің айтатыным осы, екі жаққа бірдей пайдалы бітімді табу Абайдан басқаның қолынан келмейді, – деді.

Көпшілік:

–        Әлеке, не қылсаңыз өзіңіз біліңіз, көндік – дегенде, Рақыш түрегеліп:

–        Әлеке, көп сізге берген сөзін қайтып алмайды, бірақ төбе билікке Абайдың қасына бір би қоссақ деймін, жауапкер де Тобықты, би де Тобықты болған соң ел ақысына толық қолы жете алмай қала ма деп ойлаймын, – деді.

Сонда Әлімхан:

–        Әй, Рақыш, қате айтасың, біздің бұл жиылған төрт ояз елде Абайды сөзден ұтатын, заңнан ұтатын кісі бар ма? Абайға кісі қоссаң, өз ақыңды өзің кетірген боласың да, – деді.

Өзге көп:

–        Әлекең жөн айтады, Абайды сөзден, жолдан жеңемін деп кім шығады? Жалғыз-ақ істің артына Әлекең өзі ие болса болады – десті.

-Ал, олай болса, осы қауым түгел жүріңдер, Абайдың үйіне барайық – деп, Әлімхан орнынан тұрғанда, жұрт ду тұрады. Мен жүгіріп барып атыма мініп, кісінің тасасымен Абайдың үйіне шаба жөнелдім. Көптен бұрын келе сала Абайға:

–        Әлекең көпті ертіп келе жатыр, сізді төбе би сайлайтын болды, сүйіншіні өзім алам деп сасқалақтап айтып жаттым. Семіз кедейім жарайды, сыртқа шығайын. Адам көп шығар, үйге сыймас. Сендер анау үйлердегі билерді де хабарландырыңдар. Олар да сөздің ішінде болсын, барынша қымыз дайындаңдар, – деп кісілеріне айтып, Абай сыртқа шықты.

Әлімхандар да келіп қалған екен. Сәлемдесіп, амандасып жатыр. Үйдің сыртына жұрт алқа-қотан боп отырысты. Әлімхан сөз бастады:

–        Абай мырза, өзің де естіп жатқан шығарсың, мына Зайсан, Өскеменнен келген ағайындар біздің Рақыш мырзаға келіп, Тобықтыда қолымыз жетпей жүрген ақымыз, дауымыз бар, Найман, Керей, Уақтың баласы едік, бізге жолдас боп, көмек қыл деген соң бастарын қосып баталасып, сіздің елмен жамандасып, жауласпақ болған ниеті екен. Соның ішінде бізге қарсы тұрып, қайрат қылатын Абай ғой деп тілдері жеткенше жамандап, ұлыққа сені шаққан көрінеді. Үйде жатыр едім, ел бүлінуге айналды дегенді естіп, шыдай алмай атқа мініп, ағайындарға келіп едім. Мен әдейі ақ сақалыммен келген соң, осы отырған үш ояз елдің ақсақал-қарасақалы сөзді, билікті маған берді, мына мен әкеліп саған беремін. Сені Құнекем аруағына берем, – деді. Сонда Абай тұрып:

–        Әлеке, сіз сықылды ағаның бергенін аламын. Бірақ жаңылмас жақ болмайды, сүрінбес тұяқ тумайды деген мақал бар ғой. Мен серке боп көпті бастасам, сіз қойшы боп сырттан бағып жүрерсіз, – деді.

Сөз тоқтады, қауым енді Абай осы сиезге төбе болсын, берекелі бітіммен тарқасып, бұдан былай да елдіктерің кетпесін – деп Әлімхан бата берді. Көп қол жайып бата қылысты. Әлімхан ендігі сөз оязда қалды, осы жиылған қауым түгел оязға барып, елдің тоқтасқанын, Абайды төбе биге сайлағанымызды айтайын деп, барлығы сиезге келген топты ертіп, ояздың үйіне жүрісті.

Ел келген соң ояз тысқа шығып, жұрттың сөзін тыңдап, Абай Құнанбаев сен мұнда кел, деп қасына шақырып алып, орысша сөйлесіп кетеді. Жұрт ол күні үйді-үйіне тарасты. Мен Әлімханға еріп, Рақыштың тіккен үйіне кеттім. Ертеңінде ел тұрған соң, Әлімхан Абайдікіне барды. Абай, Әлеке оязбен сөйлестім, орыстың біздің қазақ дауы туралы шығарған заңы тура келмейтінін айттым. Ояз оған тоқтап, олай болса сен қазақтың ғұрып-әдетіне, тұрмысына лайықты заң шығарып жаз. Осы сиезге жиналған билерге, елге оқып бер. Егер оларға ұнамағаны болса, түзет. Сол көптің ұнатқан заңын мен бекітейін, бұдан былай қазақ ортасына белгілі заң болсын деді, соны жазып жатырмын. Үш күнге шейін билер жиналмай үйлерінде отыра тұрмақ болды, ал ағайын сөзді өзі бітім қыла берер және заңды жұрт ұнатса, ояз бекітеді деді. Сонымен айтқан күні ел түгел жиналып, ояздың алдына барды. Абай ояздың үйінде екен, екеуі шықты. Абай қолына ұстаған қағазын ашып оқыды, жұрт тыңдап тұрды. Шығарған заңы 73 бап болған екен. Сол жердегі жиылған көп бірауыздан дұрыс деп шуласты. Ояз Абай Құнанбаевтың заңы бекіді, бұдан былай билер осы заңмен билік айтсын десті. Мен сол айтылған заңның біразын ауызша ұғып алып едім. Хат білмеген соң жазып алмай ұмытып қалыппын. Бар есімде қалғаны осы еді деп екі статъясын ғана айтты:

1)      Ұрының ұрлаған малы көп болады, өз қолындағы малы елдің ақысына жетпейді, сонда малды кім төлеу керек дегенде, бұрынғы орыс заңында ұрының туысқаны тартсын дейтін. Абай заманында ұрының малы жетпесе, ұрыға ат беруші, ұрлығын сүйеуші тартсын деген.

2)      Байы өлген әйел қалған әмеңгердің мүлкін алады, ала алмаса, біреуге сатса да ерікті деген. Бұрынғы заңның орнына Абай байы өлген әйел басы бос болсын, ол бұрын бір рет сатылған, жасау-жабдықпен келіп, қалың малы төленген, сондықтан екінші рет сатылмасын деп Абай заң шығарған, – дейді

 

 

Жазбаның түпнұсқа атауы Мүсірәлі ақсақалдың айтқандары, «Абай туралы естеліктер» атты кітаптан алынды.

 

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз