Абай – 175.
«Жұмбақ жаннан»: конспекті
Абайдың христиан дінінің білгір өкілімен Семейде бір түн айтысқаны мәлім. Айтыстың мазмұны құпияда қалғаны және мәлім. Осының арғы жағында патша үкіметінің саясаты жатпасына кім кепіл? Патша үкіметінің астыртындығы жатса, Абайдың жандаралмен шектелмесіне және кім кепіл? «Жігіттер, менің сырым емес оңай, ешкімнің жұмысы жоқ, … жүрсін» деп өлеңмен тұспалдаған тұңғиық Абайдың тіршіліктегі сапарларының қағазға түспеуі өкініш.
Әрине, Абай орыстың алдыңғы қатарлы революционер-демократтарының, оның ішінде, әсіресе, Н.Г.Чернышевскийдің идеяларын толық қабыл алса да, өзі революциялық жолға көрнеу түсе алмады, халықты соған ашық шақыра алмады. Бұған қазақ қоғамының кенжелігі бір себеп болса, саясат мәселесінде Абай көзқарастарының тарихи тапшылығы, қорғалақтығы екі себеп болды.
Ерте оянып ерте ойланған, ерте толғанған Абайдын көркем әдебиетпен әбден есейген, толысқан шағында шұғылдануында қайталанбас табиғилық бар. Пешенеге кеш жазған ырыстың баянындай бұл табиғилыққа өкінуге орын жоқ.
Абай мұрасының әр тарауы дербес еңбектерге татиды. Осы мұраның ең тереңі, ең бағалысы, ең баяндысы – сыршыл лирика. Бұған азаматтық сарын, көңіл сазы, табиғат толғауы, махаббат жыры жатады. «Жұртым-ай, ұқсаңшы сен сөздің ішін» деп келетін шымыр жолдардан басталатын Абай сарыны, Абай сазы, Абай лебі адам жанын әлдилейтін алуан әуендерге ұласқанда, осының баршасының үстінен қарайтын биік парасат тұрады. Бұл жағынан келгенде Абай немістің Гетесін, орыстың Пушкинін еске түсіреді.
Ұлы ақындардың әлемді көруі айшықты, дүние тануы терең, түйсігі тұңғиық келмек. Бұған ақылдың оралымдылығы қосылмақ, ой-пікірдің, сана-сезімнің ұзақ жасауында болмыстың құнары жатады. Абайдың өмір сырына қанықтығын, қилы пиғылға, мінез-құлыққа сұңғыла сыншылығын, сүйініш-күйінішін былай қойғанда, туған табиғатты көре, сезе, сезіне білуінде қаншама құдіретті нәзіктік жатыр. Бұл ретте Абайдың:
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса.
Күнді уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса.
Күңгірт көңілім сырласар,
Сұрғылт тартқан бейуақта.
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа! –
деп келетін дәріпті өлең дүние жүзі поэзиясына ұялмай қосылатын бұлбұл лирика. Абай табиғаттың шырайлы да мұңды тұсын бейнелеп, соған өз көңіл күйін ұластырады. Басы ұзарған көлеңке, қызарып батқан күн, кешкі арай, сұрғылт тартқан бейуақыт ақынның ішкі дүниесімен үндесе сыр шертіседі. Өмірдің осынау кештей өткінші екенін пайымдаған ойлы пенде, алғыр ақын әрі мұңая, әрі толықси толғанады. Ой мен сезімді жалаң бермей, сиқыр суретпен жымдастырады. Мұндай суреттер шығыс поэзиясында көбінесе теңеу түрінде келуші еді. Абай оған соқпай, шымырлаған сезімге, пікірдің тереңдігіне бойлайды, шеберліктің мәдениетін көздейді.
«Адамның кейбір кездері» аталатын өлеңінде Абай поэзияның үздік табиғатын тамаша жеткізеді.
Сылдырлап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай;
Кірлеген жүрек өзі ішін
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Бұл – тамаша жолдар. Қазақ атаулының ауызына түспеген жолдар. Осы өлеңді жазғанда Абай елу бірде еді. Батыс мәдениетімен, орыс мәдениетімен жан-жақты кең танысқан шағы еді. Өз ортасынан бойы өлшеусіз жоғары ақын өзінің өнерге көзқарасын сұлу, шымыр сөзбен, ойға, сезімге бай бейнемен жеткізеді. «Қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз» дейді. Бұл осыдан тоғыз жыл бұрын өзі жазған «Өлең сөздің патшасынан» да асып түседі. Абай жырының өз тұсына, бір формацияға сыймайтынын, оның сансыз ұрпаққа үлгі-өнерге таратушы екенін танытады.
Өзінің классик ақын екенін талай өлеңінде меңзеген Абай «Ерінбеген етікші болады, ұялмаған өлеңші боладыны» да жақсы біледі. Болмысында жоқ дарынмен атақ қуатындарды:
Кейбіреу өзін мақтап, былжырайды,
Бойыңа өлшеп сөйлесең нең құрайды.
Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді,
Өз бағынды өзіңнен кім сұрайды?!
Байырға нәшірияты жоқ заманда қазақтың жазба әдебиетін профессионалдық әдебиеттердің дәрежесіне көтерген Абай кейінгі ұрпақтардың үлесіне сан салалы сыбаға қалдырды. Бұл дербес формада жазылған ойшыл, шыншыл, түйсікшіл проза. Бұл түп нұсқамен терезесі тең көркем аударма. Бұл – парасатты дастандар. Бұл – алуан өрнекті өлеңдер.
Абайдан заңды енші алу үшін Абайға жете қабыл болу шарт. Тісі шыққан балаға шайнап бергеннің ас болмайтыны сияқты, Абайдың тұңғиық ойын, төл сөзін көшірумен тың дүние, бауы берік перзент тумайды. Көлеңке саялауға жақсы да, өсуге жаман.
Абайдың классиктігі – оның білмей жазуында емес, біліп жазуында. Неше алуан пәнді зерттеу, әр нәрседен жан-жақты хабардар болуында.
Абайдан бұрынғы ақындардың біразы кітаби кезбе сюжетті жыр етсе, біразы «Керей, қайда барасың?» деп рулық шеңберде қалса, Абайдан кейінгі зиялы эстеттер қоғамдық өмірдің қайшылығына, әлеуметтік ғаделетсіздікке көзжұмбайлық жасады, ұлттық есімін желбегей жамылды. Абайдың данышпандығы – осылардың баршасынан жөні бөлектігінде. Қалың қазаққа қамқор болған Абай шыншыл да сыршыл суреткер ретінде ұлт ішіндегі түрлі құбылысты жан-жақты ажырата білді. Ол жақсылықты дәріптеді, жамандықты ажырата білді. Ол жақсылықты дәріптеді, жамандықты шенеді. Шенеу арқылы ұлттық прогресті көздеді.
Стиль дегеніміз адам деседі. Шеберлік те осыған саяды. Табиғаты тайыз ақында шеберліктің шеңбері тар, сыпаты жалқы. Болмысы байтақ ақын қалай салсаң солай ағып кете береді. Ол өмірлік материалдың ұстасы. Сенімді, батыл ұста. Ол он өлшеп, бір-ақ пішеді. Қиындыны қиқымнан ажырата біледі. …Абайдың ұстагерлігі осындайында. …Тіпті ділмарлық, дидактикалық өлеңдерінің өзінде Абай тіркес тізуден, сөз қалаудан ақау атаулыға саңлау қалдырмайды.
Жауыр болған жырдың екпінінен әдейі айнып, ауыз-екі сөздің ырғағына жақындата, алты буынмен жазылған жұп-жұмыр, дөп-дөңгелек шумақта көп сурет, көп мағына жатыр.
Майысқан бейне гүлдей толықсыған,
Кем емес алтын тақтан жар төсегі, –дейді ол. Сөйтіп, жар сүюдің ляззатын патшаның тағынан асырып жібереді.
Күз болса, біз Абайдың дымқыл су бүріккен тұманына шомғандай әскерленеміз. Қыс түссе, біз қалтыраған ақ сақалды шалды көз алдымызға елестетеміз. Абайдың самалы, сағымы, желі, жаңбыры, үскірігі, аязы баяғы күйінде тұрғандай сезінеміз. Оның байлығы баршамызға жетіп жататындай. Кей-кейде Абайдың көлеңкесінде күнкөрудің өзі еселі сыбағадай, Абайдың бір ұлылығы осында.
Сонау Кемпірбай ақын: «Боз шапса боз озбай ма буырылдан, мен шапсам жер танабы қуырылған» демеп пе еді. Ендеше, түрдің де мәні болғаны. Абай бұл жағына әдейі бармаған. Білімді ақын техницизмге ұрынбай, жылқыны сұлулықтың, жан құмарының көзіне айналдыра жырлауды абзал көрген.
Деталь дегеннен шығады, Абай өлеңдерінің өрімі елдік тұрмыстан, туған табиғаттан құралып, нығызданып, жұмырланып, ине шаншар саңылау қалдырмайды.
Көркем аударманы орыс тілі қанына сіңген кезде бастаған Абай қол жетпес үлгілер жасай білді. Ол аударма атаулыны жарысқа түсіріп, жалаң еліктеуден, көлбегей көшіруден, болымсыз бөгделеуден құтқарды. Табиғатында эстет емес, эстетик Абай көкейіне қонатын мәнді, маңызды, күрделі шығармаларды таңдады. Және оларды менменше бейімдеп, бұрмалап, берекесіздендіріп обал жасамайды. …Абай аудармалары тілімізді байыта түсті. Жаңа ұғымдар, тың теңеулер, эпитеттер, соны сөз орамдарын, сөз айшықтарын туғызды. Поэзиямызда жаңа түрлері шықты.
Қолына қалам ұстаған қазақ баласы тіл ұстартуда Абайға соқпай өтпеген, келешекте де өте алмайды. Осының себебі неде? Жіті бақсақ, Абай әдебиеттің төркіні халықта екенін өзінен бұрынғы ақындардан да жақсы білген. Сол себепті ол кітаби орамдарға, сырты сұлу сылдыр сөздерге бармай, ойлы, оралым, жанды сөз жасаған. Поэзия сырын «қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шығар сөз» деп түйген Абай шымырлық пен сұлулықты тамаша ұластырады.
Абай «Алашқа іші жау боп, сырты күлген» зиялысымақтарға, тоғышарларға, текешарларға иілмей, бейім бермей, бұқарашыл жалпақ қазаққа, үш жүздің баласына тән, түсінікті өрнекте жазып, халықтық – әдеби тілді қалыптастырған классик. Ол – қазақтың Пушкині. Осымен қатар ол кей-кейде жорта жоғарғы стильде жазады.
Абай өзінің шығармасын бір адамның санасын оятудан бастап, бүкіл қазақ халқын дүр сілкіндірді. Көзі тірісінде небары төрт-ақ өлеңі баспа жүзін көрген Абайдың шығармалары қолжазба күйінде ескіліктің қауданына қойған өрттей жылдам етек жайды. Әлеуметтік-қоғамдық құрылыс қиянатты, билеуші кауым мүшелерінің мінез-құлқындағы жағымсыздықты шенеді. Білімді батыр Абай «Өткір тілін найза етіп», майданға шықты.
Қазақта «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» деген мақал бар. Абай мыңнан, миллионнан озып шыққан тұлпар. Абайлар жүз жылда, мың жылда бір-ақ туады. Табиғаттың сыйлығы, тәңірдің төрелігі ретінде, қуаты қашпайтын, көкейтесті мұра қалдырады. Абай – таудай тұлға. Абай – сахарадай шежіре. Абай – сегіз қырлы, бір сырлы суреткер. Өз өмірінің жалғасын тозбас томдардан таба білген байырғы гений. Өмір жолына, әдеби мұрасына қанша үнілсең жалықтырмайтын шипалы жұмбақ. «Шынын айтпай, сырын айтатын» сұмдық сыпайы. Жалғыз жібектің жүздеген түйіні Абайдан табылады. Шебер қол, сезімтал жүрек, милы парасат таңдайтын түйіндер – сансыз ұрпақтың үлесі.
Абай ұлық, Абай кішік, Абай сері, Абай шаруақор, Абай пайғамбар, Абай пенде. Оның сезімінің, түйсігінің, қиялының, ой-пікірінің өлмейтінінде тұңғиық сыр бар. Байдай тәкаппарлан, қайыршыдай қораштан, салдай шалқы, жаршыдай зарлан, бақыттыдай балқы, бей-бақтай бебеуле, күл, күңірен, мақта да мақтан, датта да даттан, – соның бәрінде Абай кешкен өмір, Абай шеккен мехнат, Абай түйген түйін жатады. Күллі халықтың болмысын, табиғатын, тағдырын бойына сінірген генийдің ішкі әлемі жатады.
Тамаша төл туындыларында халықтың қасиетін паш еткен Абай ұлт ішіндегі құрылыстарға келгенде жібек өтпес жіктерді ажыратып, мейлінше екшелген, сұрыпталған, типтендірілген тұлғалар жасап кетті. Ондай тұлға, типтердің жалғасы осы күнге шейінгі ұрпақтардан табылып келгені айдан анық. Келешекте және бой көрсетпек. Бір ғана формацияның ауқымында қалып қоймайтын нағыз шыншыл, сыршыл әдебиеттің бір құдіреті осында. Абайдың ұлылығы да осында!
P.S. Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» роман-эссесін оқу барысында осындай конспектілер жасалып еді. (Тәкен Әлімқұлов. Алматы. 1993 жыл)
S.Omirtai, «Жерұйық.kz»